АҚШ-та тұратын қазақ: Қазақстанда пәтерге көшіп жүруден шаршайды
Америкада қазақтың тепсе темір үзетін азаматтары жүр
Кейінгі жылдары сыртқы көші-қон қарқын алды. Қазақстандық жастар теледидарда күні-түні айтылатын «жайлы өмірді» басқа жақтан іздеуге мәжбүр. Статистика бойынша жылына 15-28 жас аралығындағы 8 мыңға тарта жас шетел асады. Тіпті, бірді екілеп емес, отбасымен өзге жұртқа ағылғандар бар. Malim.kz тілшісі АҚШ-та тұрып жатқан жерлесіміз Ербол Молдажановпен сұхбаттасып, бірнеше сауалына жауап алды.
- «Арқада қыс жайлы болса, арқар ауып несі бар» дейді. Буынып, түйініп мұхит асып, Америкаға қоныс аударыпсыз. АҚШ-қа көшуіңізге не себеп болды?
- АҚШ-қа көшуімнің негізгі себебі – жаңа білім алу, тәжірибе жинау және қайнаған нарықтық экономика саласының бір пұшпағында еңбек етіп, жақсы жалақы табу. Бұл жаққа ең алғаш рет 2019 жылы отбасыммен келіп, 4-5 ай жұмыс істеп кеткенмін. Сол кезде өзімнің Қазақстан аумағында ғана жақсы маман екенімді түсінгендей болдым. Елде алған білімім, тәжірибем Қазақстанға ғана жарайды екен. Осылайша мен халықаралық стандартқа сай маман болуды, әлемдік компанияларда жұмыс істеуді көздедім. 2019 жылы әлемдік пандемия болғандықтан, отбасымызбен елге оралып, жұмыстарымызды жалғастырдық. Кейін осы жаққа келуге дайындала бастадым. Курс оқып, жарты жыл ағылшын тілін үйрендім. Басқа елдің тілін мұқият оқымасаң, бәрі бекер екенін түсіндім. Сөйтіп, 2021 жылы жақсы дайындықпен, АҚШ-қа қайта жол түсті. Ол кезде бірақ көшу ойымда болмаған. Мен жүгірумен әуесқой түрде айналысып жүрген едім.Осы жаққа келгенде, саябақтарында жүгіріп, жарыстарға қатысқым келді. АҚШ-та тұрып, орталық алаңда жүгіріп көрмегенмін. Сосын жартылай марафондарға қатысып, саяхаттауды мақсат етіп қойдым. Бұрын ел-жерге көп сапарламаған соң саяхатқа шыққың келіп, жаңа энергия алып, өзгеше күй кешкің келеді. Іздегенге сұраған дегендей,бірде жұмыстан жақсы ұсыныстар түсті. Менде туристік виза болған, оны жұмыс визасына ауыстыру мүмкіндігі туды. Жан-жақты саралап, қабырғаммен кеңесе келе жас кезде АҚШ-та жұмыс істеуді құп көріп, отбасыммен осында көшуге шешім қабылдадым. Бір жағынан тұрмысымызды түзету мақсатында, білім мен тәжірибе жинау, баспаналы болу, халықаралық деңгейде жұмыс істеп, қаржы табу ойымен Америка тұрғыны атанып шыға келдік.
Америкаға келген кезде, елді сағынған күй болады, қайтқың келеді. 1,5 жылдан кейін мен елге барып келгенімді айттым. Ата-анам Қазақстанда еді, сонда бір тенденцияны байқадым. Алматыда 2 апта жүріп, Астанаға барып елге дәл қазір қайтқым келмейтінін түсіндім. Себебі, біздегі атмосфера тым қолайлы сияқты көрінді, дәл америкалықтарға АҚШ қалай болса, сондай қолайлылық байқадым. Баяулық байқалды. Мысалы, Нью-Йоркте күйеуі жанын беріп, жұмыс істеп жүрсе, әйелі тоқтамай білім алып, үйреніп жатады. Құр қарап отыруға ешкімнің құқығы жоқ. Шығын көп. Адам өзін ілгері дамытып отыратын орта осы АҚШ-та бар сияқты көрінді. Қолайлы орта қожыратып жібереді. Жас кезінде алпауыт қалада өмір сүріп, энергиясы алға ұмтылдырады деген сөзге сенем. Манхеттендегі үлкен үйлердей биік болғың келеді, жетістікке жеткің келеді, сондай ой мені қанаттандырады. Сондай шешімге келдім. Тәжірибе алуға ұмтылған дұрыс деп ойлаймын.
