Бәйдібек ауданының халық таңдаған жаңа әкім жұмысын бастады

Malim Админ

  • 22.10.2023

5 қараша күні пилоттық режимде өткен әкім сайлауының Бәйдібек ауданы бойынша сайлау қорытындысымен Бәйдібек ауданының әкімі болып Нұрмаханов Ерлан Заипұлы сайланды. Өңір басшысы бұған дейін ауданды басқарған Ержігіт Шәріпбековке аудан дамуына қосқан үлесі үшін алғыс білдіріп, жаңа бастамаларына сәттілік тіледі.

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды жаңа басшыны аудан активіне таныстырып, ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жүктеген міндеттерді іске асыру бойынша жұмыстарды жандандыруды тапсырды.

–  Жаңа басшыға үлкен жауапкершілік пен маңызды міндеттер жүктеліп отыр. Аудан экономикасы мен жергілікті тұрғындардың әл-ауқатын көтеру бағытында жаңа жобалар күтеміз. Ауыл шаруашылығы мен туризм саласын дамытуға, инвестиция тарту бағытына басымдық берген жөн. Бәйдібек ауданында экотуризмді, зиярат туризмін дамытуға мүмкіндік көп. Жаңа өндіріс, жұмыс орындарын ашу керек. Халықпен бірлесе отырып, қордаланған мәселелерді жедел шешуге күш салады деп сенемін, – деді Дархан Сатыбалды.

Ерлан Нұрмаханов 1973 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Алғабас ауданы, Шаян ауылында дүниеге келген. 1996 жылы Қазақ химия-технология институтын – инженер-құрылысшы, 2005 жылы Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетін – заңгер мамандықтары бойынша бітірген. Еңбек жолын 1994 жылы баспа саласындағы кәсіпкерлік қызметтен бастады. 2002 жылы полиграфия өнімдерін басып шығару және таратумен айналысатын «ERNUR-press» ЖШС-нің негізін қалады. 2007 жылдан бастап  «ERNUR» корпорациясы ЖШС-нің директоры қызметінде. Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының ІV және V шақырылымының, Түркістан облыстық мәслихатының VІІ шақырылымының депутаты қызметін атқарды. Қазіргі уақытта «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының мүшесі.

Өз кезегінде Ерлан Нұрмаханов сенім артқан жергілікті тұрғындар мен аймақ басшысына алғысын айтып, ауданның дамуына бар күш-жігерін салатынын жеткізді.

Өткен жыл қорытындысымен Бәйдібек ауданы бюджетінің кіріс бөлігі нақты 16 млрд. 582,2 млн. теңгені құрап, жоспарлы түсімнен 52 млн. 578,8 мың теңгеге, ал 2023 жылдың 3 айында нақты 1,9 млрд. теңгені құрап, жоспарлы түсімнен 117,2 млн. теңгеге  артығымен орындалған. Жергілікті бюджет түсімдері өткен жылдың қорытындысымен нақты 1 млрд. 246,7 млн. теңгеге, осы жылы 3 айда 0,5 млрд. теңгені  құрап, артығымен орындалған. Былтыр ауданда 55,8 млрд. теңгенің жалпы өңірлік өнімі өндіріліп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда  8,7  млрд. теңгеге, 2023 жылдың 3 айында ауданда 6 млрд. 447,6 млн. теңге болып өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 685  млн. теңгеге артып отыр.  Былтыр 21,6 млрд. теңге, 3 айда 2 млрд. 167,4 млн. теңгеге инвестиция тартылды.

Жалпы ауданда 11 ауылдық округ, 51 елді мекен, 48 936 халық бар. Өткен жылы ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 35,6 млрд. теңге болып, нақты көлем индексі 112,7%-ға орындалды. Оның ішінде  мал шаруашылығы  – 17,6 млрд. теңге, өсімдік шаруашылығы – 17,9 млрд. теңгені құрады. 2023 жылдың 3 айында ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 4 млрд. 389,6 млн. теңге болып, нақты көлем индексі  101,8%-ға орындалды. Оның ішінде  мал шаруашылығы  4 283,4 млн. теңгені, ал, өсімдік шаруашылығы 106,2 млн. теңгені  құрады.

