Абай облысы: мектептер апаттық жағдайда тұр

Өркениет көшінен тыс қалғаны өз алдына, іші-сыртының сыны кеткен

Malim Админ

  • 27.02.2024

Аудан орталығы Ақсуаттың тап іргесіндегі Екпін ауылының тұрғындары үшін балаларының алаңсыз сабақ оқуы әзірге арман болып тұр. Себебі, салынғанына 30 жылдан асқан Ы.Кабеков атындағы орта мектеп апатты болып танылған. Әсіресе, үшінші қабатының төбесінен ылғал өтіп, қабырғасының сылағы түскендіктен, ондағы пән кабинеттерінің (биология, бастауыш сынып, химия, қазақ әдебиеті) есігі тарс жабылған, сабақ өткізуге жарамсыз. Соның салдарынан мектептегі 365 оқушы екі ауысымда оқып жүр.

Қабырғасы жарылған спортзалы да оқушылардың еркін жаттығуына қауіпті болғандықтан, пайдаланудан шығып қалғанын көрдік. Мектептің үшінші қабатына арнайы көтеріліп, аралап жүргенімізде дәлізге тасталған матрацтарға көзім түсті. Ауыл азаматы Ғалбиат Байғалиевтің айтуынша, балалар ауданда өтетін түрлі жарыстарға қатысу үшін осы жерде дайындалады екен. Осындай қолайсыз жерде жаттығып жүргендеріне қарамастан аудандық, облыстық жарыстардан жүлделі орын алып жүрген жастардың жанкештілігіне қайран қаласың.

Бір сөзбен айтқанда, бүгінгі өркениет көшінен тыс қалғаны өз алдына, іші-сыртының сыны кеткен білім ошағына айналса да, ұстаздары қолайсыздығына төзіп, оқушылары жайсыз мектепте оқып жүр. Тек дәтке қуат етер үміт біреу ғана: «Жайлы мектеп» пилоттық жобасы аясында салынатын мектеп құрылысы биыл басталмақ.

Абай облыстық білім басқармасының мәліметіне сүйенсек,биыл облыс бойынша 6 мектептің құрылысы басталып,келісімшарт бойынша 2025 жылы аяқталады. Біз айтып отырған Екпін ауылынан бой көтеретін 300 орындық мектеп соның қатарында қолға алынбақ. Демек, екпіндік балалар кірсең еңсеңді түсіретін мектепте келесі жылға дейін оқуына тура келеді.

Жалпы, Абай облысында «Жайлы мектеп» Ұлттық пилоттық жобасы аясында бір ауысымда 5700 оқушыға арналған 11 мектеп салу жоспарланған.Ал, 2023 жылы басталған5 мектептің құрылысы биыл аяқталуы тиіс. Атап айтқанда, Семей қаласының Қарағайлы тұрғын ауданында 1200 орындық, Водный кентінде 600 орындық, Аягөз қаласында 600 орындық, Ақсуат, Бесқарағай аудандарында 300 орындық мектептер пайдалануға беріліп, білім ошақтарының жетіспеушілігі мәселесі жүйелі түрде шешіліп, апатты мектептерді жою көзделіп отыр.

Ақсуат ауданына барған сапарымызда Сәтбаев ауылдық округіне қарасты Көктүбек елдімекеніне де жол түсті. Бұл ауылдағы мектептің жайы тіптен мүшкіл. Әскери дайындық пәнінің мұғалімі Қанат Қалихановтың бастауымен кіріп келгенімізде тар дәлізде улап-шулап мерекелік шараға қатысып тұрған оқушылардың өнеріне куә болдық. Бір қабатты білім ошағында акт залы атымен жоқ болғандықтан, балалар өнерін осылай көрсетуге мәжбүр екен. Ал спорт залы ретінде бұрынғы қазандық ғимаратын көргенімізде қарауға көз ұялды. Одан қалса, оқушыларсанитарлық талапқа сай келмейтін асханада кезектесіп тамақтанады.

