Оқу бағдарламаларының жаңа мазмұны қалай дайындалып жатыр?
Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев бастауыш, негізгі және жалпы орта білім беру пәндерінің оқу бағдарламалары мазмұнын өзгерту бойынша жұмыс тобымен кездесті.

Мектептегі оқыту бағдарламаларына өзгеріс енгізу былтырғы жылы маусым айында басталған. Бұл мәселе бұдан бұрын да жиі көтеріліп жүргені белгілі. Ата-аналар мен қоғам белсенділері білім берудегі оқулықтардың сапасы туралы жиі мәселе көтеріп тұрады. Оқулықтар оқыту бағдарламасы негізінде жасалады десек, мұның соңы оқыту бағдарламаларының мазмұнына барып тіреледі. Кейде оқушыларға жүктемелердің көп екені де айтылып қалады. Яғни, оқушыларға ерілетін білім бағдарламасы тым ауыр. Осыған қатысты былтырдан бастап кейбір мәселелерде жеңілдіктер қарастырылған да. Сапаны көтеру – бағдарламаны қиындату емес, оңтайландыру, қызықты ету екені де енді-енді айтыла бастады.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев барлық жолдауында білім берудегі сапаны көтеру туралы жиі айтып жүр. Оның тағы бір бағыты ретінде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын да ұсынды. Мұнда оқушының жан-жақты жамуына, сапалы білім алуына жағдай жасалуға тиіс. Жайлы мектепте оқитын балалар тек оқып қана қоймай, өзін еркін сезінеді, кейбір сабақтарды ойын түрінде оқуға, арасында тынығуға мүмкіндік алады.
«Орта білімнің сапасы – табысты ұлт болудың тағы бір маңызды шарты. Әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасалуға тиіс. Сол үшін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынды», – деген президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында.
Былтыр оқу бағдарламаларының мазмұнын өзгерту туралы арнайы жұмыс тобы құрылған. Одан бері қандай шаруалар атқарылып жатыр, қазақстандықтар қашан жаңа мазмұн, жаңа сападағы оқулыққа қол жеткізеді, қандай бағдарламалар қарастырылып жатыр деген сұрақ негізінде Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев бастауыш, негізгі және жалпы орта білім беру пәндерінің оқу бағдарламалары мазмұнын өзгерту бойынша жұмыс тобымен кездесті.
Ы.Алтынсарин атындағы ҰБА-ның вице-президенті Әлия Чокушева жұмыс тобының атқарған шаруалары туралы есеп беріп, министрге 2022 жылдың маусым айынан бері оқу бағдарламаларының мазмұнына өзгерістер енгізу жұмыстары қалай жүріп жатқанын айтты.
«Бұл кезеңде жұмыс тобы оқу бағдарламаларының құрылымын әзірледі, әр пән бойынша мақсат, міндеттер түзетілді. Сонымен қатар білім алушылардың функционалдық сауаттылығын қалыптастыруға бағытталған контент интеграциясы іске асырылды. Оқу бағдарламаларының жүйелілігі мен бірізділігі, олардың білім алушылардың жасы мен физиологиялық ерекшеліктеріне сәйкестігі қамтамасыз етілді», — дейді Әлия Чокушева.
Жұмыс тобы мүшелері білім берудің оқу бағдарламаларын әзірлеудің халықаралық тәжірибесі мен стандарттары зерделенгенін, салыстырмалы түрде талдау жасалғанын айтты. Одан бөлек өз елімізде бұрыннан пайдаланып келе жатқан тәжірибелерді жетілдіру мәселесі де күн тәртібіне енгізілгенін, осы негізде әр түрлі пән мұғалімдерінің республикалық съездерінде айтылған ұсыныстары ескерілгенін айтады.
Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев оқу бағдарламаларының мазмұнын өзгертуде сақ болуды, асығыстық жасамау керек екенін айтады. Ол «оқулықтарды әзірлеудің кешенді тәсілді қажет етеді және нақты шешімді сарапшылар қабылдауы тиіс», деп атап өтті.
Айта кету керек, алдағы уақытта жұмыс тобы атқарған шаруалар негізінде жасалған қорытындылар бойынша негізделген оқу бағдарламалары арнайы сараптамаға жіберіліп, талқыға түсетін болады.
Байланысты жаналықтар
MalimBlocks
Сұлтанәлі Балғабаев: Дүниежүзі қазақтары қауымдастығын мен тіркетіп едім
Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасы орынбасарлығынан үміткер бір шенеунік өзі бола алмаған соң, айтылған дүниелерді қағазға түсіртіп, құжат жасатпаған. Содан іздеп жүріп, сол жиынды жазып алған радионың бір қызметкерінен дыбысжазбаны алып, сол бойынша өзім хатшы ретінде протокол жасап, тиісті адамдардың қолын қойдырдым. Кейін ұйымның жарғысын жазып шықтым. Солайша, ұйымды Әділет министрлігіне тіркеттік.