Өскемен қаласында «Казцинк» кәсіпорында болған жарылысқа байланысты ҚР Премьер министрі Олжас Бектеновтың тапсырмасымен жедел штаб отырысында қаза тапқандарға қандай көмек көрсететіні белгілі болды, деп хабарлайды Malim.kz.
Бұл туралы Шығыс Қазақстан облысының баспасөз қызметі мәлімдеді.
Аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағанов өз сөзінде үйінді астында қалған зардап шеккендерді іздеу жұмыстарын жалғастырып, апат толық жойылғанға дейін ТЖД қызметкерлерінің сол жерде болуы қажеттігін жеткізді. Жарылыстың нақты себебін анықтау мақсатында арнайы тергеу комиссиясы құрылады.
«Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаменті жазатайым оқиғаны тергеу үшін арнайы комиссия құруы тиіс. ШҚО Экология департаменті апатты жою штабы жұмыс істеген кезеңде атмосфералық ауа сапасына үздіксіз экологиялық мониторинг жүргізуі қажет. Қаза болғандар мен зардап шеккендердің отбасыларына психологиялық және материалдық көмек көрсетіледі», - деді Нұрымбет Сақтағанов.
Өндірістік циклдің одан әрі жұмыс істеу мүмкіндігін бағалау бойынша тиісті шаралар қабылданбақ. Сондай-ақ кәсіпорындағы қауіпсіздік техникасының сақталуына бақылау күшейтіледі. Жағдай облыс әкімінің жеке бақылауында.