Парламент пен мәслихаттардың ықпалының артуы – өзгерістің нақты көрінісі

Malim Админ

  • 18.07.2023

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Жолдауында жүйелі саяси реформаларды жүзеге асырмай, ұзақ мерзімді, әрі орнықты дамуға қол жеткізу мүмкін еместігін айтқан болатын. Бұл саяси бастамалар Түркістан өңірінде қолдау тапты.

«Бүкіл құзырет бір қолда болуына негізделген басқару жүйесі қазір өзінің тиімділігін жоғалтты. Бұл жүйе көзқарасы мен ұстанымы әрқилы азаматтық қоғамды ұйыстыра алмайды. Сондықтан біз Қазақстанды дамытудың саяси моделін өзгерту үшін әр қадамды мұқият ойластыра отырып жасауымыз керек.    Мен бұл жерде, ең алдымен, басқарудың суперпрезиденттік үлгісінен мықты Парламенті бар президенттік республикаға біржола көшу туралы айтып отырмын. Мұндай жүйе билік институттарының тепе-теңдігі оңтайлы болуын қамтамасыз етіп, елімізді орнықты дамытуға септігін тигізеді.  Алдымызда Парламенттің рөлін күшейту міндеті тұр. Бұл «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын табысты жүзеге асыруға жол ашады. Біз болашақта қандай ел болатынымызды нақты білеміз. Жаңа Қазақстанды азаматтық қоғамы қалыптасқан тиімді мемлекетке айналдырамыз. Осыған орай «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидатын басшылыққа аламыз.    Бүгін мен осы стратегиялық мақсатымызға жетуге мүмкіндік беретін бірқатар бастамаларды ұсынамын.   Мен бұған дейін айтқанымдай, Қазақстанда суперпрезиденттік басқару үлгісі қалыптасты. Дамудың бастапқы кезеңінде мемлекетімізге мұндай үлгі қажет болды. Бірақ, біз бір орында тұрған жоқпыз. Қоғам да, еліміз де өзгеруде. Саяси жүйеміз жаңа жағдайларға бейімделуге тиіс. Қазір бізде барлығы Президентке келіп тіреледі. Бұл – дұрыс емес. Біртіндеп бұдан бас тартуымыз қажет. Мен үшін мемлекеттің ұзақмерзімді мүддесі биліктің қосымша мүмкіндіктеріне және уақытша ықпалына қарағанда әлдеқайда маңыздырақ.  Сол себепті мен Amanat партиясының қаңтар айындағы съезінде ұйымның төрағалығынан биыл бас тартатынымды мәлімдедім.   Партияның мемлекеттік аппаратқа кірігуіне мүлдем жол бермеген жөн.  Саясаттағы монополия түрлі әлеуметтік кеселді туындататыны және мемлекетті дағдарысқа ұшырататыны анық. Саяси үстемдікке барынша шектеу қою қажет. 

