Зеленский одақтастарын Ресейге қарсы жаңа санкциялар енгізуге шақырды
Өткен түні Мәскеу Украинаны жүзге жуық ұшқышсыз ұшақпен шабуылдаған. Осыдан соң Владимир Зеленский Одақтастарын «ұзақ қашықтықтан атқылау мүмкіндігін» қамтамасыз етуге әрі Ресей аумағындағы нысандарды атқылауға рұқсат беруге шақырды. Бұл туралы «Америка дауысы» хабарлады.
Украина билігінің хабарлауынша, жексенбіден дүйсенбіге қараған түні Ресей Украинаға 96 ұшқышсыз ұшақпен және басқарылатын зымыранмен шабуыл жасаған.
Түнгі атқылау кезінде Ресейдің 66 ұшқышсыз ұшағы мен зымыраны жойылды. Тағы 27 ұшқышсыз ұшақ елдің әртүрлі бөліктерінде «жоғалған».
Президент Владимир Зеленский жексенбі күні Ресейдің Украинаға өткен аптада 900-ге жуық басқарылатын бомбамен, 500 ұшқышсыз ұшақпен және 30 зымыранмен шабуыл жасағанын айтты.
Жексенбі күні Зеленский Украинаның одақтастарын «біздің қауіпсіздігімізді қамтамасыз ету үшін ұзақ қашықтықтағы мүмкіндіктер» беруге шақырып, «егер әлем тарапынан жеткілікті қолдау болса, мұндай соққылардың болмайтынын» айтты.
Киев әлі күнге дейін батыстық әріптестерінің Ресей жеріндегі нысаналарды атқылау үшін ұзақ қашықтыққа жететін қару-жарақтарды қолдану, соның ішінде Солтүстік Корея әскерлері жаттығып жатқан лагерьлерге алдын ала соққы беру туралы бірнеше мәрте жасаған өтінішінің жауабын күтіп жүр.
Украина президенті сондай-ақ серіктестерін «Ресейдің ұшқышсыз ұшақтар мен зымырандарды өндіру үшін маңызды компоненттерді импорттауына жол бермеу үшін шынымен тиімді санкциялар» енгізуге шақырды. Бұл өтінішін Зеленский сенбі күнгі үндеуінен кейін жасады, онда ол қазан айында Украинаға «әлі күнге дейін батыс компоненттерін қолданатын» 2000-нан астам ұшқышсыз ұшақтар мен зымырандар шабуыл жасағанын айтты.
Зеленский санкцияларды айналып өтуге жол бермеу үшін экспорттық бақылауды күшейту қажеттігін атап өтті.
Ресей Қорғаныс министрлігі жексенбіге қараған түні Украинаның 19 ұшқышсыз ұшағы елдің үш облысында: 16-сы Ростов облысында, екеуі Белгород облысында және біреуі Волгоград облысында атып түсірілгенін хабарлады.
Жексенбі күні Белгород облысында украиндық ұшқышсыз ұшақтың шабуылынан бір адам қаза тапты, деп хабарлады губернатор Вячеслав Гладков.