Сәуле Досжан: «Роман оқылмайды» деген стереотип пікірді жоққа шығарды
Оқиғалар көз алдымнан кинолента сияқты өтіп жатады. Сондай кезде жұмыс өнімді жүреді. Ондай кезде жайлы жер талғамаймын, ұшақта отырып та жаза беремін.
Жыл аяқталар тұста әр адам өзінен іштей болса да есеп алуы заңды құбылыс. Абай күніне, аптасына, айына болса да өзіңнен бір рет болса да есеп ал демеуші ме еді... 2024 жылы сынағы мен шырғадлаңы көп жыл болды. Бірақ қуанышы да аз болмағаны анық. Қазақ әдебиеті үшін бұл жылдың орны ерекше деуімізге болады. Әсіресе, жаңа романдар көп жазылды. Оқырмандарыдң қазақ әдебиетіне назары ауған жыл болды. Осы орайда белгілі жазушы, «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, соңғы жылдары ромиандары оқырман сұранасына ие болып, шетел тілдеріне көптеп аударыла бастаған Сәуле Досжаннан сұхбат алған едік.
– 2024 жылда аяқталып барады. Еліміз үшін сын сағаттар да болды. Көктемдегі су тасқыны кезінде көптеген түйткілді мәселелер ортаға шықты. Биыл Сіздің есіңізде несімен қалды?
– 2024 жыл жақсылығын үйіп-төккен берекелі жыл болғаны рас. Дегенмен, қатерлі сынағы да көп болып, халықты үрейлендірген кездері болмай қалған жоқ. Жылдың басында Алматы тұрғындары түн ортасында болған 5 балл жер сілкінісінен қатты үрейленіп, қаланы тастап кете бастады. Одан кейін де әлсін-әлсін жер асты дүмпуін сезіндік. Көктемде соңғы 80 жыл бойы болмаған су тасқыны болып, жанымызды шүберекке түйіп отырдық. Бұл табиғи апаттан әсіресе батыс өңіріндегі облыстар қатты жапа шекті. Бір мезгілде АЭС деп шапқыладық. Бұл мәселеде ел пікірі екіге жарылды. 6 қазанда референдум өтіп, дауға нүкте қойылды. Енді бір мәселе, еліміз бірыңғай уақыт белдеуінің ауысуы. Еліміздің кейбір жерлерінде күндізгі үш-төрттерде күн батып кететін болды. Бұл жағдай адамдардың биоритміне әсер етіп жатқаны рас, ұмытшақтық ауру ұлғайып жатыр. Соңғы аптада куә болған екі бірдей ұшақ апаты да көңілімізге кірбің салды. 2025 жыл жайлы жыл дейміз.
– «Өмір бәйтерегі» романыңыз арқылы Меценат клубы тағайындаған арнайы стипендияға ие болдыңыз. Бұл қазақстандық кез келген қаламгердің армандайтын сыйлығына айналып келеді. Бұл сыйлықтың ерекшелігі неде деп ойлайсыз?
– Мен өзім «Меценат» сыйлығын қазақстандық Нобель деп бағаладым. Қазір әдеби конкурстар төңірегінде жиі дау-дамай болып жатады. Дегенмен, «Меценат» сияқты жоғары деңгейдегі конкурс өз биігіне жете берсе деп тілеймін. Конкурстың неғұрлым әділ өтуіне Ерлан Асқарбеков, Тимур Турлов, басқа да азаматтар барын салып жүр. Сыйлықтың ерекшелігіне келетін болсақ, ең алдымен, бұл отандық романдардың дамуына жол ашты. «Роман оқылмайды» деген стереотип пікірді жоққа шығарды. Дауыс берген оқырмандардың санынан бұл жанрдың оқылатындығына көзіміз жетті.
