Бізге популизм керек емес, әкім мырза! – Шәпкенов апатты үй тұрғындарын қайда көшіреді?
Аудан әкімінің айтуынша, Индер ауданында 233 отбасы апатты үйде тұрып жатыр. Оларды жаңа үйге көшіруге бұрын мүмкіндік болған, қазір заңға өзгерістер еніп, олардың мәселесін шешу қиындап кеткен.
Кезегі жылжымайтын тұрғын үй
Атырау облысы, Индер ауданы орталығында тұрғындар 2018 жылдан бері апатты деп танылған үйде тұрып жатыр. Бұл туралы Malim редакциясына хабарласқан кент тұрғыны айтты.
Өзін Моншақ Кенжеғалиева деп таныстырған тұрғын Индер кентіндегі Қазақстан 44 мекенжайында орналасқан жатақханада тұрады. Жұмыссыз.
«1997 жылдан бері осы жатақхананың бір бөлмесінде тұрып жатырмын. Іші «сырость», жылуға қосылмағандықтан қыста бұл үйде тұрмаймын. Жасым болса 56-ға келді, осы үйден басқа тұрақты үйім жоқ, әкімдіктерге, басқаларына барып, мына үйдің жайын айта-айта шаршаған адаммын. Бірнеше мәрте республикалық, облыстық БАҚ-қа да шықтым, ылғи айтатын жауаптары біреу ғана: «Қараймыз, қарап жатырмыз, кезегіңіз келсін». Бірақ, не кезек жылжымайды, не үйлері салынып бітпейді. Қазір дымқыл үйдің кесірінен тамағым ауырып, бронхит болып, азап көріп отырмын. Жұмысқа жарамсыз болып қалдым», - дейді Моншақ Кенжеғалиева.
Бұл бір қабатты жатақхана 1967 жылы салынған. Пайдалануға берілгеніне 55 жыл болған үй қазір жылу жүйесінен ажыратылған. Кенжеғалиева үйін кәдімгі газ плитамен жылытады. Өзге тұрғындар да үйлерін өздігімен, амалын тауып, жылытып жүр. Бұл үй 2018 жылы апатты деп танылған. Содан бері 4 жыл өтсе де, әлі күнге бұл үйде бес отбасы тұрып жатыр.
«Жатақхана апатты деп танылған соң, бізге құжаттарыңызды жинаңыздар деді. Жинадық. Жекеменшік сараптамалық қызмет көрсететін орталық үйімізді жарамсыз деген қорытынды шығарды. 27-28 жыл бойы тұрып келе жатқан үйіміз осы. Содан бері көріп келе жатқанымыз азап. Жылу жоқ, анда барам, мұнды барам, ешкімге сөзім өтпейді. Кент бойынша апатты үйлердің тұрғындары санатындағы кезекте 17-ші болып тұрмын. Бұл тізім мүлде өзгермейді, қанша жыл болды, әлі сол қалпы».
Бізге популизм керек емес, әкім мырза!
Кентте апатты үйдің зарын айтып жүргендер көп. Бірақ, бәрі бірігіп, ұйымдасқан түрде қимылдамайды. Әркім өз үйі, өз жатақханасы үшін жеке-жеке әкімдік табалдырығын тоздырады. Мықтағанда, бір жатақхананың тұрғындары бірігеді. Моншақ Кенжеғалиева көп жиындардан хабарсыз қалам дейді. Бірақ, осы жолы облыс әкіміне мұңын шағудың реті келіпті.
Осыдан екі апта бұрын облыс әкімі Серік Шәпкенов Индербор кентінің тұрғындарымен кездесу өткізіп, тұрғындардың біраз мәселесін өз құлағымен естіген. Моншақ Кенжеғалиева да бұл жиынның болатынын естіп, арнайы барыпты. Жай бармаған, әкімнің алдына шығып сөз сөйлеген. Мінберде тұрып айтқан сөзі теледидарға да шығыпты.
