Ашаршылық куәгері: Қазақ қырылып жатқанда Қазақстандағы орыстар қақпасын ашпайтын

Сөзі – анық, сарасы – тұнық, салған жерден ашылып сөйлей қоймайтын ұстамды қарттарды көргенде оның әр сөзінің шындық екеніне шүбәсіз сенесің...

  • 31.05.2022
Тұрсынбала Әбдіраманова (1923-2021)

Біз ашаршылық пен соғыс жайын кітаптан оқыдық, кинодан көрдік. Сосын, «болыпты-мыс» ауыз екі әңгімелерден естідік. Аздап бойлағандай болғанымызбен, бәрі бір терең сезіне алмадық. Тіпті, осы күнге дейін соғыс ардагерлерінің естелігін көп естігенімізбен, «мен ашаршылықты көрдім» деген кісімен тілдесіп көрмеппіз.

...Ашаршылық жылдарында ес біліп, соғыс кезінде бой түзеген, кейіннен жоғарғы лауазымды қызметтер атқарған, қоғам қайраткері, тыл және еңбек ардагері, бүгінгі (2017 жыл) жасы тоқсан төрттен асқан Тұрсынбала апа Әбдірамановамен сонау бір қасапты жылдар жайлы әңгімелесіп отырмыз. Өзі көрген, тікелей куә болған дүниені шашау шығармай, екшеп айтады екен. 

Сөзі – анық, сарасы – тұнық, салған жерден ашылып сөйлей қоймайтын ұстамды қарттарды көргенде оның әр сөзінің шындық екеніне шүбәсіз сенесің...

 

Байлар қанаушы емес, қараушы болатын

- Апа, сізден сәл кейін туған жазушы Шерхан Мұртаза «ең алғаш есім кіргенде қарнымның ашып тұрғанын білем» депті. Сіздің өмірді алғаш сезінген сәтіңіз де осыдан аса бір алшақ емес-ау деп ойлаймын. Бала шағыңыз соншалық қиын заманда өткенін кейінірек бағамдағаныңыз анық. Ал, алғашқы түйсігіңіз таныған өмір қандай еді?

- Мен қазақтың көшіп-қонып, ағайын, ауыл болып өзімен өзі өмір сүріп жатқан кезінде тудым ғой. Қазіргі Жамбыл облысы, Мойынқұм ауданына қарайтын Хантау деген жерде. 3-4 жасымда шешем қайтыс болыпты. Нақты қай кез екені есімде жоқ... Бір күні кешкілік інім екеумізді қасына шақырып алып, құшақтағаны есімде қалыпты. Көз жасы бетіме жұғып, денесінің ысып тұрғанын білем. Қатты суық өтті ме екен, кім біледі... Ол кезді білетіндер де көп ұзамай харап болды ғой. Алғашқы еміс-еміс білетінім сол, шешемнің өлімі сияқты. Шешем бізді құшақтап жылағанның ертеңіне жылап-сықтаудан ояндық. Шешемді оң жаққа салып, шымылдық құрып тастапты. Бізді басқа үйге апарып тастады, қалай шығарғаны, қалай жерлегені есімде жоқ, сірә, бала ғой, қорқып қалар деп бізге көрсетпесе керек. Атам есімде, әкемді тіпті жақсы білем. Әкем домбыра тартып, ән айтатын да, қай жерде тамаша, қай жерде той, сол жақта жүретін. Домбыра тартып отырғанда алдына отырып алатынмын. Домбырасын сонда да шерте беретін. Атамның әкеме «шаруаға қараспайсың», деп ренжіп отыратыны көз алдымда. Шешем өлген соң, бір жылдан соң інім шетінеп кетті. Осыдан аз өткен соң бір әпкеміз (атамның бауырының қызы) мені асырап алыпты. Шешесі болса жоқ, жағдайы жақсы болар деді ме екен, атам әкемді көндіріпті. Әкемнің төмен қарап: «Жалғыз жұбанышымды қалай берем», деп қиналып, көзін шылап отырғанын көрген сияқтымын.

- Ашаршылық басталар қарсаңда кәдімгідей ес тоқтатып үлгерген сияқтысыз. Колхоздастыру кезі есіңізде ме?

