Алматылық оқушылардың жобалары NASA назарында

  • 13.04.2023

Алматылық физика-математика бағытындағы NIS оқушылары  Рамазан Әміре мен Сымбат Барсағазы NASA халықаралық ғарыш агенттігі өткізген байқауда үздіктердің қатарынан табылып, жеңімпаз атанды. Олардың дайындаған «Aenoica» жобасы әлемнің үздік зымыран құрастырушыларының арасында үздік атанды.

АҚШ-тың Аэронавтика және ғарыш кеңістігін зерттеу жөніндегі ұлттық басқармасы жыл сайын ұйымдастыратын бұл халықаралық  ғылыми жобаға әлем бойынша 26 мыңнан аса оқушы қатысып, бақ сынаған. Биылғы қазақстандық оқушылар ұсынған жобасын «Aenoica», яғни, «Шексіздік» деп атапты. Жобаның жетекшісі Райымбек Әділбек Назарбаев зияткерлік мектебінің 11-сынып оқушысы. Ол өз білгенін осы салаға қызығатын талапты оқушылар Рамазан мен Сымбатқа үйретіп, нәтижесінде осы жобаны жасап шыққан. Жоба жетекшісі әрі осы команданың үлкені Райымбек өзі бас болған екі оқушының ғарыш тақырыбына өте әуес екенін айтады.

Райымбек жоба жетекшісі аталғанмен, негізгі авторлық 8-сынап оқушыларына тиесілі. Ал, жетекшілері негізінен кеңес беру, тәжірибесімен бөлісу, бағыт сілтеу тұрғысында болған. 

Сонымен, бұл ғылыми жоба өндірген құрылым туралы аздап тоқтала кетейік. Ғылыми жоба 300 мың тұрғынға арналған станция құрып, сонымен қатар кванттық коммуникацияларды, технологиялық дамыған агромәдениетті қолдана отырып, қолайлы тіршілікті қамтамасыз ету жүйесін құрған. Бұл алып станция ғарышта орналасады. Ғарыштағы Койпер белдеуінен орын тебуге тиіс кемеде адамдар тек қана уақытша тұрмайды, олар онда тіпті  ауыл шаруашылығымен емін-еркін айналыса алады. Толықтай жаңа технологияға негізделген жер серігінде адамдар дәнді дақылды қалай өсіруге болатыны жайлы және ондағы тұрғындар жарақат алған жағдайда 3D технология арқылы оларды емдеудің жолдары да бар.

Байқаудың жеңімпазы Сымбат Барсағазының айтуынша, «Aenoica» ғарыш станциясын құрудағы мақсат – болашақтағы адамдарға арналған замануи, көптеген технологияларға бай жаңа ғарыш кемесін құру болған. Сондай-ақ ғарыш станциясы өз-өзіне электр энергиясын береді, өз-өзін керекті қорекпен қамтамасыз ете алады.

Биотехнологияға негізделген бұл зерттеуді жүргізіп, моделін жасаған Назарбаев зияткерлік мектебінің 8 сынып оқушысы Сымбат Барсағазы бұл станцияда оұратын адамдар үшін барлық қолайлы жағдайлар жасалады дейді. Түрлі технологиялар іске қосылады, нәтижесінде, дамытылған агрокультураға ерекше мән берілмек. Бір қызығы мұнда өсімдіктер топырақта емес, суда өсетін болады. Және станция жерге тәуелсіз күн кешуге мүмкіндік алмақ.

Расында, жер бетіндегі барша өсімдік атаулының топыраққа тамыр байлайтынын ескерсек, бұл өнертапқыштар ұсынып отырған жоба әлем үшін де өте өзекті болуы мүмкін. Мәселен, онда суды үнемдеуге зор мүмкіндік туады. Қазір ағын сумен суарудан тамшылатып суарудың өзі қаншама үнем жасауға мүмкіндік беретінін ғалымдар да, дамыған шаруашылықтар да айтып жүр. Ал, мұнда өсімдік арнайы жасалған биотехнологиялық қоспалардың арқасында судың ішінде тұрады. Ол су ешқайда сіңіп кетпейді, буланып ұшып та кетпейді, бар нәрін өсімдікке сіңіріп, қозғалыссыз тұрады. Бұл жүздеген, мыңдаған есе суды үнемдеуге мүмкіндік беретіні анық. Және ғарыштағы адамдар осының арқасында қорегін айырады, тіршілігін жасайды, жерден келетін көмекке мойын созып отырмауға мүмкіндік алады.

