Әкім 500 сиырмен кездесті

Олжас Қасым

  • 12.05.2021

500 сиырдың мөңірегені аз болса, 3 мың сиырды әкімдікке айдап апарамыз дейді  қарабаулық жұрт. Қазығұрт ауданының әкімі Арман АБДУЛЛАЕВ сиырлармен кездесуге дайын ба?

Түркістан облысына қарасты Қарабау ауылдық округінің әкімі Асан ТӨЛЕШОВ ауылдың бес жүз сиырымен кездесті. Иә, әдетте әкім біткен халықпен кездесіп жатады ғой. Алайда иелерінің жанайқайын жергілікті шенеуніктерден бастап министр де елемеген соң зеңгі баба төлдері  енді өздері шеруге шыға бастағандай.  

Сымтас, Құларық, Жұмысшы, Қарабау ауылдарында алты мыңға жуық халық тұрады. Қазақстанның басқа ауылдарындай тұрмыстары мал мен егіншілікке байланған. Бірақ бес жылдан бері жайылым мәселесі туындап, қазір өріссіз қалып отыр екен.

«Әкімдік алдына 500  сиыр айдап апардық. Жайылым жоқ. Құжат бойынша өрісіміз бар. Бірақ ол жер тастақ. Мал жаюға келмейді. Ауыл іргесінде бір сай бар еді. Сол жерге мал шығарып жүргенбіз. 2008 жылы қоқыс төгетін жерге айналдырып жіберді. Қазір төрт түлігіміз қоқыстың ішінде жайылып жүр. Темір-терсек, салафан жем өліп жатқандары да бар», - дейді Malim.kz  сайтының тілшісіне Қалдыбай ЖАҚСЫБАЙҰЛЫ.

Ауыл жұртының айтуынша, Қарабаудың өрісін тарылтып отырған Ауылшаруашылық министрлігіне бағынатын «Қарабау» кооперативі екен. Олардың иелігінде 5 мың 745 гектар жер бар. Бұл жерлер 2000 жылдардың ортасында «тұқым өндіреміз» деген жоспармен берілген.  

«1993  жылы Коммунизм совхозы осы Қарабауға қосылғанбыз. Қазір ауылдық округтегі барлық дүниеге солар ғана ие. Сендер бізге мүше емессіңдер деп шығарып жіберді. Ауылда орташа есеппен мың бас сиыр бар. Соған жайылым таба алмау деген масқаоа ғой», дейді Қалдыбай ЖАҚСЫБАЙҰЛЫ.

Ауылдықтардың проблемасынан жергілікті билік өкілдері ғана емес, ауылшаруашылық министрлігі де хабардар екен. Қарабаулықтар шағымданбаған жеріміз қалмады дейді.

«Бұл кооператив ешқандай тұқым өндіріп жатқан жоқ. Өз қалталарын толтыруды ғана біледі. Баяғы совхоздан қалған қанша техника, қора, малды айтпағнада кейбір жерлерді де сатып жіберді ғой. Ауыл адамдары бұлардан бір дән де ала алмай отыр. Сабан мен шөпті айтпағанда. Бір малың олардың жеріне түсіп кетсе айыппұл 45 мың теңге. Айыппұлды 800 мыңға дейін төлегендер бар», - дейді тағы бір ауыл тұрғыны Молдасбек ӘБИШОВ.

Қарабау ауылдық округінің мәселесін былтыр ауылшаруашылық министрінің орынбасары Айдарбек САПАРОВТЫҢ өзі шешіп беремін деген екен. Бірақ мәселе тіптен қиындап кетіпті.

«Біз гектарына  50 мың теңге төлеп суғармалы жерді жалға алып отырмыз. Ауылдағы қарайған халық 105 гектар жерге ілдебайлап егінін салып отыр. Енді келесі жылдан бастап бермейміз дейді. Өткенде ол жайлы бізге «Қарабау» тәжірбиелік-өндірістік шаруашылығының директоры Дәурен Әбдірасылов айтты. Бұл кімнің ұйғарымы десек дұрыс жауап қатпайды. Жоғарғы жақ дейді. Жоғарғы жақ ол кім десең тағы да жауап жоқ», - дейді Молдасбек ӘБИШОВ.

Ауыл халқы жайылым үшін күрестерін тоқтатпайтынын айтады. Нұр-Сұлтандағы шенеуніктер сөзімізге құлақ аспаса да сиырлардың мөңірегеніне селт етер деген үміттері  бар. Екі сиыр жайлы айтқан Елбасы сөзі тым болмаса шенеуніктердің құлағында шығар дейді. Алдағы күні қарабаулықтар он жеті шақырым жердегі аудан орталығы Қазығұртқа 3 мың сиыр айдамақшы. Аудан басшысы Арман Абдуллаевқа малдар да өріс жағдайын айтып мұң шақпақшы.  Абдуллаевтан да қайыр болмаса  «Керуен-Сарайын»  қызықтап жүрген Өмірзақ ШӨКЕЕВКЕ сиырлардың алдында жауап беруге тура келеді.  

Фото: nur.kz

Байланысты жаналықтар

Шөкеевтің орынбасарының ұсталғаны рас па?

18.05.2021

Жаңа депутаттарды Шөкеевтің туыстары күтеді

13.01.2021

Шегіртке дауымен шенеунік сотталып кетті

17.05.2020

Жемқор: Шөкеевтің облысы бәрінен озды

13.02.2020
MalimBlocks
Шөкеевтің орынбасарының ұсталғаны рас па?

Жаңа депутаттарды Шөкеевтің туыстары күтеді

Шегіртке дауымен шенеунік сотталып кетті

Жемқор: Шөкеевтің облысы бәрінен озды