- Голощекин 1925 жылы келді ме? Міне, сол жылдан басталды ғой бәрі. Қазақты құртып кеткен сол ғой. Оған дейін мұндай болған жоқ. Оған жейін де Совет үкіметі орнап жатты, күнде жиналыс, күнде бір жаңалық, бірақ, ішер ас, жейтін тамақ бар еді.

Алдымен малды жинап алды. Бәрі ортақ, бәрі колхоздікі деді. Ал, ол кездегі малдың иесі кім? Бай. Анығында, ол кездің байы қазіргі біздің ұғымымыздағы байдан өзгешелеу екен. Совет үкіметі санамызға сіңірген бай емес, басқа екен. Ондағы қазақ ата-ата болып, ауыл-ауыл болып күн кешкен. Енді қарасақ, әлгі айтып жүрген байлары сондағы ауыл иесі екен ғой. Өзінің туыстарын қолына алады екен, паналатады екен. Әркімнің өзінің міндеті бар. Малын бағысады, кірін жуысады дегендей, – ақысын алады. Ақы алу да бүгінгі түсініктен басқарақ, түгі жоқтары сауынға сиыр, сойысқа қой алады. Қысқасы, байдың қанатының астында, соның қорғауында, селбесіп күнін көреді. Көші-қоны, жайлау-қыстауы бірге – жаны бірге. Базарға мал шығарып, ар жақтағы Ташкент жақтан мата-сата, оны-пұны алып келсе, кедейді де құр ауыз қалдырмайды. Өз баласына алса, бұлардың баласын да құр тастамайды. Былайша айтқанда, үлкен бір әулет қой. Аталас ағайындар. Міне, бай, кедей деген ұран – алдымен осы ағайыншылдықтың тамырына балта шапты. Кедейдің қолтығына суды бүркіп-бүркіп, өзін бағып отырған туысына айдап салды. Анығында, байлар қанаушы емес, қараушы болатын. Міне, сол ел бағып отырғандардың малын тып-типыл етіп, талап алды. Ол кезде қазақ бидай, тары егетін, жаппай болмаса да, көлігі барлары, жағдайы келгендері. Малдан кейін соны алды. Өзі де саусағын сорардай болып отырған ел «өкіметке салық төле» деп азғантай дәнін алған соң, қырылмай қайтеді?! Түк жоқ, бәрін тартып алды. Өзі үзілгелі отырған елді енді таңның атысы, күннің батысы қара жұмысқа жекті. Ол кезде Шу ауданында мақта екті. Үлкендер таңғы ала көлеңкеде кеткеннен түн ортасында бір-ақ келеді. Үйде шиеттей бала-шағасынан өзге ештеңесі жоқ, шаруам қалды, малым не болды дейтін жөні жоқ. Кетерде барлары бір-бір күлшесін, аздаған сусын, шалап жасап әкетеді. Ол кезде көбіне көже ашытатын. Бала-шағасының аузынан жырып соны әкетеді.

- Қара жұмыс істегені үшін еңбеккүнге деп ештеңе бермей ме?

- Бермейді. Ештеңе бермейді. Кейде тамақты артынан апарып береміз. Сонда көрдім, арық қазған былай тұрсын, жердің өзін соқа емес, қолмен аударады екен. Малдың бәрі кеткен, азғантай көлік бәріне жетпейді. Техника әлі келе қоймаған кез. Бірен-саран соқа – жетпейді, ал адам саны, шүкір, баршылық. Қолдарында бір-бір кетпен, өздері аш, істемесе таяқ жейді. Әбден қорқып қалған. Терісі сүйегіне жабысып, әбден қатып-семіп қалған адамдар үзіліп кетердей көрінетін. Таң қалам, сол түрлерімен-ақ орасан жұмысты істеп тастапты ғой...

Колхоздастырудың алғашқы кезінде-ақ ел ішінде өлім шыға бастады. Күн өткен сайын көбейе берді, көбейе берді. Ақыры, бүкіл ел босып кетті. Біз ашаршылық деп осы ел босып, жолда қырылып қалған кезді айтып жүрміз ғой көбіне. Жоқ, аштық колхоздастыру қалай басталды, солай келді қазаққа. Бастапқыда көмуге шамасы келетін әйтеуір. Кейін, өліктің жүзін бір уыс топырақпен жабуға жағдайы келмей қалды ғой.