Аудандағы өнеркәсіп өнім көлемі 2022 жылы 1 млрд. 387,3 млн. теңгеге немесе 100,7% пайызға, ал 2023 жылы 3 айда 157,6 млн.  теңгені құрады. Былтыр тіркелген шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 5 011 бірлікті құрап, оның ішінде жұмыс істейтін шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 4 932-ге жетті. 2023 жылы жұмыс істейтін шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 5465-ке жетті.

Аудан аумағында жалпы пайдаланымдағы және елді мекендердің ішкі көше автомобиль жолдарының ұзындығы 937,3 шақырымды құрайды. Республикалық маңызы бар 25 шақырым автомобиль жолының 100 пайызы асфальттанған. Облыстық маңызы бар 426 автомобиль жолының 410 шақырым асфальт, 16 шақырым шағал тас. Аудандық маңызы бар 116,8 шақырым жолдардың 112,6 шақырымы асфальтталған, 4,2 шақырымы – тас жол.

Жаңа әкімге осындай көрсеткіші бар аудан тапсырылып  отыр. Нақтысын айту керек, Бәйдібекте өндіріс орындары, тартылған инвестиция көлемі өте аз. Ендігі кезекте Ерлан Нұрмахановқа инвестиция тарту, кәсіпорындар, зауыттар ашу міндеті жүктеліп отыр. Жаңа жұмыс орындарын ашу – уақыт талабы.

Түркістан: Халық жаңаша серпіліс қажет екенін ұқты

Сауран аудандық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің басшысы Айгерім Ералықызы Конституциялық түзетулер жобасы азаматтардың сұранысына негізделген және бүкіл қоғамның мүддесі үшін жүзеге асырылды дейді.

-Елдегі саяси реформалар негізінде Конституциямызға енгізілетін жаңа өзгерістер уақыт талабымен пісіп-жетілген, халық көкейінде жүрген сан сауалдардың нақты жауабы. Қазақстанның өзгергенін, жаңа Қазақстан болғанын, жаңаша бағытта жүргенімізді, әрі қарай дамығанын қалаймын. Сол себепті, мен туыстарымды, достарымды барлық жақындарымды референдумға атсалысуға шақырдым. Бардым, өз таңдауымды жасап, елімің болашағы үшін өз үлесімді қостым десем артық болмас. Өйткені болашағымыз көркеюі керек.

Түркістан жұртшылығы бұл референдумды қолдауда белсенділік танытқанының куәсі болдым. Оның себебі де жоқ емес, өйткені халық ескі жүйеден жылықты, жаңашыл бір серпіліс қажет екенін ұққанын түсіндім. Облысымыздың жұршылығы үлкен-кіші демей түгел қоштап, қолдау білдіргенін көріп іштей қуандым. Бұл ертеңгі Жаңа Қазақстанның дәл осы күннен басталғанының бір көрінісі еді.

Жалпы алғанда, референдумда заңның 33 бабына 56 өзгеріс енгізілді. Ата Заңға енгізілетін өзгерістер мен то­лық­тырулар жобасын белгілі заң­­гер-құқықтанушылар және конс­­титуциялық құқық саласы­ның ма­мандары әзірледі. Оған Конс­ти­туциялық Кеңес оң бағасын берді. Конституцияға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың бәрі өзара байланысты және бір мақсатты көздейді. Атап айтқанда, мынадай үдерістерге құқықтық негіз қалыптастыруға арналған:

Суперпрезиденттік бас­қару үлгісі­нен президенттік респуб­ликаға түбегейлі көшу;

Бірқатар билік өкілеттігін қайта бөлу;

Парламенттің рөлін күшей­тіп, мәртебесін арттыру;

Елді басқару ісіне халықтың қатысу мүмкіндігін кеңейту;

Азаматтардың құқықтарын қорғау тәсілдерін жетілдіру.

Осы аталған өзгерістер еліміздің дамуына жол ашатынына сенімім мол. Себебі  Президентіміз өз сөзінде «Әділетті Қазақстан: Бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым» Біздің басты мақсатымыз – Қазақстанда әді­леттілік орнату. Ол үшін өткеннен сабақ алып, өт­­кеннің қателігін түзетіп, қордаланған мәсе­ле­лер­ді шешу керек деген болатын. Осындай нақты қадам, батыл бастамалардың нәтежиесі елдің қарыштап дамуына серпін болары ақиқат.

