Алматы облысының Талғар ауданында теңіз деңгейінен 3,5 мың метрден астам биіктікте қалған Ресей азаматтары құтқарылды, деп хабарлайды Malim.kz.
Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, кеше Талғар ауданындағы «Тоғызақ» жоғары таулы гидробекетінде болған сегіз адамнан тұратын туристік топ көмек сұраған. Ресейдің екі азаматы зардап шеккен. 25 жастағы әйелдің басына қорғаныш каскасы болғанына қарамастан тас құлап, жарақат алған. Ал 32 жастағы ер адам құлап, қолын жарақаттаған.
Құтқарушылардың айтуынша, таулы аймақтың күрделі бедері, қалың тұман, ұзаққа созылған жауын-шашын және ұшу биіктігіне қойылған шектеулер салдарынан әуе техникасын бірден пайдалану мүмкін болмаған. Осыған байланысты мамандар Левый Талғар шатқалы арқылы жаяу жолға шыққан.
Бүгін таңға жуық құтқарушылар гидробекетке жетіп, зардап шеккендерді тексерген. Ауа райы жақсарғаннан кейін туристер «Қазавиақұтқару» тікұшағымен «Медеу» алаңына эвакуацияланды. Онда оларды ТЖМ Апаттар медицинасы орталығының дәрігерлері қарсы алып, қосымша тексеру үшін медициналық мекемеге жеткізді.