"Африка кедейлері" Мәмин үкіметіне не істеп қойды?

Елнұр Бақытқызы

  • 15.06.2021

Елді қымбатшылық жайлап, аймақтарда картоптың келісі 400-500 теңге, ал жаңа шыққан сәбіздің келісі 450-550 теңгеге сатылып жатыр. Пандемия басталған кезде базарға барып, бағаны қолдан тежеп, қадағалаған әкімдер бұл жолы көрінбейді. Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров "халық 200 теңге тұратын былтырғы картопты алғысы келмей, жас картопты алып жатыр. Ал ол Қырғызстан мен Өзбекстаннан келеді. Қазір, әрине, бағасы қымбат", - деп түсіндірді. Ал сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов картоп экспорты артқандықтан, тапшылық туындап, баға қымбаттады дейді. Сөйтіп, тапшылықты жабу үшін үкімет Иран мен Пәкістаннан өзіміздің картоптан үш есе қымбат картоп сатып алған. Сұлтанов әкімдер мен ауыл шаруашылығы министрлігі дер кезінде әрекет етпеді деп кінәні басқа жаққа аударды.

Десек те сөрелердегі азық-түлік бағасының қымбатшылығын ең алдымен халық тартып отыр.  Үкімет қымбатшылықты неге тежей алмады? Қымбатшылық мәселесін қалай шешуге болады? Үкіметтің қымбатшылық кезіндегі әрекетіне немесе әрекетсіздігіне қандай баға бересіз? Сарапшыларға осы сұрақты қойып көрдік.

"Мәмин үкіметіне "1" деген баға қоямын"

Эконмист, ЖСДП партиясы төрағасының орынбасары Айдар Әлібаев бағаны қолдан тежеп ұстап тұратын әкімшілік шаралар тиімді емес, тіпті клоунада дейді.

"Әкімшілік шаралар еш уақытта бағаны реттей алмайды.  Ауыл шаруашылығы министрінің мәлімдемесі баланың сөзіне ұқсас, бұл да министрлік деңгейіндегі клоунаданың жалғасы. Ауыл шаруашылығы министрлігінің көп жылдан бері жүргізіп жатқан жұмысын сәтсіз, іске алғысыз дер едім. Ал сол министрлік арқылы шаруаларды қолдау сияқты түрлі бағдарламаларға бағытталатын ақша құрдымға кетіп жатыр. Сондықтан ауыл шаруашылығы министрлігінің жұмысын жан-жақты аудиттен өткізіп, толықтай өзгерту керек", - дейді сарапшы.

Ал бағаның өсіміне келсек, Айдар Әлібаевтың айтуынша, көкөніс пен жеміс-жидекті тұтынушыға жеткенге дейін делдалдар мен монополистердің қолынан өтеді, оған шекарадағы алымды қосыңыз.

"Біріншіден, көкөніс пен жеміс-жидек  Қырғызстан және Өзбекстаннан шекарадағы делдалдар, алым сияқты көлеңкелі, ашық емес, көлеңкелі жолдармен жеткізіледі. Алматыға аралық жеткізу пункті – "Алтын орда" базарында да делдалдар, әркімнің үстінен табатын табысы тағы бар. Базарлар өз өнімін сатып, нарықтағы бағаға әсер ете алатын шаруаны мүлде жолатпайды. Бәсекеге қабілетті бағаның қалыптасуы мүлде жоқ. Осының кесірінен бізде көкөніс пен жеміс Польша, Болгария, Балтық елдері, тіпті Германия мен Франциядан да қымбат", - дейді А.Әлібаев.

Айдар Әлібаев қымбатшылыққа Мәмин үкіметі жауапты дейді.

"Меніңше, Мәмин үкіметі өз міндетінің бір пайызын да орындап отырған жоқ. Парламент сайлауына дейін-ақ бұл ел тарихындағы ең әлсіз, қолынан түк келмейтін үкімет екенін, ол баяғыда отставкаға кетуі керектігін айттым. Ал оның әрекетіне баға берсем, бұл тіпті "2" де емес, "1" деген баға қояр едім", - дейді ол.

Айдар Әлібаев елдегі қымбатшылық мәселесін шешу үшін түбегейлі саяси реформалар керек дейді.

"Қазіргі билік бұл мәселені шешкісі келсе де, шеше алмайды. Өйткені көкөніс, жеміс-жидек бағасына мықты топтар ықпал етіп, бағаны ұстап отыр. Бұл тізбекті үзу қиын. Министр, әкімнің қолынан келмейді", - дейді саясаткер.