Жаңа Қазақстанды құруға апаратын жол референдумнан бастау алды деп ойлаймын. Себебі референдумдағы өзгерістер оң нәтижесін беріп жатқанына баршамыз куәгерміз. Осыған дейін депутаттыққа үміткер болуы үшін саяси партияның өкілі болуы қажет ететін болса, енді Қазақстанның кез-келген азаматы партияға мүше болмай-ақ өзін парламент, мәслихат депутатына ұсына алады. Маған ұнағаны сол депутат халықтың қамын ойлайтын адам ғой. Ондай адам қара халықтың ішінен шығуы керек. Президент енді ешқашан саяси партия мүшесі болмайды. Одан кейін оның туыстары ешқандай лауазымға тағайындалмайды. Одан кейін біздің жеріміз ешқашан, ешқандай шетелге сатылмайды. Осы сынды өзгерістер елдің дамуының кепілі екені анық.

Әкімдерді сайлау бұл қоғам талабына сай үдеріс деуге болады. Соның өзі  демократия деп санаймын. Осы уақытқа дейін тек тағайындау арқылы жүргізілетін бұл үрдіс түбегейлі реформаланды. Ауыл әкімін сол ауылдық округке қарасты ауылдардың тұрғындары дауыс беру арқылы сайлайды. Ауылға жанашыр іскер азаматтарымыз қазіргі таңда халықтың ықыласына бөленіп, ауыл әкімі болып қызметтерін жасауда. Елдің батасын алып, рақметіне бөленуден артық ештеңе жоқ шығар, сірә.

Мен Сауран ауданы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің басшысы болып қызмет атқарам. Өздеріңізге белгілі, Сауран ауданы аты көне болғанымен заты жаңа, енді ғана құрылған жас аудан. Бірақ құрылғанымыз кеше болса да жетістіктеріміз жетерлік. Ауданымыздың тумалары өздерін әр салада үздіктер қатарынан көрсете білуде.

Қазіргі таңда ауданымызда жалпы 33030 жас бар. Біздің басты мақсатымыз –сол жастарымыздың әлеуметтік және тұлғалық дамуына жәрдемдесіп, жастар саясатын дамыту, келешек жастардың жарқын болашағына зор үлес қосу. Жастар ортасында волонтерлік қызметті дамыту, жас отбасылармен жұмыс жүргізу және жастарға отбасы өміріне дайындалуға жәрдемдесу де назарда тұр. Сондай-а, жастар орталығымыздың осы күнге дейінгі жетістіктерін айтып кетпесек болмас. Көптеген облыстық деңгейде ұйымдастырылған интеллектуалды сайыстар, спорттық ойындар және т.б. белді деген іс-шаралардың басы қасында болып, жүлделі орындардың төрінен көрініп жүрген жайымыз бар,-дейді Айгерім Ералықызы.

Соңғы екі жылдан астам уақыт ішінде елімізде ауқымды саяси реформалар жүзеге асты. Маңызды шешімдер қабылданып жатыр. Ал оның аймақтарға әсері қалай? Ел қалай қабылдады? Түркістан өңірінде қандай өзгерістер болды? Осы төңіректегі сауалдарды  Мақтаарал аудандық мәслихатының депутаты Сүндет Кенжебаевқа қойып едік.

– Мемлекет басшысының бастамасымен елімізде саяси реформалар жүріп жатыр. Референдум, Жолдаудағы саяси міндеттерді Түркістан халқы қалай қабылдады?  Ел пікірі қандай?

