Боқтампаз армия: Путин Сталиннің әрекетін қайталай ма?

Неміс әскері Совет әскерінің тау болып үйілген өлігінен өте алмай қалған... Сталин үшін қару-жарақ мәселесі болмаса, адам жетіспеушілігі онша бір бас ауыртатын проблема болмаған. Путин үшін бұл екі жетіспеушілік те үлкен проблема болатын түрі бар.

Алмас НҮСІП

  • 27.09.2022
Көрнекі сурет / Коллаж: sevastopol.su

1941 жыл 22 маусымда Совет армиясы Гитлердің шабуылын күтпеді, сол себепті соғыстың алғашқы жылдары орасан жеңіліске ұшырады деген миф бар. Білесіз бе, дәл фашистік Германия соғысты бастаған күні Совет әскерінің қатарында 5,4 миллион адам болған. Бірақ, бұл армияда адам көп болғанмен, қару-жарақ жеткіліксіз еді. Сталин оған бас қатырған жоқ, 22 маусым күні мобилизация жариялап, 8-ақ күннің ішінде 5,3 миллион адам жинап алып, әскер санын екі есеге өсірді. Соғыстың алғашқы күнінен бастап, бұрын да аса бағаланбайтын адам өмірі большевиктердің көсемі үшін секунд санап қиылып жатты. Олардың орнын толтыру үшін бүкіл Одақ көлеміндегі мобилизация бір сәтке де тоқтаған жоқ. Бұл Мәскеуден жарияланған екінші мобилизация еді.

Бірінші мобилизацияны 1914 жылы 15 маусымда, Бірінші дүниежүзілік соғыс басталғанда, император Николай ІІ жариялаған. Көшеге әскерге міндетті адамдардың жасын, талабын жазып, хабарландырулар ілген, жиналатын уақытын, орнын көрсеткен. Бір қызығы, патшаның бұл шақыруына болашақ әскер артығымен жиналыпты, +15 %. 45 күннің ішінде Николай ІІ 3,3 миллион + 570 мың жасақ жауынгерін жинап алған.

Үшінші мобилизация 2022 жылғы 21 қыркүйек күні Путиннің бұйрығымен жарияланды. Ол ішінара мобилизация болатынын, сол арқылы 300 мың солдат жинап алсам болды деген, бірақ, осыдан кейін-ақ Ресейде наразылықтар, қарсылық шерулері өтіп, Ресейдің барлық шекара бекеттерінде бірнеше шақырымға созылған кептелістер пайда болды. Николай ІІ патшалық Ресейдің соңғы патшасы, Сталин большевиктік Ресейдің негізін қалаушы көсем, Ал, Путин... Путинді Украинаға соғыс бастамай тұрып-ақ тирандар қатарына жиі қосатын. Оның себебі де жоқ емес еді.

Сталинді насихаттау

Путин президенттікке келгелі Сталиннің аты Хрущев («Сталин емес, түгел партия, совет өкіметі, біздің қаһарман армия, бүкіл совет халқы – міне осылар Ұлы Отан соғысындағы жеңісті әкелген», 1956ж), Брежнев, Горбачев кезінен де көп айтылатын болды. Бүкіл ССРО-ға жылымық орнатқан Хрущевтың кезінде Сталиннің қылмыскер екені туралы айтыла бастаған. Брежнев оның атын атағысы да келмеген. Ал, Горбаечевтың кезінде сталинизмді ашық сынау басталды. Артынша Одақтың ыдырауымен бүкіл ТМД елдері Сталин түгілі өз атын ұмытып қалардай жанталасып кетті. Жаңа ғасыр басында Путин президент болды, осыдан бастап, Сталиннің, «Ұлы Жеңіс күнінің» үшінші өмірі басталды.

2017 жылы жүргізілген сауалнама нәтижесінде Сталиннің ұлттар көсемі ретіндегі ролінің бұрынғыдан да жағымды сипат ала бастағаны байқалған. Мәскеудегі сауалнама – соңғы 12 жылда Сталинді Екінші дүниежүзілік соғысты жеңуге үлес қосқан қаһарман ретінде танитындардың 10 %-ға өскенін көрсеткен. Яғни, Путиннің еңбегі жемісін берген – Сталинді ұлы көсем ретінде танитындар сұрапыл жылдардан алыстаған сайын өсе түскен. 2020 жылы Ресей әлеуметтанушылары бүкіл федерация азаматтарының 70 пайызы Сталиннің тарихи ролін жоғары бағалайды, керісінше, оның халықты репрессияға, аштыққа, қырғынға ұшыратқаны жайлы жағымсыз көзқарастар жыл өткен сайын азайып келе жатқанын айтты. Путин 2021 жылы «Екінші дүниежүзілік соғыста Совет Одағы мен нацистік Германияның әрекетін бірдей деп санауға тыйым салатын заң жобасын» даярлау туралы тапсырма да берді.

