Дәрігерлер бір жасқа толмай өлетінімді айтқан: параспортшы Әлияның хикаясы

Әлия Раева туғаннан түрлі қиындыққа төтеп беріп келеді. Жетімдер үйі, сырқат, үш ота мен үздіксіз ауыр ем. Кезінде дәрігерлер бір жылдан артық өмір сүруі мүмкін емес деген Әлия қазір параспортшы, тіпті сау адамдармен жарысып, үлкен Олимпиада чемпионы атануға үмітті.

Айшолпан КЕРІМ

  • 06.08.2021

Әлия жетімдер үйінің есігін перзентханадан шыға салып аттаған. Балалардағы церебралды параличпен қатар түрлі сырқатпен туылған баладан анасы бірден бас тартып, көзден ғайып болған. Осылайша дүние есігін ашқанына үш күн өтпей тірі жетім атанады.

«Туған анам бірден бас тартқан, оның кім, қазір қайда, не істеп жүргенін ешкім білмейді. Ұрланып жүріп, құжаттардан Түркістанның тумасы екенін білгенім бар, басқа хабар жоқ. Қазір жасым 30-да, біреуге мұқтаждығым жоқ. Бірақ кімнің туып, неліктен далаға тастап кете салғанын, оны істеген адамның түрі қандай екенін білгің келеді екен.

Жетімдер үйінде тұрдым. Бақытыма орай, ол азапты кезең ұзаққа созылмады. Қазір балалар үйіндегі жағдай қалай екенін білмедім, біз үшін өте қиын болды. Тәрбиешілер жаза ретінде түні бойы тыр жалаңаш күйде әжетханаға қамап кететін. Қазақша сөйлемесең, тамақ та бермейтін. Жетім, оның үстіне мүгедек болсаң, жағдай тіпті қиын, бізді адам ғұрлы көрмейтін».

Әлия айтқан азапты жылдар шынында ол бес жасқа толғанша жалғасты. Осы жылы Алматыда алғашқы SOS Балалар Ауылы өз жұмысын бастады. Әлия ата-аналы болып, SOS-анасының арқасында сырқатын жеңіп, аяққа тұрғанын айтады.

«1996 жылы Жетімдер үйінің директоры болашақ анама мен жайлы айтып береді. Ол сол Балалар ауылында жетім балаларды тәрбиелеу бойынша дәріс алып жүрген кездері еді. Осылайша бірнеше бала болып, отбасылы болдық, қамқорлыққа алындық.

Ол кезде Балалар Ауылында он балаға бір SOS-ана берілетін. Қазір жұмыс жақсарған: балалары бар ерлі-зайыптыларға қамқоршысы жоқ балаларды қосып береді, яғни бір бүтін отбасы моделі.

Туған анамның түрін де білмеймін, мені дүниеге әкелгені болмаса, SOS-анам мен оның қолында бірге өскен он баланы туғанымдай көремін. Анам өте жанкешті, өмірін жетім балаларға арнаған адам. Өзі сәби сүйе алмағандықтан, бәрін тастап Алматыға көшіп келген. Он баланың бесеуіне Балалардағы церебралды паралич, жүрек ақауы, т.б түрлі диагноз қойылған. Бәрімізді тең көріп, бар жақсыны беруге тырысты. Бізден кейін тағы он бес жетімді бауырына басты.

Жетімдер үйінен алғанда мүгедектер арбасында отырған мені аяққа тұрғызды. Үш үлкен операция үшін түрліше қаражат жинады. Ол шынымен менің өмірім үшін өзінше күресті. Сол үшін болса керек, ескіні еске алсақ, анам ағыл-тегіл жылай жөнеледі.

SOS-анама алғысым шексіз, туған анам тастап кетпегеннің өзінде, мен үшін осынша нәрсеге барар ма еді, білмеймін. Мүмкін, дәрігер айтқандай, бір жасқа толмай өліп те кетер ме едім.»

Әлия анасының жылайтынын айтып отырып, өз жанары да мөлтілдей кеткенін байқамады да. Бір күрсініп алған соң, әңгімесін әрі қарай жалғастырды. Түсінгеніміз, қиындықтар Жетімдер үйінен құтылған соң да біте қоймаған.