Қазақстанда бір жылда 1 млн, Америкада 6 млн теңге табасың
- Ол жақтағы халықтың әлеуметтік жағдайы қалай? Жұмыс табу қиындық тудырмады ма?
- Америкада елдің жалпы жағдайы салыстырмалы түрде жақсы деуге болады. Әлеуметтік алпауыт экономика болғасын, елдің жылдық орташа жалақысы 60 мың доллар, теңгеге шаққанда 29 миллионға жуық шамада. Салыққа дейінгі жалақы мөлшері 5 мың доллар. Бұл жақта да елдің өзіндік мәселелері бар. Жұмыссыздықтың зардабын тартып отырған топтар да кездеседі. Бірақ жалпы алғанда, халықтың жағдайы жақсы. Оны қалада саяхаттасаңыз, тұрғындардың жаңа көліктеріне, киім киісіне қарап-ақ байқауға болады. Мұнда жүрілгеніне 20-30 жыл болған көліктерді сирек кездестіресіз. Ал жұмыс істеймін деген адамға табу қиындық тудырмайды. Ол үшін екі-ақ нәрсе керек: жұмысқа рұқсат қағазың және қабілетің. Осы екеуін жақсы үйлестіре білсең, онда екі қолға бір күрек табылады. Кез келген адам өзінің қарнын тойдырып, керек-жарағын төлеп, қалтаның бір бұрышын қор жинауға да қалдыруға болады. Дегенмен, бұл жаққа студент не турист болып келгендер жұмыс қағазы берілмейтінін ескеруі керек. Студенттер үшін өздері білім алатын жерден аптасына 20 сағаттан аспайтын жұмыс істеуге рұқсат, ал туристерге мұндай мүмкіндік қарастырылмаған. Мұнда тұрып қызмет етемін деген азаматтардың жұмыс қағазын алып, еңбек етіп кетуі өзіне байланысты. Даяшы болғыңыз келеді делік, мәселен сіз тұратын ауданда 20 кафе бар, соның бәріне кіріп шығып, сұрап, әрекет етсе, табылады. Егер үйде отырып жұмыс табу қиын десеңіз, әрине, қиын болады. Компанияларға кіре алмай жатсаң өкінбей қолыңнан келетін кез келген іспен айналысып кетуге болады. Бір сөзбен айтқанда, еңбек етуге талпынған адам далада қалмайды. Халықаралық деңгейде адвокат, журналист болса, жұмыс табу қиын емес. Десек те, қызметке тұру дегеннің өзі бір қабілет. Қолыңнан келетін іс бір бөлек, одан басқа жұмысты сақтау, дамыту, қиындыққа төзу, одан шыға алу бейіміңе-ынтаңа байланысты. АҚШ-қа ат басын тіреген IT мамандары күніне 20-30 компанияға өтініш жібереді. Менің жарым да солай жұмыс іздеп жатыр. Кәсіпорындарға жолданған өтінімді нөмірлеп отырады. Мысалы,«мені 148-ші компания жұмысқа алды» деп отырған кісілерді білемін. Негізгі мәселе қызмет түрлеріне байланысты. Көлік жүргізу, жүк тасу секілді жұмыстарға тұру аса қиындық тудырмайды. Әр жұмысқа кіретін өз маусымы да болады.
Америкада табыс табуды ойлағанда шығынды да ойлау керек. Мысалы, қарапайым математика жасап көрейік. Қазақстанда тұрып жатырсың, жалақың 500 мың тг, шығының 400 мың тг, ай сайын 100 мың қалса жаратсаң, сақтасаң болады. Америкада 5 мың доллар жалақың, 4 мың доллар шығының, қолыңда 1 мың доллар қалады. Ұқсас жағдай сияқты көрінгенімен, егер оны бір жыл деп есептесең, Қазақстанда 1 жылда 1 млн 200 мың жинасаң, Америкада 12 мың доллар жинайсың, ол шамамен 6 млн теңге. Жылмен есептесең, шығының көп болса да АҚШ та ұтасың. Тағы бір байқағаным, осында бірінші келген эмигранттарды құрбандық дейді. Қара жұмыстың бәрін ол жасап, баласына жол ашады, келесі буын мықты боп өседі дейді. Бір қарағанда шын сөз. Елде мінберде жүрсем де, қазір қиын өмірді қабылдаймын, өзімді шыңдаймын, балаларым менен де мықты болады деп үміттенемін.
