Бауыржан Азанов: Тікелей эфирде сот процесін өткізуге кім шешім қабылдады? Сол бәріне жауап береді

Алқабилер сот шешімінің әділ шығарылуына ықпал ете алып отыр ма?

Олжас Қасым

  • 13.05.2024

Қазақ қоғамында резонанс тудырған экс-министр Қуандық Бишімбаевтың соты заңға және кәсіптік әдеп ережелеріне сәйкес өтті ме? Алқабилер сот шешімінің әділ шығарылуына ықпал ете алып отыр ма? 

Malim.kz сайтының осы және өзге де сұрақтарға белгілі адвокат Бауыржан Азанов жауап берді.    

- Әңгімені қоғам, тіпті, әлем назар аударған Бишімбаев сотынан бастасақ. Істі бақылап отырсыз ба?

- Мен соттың ашық түрде, тікелей эфиреде көрсетілгеніне қарсы болдым. Әлі де қарсымын. Мұның соңы жақсы болады дегенге сенбеймін. Бұл – алқабилер соты. Бұл жерде сотты судьяның өзі ғана жүргізбейді. Алқабилер соты таңдалған. Қазір жұрт олардың шешімін күтіп отыр. Тікелей эфирдегі сот кезінде алқабилер туралы заң, Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процессуалдық кодексінің ережелері бұзылды. Себебі, алқабилерге қылмыстық кодекспен де, әкімшілік кодекспен де ешкім қысым көрсете алмайды.  Ал сот басталғалы бері оларға жан-жақтан қысым көрсетіліп жатыр.  Алқабилерге көруге тыйым салынған нәрселерді халық видеодан көріп отыр. Ондай видеоларға барлық әлеуметтік желі толып тұр. Міне, сондықтан, сот өндірісінің, алқабилер сотының принциптері мен қағидалары бұзылды деп ойлаймын. Қоғам қысым көрсетілген соттан, алқабилерден қандай әділ шешім күтеді?! Сотқа қатысып жатқан неше түрлі адам бар. Мәселен, куәгерлер  тікелей эфирде жауап бергісі келмейді. Айыпталушы, жәбірленуші тарап болсын мұндай ашық сотқа бармаймын деуі мүмкін. Себебі, көпшілігі бет-жүзін ел алдында көрсетуді құп көрмейді. Мұның бәрін жариялап, соттың ішінде болып, алқабилерге қысым жасап жатқан адамдарға осы сотты ашық өткізуге шешім шығарғандар жауап беруі керек. Бірақ ол туралы ешкім айтып жатқан жоқ. Ата Заңда тыйым салынған, көруге, естуге болмайтын қағида-ережелер  бар. Тікелей эфирде сот процесін өткізу туралы шешім қабылдаған кім? Ең бірінші сұрақ осыдан басталады. Мысалы өз басым мұндай шешімді Құлбаева деген судья қабылдады дегенді естіген жоқпын. Құжат бар ма?  Ондай шешімді қабылдай алатын сот жүйесі, судьялардың мүддесі туралы Қазақстан Республикасының заңы бар. Конституция бойынша судьяның жеке өткізіп жатқан сот процесіне кім болса да араласа алмайды. Судья Құлбаева ондай шешім қабылдамаса басқа ешкімнің құқы жоқ.  

- Кейбір әріптестеріңіз Бишімбаев сотының жүргізілуіне қатысты түрлі сын айтты. Адвокат ретінде осы істегі судья, прокурор, адвокаттардың жұмысына сіз қандай баға берер едіңіз? 

- Мен әріптестеріме баға бере алмаймын. Себебі заңмен тыйым салынған. Неше түрлі соттарға қатысып жүрміз. Бірақ, бұл сот маған қызық емес. Адвокаттар үшін де күрделі іс деуге келмейді. Сот бітпей жатып судья Айжан Құлбаева Бишімбаевтың адвокаты Ғазымжановтың үстінен жеке қаулы шығарды. Менің ойымша, қорғаушыға тікелей қысым көрсетілді. Алайда, оның дұрыс емес екенін ешкім айтқан жоқ. 

- Әлеуметтік желіде, қоғам тарапынан Бишімбаев адвокаттарына қарсы сын айтылып келеді. Әрине, әрбір адамның адвокат көмегіне жүгінуіне конституциялық құқы бар. Оны сол адвокаттардың өздері де айтты. Сұрайын дегенім, қылмыс жасағаны дәлелденген адамға адвокат болу қиын емес пе?  

– Кімді қорғасаң да оңай емес. Заңға бағынатын елдерде, ар-ұждан институты бар халықтарда адвокадтың кімді қорғайтынында ешкімнің шаруасы болмауы керек. Кез келген адамның қорғануына құқығы бар. Мысалы, Америкада 97 адамды өлтірген қылмыскер адвокат жалдады. Оған қарсы айтылған бір ауыз артық сөз болған емес. Осыдан 34 жыл бұрын БҰҰ қабылдаған конвенция бар: сәйкесінше, адвокат ешкімнің қорлауынсыз, өз жұмысын атқара алады. Бишімбаевтың адвокаттарын қорлаған кезде, 20 млн халық арасынан бір «әй» дейтін адам болған жоқ. Шетелде тұратын әріптестерім «сендерде неге адвокаттарды қорлап жатыр?» деген сұрақ қойды.  

