Ақбұлақтағы атыс. Бес адамның өмірін қиған оқиғаға кім кінәлі?

Есдәулет Қызырбекұлы

  • 21.09.2021

Қыркүйектің 20-ы күні Алматының Ақбұлақ ықшам ауданында атыс болып, бес адам көз жұмды. Баспанасы банкте кепілдікте тұрған Игорь Джунов үйінен шығармақ боп келген сот орындаушылары мен учаскелік полиция қызметкерлеріне қарсы оқ атты. Қазір әлеуметтік желі мен баспасөзде осы қайғылы оқиға қызу талқылануда. Бірі күдіктіні айыптаса, енді бірі банк жүйесі мен сот орындаушыларды кінәлауда. Осыған байланысты бүгін біз аталмыш оқиға жөнінеде мамандар пікірін білуді жөн көрдік.

«Бюрократиялық жүйемен бетпе-бет келген адам өзін шарасыз сезінеді»

Әлеуметтанушы Серік Бейсембаев Ақбұлақтағы атысты шарасыздықтан жасалған қадам деп бағалайды. Оның сөзінше, қазіргі жағдайда Қазақстанда қарызға батқан адамның мәселесін шешуде қосымша механизмдер жоқ. Сол себепті адамдар бюрократиялық жүйе алдында өзін дәрменсіз сезінеді.

«Адам атуға дейін апарған жағдай әрине жантүршігерлік оқиға. Бұл қолына қару алған адамның шарасыздығын, одан басқа амалы қалмағанын керсететін шығар. Ол кісінің психикалық жағдайына мамандар баға бере жатар. Сырттан қарағанда осындай пікір туындайды. Бұған мемлекеттік басқару тұрғысынан қарасақ, бұл жерде қарызға батқан адамның өз мәселесін шешуде қосымша механизмдердің жоқтығы байқалады. Бір жағынан банк, екінші жағынан сот орындаушысы, үшіншісі полиция, жеке адамның шағымданатын басқа өкілетті органы жоқ. Осындай үлкен жүйемен, бюрократиялық машинамен бетпе-бет келген адам, өзін шарасыз, қолынан ешнәрсе келмейтін болып сезінеді. Полицияға оқ атуға дейін бару үшін адам үлкен тығырыққа тірелуі қажет деп ойлаймын. Сондықтан бұны жалпы жүйенің дұрыс жұмыс істемеуі деп ойлаймын», - дейді Бейсембаев.

«Оқ атудың түбінде үлкен әлеуметтік мәселе жатыр»

Экономист Мақсат Халық бес адамның өмірін қиған қайғылы оқиға жай ғана тұрмыстық жағдай емес дейді. Оның пікірінше, бұның артында үлкен әлеуметтік мәселе жатыр.

«Менің ойымша, бұл жерде банкпен арада болған нарықтық келісімдердің орындалмауынан бөлек, үлкен әлеуметтік мәселе жатыр. Бұны бірден айту керек, шарасыздықтан болған оқиға. Қазір бұған «адамдарды атып тастаған есі дұрыс емес» деген көзқарас  болуы мүмкін. Бірақ шын мәнінде адам бұған шарасыздықтан барып тұр. Бұл жерде банк қызметкерлерінің арнайы лоббилік қызығушылықтары, кейінгі сатып алушылармен «үйді арзан бағамен шығарып береміз» деген келісімдері де болуы мүмкін. Бұндай оқиғалар біздің қоғамымызда бұған дейін болған. Осы уақытқа дейін банктер келіп азаматтарды жалғыз үйінен қуып жатқан кезде адамдардың өзін-өзі өртемек болған  есімізде. Қайда барарын білмеген адам осындай қадамдарға барады. Бұған дейін банкке берешегі бар азаматтардың жалғыз үйін өзінде қалдыру мәселесі талай рет айтылған. Біз осы мәселеге келуіміз қажет. Адам қарызын төлей алмай көлігінен немесе жерінен айырылса бұндай қадамға бармайды. Бұл мәселе мемлекеттік деңгейде реттелуі қажет. Адамның жалғыз баспанасын тартып алу дұрыс емес деп ойлаймын», - дейді Халық.

«Бұл оқиға сот жүйесіндегі былықты көрсетіп отыр»

Заңгер Абзал Құспан оқиғаның салдарымен емес, себебімен күресетін уақыт жетті дейді. Оның пікірінше, күдікті осы уақытқа дейін мәселені құқықтық алаңда шешкісі келген. Бірақ ол өз шындығын сотта дәлелдей алмаған.

