«Парламенттен хабарласты»: Алаяқтың құрбаны болған Жұлдыз Әбдукәрімова журналистерге сұхбат бермек
Әлдекімдер актрисаны тағы да алдамақ болған
Танымал актриса, әнші Қайрат Нұртастың жары Жұлдыз Әбдукәрімова 4 бөлмелі пәтерінен айырылып қалған соң, сотқа жүгінгені белгілі. Актриса істің ұзаққа созылатынын айтып, мән-жайды түсіндірді, деп хабарлайды Malim.kz.
“Сенбі, жексенбі маған "парламенттен" деп біреу хабарласты. Әрине, алаяқ екенін бірден түсіндім. Оның айуынша, сот мәселесі бойынша ісімді шешіп бере қалмақшы. Алаяқ болғанда да су жұқпас, әккі екен. Лауазымды адамның атын жамылып, қорықпай банк шотын беріп, дәл қазір қомақты соманы аудара қалыңыз. "Шеф" өзі айналысып жатыр деді", – деп жазды актриса.
Актриса БАҚ өкілдеріне арнайы сұхбат беруге ниетті.
“Оның командасы менімен кездеспей, мәселені біліспей, қалай қорықпайды деген сұрақ болды. Ақпарат іздей бастадым. Түйсік алдамады, әрине, алаяқ болып шықты. Осындай қоңыраулардың көбеюіне байланысты мынадай шешім қабылдадым. Алдағы уақытта БАҚ өкілдерін жинап, баспасөз-конференциясын өткіземін. Сот барысы бойынша барлық ақпаратты бөлісіп, осы алаяқтық туралы айтамын. Лауазымды адамның атын жамылып, маған хабарласқан адамның аты-жөні, нөмірі және кімнің атына кір келтіріп жүргені туралы да ашық айтамын", – деп жазды киножұлдыз.