– 2022 жылдың 5-маусымында бүкіл еліміз бойынша республикалық референдум өтті. Аудандық мәслихаттың депутаты әрі Мақтаарал ауданында жастардың көшбасшысы ретінде саяси науқанды халық арасында насихаттауға атсалысып, агетациялық топтың ішінде белсенді жұмыс жүргіздім. Мақтаарал ауданында халықты жаппай референдумға қатыстыру мақсатында үгіт-насихаттық жұмыстарды бірнеше бағытта жүргіздік. Ең алдымен, көшелерде, қоғамдық орындарда, халық көп шоғырланатын жерлерде билборд, баннерлер ілу, брошюралар тарату жұмыстары тынбай жүргізілді. БАҚ және әлеуметтік желілердегі ақпараттық-насихаттық жұмыстары да белсенді қолға алынды. Аудандағы 18 мәслихаттың депутаттары, қоғамдық ұйымдардың басшылары, ардагерлер кеңесінің төрағалары, әжелер алқасының төрайымдары, ауданның құрметті азаматтары т.б. жер-жерлерді, оның ішінде кенттер мен ауылдарды аралап, тұрғындармен кездесулер өткізді. Шаруалармен, кәсіпкерлермен тағы басқа түрлі салалардың қызметкерлерімен, еңбек адамдарымен кездесу шаралары да қолға алынды. 

Өзім аудандық мәслихаттың депутаты ретінде ауданға қарасты 2 кент пен 9 ауылдық округтің барлығын аралап шықтым. Кездесуде байқағаным, халық Жаңа Қазақстанның болашағынан зор үміт күтті және саяси науқанға белсене қатысты. Сондықтан, Түркістан облысының халқы бүкілхалықтық референдумға жаппай қатысамыз деген ойларын жалпы кездесулерде ашық айтты. Бұл ретте қалың жұртшылық қолындағы мүмкіндігін тиімді пайдаланып, Референдумға жаппай қатысуы аса маңызды екен ұқты. Жалпыхалықтық референдум өткізу арқылы еліміздегі әрбір азамат өзінің еркіндігі мен дербестігін, келешек үшін таңдау жасай алатынын дәлелдеуі тиіс екендігін түісінді.

– Референдумнан кейінгі заңдағы өзгерістерге көзқарасыңыз қандай?  Ол елдің дамуына серпін бере ме?

– Бүкілхалықтық Референдум арқылы Конституцияғы енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар дүйім жұртшылыққа өте тиімді болды деп ойлаймын. Бұл жаңаша тыныс, жаңаша леп. Бүкілхалықтық дауыс беру арқылы Ата Заңға өзгерістер енгізу қазақстандықтардың билікке деген сенімін нығайтып, ертеңгі күнге деген үмітін арттыра түсті. Сонымен қатар, бұл – Жаңа Қазақстанды құруға аса қажетті қадам болды. Саяси науқанның арқасында Ата заңымыз Конституцияның 3-тен бір бөлігіне өзгерістер енді. Осылайша халқымыз Жаңа Қазақстанды құруға қадам басты деген пікірдемін.

Жаңа Конституцияда Елбасының барлық мәртебесін алып тастау, Президенттің өз өкілеттіктерін жүзеге асыру кезінде саяси партияға кірмеуі, Конституциялық сот, Жоғарғы сот және өзге де соттардың төрағалары мен судьяларына, Орталық сайлау комиссиясының, Жоғары аудиторлық палатасының төрағалары мен мүшелеріне партия мүшесі болуға тыйым салу, Президенттің жақын туыстарына мемлекеттік және квазимемлекеттік секторда басшылық қызмет атқаруға шектеу қою, сенаттағы президент квотасын 10 депутатқа дейін азайту, мәжіліс депутаттарын 98-ге дейін қысқарту, төменгі палатаны пропорционалды және мажоритарлы жүйемен сайлау, депутатты кері қайтару жүйесін енгізу, Конституциялық сот құру, Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетін Жоғары аудиторлық палата етіп өзгерту, өлім жазасын толығымен жою, адам құқықтары жөніндегі уәкілге иммунитет беру мәселелеріне өзгерістер енді. Ендеше, халық өзі қабылдаған заңын құрметтеп, қастерлеуі керек. Заң жақсы жұмыс істеу үшін, оны бұлжытпай орындау күнделікті дағдыға, әдетке айналуы керек. Негізгі Заңға құрметпен, құнттылықпен қарау – біздің ортақ парызымыз. Сонда ғана заңдарымыздағы өзгерістер іс жүзінде нәтие береді.