Теледидарға шыққан сөзінен бөлек, тұрғынның өзі жіберген, әлеуметтік желідегі (Instagramm) видеожазбаны тамашалап шықтық. Жаңа әкім Шәпкенов бекер обалы қане, тұрғындармен ашық кездесу өткізіпті. Тұрғындар кезегімен шығып, аудандағы проблемаларды айтудай айтыпты. «Ауырсақ, ары қарай кете беруге дайындала береміз бе деп ойлаймыз», деп, медициналық көмектің жоқтығын, дәрігерлердің жетіспеушілігін; аудандағы жұмыссыздық, ауыл шаруашылығы бойынша қолдаудың аздығы; жолдың жоқтығы («алдымыз да балшық, артымыз да балшық»), әсіресе, көктемде үйден шығудан қалатындарын, тіпті, «жаңбыр жаумаса екен деп тілейтіндерін; тротуарлардың «ойнап» кеткенін; салынған үйлердің сапасы нашар екенін; коммуникация жоқ екенін; қоқыстың үйіліп жатқанын; балалар алаңы жоқ екенін; интернеттің дұрыс істемейтіні; телефон желісі дұрыс істемейтін; ауырған баланы ауруханаға жаяу апаратындарын, бәрін-бәрін айтыпты. Тыңдап отырып 30 жыл бойы әлемге танылып келген Қазақстан емес, өзге бір жер шары картасына түспей қалған қалтарыс туралы сөз болып жатыр ма деп ойлауға болады.
Өзі де жақында ғана келген Серік Шәпкенов тұрғындардың айтқанын толық құптаған және бәрінен хабардар екенін айтқан. Ол бұл жолы елдің алдында жүзі ашық отырды деуге болады, себебі, өзі жеке ешкімге ешқандай уәде бермеген, бұл өз кезегінде жауапкершілікті жеңілдетеді. «Өткенге топырақ шашпайық» деп бірнеше мәрте айтқанымен, әр сөзінен «мен жаңадан келіп жатырмын» деген леп есіп тұрды. Танысайын, білейін, өз көзіммен көрейін деп келдім деген мәнде жиі сөйлеп, тұрғындардың арыз-шағымын қағазға түртіп алып отырды.
Дегенмен, Шәпкеновті облыс тіршілігінен хабарсыз деуге келмейді. Ол 2016 жылдан бастап осы облыспен етене араласып жұмыс істеп келеді. Алдымен қала әкімі, одан соң екі жылдан аса облыс әкімінің бірінші орынбасары болды. Содан да болар, кейбір мәселелерге қатысты тұрғындармен жарыса сөйлеп, кемшіліктердің бар екенін білетінін білдірді. Тіпті, сапасыз үйлерді салатын кейбір компаниялардың өзбек, қарақалпақ жұмыс күштерін арзанға пайдаланатыны жайлы да айтып салды. Бірақ, әкім қанша мәселені айтқанымен, нақты бір шешім ұсынған жоқ. Тек, алдағы уақытта қарайтынын айтып, «істемесін демейміз, істесін, бірақ сапа болу керек» деген жалпылама талаптар төңірегінде сөйлеп отырды.
«Билікке көмекші – ең алдымен халық. Мен үшін де ұсыныс-пікірдің көп болғаны жақсы. Өзім үшін анықтайтын мәселелер де көп. Құрметті жерлестер! Сіздерден өтінетінім, осы елде істеліп жатқан шаруалардың бәрі мен үшін емес немесе анау министрліктегі азаматтар үшін емес, осы елдің игілігі үшін. Қоғам белсенділері болу керек, дұрыс. Қоғамдық бақылау болу керек», - деп, қоғамдық нормалар жайына жиі ойыса берді.
Қысқасы, бұл кездесуден түйгеніміз, облыс әкімі бәрінен хабардар екен. Жолдың сапасы нашарлап кеткенінен де, мамандардың жетіспей жатқанынан да, тұрғын үй мәселесінен де, тіпті, жолдың нашар екенін, өйткені, «кезінде жүргізілген кәріз жүйесін қайта көму кезінде топырағы дұрыс нығыздалмағанынан» да хабардар.
«Мұның бәрі неден басталады, ағайын? Басынан бастап бақылауда ұстап отыруымыз керек те. Бір қалып қойған зат негізінен қалып қояды. Өткенге топырақ шашпайық, болған іс болған болар. Бірақ, біз мұны енді қайталамауымыз керек. Президентіміз не деді? Халықпен ашық сөйлесіңдер, барды бар деңдер, жоқты жоқ деңдер деді. Біз бәрін ашып қарап, ортақ шешімге келуіміз керек. Келіскен затты істеуіміз керек. Әйтпесе, мәселелер қарала береді. Халықтық бақылауды күшейтейік, соған атсалысыңыздар. Барын бар деңіздер, жоғын жоқ деңіздер. Болатыны болады, болмайтыны болмайды», - деп, халықтың өзіне салмақ сала сөйлеген әкімге тұрғындардың бірі:
«Біз айтып жатырмыз, тыңдап жатқан ешкім жоқ. Бізге популизм керек емес, бізге жұмыс істейтін команда керек», деді.
