Астанадағы әлеуметтік қамсыздандыру қалай жүріп жатыр?
2023 жылдан бастап зейнетақы есебіне, бала күтіміне бірқатар өзгерістер енді. Сондай-ақ, «Наградталған аналар» атты жаңа түсінік пайда болды. Отбасының цифрлы картасы енгізілді.
Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің Астана қаласы бойынша департаментіне хабарласып, осы жаңа өзгерістердің іске асу жолдарын сұраған едік. Департаменттің хабарлауынша, Астана қаласында 119 881 зейнеткер ынтымақты зейнетақы алса, 113 мыңнан астамы базалық зейнетақы алады екен.
Жалпы, қазіргі қолданыстағы жүйе зейнеткерлердің 3 буынын қамтиды.
Бірінші және екінші буын - 1998 жылға дейін және 1998 жылдан кейін зейнетке шыққан азаматтар. Олар зейнетақы төлемдерінің негізгі бөлігін мемлекеттен алады-яғни ынтымақты байланысты және базалық зейнетақылар, ал үшінші буын - өздерінің жинаған зейнетақы активтерінен алатын зейнеткерлер – олар 2038 жылдан кейін зейнетке шығатын азаматтар.
«Алдағы уақытта зейнетақы жүйесінің негізгі проблемалары болып 1998
жылдың 1 қаңтары бойынша жұмыс өтілінің азаюына байланысты мемлекеттен зейнетақыны алып отырған зейнеткерлердің ынтымақты зейнетақысының мөлшерінің азаюы және болашақ зейнеткерлердің жеткіліксіз жинақтары болмақ» дейді салалық департамент.
Осы мәселелерді пысықтау мақсатында мемлекет тарапынан келесі шаралар жүзеге асырылып жатыр екен:
1) 2023 жылғы 1-қаңтарынан бастап бірінші және екінші буын зейнеткерлердің:
- ең төменгі базалық зейнетақы мөлшерін күнкөріс деңгейінің 54%-нан
60% -ға дейін арттырылды. 2022 жылы ең төмен базалық зейнетақы мөлшері 20191 теңге, ең жоғары мөлшері – 37389 теңге болса, 2023 жылдан бастап ең төмен базалық зейнетақы – 24 341 теңге, ең жоғары – 40 567 теңгені құрайды. Бұл шара 2028 жылға дейін жалғасып, базалық зейнетақының көлемі 2022 жылмен салыстырғанда 1,5 есеге өсетін болады.
Астана қаласында жоғарыда айтқандай ынтымақты зейнетақы алушы 119 881 зейнеткер, базалық зейнетақыны алушы 113 мың жан бар.
- 2023 жылдан бастап зейнетақы мөлшерін есептеу үшін табыс 46 АЕК-тің орнына 55 АЕК-тен есептелуде. Нәтижесінде орташа зейнетақының мөлшері биыл 120 мың теңгеден асып отыр. Оны республика бойынша зейнеткерлердің жалпы санынан 1 млн астам адам алып отыр;
2) 2024 жылдың 1-қаңтарынан бастап үшінші буын – болашақ зейнеткер үшін жұмыс берушілер тарапынан қосымша зейнетақы жарналары енгізілетін болады. Бұл шаралар азаматтардың зейнетақы активтерінің өсуіне бағытталған.
Жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары қазақстандықтардың, болашақ зейнеткерлердің әл-ауқатын арттыру мақсатында енгізіледі. Атап айтқанда, бұл ынтымақты өтілі жоқ (1998 жылға дейін) немесе ынтымақты жүйеде өтілі шамалы азаматтарға қатысты.
Жұмыс берушілер тарапынан қосымша зейнетақы жарналары кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін ескере отырып, ЖМЗЖ 2024 жылы- 1,5% жарна мөлшерлемесінен бастап, 2028 жылы - 5% ЖМЗЖ – ны кезең-кезеңмен енгізіледі.