- Сіз бұл кезде асырап алған ата-анаңыздың қолындасыз ғой?

- Иә. Өгей әкем жұмысқа кетеді, шешем екеуміз үйде қаламыз көбіне. Кейде балалармен ойнаған боламыз.

- Қандай ойын ойнайсыздар?

- Е, бала емеспіз бе, әйтеуір ойнаймыз. Есімде жоқ, әйтеуір бірдеңе ойлап табамыз да...

 

Қырғыздарда біздегідей аштық болған жоқ

- Ел босқанда сіздер қайттіңіздер?

- Біз сәл ертерек қозғалдық. Ол кезде білмеймін ғой, мұны кейін бағамдадым. Бір күні әкем кешкісін жиналыстан салы суға кетіп оралды. Колхоз бастық пен ауданнан келген өкіл өкіметке тағы да бидай өткізесіңдер депті. Елде онсыз да түк қалмаған. Осыны айтып, жыларман болып отырғанда көршіміз келді. Әмірхан деген кісі, қасында әйелі бар. Ақылдаса келіпті. Ойын дейтін ойын жоқ, етегінен бір елі ажырасақ аш қалатынымызды жақсы білеміз, үйден шықпайтын болғамыз. Содан ба екен, әйтеуір, үлкендердің аузын баққыш, сөзін тыңдағышпыз. Күрсінісе отырып, көп сөйлесті. Ақыры, қолда азғантай бидай бар кезде кету керек деді. Осы түннен қалмай. Ертеңге қалса, тартып алады. Біздің қалың босқынға ілінбей, аман-есен қырғыз ауып кетуіміз осы сәл ғана бұрын қозғалғанымыздың арқасы екен. Біз жол бойы жеген азғантай бидай өзгелерде де болды ғой, сөз жоқ. Кейін білсек, біз қашқан күннің ертеңіне соны тартып алған. Тығып қойғандарын және індетіп жүріп, іздеп тапқан. Міне, қалың ел сол кезде босқан ғой.

Т.Әбдіраманованың жас кезі

...Көршілер кеткен соң, үйдің іші дайындала бастады. Бидайды қуырып, қол диірменге тартып, талқан жасады. Аздаған көрпе-жастықты буып-түйді. Талқан мен бірді-екілі ыдыс-аяқты қоржынға салып, шешем ұстады. Менің арқама кішкене самаурын бар еді, соны байлап берді. Шешем байғұс кетерде үйді қимай көп жылады. Кіріп-шыға береді. Сөйтсем, өзі тоқыған, өзі пайдаланған бұйымдарын, қызыл-жасыл қылып, сәндеп ұстаған үйін қимағаны екен ғой.

Күндіз тығылып жатып, түнде жүріп отырып, екі күн дегенде Меркеге іліктік. Түтін шығарсақ көріп қояды деп, талқанды суға шылап, қатты шөл қысқанда арықтың лай суын іштік. Меркеден пойызға міндік...

- Ары қарай Бішкекке бардыңыздар ма?

- Бішкекке жете алмадық. Біз ғана емес, талай адам жете алмай, жолда қалды. Жол ауыр, қарын аш, бәрі әлсіреген. Орта жолда Ақсу деген станциядан түсіп қалдық.

- Қырғызстандағы жағдай қалай екен? Қалай қарсы алды?

- Бізден басқа ешқайда ашаршылық болған жоқ. Сол кезде орысқа қарап қалған елдің ішінде дәл қазақ сияқты қырғынға ұшырағаны жоқ. Қырғызстанда да колхоз ұйымдасқан, салық жиналған, бірақ, дәл біздегідей емес. Шалқып отырмаса да азды-көпті шаруасын істеп, тіршілігін айырып отырды. Бекер обалдары қане, сыртқа тепкен жоқ. Біз барған Ақсу негізінен орыстар қоныстанған ауыл екен. Олардың жағдайы әдеттегідей өте жақсы. Қазақстанда қазақ атаулы қырылып жатқанда бірде бір орыстың мұрты бұзылған жоқ. Қорған сияқты қылып үйлерін қоршап алды да, жатты. Қазақтардың небір асыл бұйымдарын бір жапырақ нанға айырбастап... Кейіннен қақпасын ашпайтынды шығарды. Үздіккен сорлылар қақпасын қағып-қағып, ашпағасын күдерлерін үзіп, басы ауған жаққа жүре берген ғой... Қырғызстандағы жағдайы да дәл осы. Орыстың жағдайы қырғыздан жақсы. Бірақ, қырғыз қазақ түскен күйге түсе қоймаған. Азды-көпті жұмысын істетіп, ақысына аздаған азық беріп тұрды.