Президент өзінің өкілеттігін атқару кезеңінде партияға мүшелігін тоқтата тұруға міндетті екенін заң жүзінде ресімдеуді ұсынамын. Бұл норма саяси бәсекені арттырып, барлық партияның дамуына бірдей жағдай жасайды. Осылайша, біз еліміздің болашақтағы көшбасшыларын негізгі саяси институттарды өзіне бағындырып алуға құмар болудан сақтаймыз.  Дәл сол сияқты, Орталық сайлау комиссиясының, Есеп комитеті мен Конституциялық кеңестің төрағалары және мүшелері міндетті түрде партиядан шығуы керек деген норманы да  заңнамаға енгізген жөн. Барлық өкілеттікті бір қолға шоғырландырған орталықтағы жағдай аймақтарда да қайталанатынын көріп отырмыз. Сол себепті әкімдер мен олардың орынбасарларына партия филиалдарында да лауазым иеленуге заң жүзінде тыйым салу керек. Мұндай шешімдер көпполюсті партиялық жүйе қалыптастыруға мүмкіндік береді. Саяси және экономикалық қызметтің монополиялануы қаңтар оқиғаларының туындауына басты себеп болғаны бүгінде бүкіл қоғамға мәлім.  Біз «қасіретті қаңтардан» мынадай маңызды сабақ алдық: мемлекеттегі ең жоғары лауазымды тұлғаның қолында барлық өкілеттіктің шоғырлануы оған жақын тұлғалар мен қаржылық-олигархиялық топтардың ықпалын орынсыз күшейтеді. Сосын олар мемлекетті жеке меншігі сияқты көре бастайды.  Қай елде болса да тамыр-таныстық кадр іріктеу ісін бұрмалап, сыбайлас жемқорлықтың тамыр жаюына әкеп соқтырады. Тамыр-таныстық пен рушылдық құрдымға бастайтынын нақты ұғыну қажет. Мұндай қарым-қатынас шағын ғана топтың шалқып өмір сүруіне жол ашады. Ал, өзгелерді өмірінің ешқандай болашағы жоқ екеніне біржола мойынсұнып, тек өлместің күнін көру үшін арпалысуға мәжбүрлейді.  Барлық азаматтарға бірдей мүмкіндік берілетініне Мемлекет басшысы мызғымас кепіл болуға тиіс. Сондықтан Президенттің жақын туыстарына саяси мемлекеттік қызметші болуға және квазимемлекеттік секторда басшылық лауазымдарды иеленуге заң жүзінде тыйым салынады. Мұндай норманы Конституцияға енгізсек те артық болмайды деп санаймын. Президенттің өкілеттігі неғұрлым көп болса, ол соғұрлым шексіз биліктің иесіне айналады. Мемлекет басшысы облыс, республикалық маңызы бар қала әкімдері шығарған актілерді жоюға немесе ондай құжаттардың қолданылуын тоқтата тұруға құқылы. Бұл норма «қолдан басқарудың» орынсыз тәжірибесінің орнығуына әкеп соқтырады және жергілікті атқарушы органдардың дербестігін әлсіретеді.   Оның үстіне қазір Президенттің аудан, тіпті ауыл әкімдерін лауазымынан босатуға құқығы бар. Мұндай заң нормаларын жою керек. Президентті тым көп өкілеттігінен айыру еліміздегі саяси жаңғыру үдерісінің тек ілгері басуын қамтамасыз етеді. Ұсынылып отырған бастамалар «ойын ережесін» түбегейлі өзгертіп, қоғамды одан әрі демократияландыру үшін берік негіз қалыптастырады» деген Президентіміз  өкілді билік тармағын қайта құру мәселесіне де тоқталды.

Президенттің өкілеттігін біртіндеп қысқарта отырып, Парламенттің рөлін айтарлықтай арттыру, сол арқылы мемлекетіміздің институционалдық тұғырын нығайту керектігін айтты. Халықтың сенім мандатына ие болған депутаттарға жоғары жауапкершілік жүктеледі. Олар мемлекетімізді өркендету ісіне  белсене атсалысуға тиіс. Ең алдымен, Сенатты жасақтау тәртібін және оның бірқатар функциясын қайта қараған жөн. 

