«22 жылқымның төртеуі өлді, 11-і өлімші хәлде»
Ел ішінде әртүрлі адам бар. Әртүрлі мінез, неше түрлі қылық бар. Бәрін түсініп, бәрін қабылдаймыз. Бірақ кейде ай мен күннің аманында өздерінен өздері желігіп, қараниеттеніп жүретін адамдар да болады. Оларға не деп айтасың. Біздің бұл материалымызға егістікке түскені үшін ғана жылқыларды аяусыз соққыға жыққандардың әрекеті себеп болды. Редакциямызға Нұрлайым Батыр әріптесімізден мынандай хат түсті:
«Бұл жазбаны жазу мен үшін өте ауыр... Әйтсе де, әділетсіздікті... әділетсіздік емес-ау, қасиетсіздікті көріп, шыдап отыра алмадым. Кеше ғана өзім туып-өскен жерім Түркістан облысы Келес ауданы С.Саттаров ауылында сұмдық оқиға орын алды. Бұл хабарды анама күндегідей алаңсыз телефон шалғанда естідім. Ойымда ештеңе жоқ. «Халіңіз қалай?» десем, анамның дауысы біртүрлі дірілдеп естілді. Жағдайды сұрадым. «Қазір ғана әкең мен ағаң жайылымдағы жылқылардың өлгенін алып келді» деді. Басында түсінбей қалдым. Ойлаңыздаршы, өрісте жайылып жүрген жылқылар жақын маңдағы ауылдың егініне түскені үшін сол ауыл адамдары (нақты кімдер жасағаны әлі анықталмады) он төрт жылқыны жауыздықпен өлтірген!!! Әкемнің маңдай терімен ішпей-жемей жинаған малы еді... Әкем мал-дүние үшін ешқашан өкінген емес. Қайта «өлуші мал болсын» деп отыратын. Бірақ бұл жолғы тірлік мүлде басқа. Адамдардың мейрімісіздігіне, жауыздығына куә болып отырмыз. Тілсіз жануарларды, мейлі, қамап қойсын, немесе сатып жіберсін, бірақ бір жолғы егінге түсті деп, айуандықпен өлтіруге бола ма? Жылқыларымыз үнемі жайылымда жайылатын, егінге түсті деп, осы күнге дейін ешкім шағымданған жоқ еді...
Өзім журналист болғандықтан, анама аудандық телеарнаны шақыруын сұрадым. Сол айтқаным ақыл болыпты. Келген полицейлердің сөзіне қараңызшы, «Бұл жылқыларды көлік қаққан» депті бой берместен. Қалайша қан-жоса болған он төрт жылқыны бірдей көлік қағуы мүмкін? Кейіннен белгілі болғандай, оларды (жай халық қолдануға рұқсат етілмейтін) шекарада қолданатын колючая проволкамен жауыздықпен қансыратып өлтірген екен. Жергілікті депутат Еркін Рысбаев атты азамат келіп, мәселе ушыққан соң ғана полицейлер кінәліні іздестіреміз деп уәде етіпті. Әйтсе де, олардың қаншалықты қимылдайтыны белгісіз болып отыр...
Маған келген видео-фотоларды көріп жүрегім аузыма тығылды. Адам баласы қалайша осыншалықты зұлымдыққа баруы мүмкін?! Құлындары ішінде өлген жылқылар да бар екен... Соны естігенде төбе-құйқам шымырлап кетті. Куәгерлердің айтуынша, кішкентай құлындарға дейін аямаған. Өліп жатқан биенің жанында екі аяғы сынған құлынының шырылдап кісіней бергенін бір ауылдасымыз көріп, жан-дәрмен үйдегілерге хабар беріпті. Көзге елестетіңізші. Бүгінгі жиырма бірінші ғасырда болып жатқан оқиға! Онсыз да малдар аштықтан қырылып жатқан тұста адамдар қалайша бұндай әрекетке барады?
Біз жылқы мінезді халықпыз дейміз. Жылқы малының қасиетін, киесін ауыз толтырып айтамыз. Ал жылқыны осындай халге душар еткен адам кейпіндегілер ертең өзімізге шабуыл жасамасына кім кепіл?..
Бұндай оқиға бұрындары да ауыл-аймақта болғанын естідім. Әйтсе де, кінәлілер табылмай, іс «жабулы қазан» күйінде қалған. Қоғам болып осындай әділетсіздікке қарсы тұрып, кінәлілердің табылып, заң жүзінде жазаға тартылуына септігіміз тисе екен. Батыраштардың бүгін де алдымыздан шығып, арғымағымыздың аяғын сындыратыны қандай өкінішті!..».
Бұл хатты оқып біз де шыдай алмадық. Дереу істің мән-жайын анықтауға көштік. 22 тамыздан 23 тамызға қараған түні Түркістан облысы Келес ауданы С.Саттаров ауылында белгісіз адамдар 22 жылқының 15-ін аяусыз ұрып, қан жоса қылған. Жылқылардың төртеуі өлген. 11-і ауыр хәлде.
С.Саттаров ауылының тұрғыны Иманғали Жақыпұлы Батырдың жылқысы сол түні қашардан шығып, көрші Әбдіхан ауылының егістігіне түседі. Ертесі сол ауыл маңындағы медпунктің айналысы қан жоса болған. Иманғали жылқыларын біреулер аяусыз ұрғанын көреді. 4 жылқысы ауыл маңындағы әр жерде өліп жатады. Біз оқиғаның анығын білу үшін Иманғали Батырға хабарласып, бірнеше сұрағымызға жауап алған едік.
