Архимед жұмыс істеу үшін апат болу керек пе?!  

4  адамның қаза тапқаны белгілі болды

Malim Админ

  • 06.09.2022

Қостанай облысында жоспарланған  Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойы  басталмай жатып тоқтады.  Қандай себеппен шыққаны белгісіз аймақты өрт алып, жиылған халық бас сауғалап кетті. Әулиекөл ауданынан басталған алапат жалын төңіректі түгел шарпыды.   Тілсіз жаудан  ең көп зардап шеккен елді мекеннің бірі – Аманқарағай ауылы. Жалпы алғанда, Қостанай облысындағы өрт 108 нысанды жайпап кеткен. Оның 91-і – тұрғын үй. Соның ішінде Аманқарағай ауылында – 85, Озерное ауылында 6 баспана зақымдалған. Қазір аймақтағы өрт жағдайы тұрақталған. Қызыл жалын отап кеткен жердің жалпы аумағы 43 мың гектардан асып отыр.  Ресми деректерге сүйенсек, Аманқарағай ауылының солтүстік бөлігінен 1000 адам, Озерное ауылынан 250 адам, Калинино елдімекенінен 228, Лесное ауылынан 363, жалпы саны 1841 адам эвакуацияланды.  ТЖМ таратқан дерек  бойынша аңшылық дүкенінің жануына байланысты   4  адамның қаза тапқаны белгілі болды. Не дегенмен, бұл табиғи кесел аймақ тұрғындарын есеңгіретіп, зәре-құтын қашырғаны рас.  


Дәл Алаш арысының мерейтойына қарсы тұтанған өрттің қалай шыққанын қазір тиісті органдар тексеріп жатыр.  Осыған байланысты Бас прокуратура сотқа дейінгі тергеуді бастады.  Ол қылмыстық кодекстің бірден 3 бабы бойынша жүргізіледі. Атап айтқанда, «отпен абайсыз жұмыс iстеу арқылы ауыр зардаптарға әкеп соққан немесе аса ірі залал келтірілген іс-әрекет», «ормандарды жою» және «абайсызда 2 немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу» дерегі бойынша тексеру басталды. Тергеу барысы Бас прокурордың жеке бақылауында. 

Апаттың төтенше жағдайға ойысқанынан болар, Ахмет тойы кейінге шегерілгенін білеміз. «Ниет түзу болмаса, құлшылықтан сауап жоқ» дегендей о баста ғалымның атаулы күнін тойлауға облыс басшысы Мұхамбетовтің құлықсыз болған сияқты.  Жыл басынан бері Ахмет туған ауылдың сорақы жағдайы туралы талай айтылып, талай жазылды.   «Ахмет ауылына жеткенше титықтап қалдық. Алаш ардақтысының атын алған бұл ауыл Қостанай облысындағы ең шалғай елді мекеннің бірі.  Облыс орталығы екеуінің арасы жеті жүз шақырым шамасында.  Ауыл Жангелдин ауданынан 107 шақырым алыста орналасқан. Сол 107 шақырымға осы уақытқа дейін ешқандай асфальт төселмеген екен» деп журналистер бірнеше рет зар қақсады.   Одан кейін Ахмет туған үйдің кеспірсіз күйі де елді алаңдатты.    Сол  үйді жөндеу жұмыстарына бюджеттен 22 млн 746 мың теңге бөлінген еді. Көп ұзамай маусымда ғалым туған үйдің жермен жексені шықты.  Тойға бір ай қалғанда үйге қолданылатын материалдар сапасыз деді, мердігер компанияның ағаттығы деді, әйтеуір тарихи нысанды бұзып тынды. Бір қызығы,  Мұхамбетов сол уақытта ғана Алаш ардақтысының ауылына бірінші рет барып, қостанайлықтардың таңғалысын тудырды. Аймақ тұрғындары  үйге алаңдаушылық  білдірген соң әкім Архимед тексеріп,  оны күреп тастауға тапсырма берді.   Бұл мәселе де қоғамда қызу талқыға түсті. Оның орнына жаңа музейін үйін саламыз деп Архимед бұқаралық ақпарат құралдарын тағы бір шулатқаны бар.  Ол үйдің құрылысы бітті ме, бітпеді ме, қалай дегенмен де кешенді салу бүгінге дейін жалғасып келді.  Одан қалды, Сарытүбек  өңіріндегі Ақкөл мен Ахмет ауылдарында интернеттің жоқтығын да ашынып жазған едік.  Бірақ, одан қорытынды шығарған әкімді көргеніміз жоқ. 

Алаш арысы туған ауыл Жангелдин ауданынан 107 шақырым алыста орналасқан. Өңір тұрғындарының айтуынша, сол ұзақ қашықтыққа осы уақытқа дейін ешқандай тас жол түспеген. 