– Парламент және мәслихат депутаттарын сайлауда да өзгерістер болды.  Мажоритарлық жүйе енгізілді.  Жастар мен әйелдерге арнайы квота енгізілді. Сіздің ойыңызша осы өзгерістер жаңа тұлғаларға саясатқа жол ашты ма?

– Әрине, жол ашты. 2021 жылдың басында аудандық мәслихат депутаттарының сайлауының 7-ші шақырылымы бойынша мен өзім «Праймеризге» қатысып жастарға берілген квота бойынша депутат болып сайландым. Қазақта "Жас келсе іске" деген жақсы сөз бар. Сол кезден бастап 2 жыл көлемінде аудандық мәслихаттың депутаты бола жүріп Ж.Нұрлыбаев ауылдық округінің қордаланған мәселелерін жергілікті қоғамдастықпен, ауыл әкімшілігімен және ауыл азаматтарымен бірлесе отырып шешуге атсалыстым. Округтегі көшелердің асфальттенуіне, жарықшамдардың орнатылуына, арық-атыздар мен ирригациялық жүйелердің тазалануына, тік дренажды ұңғымалардың жұмыс істеуіне тікелей үлес қостым. Аз қамтылған отбасыларға демеушілік көрсетіп, тұрғындарымыздың әлеуметтік жағдайын көтеруге, кәсіпкерлеріміздің, шаруаларымыздың мәселесін шешуге күш салдым. Көптеген мәдени, спорттық жарыстардың осы округте өтуіне мүмкіндік жараттым. Жастар саясатын жандандырдым. Сонымен қатар, округке газ тарту, бірнеше елдімекеннен дәрігерлік пункттер салу, мәдениет үйінің құрылысын жүргізу бойынша бастамаларды көтердім.  Осылайша, халықтың қолдауына ие болып,  2023 жылдың 19 наурызында өткен сайлауда Мақтаарал аудандық мәслихатының депутаты болып тағы бір рет сайландым. 

– Өзіңіз басқаратын және қызмет ететін мекеменің жетістіктеріне, жұмыстарына тоқтала кетсеңіз…

– Менің негізгі бағыттарымның бірі – жастар саясаты. Мақтаарал аудандық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің директорымын.  Бүгінде мемлекет басшысының бастамасымен жастардың әлеуметтік жағдайын көтеруге өте көп қолдаулар көрсетілуде.  Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде жастарға жеңілдікпен шағын несие берудің жаңа тетігі енгізілді. Осыған байланысты аудан әкімдігінің жанын арнайы мобильді топ құрып, кенттер мен ауылдық округтерде жастарға 2,5 пайызбен несие алудың шарттарын түсіндірудеміз. Сонымен қатар, "Серпін",  "Алғашқы жұмыс орны", "Жастар практикасы", "Жас кәсіпкер", "Бизнес бастау",  "Дипломмен ауылға" бағдарламаларын пайдалана отырып бизнесін ашуға және еңбек етуге шақырудамын. 

 Әрине, мемлекетіміз жастарымыздың дамуы үшін түрлі бағдарламаларды іске қосып жатыр. Жастарымыз сауаттылық танытып, әрбір бағдарламаның талаптары мен ережелерін терең ұғынып, оны өз болашақтары үшін пайдалануы керек. Өз кәсіптерін бастау арқылы немесе жұмысқа орналасып, еңбек ету арқылы еліміздің дамуына атсалыса алады. 