«Бала кезден адамдарды тыңдағанды, сыр бөліскенді ұнататынмын. Сол үшін психолог болғым келді. Анам болашағы бар мамандық деп қаржыгерді оқытты. Кейін мамандық бойынша жұмысқа тұрдым. Өкініштісі, үшінші топ мүгедектері қарапайым адамдарша жұмыс істеу керек деген біртүрлі қағида бар. Менің мүгедектігім бар, 8 сағат қатарынан жұмыс істеу тым ауыр. Алайда сол кездері одан өзге табыс табудың амалы жоқтай көрінетін...»

Кейіпкеріміз қоғам тек мүгедектер арбасында отырғанды мүгедек көретінін айтып, қынжылды. Аяғы ауыратындықтан, автобуста баласын алдына алып отыра алмайды, бөлек отырғызуы керек. Осы себептен автобуста үнемі ұрыс шығатындықтан, Әлия қоғамдық көлікті ұната бермейтін. Алайда өмірін түбегейлі өзгерткен кездесу сол автобуста орын алған.

«Тағы бір мәні жоқ тартысқа іштей дайындалып автобусқа отырдым. Бірақ бұл жолы басқаша болды. Жаныма параспорт бойынша кәсіби жаттықтырушы келіп, «Сенің мүгедектігің бар ғой? Бізге кел, спортпен айналыс» деді. Жақсысы, біз үшін спортпен айналыса бастаудың ерте-кеші жоқ, кез келген жаста бастауға болады. Мен спортқа 26 жасымда қосылдым және бұл ең дұрыс шешімім болды. Бұрынғы өмірімді, қинала жұмысқа барып, ауру-сырқатымның бәрі еске түсіп, үйге қайтқан күндерімді еске алғым да келмейді.

Әлия Раева - Malim

Спорт жұмысыма айналды, өзімді сауықтырумен қатар өзге де параспортшылармен жұмыс істеймін. Оның үстіне өмір сүруге ынта арта түсті, жаңа арман, мақсат пайда болды.

Рас, параспортта бәсекелестік зор. Оның үстіне, біз, жетімдер жарыса өскен адамдармыз. Мүгедектігім қалаған нәтижеге жетер жолды ұзартып жіберетіні де рас. Бірақ, менің өткенімді енді сіз де білесіз. Қиналып, жылап аламын да, өткенімді еске алып, тағы алға қарай жүгіре жөнелемін. Бір жасқа толмай өледі деген қыз отызға келіп, сәби сүйіп, ана,жар, спортшы атанып отыр. Енді мені не сындыра алады, қай бір күш тоқтата алады?»

Қазір Әлия бір жаттығудан екіншісіне асығып отыр. Ол әр жаттығу – мақсатына жетудің, өзін құзыреттілерге көрсетудің амалы деп есептейді.

«Қазір күнім жаттығудан басталып, сонымен аяқталады. Кейде ұйқы қысып, кешірек тұрғым келетіні шын. Бірақ анамның «Тұр, тоқтама, есеңді жіберме» деген сөзі құлағымнан кетпейді.

Алайда кейде бәрі тым баяу жүретіндей көрінеді. Паралимпиаға қатысып, белгілі бір жетістікке жеткім келеді. Тіпті жаттықсам, дені сау спортшыларды да шаң қаптыратынымды сеземін. Бірақ жарыс жолына қосылудың өзі бір мұң. Өз ақшаңа дайындалып, жаттығып, өзіңді көрсетуің керек. Көзге түсу үшін еліші жарыстардан қалмау керек, өзге елдердегі жарыстарға шығудың амалын жасау керек. Былтыр Дубайдағы жарысқа қосылу үшін қала бюджетінде қаражат жоқ екенін айтты. Бірақ елдің өзге қалаларындағы спортшылар барып, бақ сынап қайтты. Қызығы, мегаполиске қарағанда өңірлік параспортшыларға ел көбірек көңіл бөледі.

