Аңсаған Мұстафа: Ұлттық нақыштағы киім ұлттық сананың оянуына себеп

Ұлттық нақышты киім-кешекке принт түрінде түсіріп, ұлттық сананы жаңғырту жолдарын іздеген дарынды суретші, ұлт жанашыры Аңсаған Мұстафамен әңгімелесудің сәті түсті.

Malim Админ

  • 25.06.2024

- Аңса, қазір көп мекемеде әр жұма күні ұлттық нақыштағы киім кию дәстүрі бар. Жұма күні, кейде басқа күндері де көшеде, мекемелерде жастардың үстінен сіздің өнімдерді көріп қаламыз. Бас киім, кеудешелерді қазақы ою-өрнекпен безендіру, ұлтық сипат беретін нақыштармен көмкеру идеясының авторысыз. Идеяңыз көпке ұнады. Тиімді жоба болған сияқты. Осы жобаны қашан қолға алдыңыз?

- Мен 11 жасымнан бастап сурет мектебінде оқыдым.

Қазір киімге қатысым болғанымен, пішу, тігуді білмеймін, тек сурет саламын. Сурет салып, оны принтке айналдырамын да, оны дайын киімге түсіремін. Идея ішкі қажеттілігімнен туындайды.Идеяларымды қағазға түсіріп, эксперимент жасадым талай.

Осыдан 10 жыл бұрын елімізде қазақ хандығының 550 жылдығы тойланайын деп жатты.Той жазда болмақ, жаздың ыстығында ел қалың киім кие алмайды.

Суретші ретінде қандай үлесімді қоса аламын деп ойладым. Әрі ол кезде көршілес Ресей елі басшысы Қазақстан туралы ауыр пікір айтып, ұлттық намыс қысқан кез еді.Ұлттық нақышта принт жасасам, ол жастар киетін жеңіл киімдерге түсірілсе деп елестетіп көрдім. 2014 жылдың күзінде бір принттің суретін салып болғасын, оны Фейсбук әлеуметтік желісіндегі парақшама жарияладым. Әзілдеп«осы фото 1 сағаттың ішінде 550-ден артық лайк жинаса, жазға дейін 55 түрлі принт жасаймын» дедім. 1 сағаттың ішінде 500 түгілі мың лайктан асып кетті. Әрі жан-жақтан журналист достарым хабарласып, идеяларын айта бастады. «Мұндай принттер жаасаң, жер-су аттары, мақал-мәтелдер, еліміздің барлық өңіріндегі батырларды қамты, ұлттық символиканы қамты, былай бейнеле»дегендей. Ақыры 55 сурет мамыр айында дайын болды.

Шетінен әлеуметтік желіге шығара бастадым. Досым Айдос Сарым (қазір ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты) Абай.кз сайтының авторы еді. «Сайттың оқырманы көп, сайтқа жариялайын» деп принт үлгілерін сұрады, рұқсат еттім.

Кейін massaget.kz сайты да жариялады. Сөйтіп шағын экспериментім үлкен кәсіпке айнала бастады.

Фейсбук желісіндегі парақшама өзім салған принт үлгілерін үзбей сала бастадым. Бірдінтеп оқырмандарым жекеме жаза бастады, «осы сурет салынған кеудеше керек» деп баласының дене өлшемін, өзінікін айтады. Мен «принтті жіберейін, өзіңіз кеудеше сатып алып осы фотомен бірге фотосалонға апарып, осылай етіп шығарып беріңіз дейсіз» десем, ауылда тұратын кісілер оны қалай шығарту керегін білмейміз деп жатты. 1 күнде 15 тапсырыс түсе бастағанда мұның қазаққа керек екенін түсіндім. Сурет ұнап, қолқа салған бірнеше кісінің көңілін қимай өзім кеудеше сатып әкеліп, принт бейнеленген киім етіп шығарып, пошта арқылы салып жіберіп жүрдім. Біртіндеп менің жазбаларымды бөлісіп жатқандардан көріп, «осындай сурет бар кеудеше керек» деген тапсырыстар көбейді,