«Бұл азаматтың адам өлтіргенін ешқандай жолмен ақтап алуға болмайды. Ол осы ісі үшін тиісті жазасын алады. Бірақ біз қашанғы мәселенің салдарымен күресе береміз. Отыз жыл болды ғой, себебімен күресетін уақыт жетті. «Күштінің арты диірмен тартады» деген мақал бар қазақта. Осы мақал біздің соттардан ылғи көрініс таба береді. Неге банктер сотта ылғи жеңіп кетеді де, қарапайым адамдар ылғи жеңіліп қалады? Мына оқиғада бірде-бір рет ерлі-зайыптылар (күдікті Игор Джунов пен жұбайы Анаи Демирчян – ред)  жеңіске жете алмаған. Бір рет ғана жеңіске жеткен. Бірақ оны апелляциялық алқа қайтадан бұзып тастайды. Бұл кісілер сотта жеңілуден көз ашпаған. Бұлар мәселені құқықтық шеңберде шешкісі келген. Олар бірден алып атып тастаған жоқ қой. 2014 жылдан бастап, күні бүгінге дейін соттасып жатыр екен. Осы уақытқа дейін бұл азаматтардың сот арқылы өз шындықтарын дәлелдеуге тырысқаны көрініп тұр», - дейді Құспан.

Бұдан бөлек, Абзал Құспан бес адамның өмірін қиған оқиғаны осыдан бірнеше жыл бұрын болған «банктердегі жасырын пайыз дауымен» байланыстырды. Оның айтуынша, бұл оқиға сот жүйесіндегі былық мәселесін кезекті рет көрсетіп отыр.

«Осыған ұқсас жағдай 4-5 жыл бұрын болды. Сол уақытта заңгерлер мен экономистер банктердегі жасырын пайыз мәселесін анықтады. Ермек Нарынбай деген азамат банктерде жасырын пайыз бар екенін сот арқылы дәлелдеп берді. Содан кейін Қазақстанда жасырын пайызбен күрес жүріп, адамдар сотта жеңіске жете бастады. Бірақ кейіннен банктер жоғары сотпен барып келісті ме, білмеймін, әйтеуір жоғары сот сот тәжірибесін өзгертіп жіберді. Біз сол кезде айтқанбыз, неге біздің соттарда тек банктер жеңіске жете береді деп. Бұл оқиға сот орындаушылары ғана емес, жалпы сот жүйесіндегі былықты көрсетіп беріп отыр. Бұл адам қылмысқа ашынғандықтан барып отыр деп айтуға толық негіз бар», - дейді заңгер.

«Қазақстанда жеке тұлғаның банкроттығы туралы заң қабылдау қажет»

Экономист Мақсат Халық Қазақстанда банк алдындағы берешегін төлей алмай жүрген жеке азаматтарды банкрот деп тану туралы заң қабылдау қажет дейді. Оның сөзінше, осындай заң қабылданса, адамдардың жалғыз үйінен айырылып қалу  мәселесі өздігінен шешіледі.

«Шетелде жеке тұлғаның банкроттығы деген арнайы заң бар. Бізде ол заң әзірге жоқ. Қазір Ресейде осы заңды енгізіп жатыр. Қазақстанда бұл заң енгізілгенді қойып, әлі мәселе болып көтерілген де жоқ. Бізде компанияның банкроттығы туралы заң бар. Бірақ жеке тұлғаның банкроттығы туралы заң жоқ. Сондықтан осы заңды қабылдау мәселесін күн тәртібіне қою қажет. Сонда берешегін қайтара алмаған азаматтардың дүние-мүлкінен айырылып қалу қауіпі өздігінен жойылады», - дейді Халық.

Фотоколлаж: Malim.kz

Байланысты жаналықтар

Астана мен Алматыда бет-әлпетті танитын бейнекамералар іске қосылды

21.11.2024

Қазақстандағы банктер үшін бірыңғай QR-код іске қосылады

15.11.2024

Алматыны қар басты: Бір түнде 52 жол апаты тіркелді

14.11.2024

Алматыда бөгде ер адам әйелге шабуыл жасады

11.11.2024

Қазақстан хоккейден алғашқы Азия чемпионатының жеңімпазы

10.11.2024

Алатау және Алматы арасында аэромобиль қатынайды

09.11.2024
MalimBlocks
Астана мен Алматыда бет-әлпетті танитын бейнекамералар іске қосылды

Іздеуде жүрген адамдарды тануға, құқық бұзушылықтарды автоматты түрде тіркеуге мүмкіндік береді

Қазақстандағы банктер үшін бірыңғай QR-код іске қосылады

Ол азаматтарға жылдам әрі ыңғайлы QR-төлем жасауға мүмкіндік береді

Алматыны қар басты: Бір түнде 52 жол апаты тіркелді

Тәртіп сақшылары жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерге үндеу жасады

Алматыда бөгде ер адам әйелге шабуыл жасады

Ол қызды құлатып, баспалдақтан төмен қарай сыртқы есіке дейін жармасып барады

Қазақстан хоккейден алғашқы Азия чемпионатының жеңімпазы

Шешуші ойында ұлттық құрама Жапонияны ұтты

Алатау және Алматы арасында аэромобиль қатынайды

Алатау қаласын дамыту мәселесі қаралды