- Білуімше, Америкада автодилерлікпен айналыса бастапсыз. Журналистика саласында біраз жыл еңбек еткен азаматтың бөтен салаға ауысуына қандай жағдайлар әсер-ықпалын тигізді?
- Иә, Америкада автодилерлікпен айналыса бастадым. Бірақ бұл менің негізгі жұмысым емес, қосымша табыс көзі. Ол өзім үшін эксперименттік жоба болды. Өз жұмысымнан үзіліс алып, осы кәсіпті бір жолға қойып алуға тырыстым. Өйткені, Америкадан көлік алу сондай қиын еместігін білдім, жанын салып еңбектенген адам, бір жылдың ішінде, тіпті жарты жылда өзіне ұнаған жаңа көліктің үлгісін алуына мүмкіндік бар. Осыған көзім жетіп, аталған саланы зерттей бастадым. Бір қызығы, америкалықтардың көлікке деген қарым-қатынасы басқаша, жай бір транспорт түрі ретінде қарайды. Ал, біздің елде көлікке шаң жуытпай, оған өзіне қарағандай ерекше мән береді. Неге олай деген сұрақ туады. Себебі, машина біздің елге екі есе қымбат бағаға келетіндіктен, солай екен. Сатып алған бағасы бар, жеткізу құны бар, утилизациялық алым, қосымша құн салығы, алғашқы тіркеу дегендерге өте көп ақша қосылады. Мысалы, Америкада су жаңа Camry-70 көлігі 30 мың доллар тұрса, Қазақстанға келгенше 50 мың доллар болады. Америкада 30 мың долларды тез табуға болады, Қазақстанда 50 мың долларды табу өте қиын. Айырмашылығы осында. Жерлестеріміздің Грузиядан, Дубайдан неліктен көлік алдырып жатқанын түсіндім. Сол көліктердің тарихын ақтарып қарасақ, түбі Америкадан алынған болып шығады және жағдайы мәз емес екенін байқайсың. Мен өзім Америкада логистика саласында жұмыс істеймін. Яғни, транспорт саласына жақынмын, сондықтан, жақсы компанияларды тауып, елге ұрылған-соғылған емес, күйі жақсы көліктерді жеткізгіміз келеді. Сұраныс жасап жатқандар бар. Бірақ, ол менің қосымша жұмысым.
Елде журналистика саласындағы жұмысым өзіме ұнайтын. Кейін медиа менеджерлікке кетіп, еңбек еттім. Жұмысты ауыстыруыма, әрине, ең бірінші қаржы мәселесі әсер етті. Қазақстанда жүргенде салыстырмалы түрде жақсы жалақы алдым, бірақ маған үй, көлік алу қиял-ғажайып секілді көрінетін, өзіңді көп нәрседен шектейсің. Жақсы үй алғың келеді, бірақ оған жету жолы бұлыңғыр, түсініксіз және ұзақ уақытты талап етеді. Ал, Америкада оның ешқандай қиял-ғажайып емес, нақты жоспар екенін ұқтым. Кез келген нәрсені сатып алғым келсе, жалақымды есептеп, қажетті қаржыны қанша уақытта жинай алатынымды ойластырамын. Жасың ұлғайып, балаларың есейіп келе жатқан соң бұл мәселелер ойландырмай қоймайды. Пәтерден пәтерге көшіп жүру шаршатты. Сонымен қатар, халықаралық стандартқа сай маман болуды қаладым. «Болашақ» бағдарламасымен оқығым да келді. Бірақ ол ойымнан айныдым. Кейде жігіттермен отырып сөйлескенде олар мысалға біреулерді алып, сөзімен әлемдік мәселелерді, саясатты сапырып жататынын, алайда жеме жемге келгенде есепшотты жабатын қаржысы жоқ болып шығатынын айтатын. Бұл дегеніңіз өте ауыр сөз, шындыққа жанасады. Бір жағынан өз басым айтқан әңгімеме қаражатым да сай болғанын қаладым.
Қару-жарақ сататын компаниялар билікпен ауыз жаласып алған
- Америкада жемқорлық, тамыр таныстық, заңды белден басу деген секілді жағдайлар байқала ма? Елдің даму бағытына тоқталсаңыз...