Кейбір кісі тым кірпияз: киімнің түсін ұзақ ойланып таңдайды, оған түсірілетін принтті ұзақ таңдайды. Кейбірі өз киім өлшемін білмейді, маған қандай түс жарасады деп сұрайтындары бар. 1 кеудешенің әңгімесі 2-3 сағаттан 2-3 күнге дейін созылады (күлді). Сондықтан клиенттермен сөйлесіп отырғаннан маған сурет саған жеңіл. Сөйтіп үлгермей жатқандықтан, тапсырыс бойынша жұмыс істейтін маман – менеджер, тасымалдауға жүргізушіні жұмыс қа алдым. Ол кезде база қалыптаспаған. Клиенттің қалауы бойынша принт үлгісін түнімен отырып жасайтынмын.  Ісіміз өркендей берді, өңірлерден тапсырыс түсе бастады, бір менеджерім екеу болды. Қазір үлкен командам бар қасымда, әсіресе, ең қиын кездерде сүйеу болған есімді адал серіктерім Индира, Еркінге алғысым шексіз!

Журналистер де болды осындай принт түсірілген киім шығаратын кәсіп ашқан.

Бұл істағатпен отырып ізденуді қажет етеді – үнемі жаңа принт үлгілерін жасап отыруың керек, жасап қойғандарды түрлендіру керек сұранысқа сай. Нарықта коммуникация, жарнама үзілмеуі керек. Қанша фирма ашылып, ісі жүрмей жабылды.

Бізде біраз қызықты бастан өткеріп, біраз тер төктік. Бүгінде 10 жылдың ішінде принттің 2500 түрін жасап, оларды типтері бойынша компьютерде жеке бумаларға топтастырып қойдық. Тапсырыс кезінде киімге солардың бірін түсіріп немесе біреуін сәл түрлендіріп жасап береміз клиент талабы бойынша.

- Соңғы жылдары қазақы ою-өрнекпен сәндеуге талпынып жүрген ұста, шеберлер бар. Киім-кешекте де жандана бастады бұл үрдіс. Ұлттық сананы ояту, ұлттық рухты көтеруде бұйымдарға қазақы бояу берудің рөлі қандай?

- Қазақ боламыз деп ескі замандағы бөрік, бүрмелі көйлекті желбіретіп киіп жүре алмаймыз ғой көшеде қазіргі заманда. Оны экзотика ретінде, мерекелерде бір киеміз де, сандыққа саламыз. Осы жерде заманауи үлгідегі жеңіл киім-кешекке ұлттық нақыш беріп, қазақы ою-өрнек, әр түрлі ұлттық элементпен сәндеуді қолға алып, тығырықтан шығудың шешімін табуға ұмтылудамыз суретші, шеберлер қауымы.

Киім, бұйымдағы символика, сурет, таңба адам санасына, біртіндеп қоғам санасына ықпал ететіні психология ғылымында айтылған. Мәселен, әскерилерді, жауынгерлерді, кейде өзге бір өндірістік мекеме қызметкерлерін бірдей етіп киіндірудесанада ортақ іске жұмылу идентификациясы қалыптасуы үшін жасалады.

Қазіргі қарқынды өзгерістер, жылдам қозғалыс заманында киіп кете беретін жеңіл кеудеше, худи, шоперлерді ұлттық нақышпен безендіру ұтымды шешім деп таптық.

Руын, өзі туған өңірді мақтан ететін азаматтар бар. Сол кісілер Көкшетаудың суреті бар, Қостанай, Орал, Атырау қаласының символикасы бар кеудеше сұрайды. Бір кіснің тапсырысымен жасалған кеудешенің суретін әлеуметтік желіге салған соң, оны тағы біреу көріп қызығады. Ол алғысы келеді немесе жақынына сыйлағысы келеді. Қазақ қыздарының, қазақ жігіттерінің образы бейнеленген киімдер де жасалды біртіндеп. Негізгі акцент ұлттық нақыш, ұлттық бояуды беруде біздің кәсіпте.

- Сіз шығарған киім үлгілерін сату кәсіп көзі ретінде қаншалықты тиімді? Сату, тарату жағы реттелді ме? 

