Әдеп кодексі – судьяның басты бағдары

Қызылорда облысы Жаңақорған аудандық сотының төрағасы Әлия Түбекбаеваның айтуынша, судьялардың білімі мен біліктілігінен бөлек, сырт келбетіне, мінез-құлқына, ел арасындағы мінсіз абыройына, көпшілік алдында өзін ұстауына, тіл байлығы мен айналасына сөзін тыңдата білуіне қатысты талап ешқашан төмендемеген.

  • 10.02.2023

Бұл мәселе кейіннен арнайы кодекске арқау болғанынан жұртшылық хабардар.

Жалпы, республика судьяларының басын біріктірген съездердің сот саласындағы жаңашылдықтардың бастауы болғанын мойындауымыз керек. Судья әдебіне қатысты заңдық нормаларды жинақтаған кодексті қабылдаудың маңыздылығы да осы съезд мінберінде көпшілік талқысына салынғаны есімізде. 2016 жылдың 21 қарашасында өткен республика судьяларының VII съезінде үшінші билік өкілдері үшінші билік өкілдерінің әдебіне қатысты кодекстің жаңа нұсқасын ортаға салып, ондағы қағидаларды бірауыздан қабылдаған болатын.

Сот корпусы үшін аса маңызды бастамалар көтерілген бұл съездің нәтижелі болғанын уақыттың өзі көрсетіп отыр. Өйткені, биік мінберге көтерілген сот өкілдері осы жолы судьялардың әдептілік ұстанымынан бөлек, заң үстемдігін орнықтыруды, судьялардың жауапкершілігін биіктетуді, сапалы судьялар корпусын жасақтауды, бірыңғай сот тәжірибесін қамтамасыз етуді, сонымен қатар, құқықтық ағартушылық мәселесін жандандыруды басты міндет ретінде белгілеген еді.

Көп жылдан бері судья, төраға қызметін атқара жүріп, сот саласында бай тәжірибе жинақтаған Әлия Түбекбаеваның пайымынша, жоғарыдағы биік  міндеттердің күретамыры – тәуелсіз және сатылмайтын сот билігін қалыптастырумен өзектес. Қазылардың VII құрылтайында қабылданған Судья әдебі кодексінің де діттегені осы. Терең ізденіспен дайындалған бұл құжат сот тәуелсіздігі, объективтілігі, теңдігі, адалдығы, кең құзыреті мен ұқыптылығы және әдептілікке қатысты ортақ қағидаттарды сақтау туралы жаңа нормаларды бекітті. Бұл талаптың барлығы қазақстандық соттар бағдар етіп келе жатқан Бангалорлық қағидаларда қарастырылған.  Әрбір азамат өзінің құқықтары мен бостандықтарын сот арқылы қорғауға құқылы. Оған еліміздің бас құжатында нақты кепілдік берілген. Ал сот төрелігінің Қазақстан Республикасының атынан жүзеге асырылуы, сот төрелігін іске асыру барысында тек ел Конституциясы мен заңдарға ғана бағынуы судьяның біліміне ғана емес, адамгершілік және моральдық кескін- келбетіне де жоғары талаппен қарауды міндеттейді. Судьялардың әдеп кодексін қоғам қажеттілігіне, азаматтардың талап-тілегіне сай жетілдіріп, жаңғыртып отырудың себебі де сондықтан.

          

   Кодексте айқындалғандай, судья берген антына берік болып, кез келген іс-әрекетті жүзеге асырған уақытта оғаш көріністерге жол бермей, судья лауазымына лайық болып, әдеп нормаларын мүлтіксіз сақтауға тиіс. Сондай-ақ судья сот билігінің беделін түсіретін және судьяның абыройына нұқсан келтіретін барлық теріс іс-әрекеттен бойын аулақ ұстауы шарт екені құжатта жан-жақты белгіленген. Сондықтан да судья қоғамның сот жүйесіне деген сенімін қалыптастыру мақсатында өзінің біліктілігімен, жүріс-тұрысымен  жоғарғы стандарттарға сай болып, тәуелсіз сот төрелігін қамтамасыз етуге бар күш-жүгерін жұмсауы шарт.

Әлия Түбекбаева жастармен жиі жүздесіп, көпшіліктің сотқа қатысты ұсыныс-пікірін тыңдауды әдетіне айналдырған. Болашағын сот саласымен байланыстырғысы келетін жастар осындай жиындарда судьяларға қойылатын талаптың жоғарылығына таңданыс білдіріп жатады екен. Шындығында, судья болу – мәртебелі міндет. Елдің сүйенері, қорғаны заң болса, «Судья – сөйлейтін заң» деп мойындалған. «Сондықтан, судья болуға тәуекел еткен адам қазылыққа қойылатын жоғары талаптарды сақтап, белгіленген шектеулерге мойынұсыну қажеттігін ұғынуы шарт. Судья сот беделіне нұқсан келтіретін қоғамдық іс-шаралар мен өзге де көпшілік орындардан өзін аулақ ұстауы қажет» дейді төраға.