- Өз тәжірибемде ондай келеңсіздікті байқаған жоқпын. Жалпы қылмыс, заңды бұзу деген әр елде болатын жағдайлар. Дегенмен, жемқорлық мәселесімен кезіккен жоқпын. Мемлекеттік деңгейдегі үлкен жұмыстарды атқарған жоқпын, бірақ өзім де көлік жүргіздім, мені де полиция тоқтатты, сондағы жұрт қатарлы баламды балабақшаға кезекке қойып, қабылдаттым. Мектепке апардық. Мекеме басшыларымен кездестім,алайда қызметі үшін ешкім ақша сұраған жоқ. Қоғамдық орында заң бұзсаң полиция айыппұл жазып береді, кейде кешіреді. Бірақ күнделікті тұрмыс-тіршіліктерінде жемқорлық жоқ деп санаймын. Америкалықтармен сөйлессең, ондай мәселе барын жасырмайды, бірақ қолмен ұстамаған соң білмейсің. Десек те лоббизмге байланысты сын көп айтылады. Ірі компаниялардың жұмысына, табысына ықпал ететін кейбір заң органдары бар дейді. Америкалықтармен ағылшын тілін дамыту мақсатында сөйлесемін. Айтуынша, үлкен штаттарда қару-жарақ ұстау кең таралған. Тіпті адамдардың бір біріне оқ атқан оқиғалары да тіркеліп тұрады. Техас штатындағы мектептердің бірінде қайғылы жағдай болғанын білеміз. Осындай жөнсіздіктерге тұсау салынбай отырғанының себебін олар қару-жарақ сататын алпауыт компаниялардың билік өкілдерімен ауыз жаласып алғанымен түсіндіреді. Қару сату, сатып алу үшін азаматтар бұрын істі болмауы керек деген норма кейбір штаттарда ескерілмей жатады. Мүдделі топтарға заңдардың қатаңдатылмағаны қажет. Себебі заң күшейсе, олардың табысы азаяды. Бірақ елдің заңында қорғанудың айнымас бір құқығы бар деп бекітілген. Ол соғыс уақытында енгізілген заңнан шығып отыр. Қырғи-қабақ соғыс кезінде шыққан құжатты америкалықтар әлі күнге дейін пайдаланады. Сонымен қатар, АҚШ-тағы алаңдатарлық ахуалдың бірі – артық салмақ. Фаст-футқа да шектеу қойылмауының себебін лоббизммен байланыстырады. Өйткені, компаниялардың көбі табысты сол арқылы еселеп тауып жатыр. Америкалықтармен әңгімелескенде осындай проблемалар барын естідім. Ал, өзім тікелей әділетсіздікпен, жойдасыз жемқорлықпен бетпе-бет келмедім.
Мемлекеттің даму бағытын әркім әрқалай бағалайды. Мысалы, АҚШ сыртқы қарызы ең көп ел ретінде белгілі. Жергілікті тұрғындармен сөйлесе қалсаң, олар өткен кезеңдерде халықтың жағдайы жақсырақ болды дегенді айтады. Мысалы, отбасы иесі - әкелері бір зауытта жұмыс істесе, оған үй, көлік сатып алуға, зауыттың акцияларында құнды қағаздардың болуына мүмкіндік мол еді. Үйдегі бір адам ғана жұмыс істеп бір отбасын қамтамасыз ете алған екен. Алайда, қазіргі күні баспаналы болу, тағы басқа әлеуметтік проблемалар қиындық тудырмай қоймайды. Десе де, Қазақстанмен салыстырғанда бұл жақтың жағдайы өте жақсы. Қалай дегенмен де бізден қарағанда мүмкіндік мол. Оны екі ғана нәрсемен салыстыруға болады: біріншісі құжат, екіншісі тіл. Осының өзіне көп қаржы мен бірқанша уақыт кетеді. Бәрі бірдей «Грин-Кард» ұта бермейді. Басқа визалармен келер болса жұмыс істеуге рұқсат бермейді. Сондықтан, статусты ауыстыруға өтініш бересің, оның өзіне квалификацияң сай келуге тиіс. Ол процесс өте ұзаққа созылады. Алпауыт елге тек Қазақстаннан емес, Мексикадан да ағылып келіп жатқандар көп. Адвокат үшін, мемлекеттік баж салығын төлейсің, кейстен оң жауап шыға ма, ол жағы да белгісіз. Осы шаруаларға қаншама уақыт пен 50-100 мың доллар жұмсаған адамдарды білемін. Жұмыс істеуге рұқсат қағазын алу маңызды. Автодилер болу үшін ЖСН-ің болуы міндетті. Себебі, барлығысоған тіреледі. Эмигрант жоқ дегенде 5 жылы мен 20-30 мың долларын осы жұмыстарды шешуге жұмсайды. Ал, сендерде мұның бәрі бар, неге өз елдеріңде тынбай еңбек етпеске деп айтамын америкалықтарға. Келгеніне 2 жыл болған