Пандемия кезінде 743 мың адам жұмысқа орналасқан
Өткен 7 айда 743 мың адам жұмысқа орналасқан. Ал үкіметтің жыл басындағы жоспары бойынша, биыл 1 миллион 200 мың адам жұмысқа тұруы керек.
Елді жұмыспен қамту, еңбек орындарын ашу және жаппай кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының жеті айлық қорытындысын Орталық коммуникация қызметінде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Серік Шапкенов баяндап өтті.
Халықты жұмыспен қамту, елдің әлеуетін арттыру қай кезде де мемлекет үшін басты мәселе мен міндет болғанын атап өткен Серік Шапкенов пандемия салдарының алдын алуға арналған мемлекеттік бағдарламалар оң нәтижесін бергенін мәлімдеді.
Үкімет мүшелері негізінен «Еңбек» бағдарламасына арқа сүйепті. Жыл соңына дейін осы бағдарлама 600 мың адамға жылу беруі жоспарланса, қазірдің өзінде 379 мың адам «Еңбектің» шапағатын көріпті.
«Бұл бағдарламаны жүзеге асыруға 176 млрд теңге бөлінді. «Еңбек» бағдарламасы үш бағыттан тұрады. Бірінші бағыты, кәсіби білім беру, мамандыққа оқыту. Биыл бірыңғай тестілеуден өте алмаған, оқуға түсе алмаған 20 мың 600 азамат қыркүйектен бастап осы бағдарлама бойынша тегін кәсіптік білім ала алады. Сондай-ақ, қысқа мерзімді 3-6 ай аралығындағы кәсіптік білім беруге 11 мың азамат қатыспақ. Оқу орталықтары негізінен жұмыс берушілердің қосынынан ашылған. Кәсіптік мамандықты игеріп, оқу курстарын бітірген азаматтарды жұмыс берушілер жұмысқа алуға міндетті»,- дейді вице-министр Серік Шапкенов.
«Еңбек» бағдарламасының екінші бағыты- шағын несие мен грандтар беру және «Бастау» бойынша бизнеске оқытуға келсек, вице-министрдің айтуынша, «Бастаудан» биыл 30 мың адам бизнеске өтулері керек. Өткен жеті айда 18 мың адам бизнестің қыр-сырын меңгеріп, тәуекел дескен. Олардың 7 мыңы шағын несие алған.
«Еңбектің» екінші бағыты бойынша шағын несие алғандардың жалпы саны әзірге 5 мың 800. Осы шағын несие арқылы 2 мың 600 тұрақты жұмыс орыны ашылған. 17 мың 200 гранд берілген. Жылдық жоспар 26мың 600.
Ал «Еңбек» бағдарламасының үшінші бағыты бойынша, биыл 154 мың әлеуметтік жұмыс орындары ашылуы тиіс. Вице-министр бұл бағыттағы жұмыстың 7 айлық көрсеткішіне көңілі толып отыр.
Серік Шапкеновтің айтуынша, мемлекеттік бағдарламалар бойынша жұмысқа тұрғандардың, кәсіптік білім алғандардың, шағын несие мен гранд алып бизнес бастағандардың басып бөлігі көпбалалы аналар, әлеуметтік көмекке мұқтаж жандар, жастар және ауыл тұрғындары екен.