«Қазіргі таңда жоғарғы палата 49 депутаттан тұрады. Яғни, әр өңірден екі сенатор сайланады және 15 сенаторды Президент тағайындайды.  Мұндай құрылым аймақтардың ерекшелігін ескеруге және заң шығару үдерісіне Мемлекет басшысының тікелей ықпал етуіне мүмкіндік беріп келді. Өз уақытында бұл барынша озық әрі тиімді тәжірибе болды. Бірақ біз алға қарай қадам басуымыз керек. Президенттің Сенаттағы квотасын бақылаудың құралы емес, Парламентте өкілдері аз әлеуметтік топтардың үні мен ой-пікірін ескеру тетігі ретінде қарастырған жөн. Осы орайда мен Президенттің Сенаттағы квотасын 15-тен 10 депутатқа дейін азайту туралы шешім қабылдадым. Оның бесеуін Қазақстан халқы Ассамблеясы қазіргідей сайламайды, тек ұсынатын болады. Парламенттің төменгі палатасында еліміздегі түрлі саяси көзқарастар көрініс табуға тиіс. Ешкімге жасанды артықшылық берілмеуі керек. Осылайша, біз Қазақстан халқы Ассамблеясының Мәжілістегі квотасын жоямыз. Менің ойымша, бұл – саяси жағынан да, заңдық тұрғыдан да дұрыс қадам. Бұл квота Сенатқа ауысады және 9-дан 5 депутатқа дейін кемиді. Соның нәтижесінде Мәжілістегі депутаттардың жалпы саны азаяды. «Аз болса да, саз болғаны» жақсы. Мұндай өзгеріс түрлі этностық топтарға мандат беріп, олардың үні жоғарғы палатада естілуіне мүмкіндік жасайды. Жалпы, Сенаттың жоғарғы палата ретінде жұмыс істеуін дұрыс әрі орынды деп санаймын», деді Мемлекет басшысы.

 «Әлемді өзгерткің келсе, өзіңнен баста» деген сөз бар. Президент осы қағидаға сүйене отырып, саяси реформаларды өзінің өкілеттілігін шектеуден бастады. Атап айтқанда, Президент ешқандай саяси партияға төраға немесе мүше бола алмайды. Өткен жылғы референдум кезінде осы норма конституциялық негізде бекітілді. Бұл қадам биліктің бір адамның қолына шоғырлануын шектеумен қатар, саяси партиялар арасында әділ бәсекелестіктің орнауына да мүмкіндік беріп отыр. Бұл бастамаларды Түркістан жұртшылығы жылы қабылдап отыр. Оған референдумды қолдау жөніндегі штаб құрамында ел аралау арысында көз жеткіздім. Біз оқу орындарында, елді мекендерде түсіндіру жұмыстарына атсалысқан болатынбыз. Байқағаным – ел өзгерістерден үміт күтеді.

Еліміз бүгінгі таңда Жаңа әрі Әділетті Қазақстан құру жолында әлеуметтік-саяси реформаларды жүзеге асырып жатыр. 2022 жылы өткен Конституциямызға өзгерістер енгізу жөніндегі референдум, Президенттің  жеті жылға және бір мерзімге сайлануы туралы өзгерістерді де ел азаматтары қуанышпен қабылдады. 20 қарашада өткен Президент сайлауы осы үлкен өзгерістердің заңды жалғасы деп есептеймін.

Болашақта ел Президенті тек бір рет қана және жеті жылға сайланады. Еліміз үшін Президент сайлауының жеті жылдық мерзімге ұзартылуы өте қажетті əрі маңызды қадам. Бұл - кімге болсын алға қойған реформаларды іске асыру үшін жеткілікті уақыт.

Сондай-ақ Мемлекет басшысының біршама өкілеттіктері қысқарды. Биліктің біраз тармағы халыққа ойысты. Биыл басталған ауыл әкімдерінің сайлауы, келесі жылы аудан, одан кейін облыс әкімдерінің сайлауына ұласпақ. Бұл дегеніміз - халықтық биліктің орнауы. Ел өз басшысын өзі таңдайды. Жаңа Қазақстандағы өзгерістер деп ауыз толтырып осыларды айтуға болады.

Парламент Сенатындағы Президент тағайындайтын депутаттардың саны 15-тен 10-ға дейін қысқартылды. Сонымен қатар Мемлекет басшысы аудан және аудандық маңызы бар қалалардың әкімдеріне дейін тағайындау немесе жұмыстан алу секілді көптеген өкілеттіліктерден бас тартты. Осының бәрі биліктің бөлінуі мен билік тармақтарының бір-бірінен дербес әрі ықпалды болуы үшін қабылданған шешім.