эмигранттардан бұл жақтағы азаматтардың жағдайы төмен болатын жағдайлар да кездеседі. «Алтынның қолда барда қадірі жоқ» дегендей, барынша қолайлы ортада өскендер өмірге икемді бола бермейді екен. Мысалы, жеткізу қызметінде жұмыс істейтін таныстарым, америкалықтар таңғы асқа қуырылған жұмыртқаға тапсырыс береді дейді. Оның бағасы 12-13 доллар тұрады. Қазақ студенті бай баласы болмаса, оған ақша жұмсамайды. Өйткені сол ақшаға 1 аптаға жететін жұмыртқа және круассан алуға болады. Сол тұрғыдан келгенде біздің елдің адамдары шаруаға өте бейім, кез келген істі тез меңгеріп кетеді. Құжатың сақадай сай, тілің жетіп тұрса, жетістікке тез-ақ жетесің деп ойлаймын. Алайда, тіл үйренуге, құжаттарды алуға біраз уақыттың кететіндігі сырттан ағылған азаматтарды қамшылайды. Бір жағынан бұл да дұрыс сияқты.
АҚШ-та «қара жұмыс» деген ұғым жоқ
- «Алматыға сыймай кетпедік қой, қимай кеттік. Мені де жолға шығарған тұрмысымды түзесем деген ниет еді…»,-депсіз тағы бір жазбаңызда. АҚШ-та өзіңіз секілді тұрмысын түзеуге келген жерлестер аз емес шығар...
- Алматыда жүргенде өзімізді жақсы сезінетінбіз, қалаға бейімделіп кеткен едік. Комфорт зона дейміз, яғни жайлы ортадан шықпай жүре берсең қаңсып қалған көлшік сияқты боласың. Жүз ойланып, әрекет етуге тура келді. Бүкіл қазақ жастарының басындағы мәселе осы шығар. Жасың болса 30-ға таяды, басыңда баспанаң жоқ, оны қалай алам деп бас қатырасың.Қол жеткізу қиын екені сөзсіз. Кәсіп ашу керек дегенмен, оған бәрінің бірдей икемі келе бермейді. Әр түрлі себеп, кедергі бары анық. Барлығы мықты университетте оқып, халықаралық стандартқа сай маман атанып, шаруасын шалқыта алмайды. Оқу жұқпайтындар бар. Ал Америкада нарық үлкен. Экономика қайнап, қарыштап жатқандықтан, қарапайым сантехник, азпаздық, слесарьсынды жұмыс істеп те тұрмысыңды әжептәуір түзеп алуға болады. Біз мұндай кәсіптерге мұрынымызды шүйіріп, қара жұмысқа жатқызамыз. Ол жақта аталған шаруа түрлері жақсы бағаланады және қосымша шайпұл береді. Бір риза болатыным, АҚШ-та «қара жұмыс» деген ұғым жоқ. Жүк түсір, мейлі көлік айда, тіпті президент болсаң да әлеуметтік бөлу болмайды, бастысы, еңбек етіп жатырсың. Оқу оқып, ыдыс-аяқ жуып жүріпірі компанияда жұмыс атқарып кету оңай. Мұндай мысалдарды көптеп кездестіруге болады. Мұндағы халық өткен өміріне өкінбейді, біздегідей өзін іштей жегідей жеп, қор санамайды. Жүк тасысаң да, еден жусаң да ел экономикасына үлес қосып жатырсың, қоғамға пайдаң тиіп жатыр. Біреудің ауласын сыпырса да, оны ынты-шынтысымен жақсылап атқарады. АҚШ-қа мұхит асып келген жерлестер көп. Даңғайыр мемлекеттің әр бұрышынан қаракөз қазақ ұшырасады. Нью-Йорк, Чикаго, Лос-Анджелес өте үлкен агломерациялар болғандықтан жерлестер көп шоғырланған. Жаңадан келген имигранттарға жұмыс тауып, орныққанға тиімді жер, көзқарастары оң. Бастапқы құжаттарды реттегенше қосымша жұмыс істеуге мүмкіндік бар. Халық көп жерде жұмыс та көп. Наурызда қазақтар болып осында жиналғанбыз, киіз үй тіккенбіз. Сонда таңқалғаным, АҚШ-та қаракөздердің қарасы көбейе түскен. Жастардың дені тұрмыстық мәселесін шешуге келген. Олардың көбісі жоғары білімді азаматтар, елде жұмыс істесе, қоғамның бір кірпішін қалайтын жігіттер ғой деп ойлайсың. Мұнда олар өз мамандығы бойынша қызмет етіп жатқан жоқ. Тұрмыстың қамымен жүр. Қоныс аударғандардың арасында профессорлар, бағдарламалаушылар бар. Келген бетте елде алған біліммен Америка нарығына сіңіп кетпесе, өзін қайтадан маман қылып жасап шығуы керек. Басым көпшілігі бәрін басынан бастауға мәжбүр. Ал мұхиттың арғы бетінен бері өткісі келетіндер бұдан да көп екеніне сенімдімін.