Жобаның кураторы 11 сынып оқушысы Райымбек Әділет идеяның жаңа технологияларды енгізуге негізделгендігін, сонымен қоса, олар ұсынған жоба үздік жобалар қатарына енгеніне өте қуанышты екенін жеткізді. Және бұл жобаны дайындаудың оңай болмағанын да айтады. Жеңіске жетіп, артынша өзінің жүріп өткен жолына сүйсіне қарап отырған оқушыдан асқан сүйкімді кім бар дейсіз. Қазірдің өзінде адамзатқа ортақ жоба ойлап тапқан отандастарға, жас жеткіншектерге қалай риза болмассың. Оның үстіне, бұл сайыста топ жару қазір күннен күнге қиындап келеді, себебі, бәсекелестік күшейіп келеді. Жобаға қатушылар саны биыл рекордты көрсеткішке жеткен, барлығы – 4 567 команда қатысып, 26 мыңнан аса оқушы өз жобаларын ұсынғанын айта кету керек.

Енді, ғарыш кемесінің жермен байланысы қандай болмақ дегенге келейік. Жобаның үшінші мүшесі Рамазан дәл осы тақырып бойынша ізденіп, арнайы зерттеу жүргізіп, шешімін тауыпты. Кванттық коммуникацияға негізделген жобада біз айтып отырған нысан барлық энергияны өзі өндіреді.

Станция қиын жағдайға тап болған жағдайда жерден көмек шақыру мүмкіндігі де қарастырылған.

Алматылық оқушылар өз жобаларын тек сайысқа қатыстырып қана қоймай, өз мектептерінде сынақтан өткізуге де мүмкіндік алған. Ғарыш кемесінің шағын нұсқасы арнайы тетіктер арқылы, көкке қарай самғай алады. Ал, оның ар жағындағы тіршілік бұл жобаны шындап қолға алып, іске асырғанда ғана өз жемісін береді. Қалай дегенде де, үлкен сайыста қазақстандық оқушылардың топ жаруы жайдан жай болмаса керек. Алдағы уақытта еліміздің үкілеген үміттері әлемдік ғарыш саласында бұдан да үлкен жетістікке жететін, оқушылардың арманы мен қиялынан туған жобаны іске асырып, оны адамзаттың игілігі үшін пайдалануға мүмкіндік сыйлайды деп сенеміз. Бәлкім, осы оқушылардың өздері болашақта осы кеменің өзін жасап, ғарышта өмір сүретін тәуелсіз жер серігін өмірге алып келер.

Жалпы, ғарыштық қоныстар – АҚШ-тағы NASA-ның ұйымдастыруымен 7-12 сынып оқушылары арасында өтетін дәстүрлі байқау. Байқауға әлемнің түкпір-түкпірінен дарынды оқушылар мен студенттер қатысып, ғарыштық қоныс тұжырымдамасын әзірлеу үшін жұмыс атқарады.

Ғылыми жобға әлемнің түкпірінен ең тәжірибелі, ең үздік зымыран құрастырушылар қатысады. Солардың арасынан топ жарған оқушылардың бұл жетістігі өзге оқушыларға, басқа мектептердегі қатарластары үшін үлгі мен мотивация болары анық.

Жалпы, соңғы жылдары қазақстандық оқушылар NASA-ның назарын жиі аударып келеді. Мәселен, өткен жылы павлодарлық мектеп оқушысы Ярослава Кравчук Kanysh атты шағын ғарыш аппараттарының макетін жасап, макетті арнайы қорғап, нәтижесінде әлемдік ғарыш орталығынан шақырту алған. Оның жобасы бойынша ғарыш аппаратының көмегімен кометалар мен астероидтер топырағын пайдалана отырып, сутегі отынын өндіруге болады. Оның бұл өнертабысын NASA өкілдерінің көзіне түсіп, олар оны өз орталықтарына арнайы шақырып, тәжірибеден өтуіне мүмкіндік берген. Ярослава бұл жобасын алты ай ішінде жасап шыққанын да айта кету керек.

