Президент реформалары – болашаққа жасалған жүйелі қадам

Malim Админ

  • 13.05.2023

Еліміздің болашағына әрқайсымыз үлес қоса аламыз. Мұны соңғы жылдары жүзеге асқан маңызды саяси реформалар дәлелдеп берді. Былтыр 5 маусымда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Конституцияға өзгертулер енгізуге орай референдум өткізу туралы ұсынысымен, 27 жылдық үзілістен кейінгі тәуелсіз ел тарихында екінші референдум өткізілді. Референдум дегеніміз мемлекет үшін аса маңызды мәселенің шешілуіне азаматтардың дауыс беру арқылы үн қосуы. Жалпыхалықтық референдумда Түркістан облысының тұрғындары белсенділік танытты. Сайлаушылардың 81 пайызы қатысып, республика көлемінде референдумға қатысушылар санынан еліміз бойынша көш бастады. Екі миллионнан астам тұрғыны бар өңірде 1 млн. 163 мыңдай адам референдумға қатысуға құқылы болса,  оның 940 мыңға жуығы референдум учаскелеріне келді. Дауыс беру жағынан Бәйдібек, Отырар, Созақ пен Төле би аудандарының тұрғындары ерекше белсенділік танытты. 6500-ге жуық байқаушы жұмыс істеді. Референдумға дайындық жақсы жүргізілді. Қоғамдық штаб құрылып, халықпен 2800-ден аса кездесу өткізілген. Оған 288 мыңнан астам тұрғын қамтылды. Осылайша жерлестеріміз саяси реформалардан үлкен үміт күтетіндерін аңғартты. Бүгінде бұл реформа жемісін беріп жатыр.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Үндеуінде референдумнан кейін саяси реформалар жалғасатынын жеткізді.

«Конституциялық реформа бүкіл құқық саласын жаңғыртуға жол ашады. Парламент пен Үкімет Конституцияға енгізілген өзгерістерге сай Заңнамаға тиісті өзгертулер енгізуі қажет. Қазақстанда тиімді құқық қорғау және сот жүйесін құруға мүмкіндік беретін реформалар әзірленуге тиіс. Мұны әлемдік тәжірибені ескере отырып жүзеге асырған жөн.

Біз қоғамның және бизнес өкілдерінің өз құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға сұранысы арта түскенін көріп отырмыз. Елімізге азаматтар мен кәсіпкерлерді барынша қорғайтын құқық жүйесі қажет. Заңнамада мемлекетіміздің тұрақты дамуын тежейтін ешбір кедергі қалмауға тиіс. Заман талабына сай келмейтін және күмән туғызатын нормалардың бәрі күшін жоюға тиіс.

Еліміздің экономикалық ресурстарын шағын ғана топтың қолына шоғырландырып, оларға артықшылық берген заңнаманы қайта қарау қажет.

Елден жылыстатылған қаржыны және заңсыз жекешелендірілген активтерді мемлекеттің иелігіне қайтару жөнінде Мекемеаралық комиссия құрылды. Бұл үшін мен арнайы Жарлыққа қол қойдым.

Біз адам құқығы мен бостандығын қорғау жүйесін кешенді түрде күшейтуге негізделген бағдарымызды жалғастыра береміз» деді ел Президент.

Референдум нәтижесінде Парламент және мәслихат депутаттарын сайлау, ауыл, аудан әкімдерін сайлау жүйесіне өзгеріс енгізілді. Жаңа есімдер елге таныла бастады. Әсіресе жастарға, әйелдерге арнайы квоталар бөлініп, сайланбалы органдарда жұмыс істеулеріне мүмкіндіктер молайды. Қазақстан Республикасының 2022 жылғы 20 қарашада өткен кезектен тыс Президент сайлауы бұл Қазақстанның егемендік алғалы бері өткізілген жетінші президенттік сайлауы болды. Азаматтардың саясат пен мемлекеттік басқаруға атсалысуының ең көлемді әрі нақты нысаны сайлау екені белгілі. Бұдан басқа аралас сайлау үлгісі арқылы облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардағы мәслихаттар сайлауына да өзгерістер енгізілді. Биыл өткен сайлауда бұл жүйе өзін толық ақтады дейді сарапшылар.  Бұл – елдегі саяси жүйені одан әрі жетілдіріп, демократияландыруға бағытталған ерекше қадам Бұған дейін жүзеге асқан партиялардың Мәжіліс пен мәслихатқа өту шегін төмендету үшін осыған дейін қабылданған шешімнің заңды жалғасы деуге болады. Мажоритарлық жүйе бойынша әрбір өңір Мәжіліске кемінде бір депутат сайлауға мүмкіндік алды. Сонымен қатар аудандық және қалалық мәслихаттарға сайлау толығымен мажоритарлық жүйеге көшірілді. Мұндай қадам жергілікті ортада бәсекеге қабілетті саяси орта қалыптастыруға жол ашты. Оған Түркістан облысында өткен саяси науқандар дәлел болады. Мықты азаматтарға жол ашылып, билік пен бұқара арасында диалог нығая түсті.

Ел Президенті  VIII шақырылымдағы Парламенттің бірінші сессиясында алдағы жоспарларды бекітті.

 

«Мен бір жыл бұрын, осы ғимаратта халыққа жолдауымды жарияладым. Еліміз үшін аса маңызды сәтте саяси жаңғыру бағдарламасын ұсындым. Бастамаларымыз жұрттың шынайы қолдауына ие болды. Оған былтырғы референдумда айқын көз жеткіздік. Біз тәуекелге бел буып, бірден іске кірістік. Бір жылдың ішінде ауқымды жұмыс атқарылды. Конституциялық реформа арқылы бүкіл жүйені өзгертетін қадамдар жасалды. Президент жеті жылға бір рет қана сайланатын болды. Сондай-ақ Парламенттің құзыреті мен қызметі қайта қаралды. Депутаттардың рөлі едәуір күшейді. Конституциялық Сот құрылды. Бүкіл сот жүйесіне түбегейлі реформа жасау басталды. Адамның құқықтары мен бостандықтарын қорғауға қатысты жұмыс жаңаша сипат алды. Азаматтардың саяси өмірге емін-еркін араласуына жол ашылды. Реформаларымыз «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидасына негізделді. Бұл қағида – мемлекетіміздің басты тірегі. Референдумнан кейін Конституцияның жаңа талаптарына сай билік тармақтарын түгел жаңғыртуға кірістік. Халықтың да көптен күткені осы еді. Конституциялық өзгерістерге сәйкес Президент сайлауы, Сенат, Мәжіліс және мәслихаттар сайлауы өтті. Референдумды қосқанда бір жылға жуық уақыттың ішінде өте маңызды 5 саяси науқан өткізілді. Оның бәрі аса күрделі кезеңге тұспа-тұс келді. Қаншалықты күрделі болса да, біз еліміз үшін өте қажет жолды қысқа мерзім ішінде жүріп өттік. Қазақстанның жаңарып, жаңғыра бастағанына жұрттың көзі жетті. Кешегі сайлауда партиялармен қатар көптеген азаматымыз бір мандатты округтен өзін-өзі ұсынды. Осылайша, халқымыз маңызды өзгеріске өз үлесін қосуға дайын екенін дәлелдеді. Елімізде жаңа азаматтық, саяси мәдениет қалыптасып жатыр. Мен сайлауға белсене қатысқан барша азаматқа алғыс айтамын. Бұл науқан, шын мәнінде, бұрынғыдан ерекше, өзгеше болды. Сайлау науқаны шынайы бәсеке жағдайында, ашық өтті. Үгіт-насихат кезеңін және дауыс беру барысын ақпарат құралдары жан-жақты көрсетті. Партияларға, үміткерлерге бірдей мүмкіндік берілді. Мұны отандық және шетелдік байқаушылар да айтып отыр. Қандай да бір саяси ұйымға артықшылық берілген жоқ. Президент ешбір партияның мүшесі емес. Облыс әкімдері партия бөлімшелеріне жетекшілік етпейді. Жоғары лауазымды қызметкерлер партия тізімінде болған жоқ. Яғни, барлық партиялар сайлауға бірдей жағдайда қатысты. Сайлаушылар да, үміткерлер де айрықша белсенді болды. Саяси партиялар әр аймақта ел назарын өзіне аудару үшін тартысқа түсті. Бірнеше рет тікелей эфирде партиялар арасында қызу және тиімді пікірталас болды. Бұл – демократиялық қоғам үшін қалыпты үрдіс. Мұның бәрі Қазақстанда ашық азаматтық қоғамның нығайып келе жатқанын көрсетті. Сайлау науқаны кезінде көптеген орынды сын, байыпты ұсыныс айтылды. Біз айтылған салмақты ұсыныстарды міндетті түрде зерделейміз.

Бәсеке жоғары болғандықтан, сайлау нәтижесін алдын-ала болжау мүмкін емес болды. Оның қорытындысы еліміздің нағыз көппартиялы мемлекетке айналу жолында маңызды қадам жасағанын көрсетті. Мемлекет басшысы ретінде айтарым, Мәжіліске көзқарасы әртүрлі саяси ұстанымдағы күштер келді деп есептеймін. Алғаш рет ұзақ жыл бойы оппозицияда болған партия Парламентке өтті. Біз осының бәріне ауқымды саяси реформаның арқасында қол жеткіздік. Партияларды тіркеу мәселесін реттейтін заңнаманың өзгеруі де бұған септігін тигізді. Енді партиялар еліміздің болашағына зор ықпал ететін саяси үдерістің басы-қасында жүретін болады. Мәжіліске бір мандатты округтен де депутаттар сайланды. Яғни, Парламентке түрлі әлеуметтік топтан шыққан өкілдердің келуіне жол ашылды. Сондай-ақ ұзақ жылдан бері алғаш рет өзін-өзі ұсынған үміткерлер депутат атанды. Бірқатар азамат партия атынан шыққан үміткерлерді тартысты бәсекеде жеңіп шықты. Осылайша, елімізде демократия дәстүрі жаңа деңгейге көтеріліп, нығая түсті. Саяси күштердің бәріне бірдей мүмкіндік берілетініне азаматтардың сенімі артты. Еліміздің жастары әрдайым менің айрықша назарымда екені баршаға мәлім. Мен билікке ойы озық, білімді жастар келуі керек деп үнемі айтамын. Өскелең ұрпақты ел ісіне баулу – өте маңызды мәселе. Олар қоғамға жаңа құндылықтар әкелуге тиіс. Сайлау кезінде жас кандидаттар бірігіп, өз тобын құрғаны белгілі. Осы одақтың белсенді мүшелері Парламентке және мәслихаттарға өтті. Осылайша, өкілді билік тармағына саясаткерлердің жаңа буыны келіп жатыр. Жастар мұны елімізді дамытуға берілген бірегей мүмкіндік деп бағалауы қажет», деді Мемлекет басшысы.

Қазіргі таңда «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінде 2015 жылдан бері экскурсовод болып қызмет атқарып келемін. Түркістан қаласының тумасы ретінде қаламызға келген туристердің артып жатқаны қуантады. Сонымен қатар Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне зиярат етушілер де әдеттегіден көп. Әсіресе шетелдік келушілердің қызығушылығы ерекше. Әзірет Сұлтан кесенесінің еліміздің тарихы мен рухани өмірінде маңызды орын алатыны айқын. Кесене ішінде көптеген хан-сұлтандар мен батырлар, игі жақсылар жерленген. Археологиялық және сәулет ескерткіштерінің толық кешені болып саналатын мұражай қорығы –Қазақстанның ортағасырлық тарихының өзіндік нышаны. Қорықтың негізгі нысаны –ХIV ғасырдың тарихи-сәулет ескерткіші, халық арасында әулие Әзірет Сұлтан – Әулиелердің сұлтаны ретінде белгілі болған түркі тілдес халықтарының рухани тәлімгері Қожа Ахмет Яссауи кесенесі. Бұл бүгінгі дейін жеткен орта ғасырлардағы жалғыз сәулет ескерткіш. Қазақстан тарихының алғашқы ескерткіші 2000 жылы маусым айында ЮНЕСКО Бүкілдүниежүзілік мұра тізіміне алынған. Бұдан басқа қорыққа біріктірілген тағы сегіз мұражай ескерткіштері кіреді. Олар Қожа Ахмет Яссауи мұражайы, «Қылует» жер асты мешіті, «Жұма мешіті» мұражайы, «Шығыс моншалары» мұражайы, Түркістан қаласының тарих мұражайы, Археология және этнография мұражайы, Рабия Сұлтан Бегім мұражай кесенесі, «Түркістан қаласы көшесі» мұражайы. Мұражай құрамына жүзден аса тарихи-мәдени, діни-рухани, археологиялық және сәулет ескерткіштері кіреді. Қорда 25 мыңнан астам экспонат пен 5 мыңнан астам ғылыми кітап сақталған.

Біздің өңірімізде бұл кесенеден бөлек Бәйдібек жеріндегі «Домалақ ана», Сайрам жеріндегі «Ибрахим ата», «Қарашаш ана», Отырардағы «Арыстан баб», Сауран ауданындағы «Үкаш ата» кесенесімен қатар Сауран қалашығы, Отырар қалашығы сынды тарихи орындар жеткілікті. Оның басым көпшілігі республикалық мәдени мұралар қатарында болса, кейбірі ЮНЕСКО-ның тізіміне енген. Жақында ғана Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне Индонезия Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Мохамад Фаджрул Рахман зиярат жасады. Құрметті қонақты «Әзірет-Сұлтан» музей-қорығының директоры Мәулен Садықбеков қарсы алды. Зиярат барысында Фаджрул мырза Ясауи кесенесін, Қылует жерасты музейі мен Шығыс моншасын аралап, шет тілінде экскурсия жасадым. Мұқият тыңдаған ол таңданысын жасырмады. Жалпы осындай жұмысым өзіме ұнайды. Төл тарихымызды тәуелсіз ел ұрпағына мұра етуге алтын көпір болғаным қуаныш сыйлайды. Азаттығымыз мәңгі болсын!

Ералиева Салтанат,

Экскурсовод,

Түркістан облысы

Байланысты жаналықтар

Серікбай Қосан: Ғалымдардың көбі ерте қайтыс болып кетті...

03.12.2024

Қазақтар ғана бір-бірінің үстінен арыз жазды деу қате пікір

13.11.2024

Қанағат Жүкешев: Қазақ тілін шенеуніктер емес, ғылым дамытуы тиіс

11.11.2024

Тіл корпустарын әзірлеу және жетілдіру ісі – аса маңызды тарихи-мәдени іс-шара

06.09.2024

Эколог Лаура Мәлікова: АЭС-ті экологиялық энергия көзі деп бағалауға болмайды

31.07.2024

Ұлттық ақпараттық кеңістігіміз потенциалды сепаратистерден тиісінше қорғалмаған

25.07.2024
MalimBlocks
Серікбай Қосан: Ғалымдардың көбі ерте қайтыс болып кетті...

Марқұм ұстазымыз Үшкілтай апай, Қабиболла ағай, менің достарым Тоқтар Әлібек, Қарашаш Алпысбаева, Бақыт Әбжет – бұлардың бәрі қолжазбаның зияны тиген адамдар.

Қазақтар ғана бір-бірінің үстінен арыз жазды деу қате пікір

1922 жылға дейін Әлихан тек қазақ және орыс тілін білген. Ол кезде оның жасы 50-ден асқан еді. Логикаға салсақ, осыдан кейін 9 тіл біліп кетуі де екіталай ғой.

Қанағат Жүкешев: Қазақ тілін шенеуніктер емес, ғылым дамытуы тиіс

Қазақша сөйлеуді алдымен мемлекеттік қызметкер меңгеруі тиіс деп түсіндіру – бұқаралық сананы теріс бағыттау

Тіл корпустарын әзірлеу және жетілдіру ісі – аса маңызды тарихи-мәдени іс-шара

Қазақ тілінің корпус қорын арттыру, ішкі функцияларын жетілдіру ғылыми тұрғыдан да, тіл болашағы тұрғысынан да өте маңызды әрі өзекті.

Эколог Лаура Мәлікова: АЭС-ті экологиялық энергия көзі деп бағалауға болмайды

Атом электр стансасы салынар болса, Қазақстанда тағы бір «Қошқар ата» полигоны пайда болуы мүмкін.

Ұлттық ақпараттық кеңістігіміз потенциалды сепаратистерден тиісінше қорғалмаған

Қазір ақпараттық, ментальды, гибрид, когнитивті соғыс тәрізді көптеген  ұғым пайда болды.