Бала күтіміне төленетін жәрдемақы қанша теңге екені белгілі болды

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің дерегінше, 2025 жылдың қаңтар-шілде айларында мемлекет тарапынан берілетін жәрдемақылар мен Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін жүктілік, босану және бала күтіміне байланысты төлемдердің жалпы көлемі 506,7 млрд теңгеге жетіп, 408,5 мың адамды қамтыды, деп хабарлайды Malim.kz.
Бала күтімі бойынша төлемді міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушылармен қатар, жұмыс істемейтін ата-аналар да ала алады. Бұл құқық жаңа туған немесе асырап алған балаларға, сондай-ақ қамқорлығына бала алған және өгей балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға да берілген.
Есепті кезеңде 124,1 мың адам 1,5 жасқа дейінгі бала күтімі үшін жәрдемақыға ие болды. Бұл мақсатқа 25,4 млрд теңге бөлінді. Тек шілде айында ғана 125,8 мың адамға 3,7 млрд теңге төленген.
Министрліктің мәліметінше, биылғы жеті айда бала күтіміне байланысты төлемдердің жалпы сомасы 254,2 млрд теңгеге жетіп, 150,8 мың адамға тағайындалды. Оның ішінде тек шілде айының өзінде 21,6 мың адамға 36 млрд теңге төленген.
Жылдың алғашқы жеті айында бала күтіміне берілетін төлемнің ай сайынғы орташа мөлшері 88 766 теңге болды.
Фото: pixabay

Ең көп оқылған