- Баспананы қайттіңіздер?

- Біз станциядан түскенде өз әкемді кездестірдік. Олардың келіп алғанына біраз болыпты. Әкем жар айтып, күнін көріп жүр екен. Атам қайтыс болыпты. Әкем інісі Төкешпен (кейіндеу осы Қырғызстанда қайтыс болды) бірге Ақсу селосының сыртына қамыстан күрке салып алған екен, бізді сол жерге әкелді. Еркектер жағы күндіз базар жағалап кетеді. Шешем екеуміз ғана қаламыз үйде (үй деппін-ау, қамыс күрке). Қыстың көзі қырауда қайбір жылыта қойсын, қалтыраймыз да жатамыз. Жамылған көрпеміз дымданып, азанда қарасақ мұз болып, сіресіп тұрады. Жағатын отын да жоқ, судың жағасынан шауып әкелген қамыс бықсып жанбайды. Ақыры болмағасын, базар маңына қарай көштік. Ол жақтан жер қазып, жер кепе жасады байғұстар. Ілмиіп, әрең қимылдап жүріп, қазды әйтеуір. Төбесін шөппен, қамыспен жапты. Даланың ызғарында қалшылдап жатып суыққа үйреніп алғандікі ме, бұл жер кепе кәдімгі үй сияқты көрінді бізге. Әжептәуір жылы болды. Базар істейтін күндері екі қолға бір күрек, әйтеуір, табылады. Базарда көбіне дүңгендер мен қырғыздар, қанша дегенмен, мұсылман ғой, жандары ашиды, жұмыс береді. Көбіне жүктерін тасытады, кейде үйіне алып кетеді. Әкелеріміз күні бойы жүріп, кеш бата күлше, жүгері, бидай... тағы бірдеңелер алып келетін. Базар істемейтін күндері орыстардың картоп еккен аңыздарына барып, түртінектеп жүріп, қалған-құтқан ұсақ картоп теріп әкеледі. Кейде қызылша тереді. Мұндайда ыстық тамақ ішіп, жетісіп қаламыз. Қайыр тілеп жүрген қазақтар да көп болды.

 

Әкем мені арқалап жүріп аман алып қалыпты

- Сіздер ондай жағдайға жеткен жоқсыздар ма?

- Кейде түк табылмай, қиналған кезде әкем мені арқасына салып алып, орыстардың үйіне баратын. Қазақстандағыдай емес, ол жақтың орыстары жұмсақтау ма, әлде, біздегідей тіленшілер аз болды ма, әйтеуір, бірдеңе беретін. Кейде ойлаймын, Қазақстандағы орыстарға «қазақтарға түк бермеңдер» деген тапсырма берді ме екен деп, кім біледі... Бірақ, бізге ең бір бұзылған, Ресейде күнін көре алмай қалған, сотталған, қудаланған орыстарды әкепті ғой сонда, кейін білдік. Ондайларды қазақ затсыз, тексіз дейді. Солардың босағасына арланбай барғанына қарағанда, әкем жалғыз қызы үшін бәріне дайын болған екен ғой. Байғұс... Арқалап жүріп аман алып қалыпты, ол болмаса мен де қазақтың көп баласы құсап бір бұрышта... Кім біледі...

Сөйтіп жүргенде үйге келе қалған (базаршылап келіп, кездесіп қалса керек) өгей әкемнің бір туысына мені ілестіріп жіберді. Алатаудың ішінде тұрады екен, тұрмыстары жаман емес көрінеді. Әкем жібергісі келмеп еді, өгей шешем қызғанды ма, әйтеуір, ілестіріп жіберді. Мүмкін, баға алмай қаламыз ба деді ме екен... Әбдібай деген кісі бізге жезде болып келеді екен, қырғызға ертерек келіп, орнығып қапты. Өзі көрік басады екен. Ұста. Қырғыздың әйелдеріне сырға, сақина соғып беретін көрінеді. Оның сыртында тұрмыстық ұсақ-түйектің шаруасы түгесілген бе, әр істеген ісіне ақы алады. Өзінің жеті баласы бар, сегізінші болып мен қосылдым. Сонда да қабақ шытқан жоқ. Жақсы адамдар екен ғой, жарықтықтар. Жағдайым жақсы, қарным тоқ болды. Міне, сөйтіп аштықтан аман шықтық, шырағым.