- Ата-анаңыз да Америкаға көшіп барыпты. Тәуекелге бел буу үлкен кісілерге оңай болмаған шығар. Әке-шешеңіздің жат елге бейімделу процесі жайында да айта отырсаңыз... Ата-анаңыз ұзақ мерзімге қала ма ол жақта?
- Иә, ата-анам көшіп келді, жақында «грин кард»-қа өтініш бердік. Өзім тұрып жатқан елде әке-шешемнің, бауырларымның саяхаттауын армандап жүрген едім. Ел, жер көріп, санасын серпілтсе деп тілейтінмін. Саяхат адамның ой-өрісіне жақсы әсер ететінін білемін, сондықтан жақындарымның шетелге шығып, болашақта туристік виза алып, АҚШ-қа қыдырып келсе дейтінмін. Сөйтіп жүргенде, ойларымның сәті түсті. «Грин кард» алсаңыз Американың азаматы емес, резиденті боласыз. Америкалықтармен барлық жағынан құқықтарыңыз тең, тек сайлауда дауыс бере алмайсыз, сосын Америкалық паспортқа тиесілі басқа елдерге шығатын визасыз режимге мүмкіндік жоқ. Ары кеткенде 20-30 елге ғана баруға рұқсат. Ал, АҚШ-тықтар қателеспесем, 150 елге шыға алады. «Грин кардты» алу қиын екенін айттым. Жылына бір рет лоторея ойнатылады, біз 2021 жылы тапсырдық, яғни, 2023 жылға бақ сынайсың. 2022 жылы жауабы келеді, құжаттарын түгендеп, арнайы сұхбаттасудан өтіп, сынақты жақсы тапсырсаң ала аласың. Айымыз оңынан туып, ата-анам «грин кардты» ұтып алған болатын. Жарым екеуміз осы жаққа келгенде ешқандай агенттіктің көмегінсіз тапсырғанбыз. Қыр-сырын білеміз, сол себепті ата-анамызға да тапсырып көріп едік жолдары болып ұтып кетті. Тәуекел ету оңай емес, әкем бірден қарсы болды. Елде тіршілігі, шаруасы бар еді. Ірі-қара ұстап, ет бизнесімен айналысатын. Бастапқы кезде тіл білмейтініне байланысты жасқаншақтық болды. Анам болса Америкаға қатты келгісі келді.Өйткені тұңғыш немересі біздің жанымызда, биыл мектепалды даярлыққа баратын еді. Содан ойланып-толғанып, әкемізді «тым болмағанда келіп көріңіз, ұнамаса кез келген уақытта қайтып кете аласыз, оралған жағдайда құжатыңыз түгел»,-деп үгіттеп көрдік. Олардың келгенін қалағанымның тағы бір себебі – қарындастарыма да «грин кард» ұтуына жол ашылады. Ата-анам алса, ағайындарым да қол жеткізеді. Олар қазір жоғары сыныпта оқиды. Ал, Америкаға келіп, ағылшын тілін дамытып, жоғары сыныбын жақсы аяқтаса, осы жақтағы колледж, университетке түсуге мүмкіндік ашылады. «Қыздар үшін тым болмаса келіп жарты жыл тұрып кетіңдер, олар құжаттарын алсын, оқуға түссін өзім қараймын» дегенде барыпәкем бірден келісім берді. Қазір бұл жақтағы тіршілікке бой үйретіп келе жатыр. Басында қиын болды, елді сағынды. Қазақстанда той-томалақ, қызық-қуаныш болса, елеңдеп отырады, үйреніп қалған. Мына жақта сөйлеуден қиналады. Анам мектепте сабақ берген, жалақысы да жақсы еді. Мұғалім болып жұмыс істегісі келеді, бірақ тіл білмеуі кедергі келтіріп жатыр. Қазір аптасына 4 рет ағылшын тілі курсын оқып жүр. Ата-анам ұзақ уақытқа қала ма, жоқ па оны уақыт көрсетеді, таңдау өздерінде. Бастысы, арман-тілегім орындалды, отбасым Америкадай алпауыт елді көрді, бірнеше штатын аралап шықты.Елдегі жақсы үрдістерді бойларына сіңіріп, көзқарастары қалыптасты. Қаламын десе, әкеме осы жасында да жағдайын жасап, қабілеттерін шыңдап алуға толық мүмкіндік бар. Ер адам әрдайым өзін сынап, жетілдіріп отырғаны жөн. Бір жақсысы, олар қасымда болған соң, ел жаққа алаңдай бермей, бар уақытымды жұмысқа, отбасыма арнайтын едім.
