«Үнемі жылайтынмын». Толқын Забирова бала сүйе алмаған жылдарын еске алды
Өнер иесі тұңғышын 5 жылдан кейін дүниеге әкелген
Танымал әнші Толқын Забирова «Аңсаған сәби» бағдарламасында сәби сүюді асыға күтіп жүрген сәтін айтып берді, деп хабарлайды Malim.kz.
Өнер иесі тұрмысқа шыққаннан кейін тұңғышын 5 жылдан кейін дүниеге әкелген. Әнші отбасылық өмірдің алғашқы жылдарында сәби сүйе алмай, қиналған сәтін есіне алды.
«Аптасына, айына бір жылап алатын уақытым болады. Бір жылап алып, күйеуімнің қасына барып, «Бір күні мені тастарсың» деп айтамын. Ол «Сен жындысың ба? Мен сені жақсы көрем ғой. Сол үшін де бізге Алла тағала бала береді» деп жұбататын. Ол да мен секілді үмітін үзбейтін. Бір күні балалы болатынымызды айтқанымда менімен бірге қосылып, жылап-күлетін шығар десем, маған қарап, «мен ешқашан күмәнданбағам» деп қояды», - дейді Толқын Забирова.
Ұзақ уақыт балалы бола алмаған ерлі-зайыптылар арасында ұрыс-керіс туындайды. Сондай қиын кезеңдерде отбасы бірігуі керек дейді.
«Сол уақытта жолдасымның маған деген қолдауы, махаббаты ерекше болды. Қиын сәтте ерлі-зайыптылар бірігуі қажет. Сәби күтіп жүрген кезде жұбайлар арасында қиыншылықтар болуы мүмкін», - дейді Толқын Забирова.
Айта кетейік, өнер иесі қазір 3 ұл тәрбиелеп отыр.