Бұл тәсіл жұмыс берушілердің зейнетақы төлемдерін тұрақты аударуға, қызметкерлердің жұмыспен қамтылуын ресімдеуге және олардың кірістерінің ашықтығына қызметкерлердің мүдделілігіне ықпал етеді;
Қызметкер зейнеткерлік жасқа толған және қатысу өтілі кемінде бес жыл болған кезде шартты-жинақтаушы компоненттен алынатын зейнетақы мөлшері шартты зейнетақы шотында қалыптастырылған жинақтар мен өмір сүру ұзақтығына қарай айқындалады.
ЖМЗЖ есебінен зейнетақы төлемдері өмір бойы төленіп, жыл сайын зейнетақы мөлшері индекстелетін болады.
Жинақтаушы зейнетақы жүйесінен айырмашылығы, шартты-жинақтаушы жарналары мұрагерлікке жатпайды (өйткені олар қызметкердің меншігі болып табылмайды) және оларға зейнетақы жинақтарының сақталуына кепілдік берілмейді.
3) жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысушыларға зейнетақы жинақтарының 50 % аспайтын бөлігін активтерді басқару бойынша компанияларға беруге және ол компанияларды өздері таңдауға құқық беріледі.
Бұл ретте мемлекет зейнетақы жинақтарының сақталуына кепілдікті Ұлттық банк басқаратын бөлігіне ғана беретін болады. Ал жеке басқаруға берілетін зейнетақы жинақтарының сақталуына және оның табыстылығына салымшы таңдап алған компания жауапты болады.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларын орындау мақсатында бала күтімі бойынша мемлекеттік жәрдемақы және әлеуметтік төлемді төлеу кезеңі бір жастан бір жарым жасқа дейін ұзартылды» дейді департамент. Аталмыш төлемді 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап дүниеге келген және былтыр туған, бірақ жасы әлі 1,5 жасқа толмаған балалары бар 760 мың отбасының алуы жоспарлануда. Бұл қызмет алушыларға проактивті форматта ұсынылады. Бала күтімі бойынша жәрдемақы жұмыс істеймейтін аналарға республикалық бюджеттен, ал жұмыс істейтін аналарға Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленуде. Астанада 1 қаңтардан бастап 4,5 мыңнан астам алушыларға бала күту бойынша жәрдемақы автоматты түрде ұзартылды. 2023 жылдың І тоқсанында алушылардың саны 435 мыңға жетті, оның ішінде 93 мыңы бюджеттен бала санына қарай 19872 теңгеден 30705 теңгеге дейін алуда. Ал қалған 343 мыңнан астам аналар Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан соңғы екі жылдағы орташа айлық табысының 40 % көлемінде алуда. Әлеуметтік төлемдердің орташа мөлшері 48 мың теңгені құрайды. Астана бойынша 34 мыңға жуық адам әлеуметтік қордан жәрдемақы алады.
Әлеуметтік кодекске «Наградталған аналар» деген жаңа ұғым енгізілді. Бұл мәртебені «Күміс алқа», «Алтын алқа» алқаларымен наградталған немесе бұрын «Батыр Ана» атағын алған, І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордендері бар әйелдерге беріледі. Сондай-ақ наградталған аналарға төленетін жәрдемақы мөлшерін саралау көзделеді. Бүгінде 6, 7 және одан да көп бала туып, тәрбиелеген аналар бірдей мөлшерде 6,4 айлық есептік корсеткіш - 22080 тенге жәрдемақы алуда. Кодекстегі өзгеріске сәйкес «Алтын алқа» алқа, I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен және «Батыр Ана» атағы бар, яғни 7 және одан да көп бала туып, тәрбиелеген аналар үшін жәрдемақы мөлшері 7,4 АЕК-ке немесе 25 530 теңгеге дейін арттырылады. Бұл жәрдемақы 2023 жылдың 1 шілдесінен бастап республика бойынша 90 мыңға жуық наградталған ананы қамтиды, ал Астана қаласы бойынша -1700 астам ананы қамтиды.
2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап Отбасының цифрлық картасы іске қосылды.
Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің Астана қаласы бойынша департаменті Отбасының цифрлы картасы турады былай дейді:
-біріншіден, қазақстандықтардың мемлекеттік қолдау жүйесіне теңдей қолжетімділігін қамтамасыз етеді. Яғни мемлекет кімге, қашан, қандай көмек
қажеттігін анықтап қана қоймай, әлеуметтік тәуекелдердің алдын алу шараларын қарастыруға мүмкіндік алады;
-екіншіден, карта отбасылар немесе отбасы мүшелерінің әлеуметтік санатына және отбасылық әл-ауқат дәрежесіне қарап мемлекеттік қолдаудың қандай түрін алуға құқылы екендігін жеткізіп отыратын электрондық жаршы құралы қызметін атқаратын болады;
-үшіншіден, мемлекеттік қолдауды проактивті форматта жүргізу көзделген. Яғни азаматтарға әлеуметтік төлемдер мен көмектер ақпарат жүйесінде бар деректерге негізделіп тағайындалады. Қолданыстағы қағаз құжаттар кезең-кезеңімен жүйеден шығарылатын болады.
2023 жылдың қаңтарынан бастап әлеуметтік-еңбек саласындағы мемлекеттік қызметтердің 10 түрін көрсету бойынша 59 мыңнан астам СМС-хабарлама жолданып, 38,2 мың адамға төлемдер тағайындалды, оның 5,6 мыңы проактивты форматта.
- Бастапқы кезеңде мемлекеттік органдардағы ақпараттық жүйелердің деректері негізінде отбасылардың әл-ауқат деңгейі мен оларға тиісті мемлекеттік қолдау шараларын айқындау бойынша жұмыс жүргізілді.
- Қазірдің өзінде цифрлық картада шамамен 6 млн. отбасы және 19 млн. оның мүшелері туралы деректер қамтылған, сондай-ақ «отбасы портреті» деп аталатын деректер қалыптастырылған. Карта деректері отбасы және оның мүшелері мәртебесінің өзгеруіне қарай жаңартылып отырады.
- Мемлекеттік қолдау шараларын алу құқығы белгіленген жағдайда мемлекеттік қызмет көрсетуге келісім алу үшін әлеуетті алушыға СМС-хабарлама жіберіледі.
- Келісім алғаннан кейін – әлеуметтік жәрдемақы, төлемдер немесе мемлекеттік қолдаудың басқа түрлері тағайындалып, кейін алушының банк шотына аударылады.
Жоба кезең-кезеңмен жүзеге асырылады:
- 2022 жылдың 1 қыркүйегінен бастап – жәрдемақы мен әлеуметтік төлемдердің 9 түрі бойынша жаңа форматта қызмет алу мүмкіндігі ұсынылды. Олар бала туу, баланы 1,5 жасқа дейін бағып күту, жұмыстан айырылу жағдайында және асыраушысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлем, сондай-ақ мүгедектігі бар баланы бағып күткен тұлғаға, көп балалы отбасыларға, «Күміс алқа», «Алтын алқа» төсбелгілерімен марапатталған көп балалы аналарға, мүгедектік бойынша төленетін мемлекеттік жәрдемақыларды тағайындау;
-2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап бұл тізім әлеуметтік қорғау саласындағы қызметтермен кеңейтілді;
- 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап денсаулық сақтау және білім беру салаларындағы мемлекеттік кепілдіктер енгізілетін болады;
- 2025 жылдан бастап мемлекеттік кепілдіктердің барлық түрлері қамтылатын болады.
2022 жылдың шілде айынан бастап Департамент «Отбасының цифрлық картасындағы» деректерін тексеріп, пилоттық режимде жұмыс бастау үшін пысықтау жұмыстарын жүргізді.
Бірінші кезеңде үлкен жұмыс атқарылып, азаматтардың мемлекет тарапынан қандай да бір жәрдемақы алуға құқығы белгіленді.
Кейін жәрдемақыға құқығы бар, бірақ белгісіз себептермен тиісті жәрдемақыларды алмайтын азаматарға СМС-хабарлама жіберіліп, жәрдемақылар тағайындалды. 2022 жылдың қыркүйек айынан бастап 82 азаматқа заң жүзінде тиесілі жәрдемақылары тағайындалып, жәрдемақы алуға құқықтары жүзеге асырылды.