Кодекс судьяларға қойылатын талаптарды күшейтіп, олардың сот төрелігін жүзеге асыру барысындағы ғана емес, отбасында және тұрмыста өзін ұстау әдептерін белгілеуімен құнды болып отыр. Егер судья отбасындағы, қоғамдағы теріс әрекетімен айналасында өзі туралы жағымсыз пікір қалыптастыратын болса, мұндай судьяның шығарған шешім, үкімі заңды, негізді болғанына қарамастан, халықтың сенімсіздігін тудыруы әбден мүмкін. Осыған орай әрбір судья әдептілік қағидатын мықты ұстануы қажет. Яғни, төрелік жасаған судьяның адамгершілік қасиеттері мен құқықтық мәдениетінің деңгейі сот жүйесіне деген сенімнің орнауына негіз болады. Ал шешім қабылдау кезінде іс жүргізу заңнамаларының талабын бұзып, іс жүргізу мерзімін сақтамаған, жат қылықтарымен ерекше көзге түскен судья сот жүйесінің беделіне нұқсан келтіреді.

Судья әдебінің нормалары «судья сот төрелігін жүзеге асыру барысында тәуелсіз және заңға ғана бағынуы тиіс» деген ұғыммен шектелмейді. Қоғам сот әділдігін жүзеге асыруда судьяға сенім арта отырып, оның сот ісін қараудағы моральдық ұстанымына сенімді болуы үшін, судьяның ешкімге жалтақтамайтын тәуелсіз екеніне, объективті шешім қабылдай алатынына және бейтараптығына толық көзі жетуі маңызды. Ол үшін судьяның қызметтік міндеттерін адал атқаруына ешнәрсе кедергі болмауы тиіс.

«Міне, сондықтан да судьяларға кәсіпкерлікпен немесе оқытушылық және ғылыми-зерттеу жұмыстарынан басқа, ақы төленетін қызметпен айналысуына заң жүзінде тыйым салынған» дейді Әлия Түбекбаева.

Судья әдебі кодексінің 11-бабы судьяны жеке таныстық пен жақын байланыс жасау кезінде барынша талғампаз болу қажеттігін міндеттейді. Бұған қоса, әрбір қазы қарауындағы қызметкерлермен, сондай-ақ өз өндірісіндегі істер бойынша сот процесінің қатысушыларымен қаржылық міндеттеме тудыратын мәміле жасамауы міндет. Судья әдебіне сай, қазылар жеке қаржылық және іскерлік байланыстарда абай болып, саяси, діни нанымы мен ұстанатын дінін көрсетуден тартынғаны жөн.

Қазақстан Республикасында сот билiгi судьялар арқылы соттарға ғана тиесiлi екендігі жөнінде заң нормасы судьяларға қоғам атынан үлкен құзырет берумен қатар, зор жауапкершілік жүктейді. Ендеше, мемлекет атынан сот билігін жүзеге асыруға сенім білдірілген әрбір судьяның  міндеті  қоғам тарапынан білдірілген сенімді ақтап, тәуелсіз еліміздің сот жүйесінің дамуына барынша күш-жігерін жұмсау болып табылады.

А. Сатыбалды

 

 

 

Байланысты жаналықтар

Ұлттық ақпараттық кеңістігіміз потенциалды сепаратистерден тиісінше қорғалмаған

25.07.2024

Аятжан Ахметжан: Министр Бейсембаев сынаған адамын ата жауы санайды

22.07.2024

Нұрбай Кеңесбекұлы: Ұлттық ұлан патриот жастарды шыңдайтын құрылым

30.06.2024

Төрехан Майбас: Бізді осы күнге алып келген - қазақшылығымыз!

28.06.2024

Тіл корпустарын әзірлеу және жетілдіру ісі – аса маңызды тарихи-мәдени іс-шара

27.06.2024

Аңсаған Мұстафа: Ұлттық нақыштағы киім ұлттық сананың оянуына себеп

25.06.2024
MalimBlocks
Ұлттық ақпараттық кеңістігіміз потенциалды сепаратистерден тиісінше қорғалмаған

Қазір ақпараттық, ментальды, гибрид, когнитивті соғыс тәрізді көптеген  ұғым пайда болды.

Аятжан Ахметжан: Министр Бейсембаев сынаған адамын ата жауы санайды

Министрлік ол  шешімнің күшін  жойып, мектепке құжат қабылдайтын уақытты 1-қыркүйекке дейін созды

Нұрбай Кеңесбекұлы: Ұлттық ұлан патриот жастарды шыңдайтын құрылым

«Жас бүркіт» деп аталатын 7 спорттық әскери-патриоттық клубы жұмыс істейді

Төрехан Майбас: Бізді осы күнге алып келген - қазақшылығымыз!

Тәңіріміз сыйлаған құтымыздың Иесі болуымыз керек!

Тіл корпустарын әзірлеу және жетілдіру ісі – аса маңызды тарихи-мәдени іс-шара

Қазақ тілінің корпус қорын арттыру, ішкі функцияларын жетілдіру ғылыми тұрғыдан да, тіл болашағы тұрғысынан да өте маңызды әрі өзекті.

Аңсаған Мұстафа: Ұлттық нақыштағы киім ұлттық сананың оянуына себеп

Ұлттық нақышты киім-кешекке принт түрінде түсіріп, ұлттық сананы жаңғырту жолдарын іздеген дарынды суретші, ұлт жанашыры Аңсаған Мұстафамен әңгімелесудің сәті түсті.