«Мен пәкпін»: Тәжікстанда қалыңдықты қалай «тексереді»?
Орта Азияның «салт-дәстүріне» қызығушылық танытып, бүгінгі заманауи өмірмен қабыса бермейтін жағдайлар жайында түрлі материалдар дайындап жүретін ресейлік «Настоящее время» сайты Тәжікстандағы қыздардың «пәктігін» тексеретін дәстүр жайлы зерттеу жүргізіпті. Бұл жағдай дәл Тәжікстандағыдай «справка» арқылы талап етілмесе де, Қазақстан қоғамы үшін де таныс жағдай.
Дәл қазір Тәжікстанда бұл қай деңгейде екені белгісіз, 2014 жылғы соңғы ресми дерек бойынша бір орталыққа ғана 600 әйел медициналық экспертизадан өткен. Одан кейін мұндай ақпаратты шығармайтын болыпты.
«Пәктікті» тексеру әлемнің 20-ға жуық елінде бар, соның бірі – Тәжікстан. БҰҰ бұл жайтты адамды қорлау деп есептеп, тоқтатуға шақырады.
Тексеру жүргізу туралы бастаманы әдетте күйеу жігіт пен оның ата-анасы бастайды. Бірақ, кейде бастама қыздың әке-шешесі тарапынан да болып жатады.
Көп жағдайда бұл процедура үйлену тойы алдында жүргізіледі. Бірақ, кейде бірінші неке түнінен кейін де келіп жататын жағдайлар болады, өйткені, қыздың «пәктігіне» күмән пайда болған.
Заманауи медицина «пәктікті» тексеруді ғылымға қарсы деп есептейді.
"Шешелері кіріп алып, гинеколог қуып шыққанша қарап тұрады"
«Мен қорландым. Өзім үшін де, сөзіне сендіре алмаған басқа қыздар үшін де қорландым. Бұл өте бір психологиялық қысым, кейде кейбіреулердің шешелері кіріп алып, гинеколог қуып шыққанша қарап тұрады», - дейді Таманно.
Таманноның айтуынша, көптеген қыздар сот медициналық сараптама орталығына өзінің ата-анасымен, күйеуінің ата-анасымен немесе болашақ күйеуімен бірге барады.
Таманно күйеуге тимеген, жұмыс бабымен елден шығып кеткен. Әке-шешесі күйеу жағына құдалықтан бас тартатындарын айтыпты, бірақ, ата-анасын түспей қалған келіннің ағасы мен әпкесі «ол білімді әрі заманға сай қыз, сол себепті, күйеу жігітпен жарасып кете алмайды», деп, әрең көндіріпті.
Мен «бүлінбеппін»
«Егер сен пәк болмасаң, ешкімге керек емессің. Үйлену тойы болмай қалуы да, жігітің масқара қыла салу да мүмкін», - дейді Шахноза.
Тойдың алдында пәктігін тексеруді күйеу жігіт талап етіпті. «Анам солай істегенім дұрыс деді. Бұл менің өзім үшін. Алда-жалда ертеңгі күні бірдеңе дұрыс болмай шықса, біз тойдың алдында ешқандай жыныстық қатынас болмағанын дәлелдей аламыз».
«Мен пәк екенімді білсем де, қатты уайымдадым, - дейді Шахноза. – Менің «пәктігім» расталды, сосын маған анықтама қағазын берді. Шыға салып қорланып жыладым. Өзімді бүлінбеген бе деп текеріп жатқан тауар сезініп кеттім. Мен «бүлінбеппін», анам бақытты еді, күйеуім де. Бұл үйлену тойы болады деген сөз».
[caption id="attachment_7504" align="alignleft" width="745"] Тексеруден өткенде берілетін анықтама[/caption]
[caption id="attachment_7507" align="alignleft" width="745"] Анықтаманың мәтіні, тәжік тілінде.[/caption]
Анықтаманың аудармасы:
Тексеріс фактілері: Тексерістен өтушінің денесі жақсы жетілген, арық, тумысынан пайда болған кемістіктері жоқ, бойы 173 сантиметр. Салмағы 68 кг. Басының көлемі 52 см, оң жақ білегі 21 см, оң жақ саны 45 см, оң жақ сирағы 36 см. Терісінің түсі қызғылттау. Жыныстық жамудың екінші сатысы байқалады. Қолтығы мен құрсақ айналасындағы түктер жақсы жетілген. Сүт бездері дөңгелек, әрқайсысының көлемі 15x13 см, қол тигізсе қатая түседі. Ареолдары қызғылтым түсті. Емшегінен сұйықтық ақпайды. Сыртқы жыныс мүшелері жақсы жетілген. Үлкен жыныстық ерні кіші жыныстық ернін жауып тұр. Пәктік пернесі сопақша біткен, етті, ұзындығы 0,3-0,5 см, бос аймағы біркелкі әрі қызғылт. Пәктік пернесі созылғанда 0,5-0,8 см-ге дейін ашылады, шеңбер тәріздес пішінде созылады. ...Тексерілушінің денесінде дене жарақаты жоқ.
Қорытынды: Қыздың пәктік пердесінің анатомия-физиологиялық тығыздығы зақымдалмаған.
«Мен пәкпін, бірақ, дәлелдеп жатқым келмейді»
Нулифардың тойы оның «пәктікке» тест тапсырудан бас тартқаны үшін болмай қалған.
Күйеу жігіттің отбасына ата-анасы қыздың сөзін жеткізеді, олар «спавкасыз» ешқандай той болмайды», дейді.
«Осыдан бастап олар менің тойды болдырмай тастағанымды, процедурадан бас тартқанымды, пәк емес екенімді, оларға мұндай бұзылған келіннің керегі жоқ екенін елге жая бастады. Бізде өсек-аяң тез тарайды. Оған сенеді және. Шынымды айтсам, маған бәрі бір. Ешкіммен жыныстық қатынас болған емес, бірақ, мен мұны ешкімге дәлелдеп жатпаймын. Бұл менің әке-шешеммен қарым-қатынасымды бұзды. Олар үшін бұл ұятты жағдай. Өсек-аяң оларға ауыр тиеді».
«Гименопластика жасаттым, күйеуім ештеңе сезген жоқ»
Тойға дейін жыныстық қатынасқа түсіп қойған, масқара болудан қорыққан кейбір қыздар гименопластика – пәктік пердесін қалпына келтіретін операция жасатады. Бұл қызмет түрі Тәжікстанда 200 бен 350 доллар арасында тұрады.
Мадина гименопластика жасатуға бел буған. Қазіргі жасы 23-те, күйеуі, 3 жасар қызы бар.
«Біз жақта оны жасамайды. Операция үшін Душанбеге бару керек болды. Мен сол жақта тұратын аталас әпкеме айттым, ол көмектесуге уәде берді. Ақыры той алдында мен оны жасаттым. Күйеуім ештеңе сезген жоқ, әлі күнге ештеңе білмейді».
Ықшамдалып алынды.