Мағауиннің ауылы өртеніп жатыр. Билік үнсіз
Бір өрт сөндіруші қаза тауып, үшеуін күйік шалып, жан сақтау бөліміне түсті
Абай облысында өрт шарпыған аумақ 5000 гектардан асты. Тілсіз жау әсіресе облыстың оңтүстігін жайпап барады.
Алапат өрт Аягөз ауданының Шұбартау өңірінің ту-талақайын шығарды. Баршатас, Байқошқар ауылдарының маңындағы жайылым жерлер зардап шегіп жатыр.
Абай облыстық әкімдігінен қайран болмағандықтан, қараша халық өзі қам жасауға кіріскен. Әр жерге хабарласып, дабыл қаққанымен, әзірге қарайласатын ешкім жоқ. Ауыл тұрғындары техника тапшылығын және өздерінің өртпен беттесіп әлі құрығанын айтып отыр. Malim.kz тілшісі шұбартаулықтардың жағдайын білейін деп, тіпті хабар алатын адам таппай әбігерге түсті. Өртпен күрес жұмыстарын ұйымдастырып жүрген Байқошқар аулының тұрғыны Рыскүл Танина ғана өңірдегі ахуал туралы аз-кем баяндауға уақыт тапты. Рыскүлдің айтуынша, 3 күннен бері өртті сөндіруге ауыл азаматтары кеткен. Қазіргі уақытта жалын одан сайын өршіп барады.
«Үш күннен бері қызыл жалын басылмай жатыр. Байқошқар ауылы Баршатас ауылымен шектеседі. Екі бағыттан да шыққан өрт қосылып, қатты желмен одан сайын ұлғайып барады. Алдыңғы күні тілсіз жаудың бетін қайтарған едік. Кеше тағы дауыл көтеріліп, қайта екпін алды. Соның кесірінен біраз шаруа қожалықтарына зиян келді. Жиылған мая шөп, шабындықтар жанып кетті. Ауылдың азаматтары неше күннен бері шаршағанына қарамастан әрекет етуде. Ауылдың қарияларына дейін шығып, өрт сөндіріп жүрген азаматтарға көмегін көрсетуде. Үйінен тамақ әзірлеп, азық-түлігін қамдап отыр. Ауылдан көшіп кеткен тұрғындар да үн қосып, ақшалай жәрдем берді. Жанар-жағармай, техника іздеп сабылып жатырмыз», - дейді Рыскүл Танина.
Оқи отырыңыз: Архимед жұмыс істеу үшін апат болу керек пе?
Екіленген тілсіз жау құрғақ шөптен шыққан дейді елді мекеннің тұрғыны. Бас бермей жатқан өрт ауылдарға жақындап қалған. Дәл қазіргі олардың амалы - жалынды ауылға жақындатпау ғана. «Орталықтан көмек қашан жетеді» деген халықтың неше күнгі апатты тойтаруға қауқары да қалмай бара жатыр. Қазір өңірдің бес ауданында дала өртімен күрес жүргізілуде.
Шұбартаудағыдай, екпінді өрт облыстың Жарма ауданын да жайпай түскен. Әсіресе, Бозжыра ауылының халі мүшкіл. Жалынды сөндіру кезінде бір өрт сөндіруші қаза тауып, үшеуін күйік шалып, жан сақтау бөліміне түсті. Су жеткізуге апарылған КамАЗ көлігіне өрт тиіп, оны эвакуациялау жолында Айдос Тоғызбаев көз жұмды.
Оқи отырыңыз: «Жеңімізгесу тимесін!» – Өрт деген құдіреттің алдында
Әзірше, өрт жалмаған аймаққа аяғы жетпей жатқан Төтенше жағдайлар министрлігінің қолынан марқұмның туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтудан басқа шара келер емес. Облыс әкімі Ұранхаев "мерт болған өрт сөндірушінің отбасына көмек көрсетеміз", деп қана басу айтуда. Өрттен алғаш зардап шеккен Қостанайға Президент Тоқаевтың өзі барды. Ал бұл жаққа тіпті облыстық, аудандық өрт сөндірушілер де аттап баспаған. Қалың өрттің қыспағында қалған шұбартаулықтардың жан дауысын еститін не билік, не әкім жоқ. Отыз жыл облыс қамқорлығынан шет қалған, түу алыстағы елді мекеннің онсыз да тоз-тозы шыққан еді. Бұл апат та кедей өңірдің еңсесін одан сайын езіп барады.
Фото: Aikyn.kz