- Қырғызда қанша уақыт болдыңыздар?

- Қыста кеттік, жаз... күздің соңына қарай ғой деймін қайтқанымыз. Жылға жуық болыппыз ғой. Қазақстанда жағдай жақсарыпты, азық-түлік беріп жатыр екен, қайтыңдар деген сыбыс шықты. Әбдібай отбасымен бір түнде бері ауды. Меркеге келіп, тұрақтадық. Бір күні Ошақбай әкем (өгей) мені алып кетуге келді. Ісіп-кеуіп, жүзі түтеп кетіпті. Қатты қиналса керек. Елге бізден сәл бұрын оралыпты.

- Бұл кезде Қазақстандағы жағдай шынымен оңалып па?

- Қайдам... Әшейін сөз ғой. Енді-енді там-тұмдап көмек бере бастаған кездері екен. Қырылған қазақ әлі де қырылып жатыр. Меркеден Шуға пойызбен келіп, алдымен Новотройцкіге жеттік те, ары қарай 12 шақырым жердегі ауылға жаяу жеттік. Сонда ғой жол бойындағы қаптаған өлікті көретінім. Бұзыла бастаған, иістеніп кеткен, сүйегі ғана қалған... Енді ғана сұлап түскендер... Көз алдымнан кетпейді әлі күнге. ...Емшегін баласының аузына салып қойып, үзіліп кетіпті бір әйел. Баласы жыбырлап, тірі жатқандай көрінді маған.

- Емшектегі бала тірі болса алып кетпедіңіздер ме?

- Біреуге біреу қарайтын уақыт па ол... Өліп қалған ғой, маған солай көрінген шығар. Тірі болса да қарайлауға шама жоқ, қалың өліктің ішінен қайтсек тез өтіп кетеміз деп, дедектеп келеміз.

...Ауылға келгенде өгей шешем жылап көрісті. Сөйтсем өз әкем қайтыс болып кетіпті. Тас боп қаттым да қалдым. Жылайын десем, өгейлігін істеді дей ме деп мелшиіп, отыра бердім. Сосын, суға жұмсады. Сол кезде ауылдың сыртына шығып алып аңырадым дейсің. Жол бойы көргенім, жыл бойы шеккен азабымның бәрі әкемнің өлімімен қосылып, шыдатпады. 9-10-дардағы кезім ғой, кәдімгідей жоқтап жыладым. Бір жылдың ішінде ауылдың сыртын басып қалған қаптаған төмпешікке қараймын да жылаймын. Осылардың қайсысында жатыр екенсің деп еңіреймін. Мүмкін, көмусіз далада қалдың ба екенсің деп тағы өкірем. Кеш батқанша отырыппын. Көзім ісіп кетіпті. Ауылға қайтарда, көзімнің ісігені басылсын, жылағанымды біліп қояды деп асықпай келгенім есімде.

 

Адам адамның етін жеп жатқанда тышқан сөз болып па...

- Өзіңіз сияқты аштықты көзімен көрген Самырат Кәкішевтің естелігінен «Иттер жүр екен, оларды ұстап алдық та асып жедік», тағы бір жерінде: «үш мысықты ұстап алып, жеп алдық», – деп, тақ бір қорадағы қойын сойып алғандай жайбарақат әңгімелейтінін байқап едік. Сіз бұл тарапта не көрдіңіз? Қазақтар тышқан аулап, дала кезіп кеткен дейді, куә болдыңыз ба?

- Адам адамның етін жеп жатқанда тышқан сөз болып па... Тышқанның өзі табылмай, жаңағы ит, мысық дегендерің адам көрсе шырқырап қашатын заман болды дейді ғой. Мен айттым ғой, ашаршылықтың негізгі уақытында Қырғыз ауып кеттік деп, ондайдың бәрін кейін естідік.

