Кедейлердің көбі ата-анасын үлгі тұтпайды - зерттеу
Жаппай сауалнама жүргізу нәтижесінде табысы төмен отбасы мүшелерінің көбі ата-анасының отбасылық өмірін үлгі тұтпайтынын көрсеткен.
Зерттеу жүргізу, сауалнама жасау - бүгінгі қоғамның қай деңгейде тұрғанын, қай бағытта кетіп бара жатқанын анықтап беретін құрал. Сол себепті, журналистік зерттеу болсын, арнайы ұйымдар жүргізетін сауалнама болсын, бұл ең алдымен қоғамның тамыршысы іспетті. Қазіргі таңда Қазақстан үкіметі де журналистік зерттеулер мен түрлі сауалнама, статистикалық мәліметтерді анықтауға қолдау білдіруге мүдделілік танытып жүр.
Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне қарасты Қазақстандық қоғамдық даму институты отбасылық қарым-қатынастарға арналған зерттеу жариялады.
Бүгінгі біраз сөзімізді осы зерттеуге арнаймыз.
Тәрбие институттарының кез келгені ең алдымен ата-ананы сыйлауды насихаттайды. Дін де, салт-дәстүр де соны айтады. Бірақ, бұл институттар ата-ананы үлгі тұту туралы айта бермейді. Қазақтың «әке-шешең жынды болса байлап бақ» дейтін сөзі де – қайтсең сөйт, ата-анаңды қараусыз қалдырма деген міндеттеме жүктегенін көреміз.
Жалпы, әке-шеше балаға қаншалықты үлгі бола алады? Әдетте, әке мен бала арасындағы тартысты – заманның өзгеруі, буынның ауысуымен түсіндіруге тырысамыз. Бірақ, оның ар жағындағы себептер қандай?
Әке-шеше мен ұл-қызы арасындағы пікір қайшылығы – құндылықтар 180 градусқа өзгерген, екеуі екі түрлі заманның тәрбиесін: бірі жабық мемлекет, коммунистік КСРО-да, екіншісі Тәуелсіз Қазақстан дәуірінде өсіп-жетілген қос буын арасында тіпті ұлғая түскені анық. Бірақ, бұл да идеологиялық бағыттағы, көзқарас қайшылығына байланысты түсіндірілетін алшақтық.
«Әкесін арбаға таңып қойып» сабамаса да, әулеттік кикілжіңдер қазақ қоғамында аз емес. Оның бірнеше себебі болуы мүмкін. Дүние-мүлікке талас, бетімен кеткен бала мен арағын қоймайтын әкеге реніш, діни көзқарастар қақтығысы және ең негізгісі әлеуметтік жетімсіздіктерден туындайтын ұрыс-керістер. Және осы соңғы себеп – әулеттік, отбасылық тәрбие институтын бұзып-жарып өте шығатын ең қуатты толқын.
Қазақстандық қоғамдық даму институты отбасылық қарым-қатынастарға арналған зерттеу жариялады. «Қазақстандық отбасылар-2022» ұлттық баяндамасы» деп аталатын зерттеу – сауалнама негізінде түрлі болжамдар жасайды. Институт сарапшылары перзенттерінің әке-шешесін үлгі тұту көрсеткішінің негізгі айырмашылығы – әлеуметтік, тұрмыстық деңгейге байланысты деген қорытынды жасайды. Бұл жерде ерекше мән беретін нәрсе – «ата-аналардың мінез-құлқы» деген сөз. Бұл сөз – тәрбие беру тәжірибесі, отбасында өзін ұстауы, балаларына қарым-қатынасы қандай деген нәрселерді анықтайды.
«Балаларды тәрбиелеу процесі негіздерінің бірі ата-аналар мінез-құлқының балаларына үлгі болуы. Мұны сауалнама деректері де растайды, сондықтан респонденттердің 86,9%-ы үшін ата-аналары отбасылық өмірдің үлгісі болып табылады. Сондай-ақ отбасының қаржылық қамтамасыз етілуін есепке алу кезінде осы фактордың айтарлықтай алшақтығы байқалды. «Ақша бәріне жетеді, ештемеден өзімді шектемеймін» деп көрсеткен 84,5% респондент ата-аналарының отбасылық өмірін үлгі етіп санайтынын көрсетті. Керісінше, «ақша тіпті азық-түлік сатып алуға жетпейді» деп көрсеткен респонденттердің 59,4% ғана ата-аналарының отбасылық өмірі үлгі болатынын атап өтті. Осылайша ата-ананы құрметтеу табысы төмен отбасыларға қарағанда қаржылық жағынан қамтамасыз етілген отбасыларда жоғару болу үрдісі байқалды, - дейді институт сарапшылары.
Сарапшылар, сондай-ақ, өмір сүру деңгейінің артуымен отбасы институты нығая түседі деген қорытынды жасайды. Материалдық жағдайы жақсы, өздерін ештеңеден қыспайтын, еркін өмір сүретін қазақстандықтардың отбасындағы қарым-қатынасы бір қалыпты болатыны қоғамда да жиі айтылады. Ал, әлеуметтік мәселесі шешілмеген отбасылар, яғни, кедейлер, әсіресе, отбасындағы ерекше жағдайлар – той жасау, мектеп бітіру, туған күнді мерекелеу сияқты сәттерде ортақ шешімге келе алмайды немесе қаржылық кедергіні ауызбіршілікпен шешуде көп кедергілерге ұшырайды. Ажырасу факторларының да көбі әлеуметтік мәселеге байланысты екені осыған дәлел болса керек.
Әке-шешені үлгі қылудың бір жолы – діни наным-сенім деңгейіне байланысты. Институт ұсынған деректерге қарағанда, мұсылман респонденттердің 72,7 пайызы ата-аналарын үлгі тұтады. Ал, ештеңеге сенбейтіндердің 45,5 пайызы, православ респонденттердің 47,6 пайызы әке-шешесінің өмірін үлгі тұтатынын айтқан.
Және бала-шағасын тәрбиелеуге қатысты, бала тәрбиесіне көңіл бөліп, баласымен бірге уақыт өткізуге мүмкіндігі жоқтар да әлеуеттік проблемасы бар ата-аналар екенін де айта кету керек. Жұмысбастылық салдарынан балаларын сирек көретіндер де аз емес.