Мұхамбетов  биыл 107 шақырымның 11 шақырымына асфальт салынатынын айтқан.   450 млн теңге қарастырылған жолдың жыры әлі де сиырқұйымшақтанып келеді.  

Күні кеше Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Қостанай облысының барша тұрғынын тегін ұялы байланыспен қамтамасыз ететінін айтып, аяқ асты жарылқай қалды. Өңір тұрғындары жақындарымен еш кедіргісіз байланыс орнататын болды деп жарияға жар салып жатыр. Одан бөлек, ұялы байланыс  операторлары өрт сөндіруге жұмылдырылған шұғыл қызметтер үшін арнайы мобильді базалық станция орналастырды. Алайда, Бағдат Мусин  министрлігінің қайырымдылық шарасы жұртты  уақытша алдарқату екен.

Оның қысқамерзімді қамқорлық екенін министрліктің баспасөз қызметі таратқан мына бір мәліметтен байқадық.    «Қостанай облысының тұрғындарын өрт апаты салдары жойылғанша сапалы байланыспен қамтамасыз ету мәселесі біздің ведомствоның тікелей бақылауында. Біз отандастарымызға өз тарапымыздан қолдау көрсету бағытында тиісті шараларды жүзеге асырамыз», - дейді олар. Жалпы, бұдан түйгеніміз біздің Үкімет халыққа жұмыс істеу үшін міндетті түрде құрбандық керек сияқты.

Әбден іс насырға шапқанда ғана шенеуніктер әрекет ете бастайтына көз үйренген.  Өрт сөндірушілерді ынталандырып, сыйақы береміз деген Тоқаевтың сөзі де бұдан ертерек шыққанда қайда қалды? 

Жә, іркес-тіркес жалғасқан Қостанайдағы өрт қасақана ұйымдастырылуы мүмкін  бе? Бұл сұраққа Қостанай облыстық орман шаруашылығы инпекциясының басшысы Рүстем Қаракенов жауап берді. Инспекция басшысы бәлкім, біреулер кең көлемде өрт қою үшін желді ауа райын пайдалануы да ғажап еместігін айтты. Себебі, Қостанайда сол күндері қатты жел тұрған. Ал, атын айтпауды өтінген аймақ тұрғыны Ахмет тойына өңір басшылығының дайын болмағанын айтады. Тіпті тікұшақ қонатын тұрақ да салынып бітпеген дейді. Оның айтуынша, мұндай шалағайлықтарды Президенттен жасырып-жабу үшін  осындай айла-шарғы жасалуы да мүмкін. 

Жалпы, қалай десек те, Ахмет Байтұрсынұлының өзі айтқандай,  «Бір өртке қаудан шыққан душар болып, не қалды тәнімізде шарпылмаған?» болып дүдәмал күйде отырмыз.  Тағы да өзі жазғандай, «қайықтай толқындағы қалтылдаған» жұртта қайран қалмағандай. Ал, бір жыл бойы Алаш ардақтысына лайықты құрмет көрсете алмаған Архимед мырза орнында әлі мызғымай отыр. Әлде, Архимед жұмыс істеу үшін міндетті түрде  апат болу керек пе? 

О.Әбілұлы    

     


 

 

Байланысты жаналықтар

Жітіқарадағы 5 баланың өлімі: 100 мыңнан астам үй тексеріліп жатыр

12.11.2024

Түркістан облысында 40 тонна мақта жанып кетті

26.10.2024

Қостанай облысындағы ауылдардан 100 мың адам көшіп кеткен

21.10.2024

Астанада жатақханадан өрт шығып, бес адам уланып қалды

15.10.2024

Қостанайда өртте қаза болған бес балаға қатысты тың деректер айтылды

14.10.2024

Астанада Есілдің жағасындағы мейрамхана өртенді

13.10.2024
MalimBlocks
Жітіқарадағы 5 баланың өлімі: 100 мыңнан астам үй тексеріліп жатыр

Өрт датчиктері орнатылып, жылу беру жүйелерін тазартылып тұрады

Түркістан облысында 40 тонна мақта жанып кетті

Дегенмен өрт сөндірушілер 80 тоннасын аман алып қалды

Қостанай облысындағы ауылдардан 100 мың адам көшіп кеткен

270 ауыл 20 жылда жабылып қалған

Астанада жатақханадан өрт шығып, бес адам уланып қалды

Түтіннен уланған 5 адам жедел медициналық жәрдем қызметкерлеріне тапсырылды

Қостанайда өртте қаза болған бес балаға қатысты тың деректер айтылды

Еңбек министрі отбасының табысы жақсы болғанын айтты

Астанада Есілдің жағасындағы мейрамхана өртенді

Өрт Ұлттық ұланның көмегімен сөндірілген