Одан бөлек 2021 жылы 7 сыныптан бастап, ғарыш саласына қызыққан тағы бір оқушы астаналық Ерасыл Тәуекел NASA-да тағылымдамадан өтіп келді.  «Назарбаев Зияткерлік мектебінің» 10 сынып оқушысы модельдік зымырандарға арналған толық автоматтандырылған ұшыру қондырғысын жасап шығарды. Ол да өз күшімен алпауыт орталықтың назарын аударып, арнайы шақыртумен, тағылымдамадан өтіп келген.

Қазақстанның 100 жаңа есімінің тізіміне кірген тұңғыш оқушы Тимур Рысбеков те осы ғарыш саласы бойынша өзінің ғарыш кемесін жасап, оны қалта телефоны арқылы басқарып, кез келген тапсырманы орындата алатын өнертабысқа жеткен.

Бұдан өзге де көз қуаныш, үлкен өнерге, ғаламдық жетістікке қол созған оқушылар аз емес. Демек, Қазақстандағы мектептерде оқушылардың жеке шығармашылығын дамытуға, өздерін дәлелдеуге, өзі қалаған іспен айналысуға мүмкіндік жасауды тоқтатпау керек. Қазір қолға алынып жүрген «Білімді ұлт», «Жайлы мектеп» жобаларының да бір мақсаты осы. Оқушылардың шексіз қиялы тиісті жағдай жасалып, ерекше көңіл бөлінсе, еркіндік берілсе, әлі талай әлемдік додаларда топ жаратыны сөзсіз.  

Байланысты жаналықтар

Ұлттық ақпараттық кеңістігіміз потенциалды сепаратистерден тиісінше қорғалмаған

25.07.2024

Аятжан Ахметжан: Министр Бейсембаев сынаған адамын ата жауы санайды

22.07.2024

Нұрбай Кеңесбекұлы: Ұлттық ұлан патриот жастарды шыңдайтын құрылым

30.06.2024

Төрехан Майбас: Бізді осы күнге алып келген - қазақшылығымыз!

28.06.2024

Тіл корпустарын әзірлеу және жетілдіру ісі – аса маңызды тарихи-мәдени іс-шара

27.06.2024

Аңсаған Мұстафа: Ұлттық нақыштағы киім ұлттық сананың оянуына себеп

25.06.2024
MalimBlocks
Ұлттық ақпараттық кеңістігіміз потенциалды сепаратистерден тиісінше қорғалмаған

Қазір ақпараттық, ментальды, гибрид, когнитивті соғыс тәрізді көптеген  ұғым пайда болды.

Аятжан Ахметжан: Министр Бейсембаев сынаған адамын ата жауы санайды

Министрлік ол  шешімнің күшін  жойып, мектепке құжат қабылдайтын уақытты 1-қыркүйекке дейін созды

Нұрбай Кеңесбекұлы: Ұлттық ұлан патриот жастарды шыңдайтын құрылым

«Жас бүркіт» деп аталатын 7 спорттық әскери-патриоттық клубы жұмыс істейді

Төрехан Майбас: Бізді осы күнге алып келген - қазақшылығымыз!

Тәңіріміз сыйлаған құтымыздың Иесі болуымыз керек!

Тіл корпустарын әзірлеу және жетілдіру ісі – аса маңызды тарихи-мәдени іс-шара

Қазақ тілінің корпус қорын арттыру, ішкі функцияларын жетілдіру ғылыми тұрғыдан да, тіл болашағы тұрғысынан да өте маңызды әрі өзекті.

Аңсаған Мұстафа: Ұлттық нақыштағы киім ұлттық сананың оянуына себеп

Ұлттық нақышты киім-кешекке принт түрінде түсіріп, ұлттық сананы жаңғырту жолдарын іздеген дарынды суретші, ұлт жанашыры Аңсаған Мұстафамен әңгімелесудің сәті түсті.