Ерекше қажеттілігі бар адамдар және жұмыспен қамту

Қандай да бір айналысатын шаруасы, жұмысы жоқ адам бұзылады. Бейнелі түрде айтсақ, «көп тұрған су сасиды» деп басталатын мәтел бұл мәселені аша түседі. Жұмысы жоқтық, тамағы тоқтықтың адамды аздыратынын данышпан Абай да айтқан. Демек, қоғамдағы масылдық пен керітартпа мінездерді шектеудің жолдарын қай уақытта да қарастырып, зерттеу жүргізіп, арнайы бағдарламалар жасап отырмақ шарт.
Он екі мүшесі сау адамның өзі масылдыққа бейімделіп, сырттан тон пішіп, кежегесі кейін тартып отырғанда, қоғамға үлгі болып жүрген мүгедектігі бар азаматтар да жоқ емес. Бірі өздігінен өндіріс ашып, шағын бизнеспен айналысып, сау адам істей алмаған тірлік істеп жатыр. Демек, мұндай ерекше адамдар қоғамның үлгісі. Дегенмен… Қандай адам болса да жеке шаруамен айналысуға қабілетті бола бермейді. Сол себепті, оларды жұмыспен қамту, қатарға қосылып кетуіне, қоғамда өзін тең құқықты тұлға сезінуін қамтамасыз ету парыз.
Қазақстанда мүгедектігі бар азаматтарға жұмыс табуға көмектесетін бірнеше тетік жұмыс істейді. Соның бірі Электронды еңбек биржасы. Бұл Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі арқылы бос әрі ыңғайлы жұмыс табуға көмектесетін арнайы тетік. Онда мүгедектерге арналған арнайы парақша бар, сол арқылы тіркеліп, өзіне керекті, мүмкіндігіне сай жұмыс табуға мүмкіндік алуға болады. Онда өзіне керекті тірек сөздер арқылы, сүзгіден өткізу, іріктеу қызметі берілген. Қашықтан істеу, толық емес жұмыс күні талаптары бойынша мүмкіндіктер қарастырылған. Әр жыл сайын, әр маусым сайын электронды еңбек биржасында жұмыс орындарының саны жарияланып тұрады.
Бұл биржада одан бөлек мүмкіндігі шектеулі адамдарды еңбекке баулы, оқыту, қандай да бір мамандықты меңгеруіне мүмкіндік жасайтын орталықтардың қызметі де қоса ұсынылған. Мұның бәрі тегін, промо сабақтар түрінде берілген.
Жалпы, мүгедектігі бар азаматтарды жұмыспен қамту үшін мемлекеттік бірнеше бағдарлама жұмыс істейді. Соның негізгісі әр аймақтардан ашылған жұмыспен қамту орталықтары. Арнайы тегін желі арқылы хабарласып, өзіне керекті ақпарат алып, сол бойынша тиісті жерлерге барып, жұмысқа орналасуға да мүмкіндік алуға болады. Арнайы квоталар бекітілген, соған сәйкес көтермелей бекітілген жалақы негізінде еңбек етуге болады. Бұл тарапта бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі деген де бар. Сол арқылы кәсіпкерлер мен үлкен компаниялар мүгедектігі бар азаматтарды жұмысқа алу үшін арнайы жұмыс орындарын құрып жатады немесе өздеріне керекті мамандықты үйретіп, оқытумен айналысады. Мұндағы ең алыдмен ескерілетіні – мүгедектігі бар адамның денсаулығына ерекше мән беріліп, барлық келісім-шарт оның келісімімен ғана іске асады. Және бір айта кетерлігі, елімізде мүмкіндікке орай жұмыс ұсынатын бірнеше сайт жұмыс істейді. Оның негізгісі, әрине, e-Gov сайты. Одан бөлек, OLX-тен бастап, Naimi.kz-ке дейінгі бірнеше нарықтық порталдар жұмыс істейді. Мемлекеттік «Мүгедектерге арналған арнайы жұмыс орындары» бағдарламасы құрылған. Азаматтар сол арқылы өзіне берілген мүмкіндікті пацйдаланып, жұмыс берушімен келісім-шарт жасасып, өзіне ыңғайланып жасалған тетіктер арқылы жұмыс істеуге құқылы. Мәселен, мүгедектер арбасына ыңғайланып жасалған эргономикалық үстел, ерекше топтағы қызметкерлерге ғана арналған жабдықтар, Брайль пернетақтасы қойылған компьютер сияқты қосымша құрылғылар арқылы мүмкіндіктерін арттырып, қатардағы адаммен бірдей еңбек өнімділігін арттыра алады. Мұның бәрі жұмыс беруші тарапынан ұсынылатын қосымша қызметтерге кіреді. Және бұл жіті тексеріліп, жұмыс берушінің міндеттемелері сүзгіден өтіп тұрады.
Осының барлығы – мемлекеттің мүмкіндігі шектеулі азаматтарға немқұрайды қарамайтынын білдіреді. Олардың құқықтары тапталмауы үшін елімізде бірнеше мүгедектер қоғамы жұмыс істейтінін де айта кеткен жөн.
Байланысты жаналықтар
MalimBlocks
Сұлтанәлі Балғабаев: Дүниежүзі қазақтары қауымдастығын мен тіркетіп едім
Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасы орынбасарлығынан үміткер бір шенеунік өзі бола алмаған соң, айтылған дүниелерді қағазға түсіртіп, құжат жасатпаған. Содан іздеп жүріп, сол жиынды жазып алған радионың бір қызметкерінен дыбысжазбаны алып, сол бойынша өзім хатшы ретінде протокол жасап, тиісті адамдардың қолын қойдырдым. Кейін ұйымның жарғысын жазып шықтым. Солайша, ұйымды Әділет министрлігіне тіркеттік.