- Кәсіп көзіне айналдыруды мүлде ойламағам. Бір күні Фейсбук әлеуметтік желісін қолданушы киімге принт түсіру бойынша кәсібі жолға қойылған итальяндық досым Бенедикто Эсперанзо құттықтау хатын жолдап, «Кәсібің берекелі болсын» дегендей құттықтау айтты. «Бұл кәсіп емес, Қазақ хандығының 550 жылдығы тойланбақшы, сол шараға суретші ретінде үлесімді қосқым келгені, патриоттық сезімімді білдіргім келгені» дедім Бенедиктоға.

Әріптесіммен біраз ақылдастық. Ол бір жолы бейнеқоңырау шалып, өзінің кеудеше шығаратын өндірістк кешенін көрсетті. Кіре берісінде дүкен, одан әріректе суретшілер суретін салып отырады, екінші жағында кеудеше жасалып жатады екен. Кәсібінің технологиялық тізбегін түсіндіріп шықты. Ойлана келе, тәуекелге бел байладым. Жолдасым көп қолдау жасады. Сөйтіп бастамам кәсіпке айналды.

Қазір айналым, табысымыз бұдан жақсы болар еді, 2017 жылы Экспо жәрмеңкесіне қатысамыз деп алаяқтарға алдандық. Тауарды қарызға ала тұрып алдап кеткен кәсіпкерлер болды. Кәсібін көтеріп алсын деп сөзіне сеніп тегін бере тұрдым киімдерді талай саудагерге. Шағын бутикке қоямын, сатып, ақысын беремін деп, ақырында телефонын сөндіріп қашып кеткен қыздар көп. Біраз қынжылтты ол жағы.

- Өнер табысыңызды патент арқылы меншіктедіңіз бе? Сіз ойлап тапқан принт үлгілерімен безендірілген кеудешелердің контрафактілік нұсқасын жасап, сатып жүргендерді көрдім. Оларды ырықтауға бола ма?

- Қазір өз еліміздегі «көшіргіштерді» қойғанда Қытай да, Өзбек те, Қырғыз да жасап сатып жатыр қазір менің принтім бар киімдерді...

Кәсіп қызған тұста тапсырыстарды орындап үлгере алмай жаттық. Бір жолы алматылық бір кісі «кеудешелеріңнің сапасы басында жақсы еді, қазір нашарлап кетті» деді. Біз сапаны көтермесек, түсірмеген едік. Әлгі кісіге «алған кеудешеніңізді суретін жіберіңізші» дедік.Қарасам, менің принтім түсірілген сапасы нашар кеудеше фотодағы. Біртіндеп ол кеудешелер Астананың базарларында да пайда болды. Серіктес дүкендер бізге тапсырыс беруді азайтты.

Оларға өзіміз хабарласып сұрасақ, базарлардан ала бастағанын айтты. Алматыдағы барахолкаға  бардым бір күні. Сөйтсем, менің принтім бар кеудешелер түр-түрімен толып тұр. Біздің технологиямызбен тек ақ және қара кеудеше ғана өндіре аламыз. Ал олар қызыл, көк, небір түрлі кеудешеге шығарып тастаған. Сөйтсем, біздің үлкен базарларды айтпағанда Қырғыз еліндегі «Дордой» базарында көтерме бағамен қап-қап сатылып жатыр екен менің суреттерім түсірілген киімдер... Көшірме шығару желісі тым тамыр жайып кеткенін түсінгенде шарасыз күйге түстім. Мәселенің шешімін іздеп Фейсбук желісінде жазба жарияладым. Көптің берген ақылы – патент алып туындыларымды меншіктеу. Әділет министрлігіне 190 мың теңге төлеп патент жасаттым. Ол 9 ай жасалады екен, машақаты көп. Бірнеше маусым ауысты, уақыт кетті. Бірақ біздің министрлік берген патент тек біздің елге жүреді. Қырғызстандағы заңсыз көшірмелерді ырықтау үшін сол елдің патенті болуы керек, Өзбекстанда Өзбекстанның патенті болуы керек екен қолымда. Сонымен менің туындыларымды заңсыз көшіріп басып шығарып сатып жатқандарды тоқтата алмайтынымды түсіндім. Бізбен серіктес дүкендердің көбі базарлардан алатын болды. Онда сапасы төмен, бірақ құны арзан сатылады. Тапсырыс қарқыны азайды, қызметкерлерімнің саны азайды. Бұл өз алдына шешімін таппай тұрған үлкен мәселе...

