Алматыда қазақ-қытай ынтымақтастық оқу орталығы қазақ тілін неге елемейді?

Алматы қаласындағы М.Маметова 46 мекен-жайында орналасқан «Один пояс один путь» қазақ-қытай ынтымақтастық оқу орталығы ғимаратындағы маңдайшадағы жазу орыс-қытай тілінде ғана жазылған. Қазақ тілінде жазылмаған.

Есенжол Елекенов

  • 10.07.2023

Бұған наразы болған белгілі журналист Ертай Нүсіпжанов өзінің Facebook парақшасына аталған орталықты сынға алып, жазба жариялады.

Тілді дамыту үшін тәуелсіздік алғалы бері небір бағдарлама ашылып, оған миллиардттаған қаражат бөлінді. Міне, нәтижесі. Бұл не, қытайласу ма? Қазақша әріптерді қытай иероглифтері жеңіп кеткен бе? Бақылау әлсіз, сұрауы болмаған соң бетімен кетті. Осыны жасап отырғандар өзге ұлт өкілі деп ойламаймын. Қазақшаға пысқырып отырған жоқ. Алматы қаласының әкімдігі, тілдерді дамыту басқармасы, сыртқы жарнаманы бақылайтын тиісті орындар кім үшін қызмет жасап отыр сонда?!,- деді Ертай Нүсіпжанов шілденің 5-сінде Facebook парақшасында жариялаған жазбада.

Журналистің жазбасынан соң қоғамда үлкен резонанс туды. Жазбаға пікір қалдырғандардың басым көпшілігі аталған оқу орталығы мен ономастикаға жауапты мекемені сынға алды.

Журналистің осы сыни постынан кейін ертесіне, яғни, 6 шілде де «Один пояс один путь» қазақ-қытай ынтымақтастық оқу орталығындағы орыс-қытай тілінде жазылған маңдайша алынып тасталған. Ертай Нүсіпжановтың Facebook парақшасына жариялаған тағы бір жазбасында ол жерге Алматы қаласы әкімі аппараты тілдерді дамыту және ономастика бөлімінің қызметкері барғаны айтылады.

Malim.kz тілшісі «Один пояс один путь» қазақ-қытай ынтымақтастық оқу орталығына барып, маңдайшаны ілген кезде неліктен әу баста қазақ тілі ескерілмегенін сұрады.

– Бұл маңдайшаның тұрғанына бір жыл болды. Басында орыс-қытай тілінде жасаттық. Қазақ тілінде де болуы керек екенін білген жоқпыз. Енді біліп жатырмыз. Маңдайшадағы жазуды қазақ, орыс, қытай тілінде жасатқымыз келген. Бірақ жарнама жасайтындар ол жағын ойластырып, маңдайшаға қатарынан үш тілді сыйғызу техникалық жағынан мүмкін емес екенін айтты. «Жасаған күннің өзінде әдемі болмайды» деді. Енді маңдайшаны екі апта немесе бір айдың ішінде тек қазақ-қытай тілінде жасатамыз,- дейді «Один пояс один путь» қазақ-қытай ынтымақтастық оқу орталығы басшысы Ольга Ерумена.

Ол орыс-қытай тілінде жазылған маңдайшаның алынып тасталуына журналист Ертай Нүсіпжановтың Facebook парақшасына жариялаған жазбаның қатысы жоқ екенін айтты.

Facebook әлеуметтік желісіне жарияланбас бұрын біз бұл маңдайшаны өзгертеміз деп жүргенбіз. Жарнама жасаушылармен келісіп те қойғанбыз. Маңдайшаны біз алып тастай алмаймыз ғой, оны жарнама жасайтындар алады. Олар бос болмай жүрді. Шілденің 6-сында босаған соң, келіп алып тастады. Сондықтан Facebook-тегі жазбадан соң алынып тасталды дегенге келіспеймін,- деді Ольга Ерумена.

Алматы қаласы әкімі аппараты тілдерді дамыту және ономастика бөлімінің бас маманы Ардақ Нұрғазина мораторий болғандықтан кәсіпкерлік субьектілерді тексере алмайтындарын айтады.

– Негізінде басқарушы орган ретінде шара қолдану қарастырылған. Бірақ қазір мораторий екенін өздеріңіз білесіздер. Тексеріс жүргізілмейді. Тек жеке тұлғалардан арыз-шағым түссе, әдістемелік көмек көрсетіп, түсіндіру жұмыстарын ғана жүргіземіз. Жеке тұлғалардан арыз-шағым күтіп отырмай да, әр аптаның сәрсенбі күні қаладағы кәсіпкерлік  нысандарды тексеріп, көрнекі ақпараттар да қандай да бір қателік, заң бұзушылық болып жатса, түзеу керектігін ескертеміз,-дейді Ардақ Нұрғазина.

Ол тілшінің «Один пояс один путь» қазақ-қытай ынтымақтастық оқу орталығы ғимаратындағы маңдайшадағы орыс-қытай жазуы бір жылдан бері тұрса, сіздер мұны қалай көрмей жүрсіздер?» деген сұрағына: «Алматы үлкен қала, екі миллиондай халық бар. Ал бізде бір ғана маман. Былайша айтқанда, физикалық тұрғыдан үлгермейміз. Мен өзім бес бағыт бойынша жұмыс істеймін. Өзге әріптестерім де солай. Кішкентай бір бөлім болып отырып, түгел қаланы қамту бізге қиын» деп жауап берді.