Кедергісіз орта құру өмір сапасын арттырады
Елімізде 700 мыңға жуық мүмкіндігі шектеулі азамат бар

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамды ерекше күтімді қажет ететін жандарға жан-жақты қолдау көрсетуге шақырып келеді. Мүмкіндігі шектеулі азаматтар қалауынша білім, сапалы медициналық қызмет алуы керек. Олар үшін жайлы орта қалыптастыру күн тәртібіндегі маңызды мәселе.
Мемлекет баса назар аударып отырған жағдай – мүгедек балалар мен олардың отбасына жасалатын қолдау. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, елімізде 700 мыңға жуық мүмкіндігі шектеулі азамат бар, оның ішінде 18 жасқа дейінгі балалардың саны 14 пайыз.
7 жастан 18 жасқа дейін бірінші топтағы мүгедек балалар 10,9 мың, екінші топта – 22,2 мың, үшінші топтағы – 36,4 мың. Олардың әлеуетін жоғарылату мақсатында көп деңгейлі әлеуметтік қорғау жүйесі жұмыс істейді. Аталмыш жүйе барлық мүгедектігі бар азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерінің сақталуын қамтамасыз етеді. Арнайы әлеуметтік қызмет көрсетуден басқа, биыл мүмкіндігі шектеулі ұл-қыздың ата-анасына курортта, санаторийде емделуге жолдама берілмек. Жолдаманың жетпіс пайызына қаражатты мемлекет төлейді.
Сонымен қатар, әлеуметтік қызметтердің аясын кеңейту бойынша да нақты жұмыстар жүзеге асырылмақ. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің жанынан 6 жұмыс тобы құрылады. Олардың қатарында мемлекеттік органдардың, мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау мәселелері жөніндегі үйлестіру кеңесінің өкілдері және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері болмақ. Олар негізінен өмірлік қиын жағдайға тап болған азаматтар мен мүгедектігі бар жандарға жәрдемдеседі.
Әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін одан әрі жаңғырта түсу өте өзекті. Қазір ерекше жандардың құқықтарын қорғау және өмір сүру сапасын арттыру жөніндегі 2025 жылға дейінгі Ұлттық жоспарға өзгерістер енгізіліп жатыр. Министрлік өкілі Ербол Оспановтың айтуынша, «әлеуметтік қызметтер порталын жетілдіру бойынша ұсыныстар әзірлеу, мүгедек азаматтар үшін орталықтар желісін дамыту, арнаулы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж адамдар контингентін анықтау, сондай-ақ медициналық-әлеуметтік мекемелерді кезең-кезеңімен деинстуциализациялау алгоритмін әзірлеу көзделеді».
Кедергісіз орта құру бойынша аутизммен ауыратын балаларды оңалту жағдайына да жіті назар аударылмақ. Айта кетейік, елімізде аутизм дертіне шалдыққан 8,5 мың бала тіркеуге алынған. Республика бойынша шамамен ерекше білім беру қажеттіліктері бар 175 000 бүлдіршін есепте тұр. Оның ішінде аутизммен ауыратындар олардың жалпы санының 5%-н құрайды. Айта кету керек, аутизм диагнозы қойылған балалардың саны кейінгі жылдар ішінде екі есе көбейген. Мысалы, 2018 жылы аутизммен ауыратын 4 707, 2019 жылы – 5 193, 2020 жылы – 6 771, 2021 жылы – 8 796, 2022 жылы – 9 мыңнан астам бала тіркеуге алынған.
Аутист балаларға білім беру мәселесінде елеулі қиындықтар бар. Ендігі уақытта бұл түйткілдердің түйіні тарқатылады. Еліміздің он сегіз жоғары оқу орнында физиологиялық дамуы ерекше балаларды білімге баулитын мамандар даярланып жатыр.
«Арнайы педагогика» мамандығы Абай атындағы педагогикалық университет, М. Қозыбаев атындағы СҚО мемлекеттік университеті, С. Аманжолов атындағы ШҚО мемлекеттік университеті, Қыздар университеті, І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университеті, Е. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті, М. Әуезов атындағы ОҚО университеті, М. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті, «Болашақ» университеті, Х. Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті, ОҚМПУ, А. Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университеті, Ш. Есенов атындағы Ақтау университеті, «Bolashaq» академиясы, Ә. Марғұлан атындағы Павлодар мемлекеттік университеті, «Мирас» университеті және Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университеттерінде оқытыла бастады.
Былтыр аталған мамандық бойынша 2 562 маман оқуды тәмамдаған. Жоғары оқу орындарында арнайы педагогика, оның ішінде логопедия, сурдопедагогика, дефектология бойынша 58 бағдарлама әзірленіп, іске асырылып жатыр.
Ендігі кезекте осы жұмыстардың аясын кеңейту жоспары тұр. Алдағы үш жыл ішінде 22 мың нысан мүмкіндігі шектеулі жандарға бағытталуға тиіс. Алайда, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің өкілі Анархан Дүйсенованың мәлімдеуінше, жергілікті бюджет тарапынан тиісті қаражаттың бөлінбеуі қолбайлау болып отыр. «2025 жылға дейінгі жоспар бойынша шамамен 22 мың нысанды 4 топқа бейімдеу көзделген. Алдағы жылдарға арналған бюджетті қарастырғанда жергілікті атқарушы органдардан осы мақсатта қаражаттың көп бөлінуін қадағалауларын сұраймыз. Екіншіден, министрлік тарапынан жергілікті жерлерде комитет департаменттері қайта тексерулер жүргізеді. Егер ғимарат ЖАО балансында болса, онда бюджеттен ақша бөлініп, жұмыстар атқарылады. Бірақ сол нысандардың ішінде орналасқан жеке кәсіпкерлер, ШОБ субъектілері және ірі кәсіп иелері өз мойнына алған міндеттемелерін орындауға тиіс», - дейді ол.
Инклюзивті бағыт ерекше азаматтардың сапалы өмір сүру мүмкіндігін арттырады. Осы арқылы ізгі қоғам, кедергісіз орта құрылады.
Байланысты жаналықтар
MalimBlocks
Сұлтанәлі Балғабаев: Дүниежүзі қазақтары қауымдастығын мен тіркетіп едім
Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасы орынбасарлығынан үміткер бір шенеунік өзі бола алмаған соң, айтылған дүниелерді қағазға түсіртіп, құжат жасатпаған. Содан іздеп жүріп, сол жиынды жазып алған радионың бір қызметкерінен дыбысжазбаны алып, сол бойынша өзім хатшы ретінде протокол жасап, тиісті адамдардың қолын қойдырдым. Кейін ұйымның жарғысын жазып шықтым. Солайша, ұйымды Әділет министрлігіне тіркеттік.