Көпбалалы әке: Мемлекеттен көмек күтсең, аштан өлесің

Malim Админ

  • 02.09.2020

Балаларын оқыту үшін мемлекеттен ноутбук ала алмаған көпбалалы ата-аналар гаджеттерді өздері сатып алып жатыр. Ал компьютер алуға ақшасы жетпеген отбасылардың бес-алты баласы бір телефонға таласып оқуға мәжбүр.

Жаңа оқу жылы жаңа проблемалармен басталды. Интернеттің нашарлығы, оқуға арналған құрал-жабдықтардың жетіспеушілігі еліміздің қашықтан оқытуға қаншалықты дайын екенін көрсетті. Статистика бойынша, жаңа 2020-2021 оқу жылында 3,3 млн оқушы, 466 мың колледж студенті және 600 мыңнан астам ЖОО-ның студенті білім алады. Білім алушылар мен мұғалімдер онлайн форматтағы оқу жүйесіне дайын ба? Ата-ананың ойы қандай? Биліктен қаншалықты көмек көрсетілді?

Minber.kz сайтының жазуынша, мемлекеттік сатып алулар порталында Білім басқармасының білім күніне дайындық ретінде сатып алып жатқан техникалар қатарында 8,5 миллиард теңгемен Алматы облысы көш бастап тұр. Екінші орында 8,4 млрд-пен Түркістан облысы, үшінші орында 7,1 млрд-пен Алматы қаласы орналасқан.

Десек те білім басқармалары алған ноутбуктар барлық көпбалалы отбасыға жетпеген.  Мәселен, Алматы қаласының тұрғыны, бес баланың әкесі Айдар Ерғали мектепте оқитын үш баласына ноутбукты мектептен бірде-бір ноутбук ала алмаған.  Сәулетші болып жұмыс істейтін Айдардың 20 жылға жуық жобалау саласындағы мекемесі дағдарыс әсерінен жұмысын тоқтатқан. Осындай қиын кезде жәрдемақы алуға өтініш білдірген Айдар «сенің атыңда ТОО бар, саған ешқандай көмек көрсетілмейді» деген жауап алады. Қазіргі кезде төрт балаға берілетін 40 мың теңгеге жуық жәрдемақы ғана алатын Айдар енді мемлекеттен еш көмек сұрамаймын деп шешкен.

– Бұл мемлекеттен көмек алу үшін оларға сонша жалынып, жалбарынып, өзіңнің аштан өліп жатқаныңды пәлен қағазбен дәлелдеп шығуың керек. Ондай көмекті “көмек” деуге келе ме? Дамыған елдердегі әлеуметтік қолдау жүйесімен салыстырып көріңіз. Ондай “көмектен” гөрі абыройым артық, - дейді Айдар Ерғали.

Мемлекет тарапынан еш көмек ала алмаған Айдар балаларына қажетті гаджеттерді өзі сатып алған. Қазір техника жеткілікті, алайда интернеттің әлсіздігі ,онлайн сабақ өткізуге жарамсыз дейді көпбалалы әке.

Айдар Ерғалидің айтуынша, WhatsАpp желісі арқылы білім беру ешқандай онлайн оқуға жатпайды.

– Білім беру жүйесі онлайн оқуға мүлде дайын емес. Қазіргі жүзеге асырылып жатқан «ватсаппен оқыту» ешқандай онлайн оқуға жатпайды. Оны тіпті білім беру жүйесіне жатқызу – өзін-өзі алдау. Сапасы жоқ, болуы да мүмкін емес, - дейді Айдар Ерғали.

[caption id="attachment_6950" align="alignleft" width="300"] Көрнекі сурет. Фото: Ақдидар Әбдімаулен[/caption]

Шымкент қаласында тұратын Жанар Сарсенбаеваның 6 баласы бар. Бес жыл бұрын күйеуімен ажырасып кеткен Жанар Сәрсенбаеваның үлкен ұлы 9-сыныптан соң оқуға түсуге қаржы жетпеуіне байланысты оқуды тоқтатқан. Қалған бес баласы мектепте оқиды. Алдыңғы оқу жылында бес баласы бір телефонға таласып бір жарым ай оқыған. Базарда жұмыс істейтін Жанар Шымкентте бір бөлмелі пәтер жалдап тұратынын айтты.

–  Ешқандай алимент алмаймын. Тіркеуде жоқсың деп жәрдемақы да берілмейді. Мектепке қайта-қайта барып жүріп өмірімде бірінші рет көмек алдым. Бір компьютер берді. Оқу аяқталған соң қайтарасыз, бұзып қойсаңыз ақысын төлейсіз деді. Амал жоқ, карантинге байланысты саудамыз да тоқтап қалған, - дейді көпбалалы ана.

Қашықтан оқыту жүйесіне үйрене алмай жүрген бес баласы бар Нұржамал Есжанова оқыту форматының ата-анаға қиын екенін айтады. Шымкент қаласында тұратын келіншектің төрт баласы мектеп оқушысы болғанымен биліктен ешқандай көмек ала алмаған, сонымен қатар мектептен берілген 30 мың теңгелік көмекке де іліге алмады.

– Шындығына келгенде, оқуға дайын емеспіз. Оқу жүйесі қиын, содан бала қатты шаршайды. Алдыңғы жылы ауыр болды, себебі бала түске дейін мұғалімнің берген тапсырмасын түсінеді. Түстен кейін кері байланыс жасауы керек. Сабақ уақытты аз, бір сабақ бітер-бітпес екінші сабақ басталады. Бір телефон төрт балама жетпейді, әрқайсысының мұғалімдерінен, сыныптағы чаттарынан хабарламалар толып кетеді. Биліктен тек мүгедек балама ғана компьютер берілді, ал қалғандарына несиеге алып жатырмыз, - дейді Нұржамал Есжанова.

Нұржамал Есжанова үш баласына ең арзан бағадағы 55 мың теңгелік телефондарды несиеге алған. Оған тағы ай сайынғы 2500 теңгелік бірлігі қосылды. Көпбалалы ана бес баласына мемлекеттен алатын 55000 мың теңгені азық түлік пен киімге қалай жеткізетігін білмеуде.

Бұл онлайн оқудағы дүрбелеңнің бір көрінісі ғана. Өңірлердің желідегі әкімдік парақшаларында білім беруге, техникамен жабдықтауға байланысты жазбалардың астында наразылық білдіріп жатқандар көп.

Дінмұхамед Русланұлы,

Ақдидар Әбдімаулен. 

Байланысты жаналықтар

Көпбалалы аналардың жағдайын жақсарту керек - сарапшы

09.02.2022

«Ashyq» пен арақашықтықта студент қалай оқып жүр?

15.09.2021

"Балық vs қармақ": Сенатор Бектаевтың масылдықпен күресі

23.06.2021

Әкімдік алдында өзімізді өртеп жібермек болдық

30.04.2021

Онлайн оқудың азабы. Студенттер сөйлейді

15.03.2021

Студенттер офлайн оқуға қашан оралады?

02.03.2021
MalimBlocks
Көпбалалы аналардың жағдайын жақсарту керек - сарапшы

«Ashyq» пен арақашықтықта студент қалай оқып жүр?

"Балық vs қармақ": Сенатор Бектаевтың масылдықпен күресі

Әкімдік алдында өзімізді өртеп жібермек болдық

Онлайн оқудың азабы. Студенттер сөйлейді

Студенттер офлайн оқуға қашан оралады?