Кенжеғалиева сияқтылар аз емес
Осыдан кейін апатты үйдің тұрғындарына сөз тиді де, екі сағатқа созылған жиналыстың жартысына жуығы осы мәселеге арналып кетті. Тұрғындар сөйледі, әкім сөйледі, қайтадан тұрғындар сөз алды.
«Менің жанайқайым – біз апатты үйдің тұрғындарымыз. Жатақханада тұрамыз. 60 жыл болды сонда тұрып келе жатқанымызға, бұл ескі аурухана. Бәріміз көп балалы анамыз. Міне, мұнда көршілеріміз түгел жиналып келіп отырмыз. Қонаев-6 а, б, в, г деген үйдің тұрғындарымыз. Апатты үйдің тұрғындары бойынша кезекте тұрмыз, бірақ, не себепті екенін, бізге кезек келмейді. Ана үй бір бөлмелі, құлап қалайын деп тұр, үкімет қалайша жекеменшікке бергенін білмеймін. Бізде «ГосАКТ» те жоқ, жеріміз үкіметтікі, үстіндегі үй біздікі. Не орнына үй сала алмаймыз, не жалу жүйесін тарта алмаймыз, болмайды дейді. Кеңейтейік десек, оған көнбейді. Мына әкімдіктегілер бізді әбден таниды, барсақ, «бәрін қатырамыз» деп шығарып салады. Жылма жыл осы әңгіме. Не әжетхана жоқ, не кәріз жүйесі жоқ, не ауа алмасу жүйесі жоқ, бәрі құлап жатыр, келіп көрсеңіз болады. Тұратын жер емес, айналамыздың бәрі қоқыс. Орталықта тұрамыз, құйттай үй бір қуыста елеусіз қалып қойды», - дейді тегін Қалиолла деп таныстырған көп балалы ана.
Бұдан кейін біздің кейіпкеріміз шығып сөйледі:
«Осында отырған аудан әкіміне де, бәріне біздің жағдайымыз мәлім. Бірақ, ештеңе шешілмейді. Біз қайда, кімге баруымыз керек, әкім мырза? Үйде жылу жоқ, газ плитамен жылынып отырмыз, угар! Сіз тыңдаңызшы, әкім мырза, сізден басқа кімге айтамыз? Бізді жаңа салынып жатқан үйлердің тізіміне кіргізіп, алып беруіңізді сұраймын», - деді.
Әкім бұдан ары «апатты үйлер түгел сөйлеп алсын» деп, тыңдады да отырды.
«Мен Қабдешов 7 үйдің тұрғынымын. Апатты үйде тұрамын. Қыс бойы көргеніміздің бәрі бейнет. Қаңтарда суға кеттік, содан ауырып, ақпанда жазылып шықсам, тағы да сол. Үйіне су кіріп жатыр, оған топырақ төсе десе, қазір камаз жүре алмайды депті аудан әкімінің орынбасары. Үйде тышқан қаптап кетті сөздің шыны керек. Депутаттар да келіп кеткен, аудан әкіміне, оның орынбасарларына жағдайымыз әбден мәлім. Талай журналистерді де шақырдық, менде осы тұрғанда 20 журналистің телефоны бар, бәрі жазады, айтады, бірақ, ештеңе шешілмейді», - деді аты-жөнін таныстырмаған бір тұрғын.
Апатты үйді жаңа үйге ауыстырудан күдерін үзген тағы бір тұрғын ертеректе алып қойған жеріне үй сала алмай отырғанын, өйткені, әкімдіктегілер ол жердің «санитарлық зонада» орналасқанын айтып, рұқсат бермей отыр екен. Енді соны басқа жерге ауыстырып беруді сұрайды. Немесе қасындағы бейітті қоршап қойса, өзіміз үй салып, тұра берер едік деді.
Облыс әкімі бұдан ары «заң үстемдігі деген болады», деп бастап, заңның бәріне ортақ екені туралы лекция оқып кетті.
Заң жомарт әкімнің қолын байлар
Серік Шәпкенов заң туралы, оның барлық азаматқа ортақ екені, оны орындауға тиіс екені жайлы дәріс оқып отырғанда, аудан тұрғындары өзгермелі заңның кесірінен үйсіз жүргенін, әрине, білген жоқ.
Біз 14 сәуір күні өткен жиынның нәтижесі қалай жүріп жатыр екен деп, Атырау облысы әкімінің баспасөз қызметіне хабарластық. Облыс әкімінің баспасөз хатшысы Әсел Ауданбаева бұл мәселеден облыс әкімі хабардар екенін айтады.
«Сәуір айында облыс әкімі Серік Шәпкеновтің Индер ауданына жұмыс сапары кезінде аудан тұрғындары апатты үйлердің мәселесін көтерді. Аймақ басшысы 2 ай мерзімде мәселені зерделеп, шешу жолдарына қатысты жоспар құруды тапсырды», - дейді ол.