- Америкада сапарға жиі шығатыныңызды жазыпсыз бір жазбаңызда. Алпауыт елде туризм саласының әлеуеті қалай? Бізге қандай оң үрдістерін үйренуге болады?
- Иә, жұмысым сонымен байланысты болған соң сапарға көбірек шығамын. Бір қаладан екінші қалаға зат жеткізетінмін. АҚШ-тажалпы саны 50 штат болса, мен соның 45-інде болдым. Жүздеген қаласына бардым. 2 жыл тоқтаусыз сапарладым. Ол жартылай саяхат болса, жартылай жұмыс сапары.Жұмыс істейтін компаниям әрбір қаладан қонақүй алып беріп тұрды. Сонымен, негізгі жұмыс бар, жүгіру бар, саяхат бар, сөйтіп Американы бір аралап шықтым деуге болады. Өте керемет, туризм мықты дамыған. Табиғаты да тамаша, неше түрлі саябағыкөздің жауын алады. Жолдары сапалы салынған. Американың бір пұшпағындағы ауылдан екінші шетіндегі ауылға жолға шықсаңыз, ешқандай кедергіге тап болмай, теп-тегіс, ақылы, ақысыз жолмен жете аласыз. Туризмде бұлар жоқтан бар жасап отыр. Әр дүниеден музей жасайды, табиғатты қалай қорғайтынын әкеммен Пенсильвания штатына барған кезде көз жеткіздім. Ну орман, еліктер өріп жүр. Оларды қуалап, атып жүрген аңшылар жоқ, өз ажалымен өлмесе, ешкім тиіспейді. Қай өңіріне барсаңыз да қоршаған ортаны көзінің қарашығындай қорғайтынына риза боласыз. Инфрақұрылым жақсы дамыған. Мысалы, Қазақстанда саяхаттағанда дәретхана таба алмай қиналамыз ғой, бұл жақтакез келген жерде толып тұр. Айталық, жүк көліктері жүретінжанармай құю стансаларына тоқтасаңыз, киіміңіз су болса, бастан аяқ киініп кетуге болады. Қарныңыз ашса тамақ алуға, көлігіңіз бұзылса, оған керекті бөлшекті лезде таба аламыз. Барлық жағдай жасалған. Бізге үйренетін нәрсе, алдымен көпір, жол салу техникалары.Өзен-көлдерінің үстіне салған көпірлері өте биік, 100 жылдан бері тұрғандары бар. Соларға қарап адамдарының ниеті дұрыс, ақшаны жымқырып кетпей, мақсатты түрде жұмсайтынына көз жеткіземіз.Ең маңыздысы, бірінші үйрену керек дүние - сана деңгейі. Табиғат өзгенікі емес, біздікі екенін түсініп, аса жанашырлықпен қарауға тиіспіз деп ойлаймын. Үйренетін нәрсе өте көп. Туризм, тұмса табиғатын шытырлатып долларға айналдырып отыр. 2019 жылы келіп, жарты жыл тұрып кеткенде, мен Америка деген Нью-Йорк сияқты биік-биік үйлерден құралған қалалар деп ойладым. Шын мәнінде Нью-Йорк бөлек әлем екен, ал Америкада көл де, шөл де, тау да, құз да, сай да, қала да, дала да, су да бар екен. Майами жағалауында болдым, онда әрдайым жаз, адам мінездері де табиғатқа байланысты өзгеріп тұратын секілді. Америкада асықпай, мұқият саяхаттау қажет. Ендігі арманымның бірі- дөңгелек үстіндегі үйге ата-анамды, қарындастарымды отырғызып, саяхат жасағым келеді.