- Ашыққан қазақтар кісі етін жеді деген қаншалықты рас, осы?

- Рас шығар деп ойлаймын. Өзегі үзілерде адам ақылдан адасып, аласұрып кетеді дейді ғой. Жер тырнап, топырақ шайнап жатып өліпті дейді көп қазақ. Соңғы дем алдындағы жан далбаса ғой. Сондай жағдайда жесе жеген де шығар. Өзім көргем жоқ. Бірақ, қырғызда жүргенде үлкендердің аузынан еститінмін. «Қазақстандағы жағдай одан ары ушығыпты, кісі етін жеп жатқандар бар екен» дегенді күрсінісе отырып айтып отыратын.

- Үлкендер әлгі кісі етін жегендерді жазғырушы ма еді?

- Жоқ. Қайдан жазғырсын, өздері де бәрін көріп, біліп отыр ғой. Былайша айтқанда, мінгені бір кеме, түсінеді де. «Құдай өзің кешіре гөр, олар да қай бір жетіскеннен жеді ғой дейсің», деп, солар үшін жалбарынып отыратын.

- Балалар үйіне қалай түстіңіз?

- Шешем асырай алмаймын деп қорықты ғой деймін, өзі тапсырды. Өзі тапсырды дегенде, мен өзім кеттім десем болады. Бірде ауылға бір қыз келді. Үстінде тәуірлеу (бүтін) көйлегі бар, шашын өріп қойыпты. Ол кезде бұл анау-мынау салтанатыңнан артық. Сұраса келіп білдім, балалар үйінде киім, тамақ береді екен. Шешеме келіп айтып ем, аз ойланған соң барғаның дұрыс деп шешті. Балалар үйіне де таңдап-таңдап, ертең өліп қалмайды-ау деген тәуірлеулерін алады екен. «Детдомнан» бұрын «детприемник» дегені бар екен, сол жерде жаттық бірнеше күн. Бір кружка шай, жұқалап тілінген екі жапырақ қара нан. Әр жолғы асымыз сол. Осы жерге келген алғашқы күні екі қыз өліп қалды. Таң атқанша ешқайда алып кеткен жоқ, қасымызда, бір бөлмеде жатты. Басқалар ондайға үйреніп алған сияқты, ұйықтап жатыр, ал мен таң атқанша қорқып шықтым. Қасыңда өлген адам жатса қалай ұйықтайсың... Қазір ойласам, сол кездегі балалар да кісі өліміне әбден үйреніп кеткен екен ғой.

- Әлгі екі қыз аштықтан өлді ме? Нан, шай берді дедіңіз ғой?

- Аштық болғанда...Ұзақ уақыт аштықтан кейін адамның қыры кетіп қалады екен. Қыры кеткен соң аузынан ақ майын ағызып қойсаң да адам болмайтын көрінеді. Аузы енді асқа жеткенде әлгі екі қыз ғана емес, талай бала өліп жатты. Әбден әлсіреп кеткен соң, ішкен-жегені бойына жұқпайды. «Детприемниктен» «детдомға» аларда да қатарға тұрғызып, көзінің оты сөнбеген, адам болады дегендерді таңдап алды. Қырғыз ауып келгем, жүдесем де өңім түзу болған болса керек, әлгілердің қатарында мен де балалар үйіне ауыстым.

- Балалар үйіндегі жағдай қалай болды?

- Күніне бір уақыт тамақ. Екі уақыт жаңағыдай нан мен шай. Тамақ болғанда, ішінде бір-екі түйір картобы бар су татыған сорпа. Бірақ, ол уақытта бұдан артықты ешкім бермейтін. Өмір қызық қой... Ашаршылық әлі біте қоймаған, еңсеміз әлі тіктеле қоймаған кез ғой, балалар үйінде де өзінше күрес жүріп жататын. Ересектеулері біз сияқты кішкене қыздарға әлімжеттік жасап, арқалап далаға шығар, бүйт, сүйт деп, билік жүргізеді. Айтқанын істемесең, бір күн бойы аш қаласың. Былайша айтқанда, тәрбиешінің көмекшісі ғой, тіл табысып алған, ойына келгенін істейді. Сондай қыздардың бірін арқалаудың кезегі бір күні маған да келді. Еріккені ғой. Менен әлдеқайда үлкен қыз, мықшыңдап көтеріп келе жатырмын. Есікке жете бере тайып жығылдым. «Әдейі құлаттың», деп, таяқ жедім. Таяқ ештеңе емес, онсыз да көзім бозарып әрең жүргенде бір күн бойы аш қалдым.

