«Ұстанымыма байланысты Қазақстаннан атақ алмаймын». Шаханов сертінен тайды
«Отан біздің ең үлкен анамыз. Әркім өз анасына еткен қызметі үшін жылу дәметпеуі керек»
Күні кеше Тоқаевтың жарлығымен ҚР Президентінің жанындағы Ұлттық құрылтай құрылған болатын. Бүгін облыс болып құрылған Ұлытауда Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысы өтті.
Ұлттық құрылтайға құрамында депутаттар мен ассамблея мүшелері, саяси партия һәм азаматтық қоғам өкілдері, сарапшылар мен аймақтардағы қоғамдық кеңес мүшелері, кәсіпкерлерден жасақталған 117 адам шақырылды. Бүгінгі құрылтайдың бір жаңалығы – «атақ пен даңққа қызықпайтын» Шаханов «Қазақстанның еңбек ері» атағын алды. Мұнымен қоса «Алтын жұлдыз» бен «Отан» ордені қоса табысталды. Жалпы, Шаханов Қазақстаннан марапат алмаймын деп айтып жүрген. "Кезінде маған "Халық қаһарманы" атағын берді, қол қойып қойған кезінде мен алмай қойдым. Ұстанымыма байланысты күні бүгінге дейін Қазақстаннан алған Құрмет қағазым да жоқ». Ұстанымымнан бас тарта алмаймын» дегені есімізде. «Отан біздің ең үлкен анамыз. Әркім өз анасына еткен қызметі үшін жылу дәметпеуі керек», деп айтқан да Шаханов. Бүгін Ұлытаудағы Ұлттық құрылтайда толқыды ма екен әлде Жаңа Қазақстанның құрылып жатқанына қуанды ма екен марапаттан бас тарта алмай қалыпты.
Жалпы Мұхтар Шаханов 60-тан аса елден 120-ға тарта сыйлық алған екен. Тек арасында ұстанымын ұмытып, 1996 жылы «Қазақстанның халық жазушысы» атағын алып қойғаны болмаса. Одан бөлек, Біріккен Ұлттар Ұйымының қоршаған орта бағдарламасы сыйлығының лауреаты, Түркияның "Түрік дүниесіне қызметі үшін" халықаралық сыйлығының лауреаты, Қырғыз Республикасының халықаралық "Руханият" сыйлығының лауреаты атанды.
2006 жылы Түркия, Әзербайжан, Солтүстік Кипр мемлекеттері тағайындаған "Түркі әлеміне ерен еңбегі үшін" атағы берілді.
Шаханов даңқы мен дабырасы қазақ тілінің мәселесімен байланысты. «Тілім-тілім» деп жүріп депутат болды, қоғам қайраткері атанды. Сонау 1989 жылдан бері қазақ тілінің мәртебесі жөнінде талас-тартыс басылмай келеді. Отыз жылдан астам уақыт болды. Шаханов депутат кезінде парламент мінберінен қанша мәрте сайраса да билікті тыңдата алған жоқ. Қазақстанда мемлекеттік тіл – қазақ тілі болғанымен, ата заңда «мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады» деген бап өзгеріссіз қалды. Жақында референдум өткенде де әйгілі 7-ші бапты өзгертуды халық табандап талап еткенін білеміз. Алайда халық пікірі ескерусіз қалды.
Бір кездері журналист Жұлдыз Әбділда «Мемлекеттік тілдің жайын айта берсек мемлекеттік тілдің сүйкімі кетеді. Мысалы, мен қазір Шахановты тіпті көргім де, естігім де келмей кететін кездер болады. Неге десең ол кісі көтерген мәселеден ешқандай нәтиже жоқ. Кезінде «Мемлекеттік тіл» деген қозғалысты құрғанда «Осыдан мемлекеттік тілдің мәртебесі көтерілмейді, керісінше, сүйкімі кетеді» деп едім. Расында да солай болып отыр» деп айтқан еді. Иә, талайдан бері «Тіліңді жоғалтсаң, діліңді жоғалтсаң, жоғалтасың бәрін» деп ұрандаған Шаханов референдум алдында сол сөздерінің бірін де айта алмады. Ол әуелі Тоқаевтың әкесі Кемелді, сосын өзін мақтап, қайраткерлік қырларын айтып, жақтап шыға келді. Тіл мәселесін көтерген соң бүгінгі Жаңа Қазақстан құрып жатқандарға да үнін естіртуі тиіс еді. Алайда Шаханов бір жақта, тіл бір жақта қалғаны жасырын емес.
Айбын Атабай