Сталиннің солдаты vs Путиннің солдаты

Немістер Советтер одағына шабуылды бастағанда халықты Сталинге қарсы шығуға үндейтін үнпарақтар мен газеттерді миллиондап таратқанмен, одан ешқандай әсер болмаған дейді. Себебі, бай-кулактарды, халық жауларын, шетел тыңшыларын жеңіп үйреніп қалған халыққа немістердің бұл әрекеті шыбын шаққан құрлы әсер еткен жоқ. Бірақ, «жеңімпаз Совет әскері» туралы миф соғыстағы шынайы суретпен мүлде сәйкеспейтін. Ешқандай қарсылықсыз соғысқа аттанған отан қорғаушылар, әсіресе, соғыстың алғашқы жылдары аранның аузына аяусыз тоғытыла берді. Біз жиі сөз ететін «екі адамға бір мылтық» өлшемі түк емес, он адамға бір мылтықтан берілген деген деректер бар. Яғни, ең алда келе жатқан адам атса атып үлгерді, үлгермесе, оққа ұшады, оның артында тізіліп келе жатқан тағы он адам бар,екіншісі қолына мылтықты ала салып, ажалға қарай бір қадам жасайды, ары қарай кезек үшінші құрбандықтікі.

Оқи отырыңыз: Путин Сталиннің қылмысын жасырмақ па?

Осы жерде «Артымызда Москва, шегінерге жер жоқ» дейтін сөздің мағынасы мүлде басқа мәнде алдымыздан шығады. Артыңдағы Мәскеу сенің арқа сүйер жанашырың емес, шүйдеңе мылтық тіреп тұрған қорқынышты қожайын. Қашсаң, шегінсең атады да салады. Бұл туралы да дерек аз емес, бәрі біледі. Міне осылай соғысқан Совет армиясын жеңе алмаған неміс әскерлері жынданып кетіпті дейді.

Путин Украинадағы «әскери операциясы» кезінде қаза болған солдаттарын күресінге тастап кетіп жатқаны жайлы түрлі форматтағы материалдарды Украина тарапы жиі жолдайды. Не үшін соғысып жүргенін, кім үшін өлгенін түсінбеген күйі оққа ұшқан Ресей солдаттары траншеялар мен снаряд ойған шұңқырларда шашылып жатыр. Әрине, бұл жайлы ақпарат ресейліктерге жетпейді. Жетсе де Кремль оны ешқашан растамайды. Сталиннің кезінде мұндай солдаттар туралы арттағы елге «хабар-ошарсыз кетті» деген қара қағаз келетін. Хабар-ошарсыз кету – Сталиннің қанша сарбазының тұтқынға түскенін де білмегенін, білуге мұршасы ғана емес, ниеті де болмағанын білдіреді. Соғыста өлді деп, ең соңында тірі болып шығатын оқиғалар көп болған, бұл да Сталиннің өз сарбаздарына деген қарым-қатынасының көрінісі. Соғыстың соңында Сталиннің қанша әскері мен бейбіт тұрғындарының тұтқынға түскенін (оның жартысынан астамының өлгенін) немістер санап берген. Яғни, Сталин сол уақытқа дейін нақты қанша адамының жау қолында қалғанын білмеген.

Путин де қазір қаза болғандар санын барынша азайып көрсетіп жатыр. Ол да «хабар-ошарсыз кеткендер» туралы қара қағаз жолдап үлгерді. Әлем, оның ішінде Ресей азаматтары да бар, Путин солдаттарының тұтқындағы жағдайы туралы Ресей пропагандасы арқылы емес, Украина сарбаздарының видеожолдаулары арқылы біліп отыр. Путиннің айналасы үшін де мұндай видеоүндеулер үлкен жаңалық болуы мүмкін.