– Өзіңізді таныстырып, оқиға қалай болғанын айтып өтсеңіз.
– Түркістан облысы Келес ауданы Ошақты ауылдық округіне қарасты С. Саттаров ауылының тұрғынымын. Аты-жөнім – Иманғали Жақыпұлы Батыр. Жылқыларымыз Ошақты ауылдық округіне қарасты жайылымдық жерде жүретін еді. Биыл шөптің тапшылығына байланысты мерзімінен бұрын сайға, судың жағасындағы кішігірім жайылымға түскен. Түнде қоршауда тұратын. Сол түні қоршаудың аузы ашық қалған. Балалар ойнап жүріп, маңынан мал айдап бара жатып ашып жіберді ме екен, жылқылар қоршаудан шығып кетеді. Көрші ауылдың огородына барып түскен.
– Қандай егістікке түскен?
– Біз жақтың халқы жүгері мен жоңышқа егеді. Соның біріне түскен. Бізге бір ауыз ескертпестен жылқыларды аяусыз жағдайға ұшыратқан. 22 жылқының 15-і жарамсыз хәлде. Адамның жаны ашиды.
– Ұрып-соққан ба?
– Ұрып-соққанда, шекараны қоршайтын тікенекті сымға айдап арандатқан сияқты. 15 жылқы жараланған. 4 жылқы өлді. Ауылдық мал дәрігерін шақырып едік, әлі де өлетіндер барын айтты. Өзіміздің әкімшілікке барып, әкімін шақыртып, полицияға арыз бердік. Олар қазір іздестіріп жатыр. Бірақ әлі белгісіз. Кім істегенін айтпай отыр.
– Бұл оқиға қашан болды?
– 22-сінен 23-іне қараған түні болған.
– Бұрын да осындай оқиғалар болып пе еді?
– Осыған дейін бұндай егінге түсті деген жағдай болған жоқ. Ондай жағдай болса, бұрын мал иесіне ескертетін. Иесін тауып, зияны тисе, шығынын өтететін. 15 бас жылқыны қан жоса қылу деген бірінші рет болып тұр.
– Қай ауылдың егініне түскенін білесіз бе?
– Өзіміздің көршілес жатқан ауыл.
– Аты не?
– Әбдіхан ауылы.
– 22 бас жылқы – үлкен бір үйір. Бір үйір жылқы түскен жер белгілі болады. Ізі болады. Жайпайды. Біреуі аунайды. Нақты түскен егістікті таптыңыздар ма? Қарадыңыздар ма?
– 15 жылқы өлімші боп сабалып, біреуі сайда, біреуі арық жағасында, біреуі жолдың шетінде өліп жатқан соң, соларды жинап есіміз шықты. Не істерімізді білмедік. Кейін учасковыйды шақырып, көрші ауылды көрдік. Ешқандай егін қоршалмаған. Біздің ауылда, мысалы, әркім өзіне тиісті жерлерді қоршап қояды. Қандай жағдай болды – белгісіз. Ол ауылдағылардан сұрастырсақ, осында жүрген бірді-екілі жылқының, сиырдың бәрі түсіп жатады. Қайсына түскенін білмейміз деп отыр. Малдың егінге түсетінін өздері де әдепкі жағдай ретінде айтып отыр. Онда осынша жылқыны сабау кімге керек болды?
Учасковыйлардың өзі таңғалып жатыр. Бір-екі адамның ісі емес. Бұны он шақты адам топтасып істеген деп жатыр. Келіскен түрде болған нәрсе. Мал егесіне бір звондау жоқ. Егер шығыны болса, оны төлейтін едік. Қанша зиян келтірген болса, соны өтейтін едік. Ол ауыл тұрмысында болып тұратын жағдайлар ғой. Мынау қасақана істелген қылмыс қой.
– Иманғали, содан бері екі күн өтті ғой...
– Иә, Учасковыйлар хабарласты. Осындай-осындай жағдай болып жатыр. Әлі белгісіз. Сұрастырып жатырмыз дейді. Іздеп жатырмыз дейді. Бірақ істің арты жоқ боп кетпесе екен дейміз.
П.С: С. Саттаров ауылының полиция бөлімшесіне хабарласып едік, тергеу амалдары жүріп жатқанын айтты. Иманғали батырдың әкесі Жақып ақсақал да ауыл әкімінің, аудандық полиция басқармасының басшысы арнайы келіп, істің мән-жайын біліп, тергеу амалы жүргізіліп жатқанын айтты.
Жеке пікір: Бұл шын мәнінде әдейі істелген әрекет. Қылмыс. Өзіміз де ауылды жерде өстік. Мал ұстадық. Егер арпа, бидайға малымыз түссе, иелері қамап қоятын. Ақшасын төлеп, шығынын өтеп, малымызды алып жүрдік. Айқайсыз, дау-дамайсыз, әрине ештеңе шешілмейтін. Бірақ малды ауыл үшін бұл қайталанып тұратын жағдайлар еді.
Бір үйдің ішпей-жемей жинап отырған малы. Сол малдың аузына қараған отбасы, бала-шағасы бар. Қазақ малдың басынан да ұрмайтын, өлімші етіп сабау былай тұрсын. Бұл – қылмыс. Қылмыскерлер ұсталып, кінәсын мойындап, шығынды өтеу керек деп ойлаймыз.