"Кедейшілік көрсеткіші Африка елдерімен бірдей"

Ulagat Consulting Group консалтингтік компаниясының директоры Марат Қайырленов халық табысының 54 пайызын азық-түлікке жұмсайды, бұл Африкадағы кедей елдердің көрсеткішімен бірдей дейді.

"Адамдар жаңа шыққан картопты алғысы келетіндіктен баға өсті" деген – ақылға қонымсыз, экономикалық сауатсыздық. Зерттеуге қарағанда, былтыр халық өз табысының 54 пайызын азық-түлікке жұмсаған. 2007 жылы бұл көрсеткіш 36 пайыз болған. Ал бұл орталық және шығыс Еуропа елдерімен шамалас еді. Осы кезеңде шығыс және орталық Еуропа елдеріндегі бұл көрсеткіш 23 пайызға төмендесе, бізде керісінше 36-дан 54 пайызға өсіп кетті. Яғни біз кедейлене түстік. Кедейленгенде де бұл көрссеткіш Сахарадан оңтүстікте орналасқан Африкадағы ең кедей мемлекеттерімен бірдей. Біз былайша айтанда, тек тамақ пен азын-аулақ киім-кешек сатып алу үшін жұмыс істейміз", - дейді Марат Қайырленов.

Сарапшы елдегі қымбатшылықтың бірнеше себебін атады. "Біріншіден, осы проблеманы реттеуі тиіс тұрақтандыру қорларының жаңсақ жұмысы. Екіншіден, монополияға қарсы комитет монополистерді жөніне қоюы тиіс еді. Тағы бір себеп, әлемде азық-түлік бағасы қымбаттап жатыр.  Төртіншіден, Ресейге қарсы кезекті санкция онымен бірге Еуразия экономика одағына кіретін Қазақстанға әсер етуі мүмкін. Белгілі бір дәрежеде теңгенің рубльге қатысты бағамының әлсіреуі де әсер етеді".

Марат Қайырленовтің айтуынша, қымбатшылық мәселесін шешудің бірнеше жолы бар. Қысқамерзімді шаралар ретінде үкімет субсидиялар бөле алады.

"Bloomberg агенттігі түрлі мемлекеттер халқының азық-түлікке жұмсайтын ақшасын негізге алып, жұрт өзіне тамақ ала алмай қалған кезде кастрөлдер көтерілісі басталатынын болжады. Егер үкімет мұның алдын алғысы келсе, онда металл, шикізат сатудан түсетін табысты халықпен субсидия түрінде бөлісуі керек. Тұтынушы кәрзіңкесіне сәйкес, бір адам жылына 94 келі, асып кетсе 100 келі картоп тұтынады.  19 миллион халыққа картоптың келісін бір доллардан есептесе, 2 миллиард долларға жуық сома шығады. Оның шамамен 100 миллион долларын  жаңа картоп өсіп жиналғанша субсидиялауға болады. Бізде биылғы бюджет 15 триллион теңге, бұл бұрын-соңды болмаған көрсеткіш, сондықтан ақшаны субсидияға бағыттауға болады", - дейді сарапшы.

Ал ұзақ мерзімде картопты көбірек егіп, қор жинау керек. "Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация 10-12 жыл бойы жұмыс істесе де, қор жинауды жолға қоймады. Мұны одан да онлайн тендер ойнатып, жекеменшік секторға беруге болады".

 

Байланысты жаналықтар

5 жасқа дейінгі балалар арасында көкжөтел жиіледі

23.03.2024

Қазақстанда қызылша бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақталып келеді

23.03.2024

Уэльс ханшайымы Кейт қатерлі ісікке шалдықты

22.03.2024

Мәскеуде алдағы демалыс күндері театр мен музей жабылады

22.03.2024

Ресейдің Красногорск қаласындағы концерт залында атыс болды

22.03.2024

«Көшкін қаупі жоғары»: ТЖМ қазақстандықтарға ескерту жасады

22.03.2024
MalimBlocks
5 жасқа дейінгі балалар арасында көкжөтел жиіледі

Қазақстанда қызылша бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақталып келеді

Уэльс ханшайымы Кейт қатерлі ісікке шалдықты

Мәскеуде алдағы демалыс күндері театр мен музей жабылады

Ресейдің Красногорск қаласындағы концерт залында атыс болды

«Көшкін қаупі жоғары»: ТЖМ қазақстандықтарға ескерту жасады