- Сіздің кәсібіңіздің ерекшелігі неде?

- Өзгелерден ерекшелігіміз бізде принт үлгілері өте көп. 10 жыл уақытта нарықта әбден ысылдық-ау.Басқа фирмалар 3-4 суретті басып киім шығара береді. Киімнің сапасын, бояуы қанық болуын өзім қадағалаймын. Мен суретші ретінде әрі жанымның қалауы – патриоттық сезім ояту жағы бар. Жаңалық іздеуге тырысамын. Мәселен, соңғы кездері сәбилерге арналған принт үлгерін жасадым, ондағы балақан бейнесі қазір балапандарымызға ұнайтын аниме стилінде салынған. Жасын сұрасаң, бір жастағы бала 1 саусағын, екі жастағы бала 2 саусағын шошайтады ғой. Солай 1 саусағын шошайтып тұрған бір жасар балаға, 2 саусағын шошайтып тұрған екі жасар балаға арналған жаңа «сөйлеп тұрған суреті» бар принттеріміз қазір көпшіліктің көңілінен шығып жатыр.

Кепка принттерін шығара бастағанымызға 2-3 жыл ғана болды. Алдында «Ozine sen», «Kazakhstan», «Astana», «Жүрегіңді тыңда», «Бұйырсын» дегендей жазу-принт түсіріп шығарып жаттық. Негізінен, ық шам өрнектер түсірілген кепкаға сұраныс көп. Халық сұранысына сай жұмыс істейміз.

- Ісіңізге береке, табыс тілейміз, Аңсаған! Киімдерді ұлттық нақыштағы принтпен көмкеріп ұлттық сананы оятуды заман лебімен ұштастыруға талынып жүрген өндірісіңіз өркендей берсін деп тілейміз.

Әңгімелескен – Бану Оңдасынова

Фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан

Байланысты жаналықтар

Тіл корпустарын әзірлеу және жетілдіру ісі – аса маңызды тарихи-мәдени іс-шара

27.06.2024

Империялар қандайда бір елді отарлауда алдымен оның салт-дәстүріне шабуыл жасап отырған – жас ғалым

21.06.2024

Париж Олимпиадасында қазақ елін алтын жүлдемен қуантуға тырысамыз – Нұрбек Оралбай

05.06.2024

Биыл Саран қаласында 1 млн заманауи көлік дөңгелегі шығарылады

04.06.2024

Қазақстандық суретші Лондондағы байқауда топ жарды

28.09.2023

«Журналистерге марапат емес, ақпарат берілуі керек!»

28.06.2022
MalimBlocks
Тіл корпустарын әзірлеу және жетілдіру ісі – аса маңызды тарихи-мәдени іс-шара

Қазақ тілінің корпус қорын арттыру, ішкі функцияларын жетілдіру ғылыми тұрғыдан да, тіл болашағы тұрғысынан да өте маңызды әрі өзекті.

Империялар қандайда бір елді отарлауда алдымен оның салт-дәстүріне шабуыл жасап отырған – жас ғалым

Дәстүр мен тіл, діл мен дін –  бір-біріне қабысып өркен жаятын өте нәзік дүние.  Бірін жойса, екіншісіне ол міндетті түрде әсер етеді.

Париж Олимпиадасында қазақ елін алтын жүлдемен қуантуға тырысамыз – Нұрбек Оралбай

Кейіпкеріміз спорттық жарыстардан, оқу-жаттығу жиындарынан қолы босай қалғанда, бос уақытын отбасына арнап, ата-анасының, бауырларының жанында болғанды ұнатады.

Биыл Саран қаласында 1 млн заманауи көлік дөңгелегі шығарылады

Бұған дейін кәсіпорын Екібастұз қаласында теміржол саласы үшін 6 өнім түрін шығарған.

Қазақстандық суретші Лондондағы байқауда топ жарды

«Кескіндеме» аталымы бойынша  30-дан астам елден 190 қылқалам шебері  қатысқан

«Журналистерге марапат емес, ақпарат берілуі керек!»

Мемлекет журналистерге сұраған ақпаратын тауып бере алмайды