Сталиннің соғыстың алғашқы жылдарында ойсырай жеңіліп, жауды дәл Мәскеудің қақпасына дейін жеткізуінің салдары – оның репрессия кезінде білікті деген генералдар мен жалпы әскерилерді жойдасыз қырып жібергенімен түсіндіреді. Путиннің жағдайы да осыған ұқсас – Путинді «әлемдегі екінші әскери держава» деген мифке сендіріп келген  әскербасылары шетінен өтірікші және елді ерлікке үндейтін қауқары жоқ, елдің алдында сүйкімі қалмаған тұлғалар. «Ішінара мобилизация» басталғанда қашып үлгере алмай, «ұсталып» қалған солдаттарға «все, игрушки закончились» деп, зеки айғайлап тұрған әскери – осы күнгі Путиннің әскербасыларының жиынтық бейнесі. Бұлар да «отан қорғаушыларды» желкесіне мылтық тіреп, соғысқа апара жатыр.

Сталин мен Путинннің боқтампаз армиясы

9 мамыр қарсаңында бүкіл Ресей телеарналарының эфирін (Қазақстан телеарналары да қалыспайды) ескі идеология бойынша түсірілген Ұлы жеңіс, Ұлы Отан соғысы туралы ерлікке толы фильмдер басып қалады. Сондағы «Отан үшін!»; «Сталин үшін!» дейтін уралаған ұрандар да пропаганданың жұмысы, политруктардың міндеті болған. Олар айғайламаса, онда өз бастарына қатер төнетінін жақсы білген. Ал, жалпы әскерде ондай көңіл-күй болмаған, олар шабуылға шыққанда қорқынышын басу үшін боқтанатын болған.

Қазіргі ішінара мобилизациядан кейінгі жағдайды бағамдасақ, Путин әскері арасында да боқтанатындардың көп болатыны түсінікті. Сталин «біз қорғанып жатырмыз» деген сөз айта алды, жау әскері жерімізді басып, елімізді жайпап келе жатыр» деді. Ал, Путиннің «азат ету», «нацизм» туралы аргументтері қалай айтсаңыз да Сталиннен әлсіз. Демек, жауға шауып бара жатып өз президентін боқтайтын солдаттар аз болмайды.

Сталиннің әйгілі №227 бұйрығы – «Бір қадам да шегінбеңдер!». Соғыстың беталысын өзгерткен, Совет әскерін жеңіске жеткізген осы бұйрық деп көп айтылады. Керісінше, бұл бұйрық Сталиннің армиясын әлсіретіп жіберді де, жеңісті алыстатты деген көзқарастар бар. Оның мәні – артқа шегінуге болмайды, демек, не өлу керек, не жауға берілу керек. Өздері де әбден титықтап болған, «патриот» совет әскері мұндай жағдайда ақ ту көтеріп, тұтқынға өтіп кете барған. Кейбір қанқұйлы командирлер қоршауда қалса да, жоғарыдан бұйрық болмағаны үшін ғана бүкіл солдатын қасапқа ұшыратқан. Тарихшы Борис Соколов келтірген дерек бойынша, репрессиядан әбден жүрегі шайлығып қалған әскербасылар қысылтаяңда жеке дара шешім қабылдауға қауқарсыз болған. Соның салдарынан «шегінуге болмайды» деген бір ғана тастай ұстаным стратегиялық жоспар құруға, маневр жасауға, армияның еркін қимылдауына мүмкіндік бермеген.

Маршал Иван Коневтің ерекше тапсырмалар бойынша көмекшісі болған, генерал-полковник, хабарсыз кеткен және қаза болған отанқорғаушыларды мәңгі есте қалдыру және іздеу орталығының президенті болған Степан Кашурконың маршалдың өз аузынан естіп, өз қолынан жазып алған мынадай бір дерек бар:

«25 маусымға қарай, үш күн ішінде жау әскері елімізге 250 километр ішкерілеп енді. 1941 жылдың өзінде ғана 170 совет дивизиясының 92-сі, 50 артиллериялық полк, 11 танк бригадасы және далалық басқарудағы 7 армия қоршауға түсіп, қайта шыға алмады. Фашистік Германия Совет одағына шабуыл жасаған 22 маусым күні КСРО-ның Жоғарғы Кеңесі 1905-1918 жылдары туған 13 жас ерекшелігі бойынша әскерге міндеттілерді жұмылдыру туралы мәлімдеді. Әп сәтте 10 миллионнан астам адам жұмылдырылды. Екі жарым миллион еріктілерден 50 жасақ дивизиясы және 200 жеке атқыштар полкы құрылды, олар ешқандай киімсіз, іс жүзінде ешқандай тиісті қару-жарақсыз соғыс отына кіргізілді. Екі жарым миллион жасақтың 150-мыңнан астамы ғана тірі қалды».

