Бала тәрбиесін бізге басқа біреу үйретуі қажет пе?

Malim Админ

  • 20.01.2021

Саясаттан аз-кем хабары бар оқыған жұрт парламент қабырғасына келіп түсетін әр заң жобасының артында қыруар адамның тағдыры, қоғамды қаумалаған әлеуметтік мәселелердің шешімі тұрғанын жақсы біледі. Сондықтан мәжіліске кіретін әрбір заң жобасы мақұлданбас бұрын, оған терең кәсіби сараптама жасалмаса, заңгерлер мен сол заң бағытталып отырған сала мамандарының сүзгісінен өтпесе, белгілі бір жобаларын  парламент қабырғасына күштеп кіргізетін лоббишіл топтардың  дегені болады. Ал, халықаралық тәжірибе мұндай лоббишіл топтардың артында көбіне ықпалды топтардың, қаржы ұйымдарының, тіпті кейбір мемлекеттердің өзге елдердің ішкі мәселелеріне араласуы секілді мүддесі тұратынын жоққа шығармайды. Сондықтан мәжіліске жеткен қай заңның жобасы болмасын алдымен заңгерлердің құптауынан өтіп, қоғамдағы түрлі мүдделі институттардың, оның ішінде қоғамдық ұйымдардың, мемлекеттік емес сектордағы азаматтардың мақұлдауынан өтіп барып қабылданбаса болашағымыз бұлыңғыр деуге болады.

Өткен аптада басталып, осы аптада қоғамда қызу талқы тудырған мәселелердің бірі парламент мәжілісінің бірінші оқылымында құпталған «Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы тұру туралы» заң жобасы. Бұл заң жобасына қатысты пікірталас әлеуметтік желілерде қазақстандықтардың, әсіресе бала тәрбиелеп отырған ата-аналардың жаппай наразылығын тудырды. Бір қарағанда заң жобасының діттеген мақсатында ешбір шикілік жоқ секілді көрінеді. “Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы тұру туралы” заңның жобасын дайындаған Не молчи kz деп аталатын қоғамдық қор. Бұл қорға Дина Смаилова есімді қарындасымыз жетекшілік етеді. Біздің қоғамдағы жұбайларынан зәбір көрген келіншектердің  құқығын қорғап жүрген бұл ұйым тек  нәзік жандыларды ғана емес, әке-шешесі немесе өздерін бағып- күтіп отырған азаматтардан зәбір көрген балалардың  құқығын қорғап шыр-пыр болып жүр. Бұл қор тындырған істерінің ізгілікке толы екенінде еш күмән жоқ.

Дегенмен, әлеуметті және заңгерлерді алаңдатып отырғаны Дина Смаилова басқаратын ұйымның “әйел құқығын қорғау” деген желеумен мүлдем басқа сарындағы тақырыптарды заң жобасының ішіне тықпалауында жатыр. Шығыстың мәдениетті мойындамайтын  лоббист Дина Смаилова бастаған бір топ белсенді заң жобасына біздің қазақ қоғамы үшін сорақы, бала тәрбиесінде жылдар бойы қалыптасқан дәстүрлі отбасы құндылықтарын тас-талқан ететін баптарды кіріктіріп жіберген дейді әлемжелдіде шулап жатқан бір топ. Айтқандарына сенсек, заң жобасы осы нұсқасында күшіне енсе, ата-аналар баласына тіпті дауыс көтергені үшін айыпты болатын дәрежеге жететін боламыз. Қазақстандағы ата-аналар одағы мұндай заңның күшіне енуі “ұрпақ тәрбиесінде жіберген ұлттық қателік”  деп дабыл қағып отыр.

Ал, заң жобасын мұқият зерделеген білікті отандық заңгерлер ұлтқа қиғаш заң жобасын тықпалап отырған Не молчи kz қорының заң шығару ісінде  біліктілігінің төмендігін, заң жобасында өрескел терминологиялық қателердің  барын алға тартады. Бір сөзбен айтқанда, парламентке жеткен құжат шетелдік осы тектес заңдардың тікелей аудармасы болып шықты. Не молчи kz дайындаған заң жобасы қазақтың бала тәрбиесінде жылдар бойы қалыптасқан ұстанымдарына қарсы бағытталған. Заң жобасы әйелдердің, балалардың  құқын қорғау деген желеумен бірқатар  жазалаушы органдарға ата-аналардың бала тәрбиесіндегі мүмкіндіктерін шектеуге рұқсат беріп отыр. Ата-ананың атына шағым келіп түссе, тиісті органдар бірінші кезекте баланың сөзін сөйлеп, ана-ана рөлін екінші орынға ысырып қоймақ. Бұл дегеніңіз еліміздегі отбасы институтын түбегейлі жоққа шығару. Және аталған заң жобасы бекісе қоғамда біртіндеп ата-аналардың рөлінің төмендеуіне әкеліп соқтыратын сыңайы бар.

Ол аздай, өз аргументтерін қолдайтын азаматтардың арасында қолдау табу үшін аталған қор әйелдер мен балалар арасындағы зорлық-зомбылық деректеріне қатысты статистиканы бұрмалаған дейді. Құзіретті органдары келтірген статистика мен Не молчи kz қоры келтіріп отырған әйелдерге қарсы жасалған қылмыстың жай-күйіне қатысты статистика екі бөлек екен. Нақты деректер елімізде мұндай зорлық- зомбылық фактілерінің азайып келе жатқанына көрсетеді. Ал, қор келтірген күмәнді ақпарат көздеріне алынған статистикалық мәліметтер мүлдем басқа шындықты баяндайды.  Заң жобасын талқылау кезінде қоғамдағы ең үлкен әлеуметтік топ ата-аналардың құқығын аяқ асты етуге талпыныс жасалғаны айқын көрініп тұр. Сондықтан біз қазір қоғам болып батыстың  бала тәрбиесіндегі нормаларын бізге тықпалаудан табыс тауып отырған үкіметтік емес ұйымдардың ниетінен сақ болып, отбасы институтын  сақтап қалудың қамына кірісуіміз қажет.

MalimBlocks
Кедейлердің көбі ата-анасын үлгі тұтпайды - зерттеу

Жаппай сауалнама жүргізу нәтижесінде табысы төмен отбасы мүшелерінің көбі ата-анасының отбасылық өмірін үлгі тұтпайтынын көрсеткен.