Іргетасы 1929 жылы қаланған Көктүбек кезінде дүркіреп тұрған үлкен ауыл еді. Іргемізден аудан орталығы Ақсуаттан бастап, Сәтбаев, Кіндікті ауылдары кеңестік дәуірде өз алдынашаруашылық болып салынып, бөлініп шыққанда, Көктүбек қалтарыста қалып қойды. Қазір Сәтбаев ауылының құрамындағы елдімекен болып саналады. Ауылда өзекті мәселе баршылық. Интернет қызметі сын көтермейді. Хабарласу үшін трассаға, биіктеу жерге барып, байланысқа шықпасақ, үйде ұялы телефон арқылы тілдесуге мүмкіндік жоқ. Мектеп мұғалімдері күнделікті тапсырмаларды орындағанда қатты қиналады. Соған қарамастан ай сайын аудан орталығына барып, интернет үшін «Қазақтелекомға» 8-10 мың теңге төлейміз.  Одан кейінгі айтар нәрсе, 10 шақырым жердегі ауданға төте жол жоқ. Алдымен Сәтбаев ауылдық округіне барып, сондағы трасса арқылы жеткенше 35 шақырым болады. Сонда Ақсуатқа барып қайтуымыз 70 шақырымға шығады. Бұл ауыл халқы үшін тиімсіз болып тұр,-дейді Қанат.

Көктүбек ауылына қатысты мәселе бойыншақабылдаған Ақсуат ауданы әкімінің орынбасары Ахмет Аққазин жағдайдан толықтай хабардар екенін айтты.

-Көктүбек мектебін жаңадан салу мәселесі жалпы назарымызда бар. Қазір облыстық құрылыс басқармасына жобалық-сметалық құжаты дайындалып жатыр. Тиісті қаражатын келесі жылдың бюджетіне енгізіп, құрылысын 2025 жылы бастау жоспарға енген. Бұған қатысты облыс әкімінің тапсырмасы да бар. Одан бөлек Көкжыра ауылының Базаршат деген жерінен балалардың жазғы демалыс лагерін салу қолға алынады,-дейді Ахмет Әсетұлы.

Ақсуат аудандық сәулет, құрылыс, тұрғынүй шаруашылығы және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Серікбек Смағұловтың айтуынша, биыл аудандық маңыздағы Сәтбаев-Көктүбек арасындағы 9 шақырым жол асфальтталатын болады. Оған 492 млн теңге қаражат бөлініп, дайын тұр. Ал Көктүбектен Ақсуатқа тура жол салуға мүмкіндік жоқ. Өйткені, аралықта бірқатар шаруа қожалықтарының иелеріне тиесілі жерлері бар. Тура жол салудың күрделі жұмыстарын жүргізуге олардың көбінің келісе қоюы қиын. Есесіне, көктүбектіктер Сәтбаев ауылдық округіне жаңадан төселетін жол арқылы қатынап, аудан орталығына облыстық маңызы бар трасса арқылы келуіне мүмкіндік туады.

Сәтжан Қасымжанұлы

Байланысты жаналықтар

Абай облысында биылдыққа жүзге жуық мал ұрлығы тіркелген

09.11.2024

Абай облысында халықтың орташа жалақысы – 340 мың теңге

04.11.2024

Абай облысында пәтер кезегінде 20 мыңға жуық адам тұр

04.11.2024

Абай облысында имам көлікпен қаққан қыз көз жұмды

18.10.2024

Референдум-2024: БҚО-да ауыл тұрғындары 1 сағатта дауыс беріп болған

06.10.2024

«Қазақтың бұлбұл үні». 95 жастағы Бибігүл Төлегенова туған жеріне барды

23.09.2024
MalimBlocks
Абай облысында биылдыққа жүзге жуық мал ұрлығы тіркелген

Жалпы шығын 218,8 млн теңге

Абай облысында халықтың орташа жалақысы – 340 мың теңге

Абай облысында пәтер кезегінде 20 мыңға жуық адам тұр

Алдағы 3 жылда баспанамен 7 мың отбасы ғана қамтылады

Абай облысында имам көлікпен қаққан қыз көз жұмды

Референдум-2024: БҚО-да ауыл тұрғындары 1 сағатта дауыс беріп болған

Дауыс беруге барлығы бірдей қатысқан

«Қазақтың бұлбұл үні». 95 жастағы Бибігүл Төлегенова туған жеріне барды

Бибігүл Ахметқызы жерлестеріне аналық батасын берді