Сол қыз кейін мен партия комитетінде хатшы болып тұрғанда алдыма келді. Аты Нұржамал еді, жазбай таныдым. 1949 жыл ғой, жиырма неше жыл өтсе де ұмытпаппын. Ол да мені таныды. Бірақ, екеуміз де тіс жарып, ештеңе демедік. Келген шаруасын реттеп беріп, шығарып салдым. Сен кезінде өстіп едің деудің реті жоқ қой, расында. Уақыт солай болды, күн, жыл өткен сайын бәрі көмескілене береді. Ақыры ұмытылады... Обалы – Сталинге, Голощекинге, былайғы жұрттың кінәсі жоқ, әркім ажалмен өзінше күресті. Өзінше күнін жалдады.

 

Жағулы қалған шамның жарығы

- Шамалап болса да айта аласыз ба, сіз туған, сіз көрген ауылдың қаншасы қырылып, қаншасы қалды?

- Қырғыздан елге келгесін қол бос, ойнайтын ойын да жоқ, бала да әбден азайған, ауылсоветтің жиналысына барғышпыз әйтеуір, сонда председательдің «300 түтіннен 130-ы аман қалды», деп жатқанын есімде қалыпты. 170 отбасы түгел қырылып қалған. Ал, әлгі қалған 130 түтіннің адамдары түгел деп кім айтты? Ол кезде адам санын түтінмен санай салатын. Мәселен, екі әулетті (өз әкем, атам мен өгей жұртым) қосып есептегенде шешем екеуміз ғана тірі қалыппыз. Сол екеумізді бір түтін деп есептеп отыр ғой сонда...

...Көрдің бе, қазақ қандай қатерден аман өткен?! Бұдан кейінгі соғыстың зарын айтсам, тағы да бір күнің кетеді, апаңды онсыз да аз сөйлеткен жоқсың, осы да жетіп қалар.

– Көп рахмет, апа!

 

Қара орман халық сетінесі де, негізі қалыпты. Қазақ ашықса да, азып-тозса да, апам айтқандай, қыры кетпепті, әйтеуір. Көзінде өлеусіреген болса да жылты қалыпты. Ол қалмаса... Оңалып кетуіміз де неғайбіл екен-ау деп ойладым, Тұрсынбала апаның шаңырағынан шығап келе жатып. Күн шәйідей ашық екен...

Әлгі... қырғыз ауатында «жаман ырым болады деп май шамды өшірмей, жағулы қалдырдық, есікті жаппай кеттік» деп еді апам сөз арасында. Соншама қиын күндерде де «жаман ырым болады» деуге шамасы келсе – қайран елдің Құдайын ұмытпағаны екен ғой. Қазақтың көзінде қалған әлгі жылт еткен от сол шамның жарығы шығар, кім біледі...

Сұхбаттасқан Алмас НҮСІП

Суреттер Тұрсынбала Әбдіраманованың жеке архивінен және ашық дерек көздерден алынды

Байланысты жаналықтар

Алматы облысында жол апатынан 3 адам қайтыс болды  

24.03.2024

5 жасқа дейінгі балалар арасында көкжөтел жиіледі

23.03.2024

Қазақстанда қызылша бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақталып келеді

23.03.2024

Уэльс ханшайымы Кейт қатерлі ісікке шалдықты

23.03.2024

Мәскеуде алдағы демалыс күндері театр мен музей жабылады

23.03.2024

Ресейдің Красногорск қаласындағы концерт залында атыс болды

23.03.2024
MalimBlocks
Алматы облысында жол апатынан 3 адам қайтыс болды  

5 жасқа дейінгі балалар арасында көкжөтел жиіледі

Қазақстанда қызылша бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақталып келеді

Уэльс ханшайымы Кейт қатерлі ісікке шалдықты

Мәскеуде алдағы демалыс күндері театр мен музей жабылады

Ресейдің Красногорск қаласындағы концерт залында атыс болды