 – Жалпы, сот отырыстарына Алқа билер қатысып, үкім айтуына қалай қарайсыз? Олардың шешімі әділ шығуы үшін қандай талап, ереже болуы керек?

– Әзірге, елімізде классикалық алқа билер соты қалыптаспады. Бізде Германияның моделін негізге алған  “Шеффен” соты бар. Әлемде оны ешкім алқабилер соты деп мойындамайды. Қазақстанда мәселен алқабилер сотының мүшелері судьямен бірге кеңесу бөлмесіне кетеді. Ол жер заң бойынша құпия сақталуға тиіс. Онда судья алқа мүшелеріне не айтатынын білмейміз. Бұған дейін алқабилерге қатысты бір іс болған. “Кеңесу бөлмесінің ішінде судья қысым көрсетті” деп билер тарапы арызданған. Қателеспесем, 2020-2021 жылдары осындай шу шықты. Айыпталушы жігітті бір соттап, бір босатып жүргенде қарындасы өзіне қол салып, үлкен трагедия болған. Сондықтан,  алқабилер соты – өте күрделі мәселе. Америкада бұл сот тек қылмыстық емес, азаматтық істерді де қарайды. Бізде ондай істерді алқабилер қарамайды. Ол кезде 96-бап бойынша жазықтылар ақталып кеткен. Сол үшін бұл соттың қарастыратын қылмыстық істерін қысқартып жіберді. Қазақстанда алқабилер бүкіл қылмыстық істерге араласу керек. Бізде «Шеффен» соты ғана бар, классикалық алқабилер соты жоқ. Осыны журналистер халыққа дұрыс жеткізуі керек. 

Алқабилерді  таңдаудың белгілі бір тәртібі бар. Мен өзім Павлодар облыстық адвокаттар алқасының мүшесімін. Талай рет алқабилер сотына қатысқанмын. Сонда алқабилерді таңдауға кететін уақыт жоқ дегенде 1-2 айға созылатын. Себебі, алқаби болу үшін 200-ге тарта адам бақ сынайды. Соның ішінен 17 адамды іріктеп алуға біршама уақыт қажет. Ал Бишімбаевтың сотына алқабилерді өте аз уақытта таңдап алды. Негізі асықпау керек еді. 

- Сіздіңше, Қазақстан заңдары шетел заңдарымен салыстырғанда, қатаң ба әлде жұмсақ па?

- Шамамен алғанда барлығы ұқсас. Десек те, ерекшеліктер де жоқ емес. Мысалы біздің қылмыстық кодексте 174, 274 баптар бар. Яғни, бұл баптармен әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік немесе діни алауыздықты қоздырғандар айыпталып, жазаға тартылады. Батыс елдерінің көбінде ондай бап жоқ. Оларда мұндай әрекеттер қылмыс деп танылмайды. Украинаның өзінде біздегі 174 баптың аналогы жоқ. Қазақстанда қылмыс болып танылған жайттар Батыс мемлекеттерінің заңдарында кездеспейді. Қалай десек те, заңның қатаң не солқылдақ болуы сот жүйесінің тәуелсіз болуына байланысты. 

Сұқбаттасқан Олжас ҚАСЫМ

Фото: интернеттен

Байланысты жаналықтар

Терроризмді насихаттаған елорда тұрғыны сотталды

08.07.2024

Маңғыстауда жасөспірімді зорлаған адам 22 жылға сотталды

05.07.2024

Айкөркемнің қазасына қатысты іс: Сот жаңа үкім шығарды

05.07.2024

Экс-министр Арыстанбек Мұхамедиұлының үкімі өзгеріссіз қалды

05.07.2024

Елімізде сексуалдық cипаттағы қылмысты анықтау үшін жаңа сараптама енгізіледі

02.07.2024

Алматыдағы көлік апаты: Кінәлі жүргізуші 2 ай үйқамақта болады

02.07.2024
MalimBlocks
Терроризмді насихаттаған елорда тұрғыны сотталды

Бұл туралы ҰҚК баспасөз қызметі мәлім етті.

Маңғыстауда жасөспірімді зорлаған адам 22 жылға сотталды

Сотталушы жасөспірім қыздың дәрменсіз жағдайын пайдаланған

Айкөркемнің қазасына қатысты іс: Сот жаңа үкім шығарды

Экс-министр Арыстанбек Мұхамедиұлының үкімі өзгеріссіз қалды

Сот Арыстанбек Мұхамедиұлының әйелі Ғалия Ысқақоваға жазасын өтеуіне байланысты босату туралы шешім қабылдады

Елімізде сексуалдық cипаттағы қылмысты анықтау үшін жаңа сараптама енгізіледі

Жобаны іске асыру үшін Астана қаласының Сот сараптамалары ғылыми-практикалық орталығының 3 сот сарапшысы Беларусьте оқудан өтті.

Алматыдағы көлік апаты: Кінәлі жүргізуші 2 ай үйқамақта болады

Бұл туралы Анель Сартаеваның адвокаты Қанат Алсейіт өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлады.