Қазақстанда оқып жүр талай елдің баласы

Қазақстан бүгінгі күні алыс-жақын шетелдер үшін беделді білім ошағына айналып келеді. 2022-2023 жылғы ресми мәлімет бойынша, отандық 96 ЖОО-да 26000-нан астам студент 84 елден келіп білім алып жатыр. Көбінесе шетелдік студенттер медицина, педагогика, бизнес, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар мен гуманитарлық ғылым салаларын таңдайтын көрінеді. Білім алушы студенттердің дені ТМД мен Азия елдерінен.
Бүгінгі біздің кейіпкеріміз Үндістанның Мумбай қаласынан келген Аюш Балахасеб Фапале. ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі мәліметі бойынша, Үндістандық студенттер еліміздегі шетелдік білім алушылардың саны бойынша тұрақты көшбасшы Өзбекстаннан соң екінші орынды иеленеді. Және олардың көбі медицина саласында оқуға түсетін көрінеді.
Аюш Балахасеб Фапале де бала кезінен дәрігер болуды армандаған, ержете келе аңсаған мұратына қол жеткізбекке талпынады. Сөйтіп орта азиядағы ең беделді оқу орындарының бірі Әл Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің медицина факультетіне оқуға түседі. Аюш алғашқы әңгімесін Қазақстанға келген сәтінен бастады:
«Алғаш Қзақстанға келген сәтім әлі есімде. Қаңтардың 31 еді, Air Astana ұшағымен Алматыға келіп қондық. Бұл менің осы елге тұңғыш рет келуім, сонымен бірге, үйден жыраққа шыққаным да осы жолы. Сол үшін маған көп дүние таңсық болып көрінді.
Бастапқыда Қазақстанда оқимын деген шешіміме ата-анам қарсы болды. Бірақ бұл менің армандаған кәсібімді меңгеруге таптырмайтын мүмкіндік еді. Жақын мемлекеттер арасынан білім сапасы мен оқу орындарының көрсеткіштері жағынан алдыңғы орындарда тұрған Қазақстан ең лайықты таңдау болды».
Әрине Аюш Алматыға бірден үйірлесіп кете алмаған көрінеді. Жылы климатқа бойы үйренген ол қыс ортасында Алматыға алғаш келген уақытында ауа-райына бейімделудің қиынға соққанын айтады. Сонымен қоса, өзіне тосындау сезілген құндылықтар мен дүниетанымы басқаша қоғамда өмір сүріп, олардың мәдени ерекшеліктеріне үйренісудің өзі де оңай шаруа емес. Осындай кезде студент жан-жақты көмекке барынша мұқтаж.
«Мұндағы жастар қонақжай, көмек керек кезде қашан да қол ұшын созуға дайын тұрады. Ал оқу ісі бойынша әлдебір мәселе туындаған жағдайда кез-келген уақытта эдвайзер маманнан көмек сұрай аламыз.
Қазір достарымызбен пәтер жалдап тұрамыз. Алматыда пәтер мен азық-түлік бағасының аздаған қымбаттығы болмаса студентке білім алу үшін бар жағдай жасалған».
Елімізде 600,000-ға жуық студент болса, солардың 4,2 пайызын шетелдіктер құрайды
Біздің келесі кейіпкеріміз Ирандық Сина Факхан. Ол үш жылдан бері Қазақстанда тұрады. Әкесінің жұмысына байланысты отбасымен осында көшіп келген. Сина халықаралық Галакси мектебін тәмамдап, экономист мамандығына оқуға түскен. Сина алғашқы әсерінің тосын болғанын айтты:
«Алматыға алғаш келгенімде әуежайдағы көрініс мүлде ұнамаған еді. Бірақ қаланың ішіне кіргенде зәулім ғимараттар мен әсем табиғат ол ойымды түбегейлі өзгертті. Әсіресе Алматының ауа-райы, таулары ұнайды. Сол үшін де мектептен соң Алматыда оқу туралы шешім қабылдадым».
Иранда қазір 20,000-ға жуық қазақ тұрады. Сина қазақ достары арқылы қазақ ұлтының мәдениетімен, салт-дәстүрімен таныс болғандықтан Қазақстанға бейімделу де аса қиын болмағанын айтты. Дегенмен мәдени ерекшеліктерге байланысты кей кезде түсінбеушіліктер де белең алып тұратын көрінеді.
«Біз жақта адамдар қаттырақ сөйлеседі. Бізде әр сөзіңді анық, ашық сөйлеу әдебі қалыптасқан. Қазақстанда бір байқағаным адамдар баяу ғана үн қатып, ұғынысады. Осы маған қызық болып көрінді. Біз үшін бұлай сөйлесу келесі адамды сыйламағандықтың белгісі. Мен көрген алғашқы мәдени таңданыс осы болса керек»
Қазақстан көптеген мәдениеттердің тоғысқан орны. Сол үшін азаматтар өзге мәдениет пен өзге ұлт өкілдеріне құрметпен қарайды. Дегенмен кез-келген қоғамда дискриминацияның болатыны жасырын емес. Мұны Сина да жоққа шығармайды.
«Кейбір адамдар шетелдік студенттерді саяси босқындар сияқты көреді. Тіпті олардың саяхаттау, жұмыс жасау, оқу мақсатымен келгенін қабылдай алмайды. Көбіне жасы үлкен кісілер шетелдіктерді шеттетуге тырысады. Мұны «нәсілшілдік» деп айтуға болмайтын шығар, бұл өте ауыр сөз. Бірақ әлгі кісілер өзге мәдениет өкілдеріне жатырқап қарайтын сияқты. Бұл, меніңше, Совет үкіметінен қалған ойлау жүйесі. Бірақ кейінгі буын өте бауырмал, қонақжай екенін байқадым».
Біз сөз арасында Синадан «сіз үшін қоғамдық өмірге араласуға кедергі келтіретін дүниелер бар ма?» деп сұрадық.
«Қоғамдық өмірде тілдік барьер кедергі болып жатады. Мен аздап орысша білемін. Сондықтан Алматы, Астана сияқты қалаларда адамдармен еркін сөйлесе аламын. Бірақ Тараз, Шымкент сияқты өзге қалаларға барғанда олармен түсінісу қиынға түседі. Негізі қазақ тілін үйренгім келеді, бірақ шетелдіктерге қазақ тілін үйрететін лайықты орын таба алмадым. Жалпы шетелде оқу немесе шетелдік студенттерді қабылдау өзге мәдениетпен танысу, өз мәдениетіңді насихаттаудың таптырмайтын жолы деп білемін. Мен Испанияның Кадис қаласында оқыған кезімде ол жерде үкімет те адамдар да өз тарихын мәдениетін таныстыруға құмар екенін байқадым. Ол жақта тарихи орындарға бару, мәдени құндылықтарымен танысу, тіл үйрену тегін болды. Өйткені олар тарихымен мақтанып ғана қоймай, шетелдік қонақтарға дәріптей біледі. Меніңше Қазақстан осы жағынан кемшін түсетін сияқты. Мәселен біз көптеген тұлғалардың атымен таныспыз (Байтұрсынов, Қонаев сияқты). Бірақ олардың немен айналысқаны туралы нақты деректерді білмейміз. Бұл да дұрыс насихатталмағанның кесірі деп ойлаймын».
Сина осылай деп жауап берді де, кітапхана қабырғасында тұрған картинадағы «Оян қазақ» деген сөзді оқыды, соан соң өзі қызығатын мәдениет ара байланыс туралы әңгімей жөнелді.
«Әлем мәдениеттің көптігімен әдемі. Мен де түрлі мәдениетпен танысып, білуге құштармын. Осы орайда университетіміздің жанындағы ISA (шетелдік студенттер қауымдастығы) туралы айтқым келеді. Біздің ұйымның басты мақсаты ұлттар бірлігі мен мәдени алмасуды қамтамасыз ету. Ең алғаш 2021 жылы медицина факультеті студенттері негізін қалаған бұл ұйым бүгінгі күні шетелдік студенттер үшін университет тәжірибесін байытуға бағытталған қоғамдастыққа айналып отыр.
Біздің негізгі мақсатымыз ұлттық, нәсілдік және гендерлік кедергілерді еңсеру арқылы әртүрлі мәдениеттер арасындағы байланыс пен түсіністікке ықпал ету, жаңа идеялар мен перспективаларды жүзеге асыратын қолайлы орта құру. Бір қоғамда өмір сүріп, бір жерде білім алып жүрген түрлі ұлттардың өкілдері арасындағы байланысты нығайтып, өзара ымыраластықты, өзге мәдениетке деген сыйластықты орнату».
Үндістан мен Иран, Аюш пен Сина. Бұларды өзара байланыстырып тұрған Қазақстан. Бірақ олар біздің тарихымызды танып, мәдениетімізбен толық танысып үлгермепті. Осы орайда Синаның Ипаниямен байланыстырып айтқан сөзі қайта ойыма оралды. Шынымен де қазақ мәдениетін шетелге таныстырудың, нәсихаттаудың бір жолы осында білім алып жатқан шетелдік студенттерге қазақ тілін, қазақ тарихын үйрету, мәдени, рухани құндылықтарымызды таныстыру емес пе?!
Қосқанат БАУЫРЖАН
Байланысты жаналықтар
MalimBlocks
Сұлтанәлі Балғабаев: Дүниежүзі қазақтары қауымдастығын мен тіркетіп едім
Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасы орынбасарлығынан үміткер бір шенеунік өзі бола алмаған соң, айтылған дүниелерді қағазға түсіртіп, құжат жасатпаған. Содан іздеп жүріп, сол жиынды жазып алған радионың бір қызметкерінен дыбысжазбаны алып, сол бойынша өзім хатшы ретінде протокол жасап, тиісті адамдардың қолын қойдырдым. Кейін ұйымның жарғысын жазып шықтым. Солайша, ұйымды Әділет министрлігіне тіркеттік.