Индер ауданының бұрынғы әкімі Мейірім ҚАЛАУИ бұл үйлердің мәселесін шешу, яғни, "аталған үйлерді көшіру мен бұзу 2021-2024 жылдарға көзделгенін" айтқан. Ауданның қазіргі әкімі Салауат Өтеғұловпен тілдескенімізде, ол облыс әкімі екі ай уақыт бергенін, қазір бір айдай мерзім өткенін, енді бір ай уақыт ішінде мәселені шешуге тырысып жатқанын айтады. Аудан әкімінің айтуынша, кейбір заңдық шектеулер апатты үй тұрғындарының мәселесін шешуде қиындық туғызып отыр.
«Қазіргі уақытта Индер ауданы бойынша апатты деп танылған 25 көп пәтерлі тұрғын үй (233 пәтер) бар. Оның 23-і Индербор кентінде, 2-еуі Жарсуат ауылдық округінде орналасқан. Бұл үйлер Индер ауданының қалыптасуы кезінде геологиялық барлау станциясы мен тұз шахтасының қызметкерлеріне 1950 жылдары салынған. 2016 жылы аудандағы апатты жағдайдағы үйлердің мәселесін шешу мақсатында жоспар құрылып, қазіргі уақытта 13 үйдің жобалық-сметалық құжаттамасы дайын. Бұған қоса, Индербор кентінде 192 пәтерлік төрт 48 пәтерлі үйдің құрылысы аяқталып, 80 пәтерлік екі тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Алайда 2019 жылы «Нұрлы Жер» бағдарламасына өзгерістер енгізіліп, салдарынан тұрғын үй кезектілігіндегі азаматтардың 3 санатына ғана берілуде. Осыған байланысты бүгінде апаттық тұрғын үйлердің проблемаларын шешуге заң шеңберінде тетік болмай отыр», - дейді аудан әкімі.
Ол енді осы мәселеге қатысты үкіметке заңдық өзгерістерді қайта қарауды сұрап хат жазатындарын айтады. Егер шешімі табылса, жаңа салынып жатқан үйлерден апатты үйде тұраты 223 отбасыға үй беру мәселесі оңынан шешіліп қалуы да мүмкін. «Ал, заңды өзгертпесе қалай шешпексіздер?» деген сұрағымызға аудан әкімі «мына үйлерді сырып тастап, орнына басқа пайдаланылған үй алып беру жағын қарастырып көруге болатын шығар», деп жауап берді. Бірақ, мұның да қиындығы аз емес, өйткені, үй бағасы тұрақсыз және апатты үйдің тұрғындары «шіріктен шығып шірікке бармаймын», деп, жаңа үй сұрап жүр екен. Және, әкім айтқан бір мәселе – бұл үйлердің жеке меншік екені. Кезінде бірлесіп сатып алған, енді бізден жаңалап беруді сұрайды деген сөз айтты. Ал, тұрғындар «мынадай кетеуі кеткен үйді кезінде қалайша жекеменшікке беріп жіберген?» деп аң-таң.
Моншақ Кенжеғалиевадан бастап, 223 отбасы 2018 жылдан бері апатты үйде тұрып келе жатыр. Апатты деп танылған үйде заң жүзінде адам тұруға болмайды. Конституциясында «Қазақстан Республикасының ең басты құндылығы – адам жәнеоның өмірі» деп жазылған елдің тұрғындары суық пен дымды айтпағанда, кез келген күні құлап қалуы мүмкін үйде шартты түрде 4-6 жылдан бері тұрып келе жатыр. Ал, бұл үйлер «апатты деп танылғандықтан қайта жөндеуге жатпайды», дейді аудан әкімі.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде алдымен вице, одан кейін министр болып, екі жылдан аса жүрген Серік Шәпкенов облыс әкімі болса да әлеуметтік проблемалардан жақын арада құтыла алмайтын сияқты. Тапсырма берумен ештеңе бітпейтінін өзі де тұспалдады. Екі ай ішінде жоспар құрылса, ол жоспар ары қарай іске асырылғанша жаз ауса, ар жағында қыс келсе, біздің кейіпкеріміз қасына жолдасын ертіп, тағы бір қысты екі қызының үйіне кезек барып жүріп өткізуге мәжбүр.
- Күйеу балалардан, елден ұят, жасым осыншаға келгенде өз үйіме өзім кіре алмай жүргенім жаныма батады, - дейді ол.
Суреттерді тұрғындар жолдады және ашық дереккөздерінен алынды