Елге қызмет ету үшін елде тұру міндетті емес
- Журналистің қолына қалам алмай жүруі қиын шығар. Кітап, болмаса мақала жазып дегендей, көрген-білгеніңізді қағазға түсіру ойда бар ма?
- Ойда бар.Бірақ қолжазбаларды сақтап жүрмін деп өтірік айтпай-ақ қояйын. Аз-кем күнделік жазамын, әлеуметтік желігежазба жариялап отырамын. Көп нәрсе ойда жүр, алайда көлемді дүние жазып жатырмын дейалмаймын. Америкада біздің өмір бірнеше кезеңнен тұрады. Бірінші өзіңді іздейсің. Қаражат табу ең бірінші мәселе. Өйткені, Америкада бәрі қымбат. Бізде базалық дүниелер жоқ, көлік алғымыз келеді.Жаңа елде жүргендіктен, білім мен машықты арттырып, тың салаларды игеру қажет. Жарыма «жұмысқа кірмей тұрып ағылшын тілін дамытыңыз, жаңа саланы меңгеріңіз» дедім. Бәріміз америкалықтармен бірге офистерде жұмыс істей алатын деңгейге жетуіміз керек. Кейін мен де оқып үлгеретінімдіайттым. О баста солай келісім жасадық. Жарты жыл тіл оқыды, 8 ай бойы бағдарламалау саласы бойынша QA Automation Engineer-ді меңгеріп шықты. Қазір жұмыс іздеп жатыр. Бұл жақтағы жерлестеріміз неше түрлі тағдыр кешуде. Миллион доллар тауып байығаны да, өзін әлі таппағандар да бар. Әр түрлі салада жетістікке жеткен профессорлар жетерлік. Қара жұмыспен-ақ отбасына көмектесіп жатқандар аземес. Солардың бәріне видео, аудио форматында подкаст жасағанмын. Оны болашақта жалғастырармын еп топшылаймын. Тәжірибеміз де бар, тек сол уақыт жағы тапшы боп жүр.
- Елге қашан келесіз? Әлде ол жақта тұрақты түрде қалу ойда бар ма?
- Әзірге белгісіз, бірақ елге баратынымыз анық. Халықаралық стандартқа сай маман боламын деген ойымды аяғына дейін жүзеге асырғым келеді. 2 жылымды жұмысқа арнадым. Базалық қажеттіліктерім мен пәтерге ақша жинау сияқты шаруалармен жүрдім. Материалдық жағдайды түзеуге, жарымның америкалықтармен қатар жұмыс істей алатындай деңгейге жетуіне көмектестім. Ендігі уақытымды өзімнің маман ретінде қалыптасуыма жұмсаймын. Қазақстанға пәтер алып, үй салыпты, көлік алып қайтыпты деп емес, маман ретінде, бәрін меңгеріп, оралғым келеді. Еліміздегі әр жас халықаралық стандартқа сай маман болуға ұмтылуы керек. Шама келсе Токио, Берлин, Парижге барып 1 жыл келісімшартқа отырып, мәдениетін меңгерсең, қоғамға пайдалы іс жасасаң, нәтиже деген сол. Елге қызмет ету үшін елде болу міндетті емес деп ойлаймын. Әлемнің әр түкпірінде жүріп жан-жақты қалыптасқан адамдарды білемін. Мысалы, бірі технология жағынан көмектессе, профессорлар өз тәжірибесімен бөлісіп, жақсы видео контент жасап, ағылшын тілін үйренсең де, Қазақстанға қызмет ету керектігін түсіндім. Мысалы, ақшасы көп адам қайырымдылыққа көп ақша бере алады. Туысқанына, жақынына қарайласады. Ал өз күнін өзі көре алмай жүрген адам біреуге қалай көмектеседі?! Мүмкіндігінше жастарды білімге, технологияға, еңбекқорлыққа қызықтырып, өз тәжірибеммен бөлісу ойда бар. Бұл жақта 100 пайыз тұрақтайтын ой жоқ. Керегін алып, елге қайтқымыз келеді. Қайда жүрсек те елмен байланысты үзбейтініміз анық, шама келгенше жиі барып тұрамыз.
- Тұщымды сұхбатыңызға рахмет!