Әзірге тек спортқа бөлер уақытым бар. Жоғарыда айтқанымдай, отбасым бар, балам бар. Бар жұмысты жолдасым екеуміз бөліп істейміз. Болашақта мүкіндік болса, параспорт саласында еңбектеніп, спортшылардың омбудсмені болсам деймін. Түрлі кемшіліктерді сау адам байқамауы да мүмкін, қазір мен қазан ішінде сол спортшылармен бір қайнап жүргендіктен, нендей кемшілік барын да білемін. Соның бәрі шешімін тапқанын, онсыз да қолайсыздығы көп өмірдің сәл де болса, оңайырақ болғанын қалаймын».

Әлияның арманы көп, бәрін жіпке тізгендей айтып беріп, кейін арамызда қалуын өтінді. Сұхбат біткен соң, айналып келіп, тағы бір арманымен бөлісті.

«Мен жолдасым, отбасым туралы көп айтпадым. Отбасы құрған алғашқы күндерім есімде. Жай екі адам бірге тұра бастағандай бір қарым-қатынасымыз болды. Сүю, сөйлесу, қамқор болу дегеннің бәрі кейін келді. Анам да қазір жинала қалғанда, мен жайлы сұраса, әуелі отбасылы екенімді айтады. Жетімдер үйінің қақпасынан шыққан соң, кімге не деріңді, қалай амандасырыңды білмейсің ғой. Оның бәрін аттап өтіп, тұрмысқа шыққаным – өте үлкен жетістік болып көрінсе керек. Осыған қатысты, отбасылық қатынастар, жалпы коммуникация мәселесі бойынша жетімдер үйіне жаңашылдық енгізгім келеді. Негатив толы ортада адами қатынастар жайлы түсінік болғанын қалаймын».

Байланысты жаналықтар

Мүгедектікті анықтауға тәуелсіз сарапшылар тартылады

24.09.2024

Министрлік Паралимпиада жүлдегері Ғаббасовтың ипотекасын жауып берді

06.09.2024

Мүгедектікті белгілеу бойынша 52 мыңнан астам өтінім сырттай форматта қаралды

05.08.2024

Қайыр сұраттырып жіберуге арымыз жібермеді – қамқорлық пен мұқтаждық

17.11.2021

Мүгедекті алдай салу немесе қайырымды қаланың қайырымсыз кәсіпкерлері жайында

26.07.2021

Көзге көрінбейтін мүгедектік: Ешкімнен кем емессің деген өтірік әңгіме

08.06.2021
MalimBlocks
Мүгедектікті анықтауға тәуелсіз сарапшылар тартылады

Тәуелсіз сарапшылар институты 1 қаңтардан бастап жұмыс істейді

Министрлік Паралимпиада жүлдегері Ғаббасовтың ипотекасын жауып берді

Спортшы Көкшетау мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығында жұмыс істейді

Мүгедектікті белгілеу бойынша 52 мыңнан астам өтінім сырттай форматта қаралды

Мүгедектік тобын белгілеу жөніндегі қызметті алу үшін өтініш берушіге тұрғылықты жері бойынша емханаға жүгіну және қажетті тексеруден өту қажет, қалған процестер ақпараттық жүйелерді интеграциялау есебінен оның қатысуынсыз өтеді.

Қайыр сұраттырып жіберуге арымыз жібермеді – қамқорлық пен мұқтаждық

Тараз қаласының тұрғыны Қуантай Тоқбергенов туған ағасы мен жеңгесінің арқасында ғана жарық дүниеде жүргенін айтады. Бірінші топтағы мүгедектігі бар Қуантайды не үйі, не жұмысы, не жағдайы жоқ аға-жеңгесі 20 жылдан бері бағып-қағып келеді.

Мүгедекті алдай салу немесе қайырымды қаланың қайырымсыз кәсіпкерлері жайында

Көзге көрінбейтін мүгедектік: Ешкімнен кем емессің деген өтірік әңгіме

Ернар Озибеков – 24 жаста, Алматыдағы университеттердің бірінде менеджер болып жұмыс істейді. Осыдан он жыл бұрын Ернардың өмірі түбегейлі өзгерді: әлі күнге дейін емі табылмаған дерттің барын аңғарған дәрігер кейіпкерімізге кез келген күні жанарынан айырылуы мүмкін екенін, өмір бақи көз тамшыларын қолдануы керек болатынын айтқан. Ернардың диагнозы – глаукома.