Еліміздің дамуы және әділетті қоғам орнауы үшін саяси жүйедегі таразының екі басы тең болуы шарт. Яғни, атқарушы билік пен заң шығарушы биліктің құзіреті мен мүмкіндіктері тең болуы керек. Жалпы, Парламенттің қос палаталы болуы халықаралық тәжірибеде жиі кездеседі. Мәселен, АҚШ-та, Францияда қос палаталы кәсіби парламент қызмет атқарады. Әрі бұл тәжірибе өзінің тиімділігін дәлелдеген. Парламентті қос палаталы етудегі негізгі мақсат – заңдардың халыққа тиімді әрі мемлекеттің мүддесіне де нұқсан келтірмейтіндей сапалы болып қабылдануына ықпал ету. 

Төменгі палатаның құзіреті артқанының тағы бір көрінісі ретінде Есеп комитетінің орнына бюджеттің орындалуын қадағалайтын Жоғары аудиторлық палата құрылып, ол жылына кемінде екі рет Мәжілістің алдында есеп беріп жатқанын айта аламыз. Мәжіліс депутаттары халықтың салығынан құралған қазына қаржысының тиімді әрі заңға сәйкес жұмсалуын бақылап отыр. Бұл депутаттардың іс жүзінде Үкімет пен жергілікті атқарушы органдардың қызметін де бақылап отырғанын көрсетеді.

Саяси реформалардың маңызды бағыттарының бірі – жаңа партияларды тіркеуге қойылатын талаптардың жеңілдетілуі. Партия ашу үшін қажет мүшелерінің саны әуелі 40 мыңнан 20 мыңға дейін, одан кейін тағы 4 есеге – 20 мыңнан 5 мыңға дейін қысқартылды. Ал бастамашы топтың саны 1 мыңнан 700-ге дейін қысқартылды. Әр өңірде болуы тиіс мүшелерінің саны да 600-ден 200-ге дейін қысқартылып отыр. Яғни, талаптар едәуір жеңілдеді.

Мемлекет басшысының Жолдауында аудан әкімдерінің сайлауы туралы да айтылған болатын. Биыл Президенттің бұл тапсырмасы пилоттық режимде жүзеге асты. Мәселен, Түркістан облысында 3 ауданның әкімін халық тікелей дауыс беру арқылы сайлады. Бұл – билікті орталықсыздандыру және қоғамды демократияландыру жолындағы маңызды қадам. Себебі, аудан әкімдерін халықтың сайлауы жергілікті жердегі жағдайға тұрғындардың ықпал етуіне мүмкіндік береді және аудан әкімдерінің халықтың алдындағы жауапкершілігін арттыра түседі.

Мемлекет басшысы жүргізген саяси реформалардың нәтижесінде жергілікті өкілетті орган – мәслихаттардың да беделі мен ықпалы күшейіп, оған деген халықтың сенімі бұрынғыдан да арта түсті. Бұған, біріншіден, еліміздің сайлау заңнамасына енгізілген өзгерістерге сәйкес, мәслихат сайлауының аралас жүйе бойынша өтуі ықпал етті. Биыл наурыз айында өткен сайлауда депутаттардың 50 пайызы бұрынғыша партиялық тізім бойынша сайланса, 50 пайызы бір мандатты округтер арқылы халықтың тікелей дауыс беруімен сайланды. 

Түркістан облысында да мәслихаттарға жаңа тұлғалар келді. 2023 жылғы 19 наурызда Түркістан облыстық мәслихатының бірмандаттық аумақтық сайлау округтері бойынша сайланатын депутаттарының сайлауы болып өтті. Сайлаушылардың тізімдеріне 1 168 728 азамат енгізілген. Дауыс беруге 611 955 сайлаушы қатысты, олардың ішінде есептен шығару куәліктері бойынша 780 сайлаушы дауыс берді, дауыс беруге арналған үй-жайлардан тыс 4 371 сайлаушы дауыс берді.Кандидаттардың жалпы саны – 81. Арасында жастар мен әйелдер бар.