– Сіз соңғы жылдары бірнеше роман, хикаяттар жаздыңыз. «Ауылдан шыққан миллионер» кітабыңыз нағыз бестселлерге айналды. Оқырманы ең көп жазушы кім десе, Сізді айтады. Байқауымызша, еліміздегі мәдени-рухани іс-шаралардан қалмайсыз. Көлемді шығарма жазуға уақытты қайдан табасыз?
– Менің ерекшелігім, өзімді қызықтырған тақырып ойымда тез дамып, пісіп-жетіледі. Сол кезде кідіруге болмайды, тезірек жазу үстеліме отырып, жұмыс істеуге кірісемін. Оқиғалар көз алдымнан кинолента сияқты өтіп жатады. Сондай кезде жұмыс өнімді жүреді. Ондай кезде жайлы жер талғамаймын, ұшақта отырып та жаза беремін. «Ауылдан шыққан миллионерге» келетін болсақ, бұл шығарма пандемия кезінде жазылды. Үйге қамалып, зерігіп отырған балаларға ой салатын, мотивация болатын дүние жазғым келді. Қазір көптеген тілдерге аударылып жатыр.
– Семей полигоны туралы екі романыңыз жарық көрді. Ұлттық қасіретімізді ұзақ жыл зерттегеніңіз байқалады. Бұл тақырыпқа қалам тарту ойына қашан келдіңіз? Кейіпкерлер нақты адамдар ма, әлде ойдан шығарылған жиынтық образдар ма?
– Үйдегі ағаң, Сәт Бесімбайұлы жастау кезінде Семейде бір жыл әскери қызметте болған. Айтыла бермейтін полигон зардаптарын сол кезде өз көзімен көріп, жүрегінен өткізеді. Ұлттық қасіретімізге айналған полигон тақырыбына келуіме сол кісінің әсері болды. Кейіпкерлеріне келетін болсақ, көбінесе, типтік образдар жасалды. Ал нақты адамдарды сол күйінде көрсеткен себебім, соған лайық болған соң тарихи шығарма арқылы тарихта қалсыншы деген ойым болды.
– Сіз жас әдебиетшілердің шығармаларын үзбей оқып отыратыныңыз байқалады. Жастарға үнемі тілеулес болып жүресіз. Бүгінгі жастар прозасында қандай жаңалық бар? Соңғы кезде жастар прозасынан кімдерді оқыдыңыз?
– Жылт етіп шыққан таланттарды қалт жібермей оқимын. «Қазына», «Мазмұндама», т.б. айтулы баспаларының дүкендеріне арнайы барып кітабын сатып аламын. Әлішер Рахат, Әлихан Жақсылық, Қанат Әбілқайыр сынды жас жазушылар үшін 2024 жыл өте сәтті болды деп ойлаймын. Жастар әдебиетінің дамуына қолымнан келген көмекті аямауға тырысамын. Ал енді олардың әкелген жаңалығына келетін болсақ, нонфикшн, мейнстрим, т.б. әлемдік трендті жақсы түсініп, қабылдағаны байқалады. Ұлттық бояуды жоғалтпай, таза еліктеуге ермей, өз орнымен қолданғанда, жарыққа жақсы дүниелер келеді. Сол арқылы қазіргі әдебиетіміз көп сөзділіктен, әсіре көркемдеуден, ой-қиялға көбірек кетіп қалудан тазарып, жинақыланып келеді.
– Келер жылғы жоспарыңыз қандай? Қандай шығарма жазып жүрсіз? Жазушы Сәуле Досжан оқырмандарын немен қуантады?
– Келесі жылға екі үлкен жоба дайындап отырмыз. Менің мақсатым жыл сайын жаңа деңгейге көтеріліп отыру, неғұрлым әлемдік әдебиет қатарына қосылуға ұмтылу. Алла қуат берсе, 2025 жылы оқырмандарымды жаңа шығармаларыммен қуантамын деп ойлаймын.
– Әңгімеңізге көп рахмет.
Сұхбаттасқан Әлібек ЖАҚАН