Оқи отырыңыз: Соғыстан кейін Совет әскері қайыр тілеп кетті

Сталиннің жеңісіне фашистік Германияға қарсы әлемнің жұмыла қарсы шыққаны көмек тигізді. Тарихшылар Германия басқаға алаңдамай, тек Совет одағына ғана бар күшін салса, онда большевиктер иемденіп отырған жарты құрлықты жарты жылда көктей өтер еді дейді. Гитлердің құлдырауының басы болған одан да бөлек, ауа райы, қыстың қатты болуы, көктемде неміс техникасының батпаққа батып жүре алмай қалғаны, т.б. қосарлы факторлар аз емес. Бірақ, соның барлығынан маңызды роль ойнаған Сталиннің жау әскерінің алдына жалаңқол адам төгуі болды. Сталиннің және оның маршалдары, генералдары, политруктарының беті бүлк етпеген бұл қатыгездікке немістің соғысқа енді кірген, басынан бақайшығына дейін мұздай қару құрсанған солдаттары шыдай алмапты...

Қысқасы, Гитлер Сталиннің тау қылып үйген солдаттарының өлігінен асып өте алмай қалған. Иә, сол тау-тау өліктің артында Мәскеу тұрған.

Тарих кері айналғанда, әлем жабылып Путинге қарсы соғысып жатыр. Украинаға келіп жатқан, келейін деп жатқан қаруда есеп жоқ. Ресейдің қару-жарағы Еуропа мен Американың шаңына да ілесе алмай қалғаны белгілі болды, кері шегінуге мәжбүр. Ендігі бар жүк Сталинді жалаңаш кеудесімен қорғап қалған шарасыз солдаттарға түсетін түрі бар. Путин өзі ширек ғасырға жуық насихаттап келген Сталиннің әрекетін қайталаудан тайынбайтын сияқты. Қазір Ресейдің адам шығынын әртүрлі дереккөздер 50 мың мен 80 мыңның арасында атап жүр. Ал, Ресейдің өзі адам шығынан 6 мыңның айналасында ғана дейді. Ал, Путин ішінара мобилизация арқылы 300 мың солдат жинап алмақ, бірақ, бұл жай ғана ресми мәлімдеме, негізгі көрсеткіш бұдан бірнеше есе асып жығылады деген де күдіктер көп айтылып жатыр. Соғысқа студенттерді сабақ үстінен алып кетіп жатқанын ескерсек, бәрі мүмкін. Себебі, Путин «студенттерге тиіспейтінін» айтқан...

Байланысты жаналықтар

Депутаттар орыс тілі жөніндегі халықаралық ұйым құру туралы заң жобасын талқылап жатыр

20.11.2024

Путин Ресейдің ірі мұнай компанияларын өз қолына біріктірмек – шетелдік БАҚ

10.11.2024

Қазақстанға Ресей Президенті Путин келеді

07.11.2024

Зеленский одақтастарын Ресейге қарсы жаңа санкциялар енгізуге шақырды

04.11.2024

Шайқастар картасы: Курск үшін Мәскеу алаңдамай ма?

28.08.2024

Лукашенко шен алам деп, шекарасынан айырылып қалуы мүмкін

26.08.2024
MalimBlocks
Депутаттар орыс тілі жөніндегі халықаралық ұйым құру туралы заң жобасын талқылап жатыр

2022 жылдың қазан айында Тоқаев ТМД қамқорлығымен орыс тілін қолдау және ілгерілету ұйымын құруды ұсынған

Путин Ресейдің ірі мұнай компанияларын өз қолына біріктірмек – шетелдік БАҚ

Қазір үш ірі компанияны біріктіру мәселесі талқыланып жатыр

Қазақстанға Ресей Президенті Путин келеді

Ресей президенті Владимир Путиннің Қазақстанға мемлекеттік сапары 27 қарашаға жоспарланған

Зеленский одақтастарын Ресейге қарсы жаңа санкциялар енгізуге шақырды

Өткен түні Мәскеу Украинаны жүзге жуық ұшқышсыз ұшақпен шабуылдаған. Осыдан соң Владимир Зеленский Одақтастарын «ұзақ қашықтықтан атқылау мүмкіндігін» қамтамасыз етуге әрі Ресей аумағындағы нысандарды атқылауға рұқсат беруге шақырды. Бұл туралы «Америка дауысы» хабарлады.

Шайқастар картасы: Курск үшін Мәскеу алаңдамай ма?

«Әлемнің екінші әскері» деп әспеттелген армия үш аптадан бері Украинаны Курскіден қуып шыға алмай отыр

Лукашенко шен алам деп, шекарасынан айырылып қалуы мүмкін

Беларусь әскері Гомель облысының аумағына, Чернобыль АЭС-іне жақын маңда