Екіншіден, мәслихатқа қосымша бірқатар өкілеттіліктер берілді. Солардың ішінде ең елеулісі облыс әкімінің мәслихат депутаттарының дауыс беруі арқылы таңдалуы дей аламыз. Бұған дейін әкім лауазымына кандидат болатын бір азаматты Президент ұсынып, мәслихат оны мақұлдайтын еді. Ендігі жерде әкім лауазымына екі немесе үш-төрт кандидат ұсынылады. Солардың арасынан қайсысы біздің өңірді басқаруға лайық екенін мәслихат депутаттары таңдайды. Яғни, бұған дейін біз әкімге Президенттің осындағы өкілі ретінде қарап келсек, ендігі жерде әкім тек Президенттің ғана өкілі емес, мәслихат депутаттары таңдаған саяси қызметкер. Әкім қалай да өзін дауыс беру арқылы таңдаған мәслихат депутаттарымен санасып, есептесе отырып жұмыс істейтіні анық. Осының өзі Мемлекет басшысы жүргізген түбегейлі саяси реформалардың нәтижесінде мәслихаттың дербестігін арттырып, мәртебесін көтерілгенін айғақтап тұр.

Бекжігіт Сердәлі,

Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-нің профессоры, ҚР Мәдениет қайраткері

Байланысты жаналықтар

Ұлттық ақпараттық кеңістігіміз потенциалды сепаратистерден тиісінше қорғалмаған

25.07.2024

Аятжан Ахметжан: Министр Бейсембаев сынаған адамын ата жауы санайды

22.07.2024

Нұрбай Кеңесбекұлы: Ұлттық ұлан патриот жастарды шыңдайтын құрылым

30.06.2024

Төрехан Майбас: Бізді осы күнге алып келген - қазақшылығымыз!

28.06.2024

Тіл корпустарын әзірлеу және жетілдіру ісі – аса маңызды тарихи-мәдени іс-шара

27.06.2024

Аңсаған Мұстафа: Ұлттық нақыштағы киім ұлттық сананың оянуына себеп

25.06.2024
MalimBlocks
Ұлттық ақпараттық кеңістігіміз потенциалды сепаратистерден тиісінше қорғалмаған

Қазір ақпараттық, ментальды, гибрид, когнитивті соғыс тәрізді көптеген  ұғым пайда болды.

Аятжан Ахметжан: Министр Бейсембаев сынаған адамын ата жауы санайды

Министрлік ол  шешімнің күшін  жойып, мектепке құжат қабылдайтын уақытты 1-қыркүйекке дейін созды

Нұрбай Кеңесбекұлы: Ұлттық ұлан патриот жастарды шыңдайтын құрылым

«Жас бүркіт» деп аталатын 7 спорттық әскери-патриоттық клубы жұмыс істейді

Төрехан Майбас: Бізді осы күнге алып келген - қазақшылығымыз!

Тәңіріміз сыйлаған құтымыздың Иесі болуымыз керек!

Тіл корпустарын әзірлеу және жетілдіру ісі – аса маңызды тарихи-мәдени іс-шара

Қазақ тілінің корпус қорын арттыру, ішкі функцияларын жетілдіру ғылыми тұрғыдан да, тіл болашағы тұрғысынан да өте маңызды әрі өзекті.

Аңсаған Мұстафа: Ұлттық нақыштағы киім ұлттық сананың оянуына себеп

Ұлттық нақышты киім-кешекке принт түрінде түсіріп, ұлттық сананы жаңғырту жолдарын іздеген дарынды суретші, ұлт жанашыры Аңсаған Мұстафамен әңгімелесудің сәті түсті.