Жастарлың потенциалын туған мемлекетімізді баянды етуге, қуатын арттыруға, оның игілігіне қызмет етуге бағыттауымыз керек. Ол үшін әрбір жас еліміздің тұтастығын, жеріміздің  бүтіндігін, халқымыздың жарастығын аман сақтай білу қаншалықты үлкен тарихи жауапкершілік екенін жан-жақты сезінуі керек. Мен жастар мәселесін үнемі үлкен орталарда көтеріп келемін. Мәселен өткен жылдың шілде айында Зерендіде өткен "Amanat" партиясы "Жастар рухының" кезектен тыс VI съезінде "Amanat" партиясының Төрағасы Ерлан Қошанов, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжановпен тікелей диалог жасауға мүмкіндік туып, мақтааралдық жастардың мәселелерін көтердім. Президенттік жастар кеңесінің мүшесі Олжас Сүйлейменов бауырымның шақыртуымен Елордамызда ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсеновамен кездесуге қатыстық. Ең алдымен халқы өте тығыз орналасқан, қазақылығы бұзылмаған мақталы Мақтаарал ауданынан келгенімді айтып, ауыл билері, көше билері институтын дамыта отырып, әлеуметтік осал топтағы отбасыларды анықтауда сол билердің көмегіне жүгінуді ұсындым. Өйткені, қазір жағдайы бары да жоғы да мемлекетімізден әлеуметтік көмектерді алып жатыр. Бұл салада барынша әділдікті, көмектің дұрыс бөлінуін қалыптастыру үшін ауыл, көше билерінің ұсыныстарын да ескеру керектігін жеткіздік. Өткен жылдың қыркүйек айында Қостанай облысында болған апатқа байланысты ең алғашқылардың бірі болып Мақтаарал ауданынан гуманитарлық көмек жіберіп, аудан басшысының сенімімінің арқасында және тікелей тапсырмасымен аталған гуманитарлық көмекті, жалпы мақтааралдықтардың аманатын қостанайлықтарға жеткіздім. Бұл да мен үшін үлкен абыройлы міндеттердің бірі болды. Облыс әкімі Дархан Сатыбалдының жастармен кездесуінде де маңызды мәселелер айтылды. Биыл жастар санатына жататаны азаматтардың жасын 29-дан 35-жасқа дейін ұлғайту туралы Заң қабылданды. Жастарға берілетін әлеуметтік көмектердің саны артуда. Әрине, мұның бәрі де Жаңа Қазақстанды құру жолында жасалып жатқан өзгерістер. Біз қазақстандық жастар ынтымақ-бірлігіміздің, білім-тәжірибеміздің арқасында елімізді жарқын болашаққа бастай аламыз.

Байланысты жаналықтар

Ұлттық ақпараттық кеңістігіміз потенциалды сепаратистерден тиісінше қорғалмаған

25.07.2024

Аятжан Ахметжан: Министр Бейсембаев сынаған адамын ата жауы санайды

22.07.2024

Нұрбай Кеңесбекұлы: Ұлттық ұлан патриот жастарды шыңдайтын құрылым

30.06.2024

Төрехан Майбас: Бізді осы күнге алып келген - қазақшылығымыз!

28.06.2024

Тіл корпустарын әзірлеу және жетілдіру ісі – аса маңызды тарихи-мәдени іс-шара

27.06.2024

Аңсаған Мұстафа: Ұлттық нақыштағы киім ұлттық сананың оянуына себеп

25.06.2024
MalimBlocks
Ұлттық ақпараттық кеңістігіміз потенциалды сепаратистерден тиісінше қорғалмаған

Қазір ақпараттық, ментальды, гибрид, когнитивті соғыс тәрізді көптеген  ұғым пайда болды.

Аятжан Ахметжан: Министр Бейсембаев сынаған адамын ата жауы санайды

Министрлік ол  шешімнің күшін  жойып, мектепке құжат қабылдайтын уақытты 1-қыркүйекке дейін созды

Нұрбай Кеңесбекұлы: Ұлттық ұлан патриот жастарды шыңдайтын құрылым

«Жас бүркіт» деп аталатын 7 спорттық әскери-патриоттық клубы жұмыс істейді

Төрехан Майбас: Бізді осы күнге алып келген - қазақшылығымыз!

Тәңіріміз сыйлаған құтымыздың Иесі болуымыз керек!

Тіл корпустарын әзірлеу және жетілдіру ісі – аса маңызды тарихи-мәдени іс-шара

Қазақ тілінің корпус қорын арттыру, ішкі функцияларын жетілдіру ғылыми тұрғыдан да, тіл болашағы тұрғысынан да өте маңызды әрі өзекті.

Аңсаған Мұстафа: Ұлттық нақыштағы киім ұлттық сананың оянуына себеп

Ұлттық нақышты киім-кешекке принт түрінде түсіріп, ұлттық сананы жаңғырту жолдарын іздеген дарынды суретші, ұлт жанашыры Аңсаған Мұстафамен әңгімелесудің сәті түсті.