Соғыстың 100-күні: Қазақстан Украинаға қалай көмектесіп жатыр?
Бүгін Ресей Украина аумағына басып кіргеніне 100 күн толды. Осы орайда Қазақстаннан Украинаға көмек жинап жүрген Алматыдағы көмек көрсету штабының жетекшісі Настя Байбуламен тілдесіп қайттық.
- Украинаға көмек көрсету қай кезден басталды?
- Соғыс басталған кезде мен көмек көрсету керек деп ойладым. Сол кезде Ел Болашағы штабы туралы әлеуметтік желіден оқып, алдымен олардың кеңсесіне бардым. Сол жерде қораптарға керек-жарақ жинай бастадық. Ол кеңсе тар болды, көлік тұрағында адамдар әкелген заттарды қабылдап, жіберудің өзі қиындады. Таңғы тоғызда барып, кешкі тоғызда қайтқан кездеріміз де болды. Жұмыс ауқымы көбейген соң, кең орынға көшу керек болды. Мен осы Бәрібаев, 36 мекен-жайындағы адамдарға өтініш айттым, олар бізді ешқандай төлем талап етпей қабылдады. Наурыздың соңынан бері көмекті осы жерде қабылдап, Украинаға жіберіп отырмыз. Күнделікті таңғы оннан кешкі сегізге дейін жұмыс істейміз.
- Ерікті ретінде қай елдің азаматтары келеді?
- Мұнда қазақстандықтар, ресейліктер, украиналықтар жиналған. Мысалы, мен Ресей азаматымын, бірақ Қазақстан жұмыс істеп жүргеніме 6 жылдан артық уақыт болды.
Соғысқа байланысты Украинадан, Ресейден жақында ғана көшіп келгендер ерікті болады. Наурыздан бері үйреніп қалған еріктілеріміз бар. Жаңадан келіп жатқандар да бар. Аптасына бір күндерін арнап кезекшілікте отырады. Біз туралы олар әлеуметтік желіден біледі. Қазақстандағы украиндықтар және Ел Болашағы деген инстаграм парақшалардан көріп келеді. Негізі көбі Қазақстан азаматтары.
- Адамдар не үшін көмектесуге құштар?
- Себебі адамдарға бұл жағдай ауыр тиіп жатыр. Біздің еріктілердің көбі бастапқыда өз ақшаларына көмек алып келетін. Қаржылық көмек бере алмайтын болғанда, уақыт арнап жұмыс істеп көмектесуге болады. Келген тауарларды дұрыстап жинақтау керек, көтеріп, тасу керек. Тауарды жинақтаудың арнайы ережесін бекіттік, яғни су май төгілмеуі, печеньелер үгітілмеуі керек. Ерікті болғысы келетіндер көп. Біз бәрін ала бермейміз. Себебі екі-үш сағат отырып кететін адамдар керек емес, қайта-қайта жаңа келген адамға жұмысты түсіндіргеннің өзіне уақыт кетеді.
- Көмекті қандай азаматтар алып келеді?
- Көмек көрсететіндер де әртүрлі елдің азаматтары. Әрине басым бөлігі қазақстандықтар. Бірақ басқа елдің азаматтары да бар. Мысалы, Беларусьте, Ресейде көмек жіберу мүмкіндігі жоқ адамдар Қазақстан арқылы көмектеседі. Қазақстанға көшіп келген немесе көшуді қалайтын ресейліктердің топтары бар. Олар да көмекті осы жерге әкеліп береді.
- Украина азаматтарына сіз секілді Ресей азаматтарымен бірге жұмыс істеу қиын емес пе?
- Әрине, кей жағдайларда қиындықтар болып қалатын шығар. Бірақ біз бәріміз ересек адамдармыз ғой. Бәріміз мәселенің ұлтқа немесе азаматтыққа келіп тірелмейтінін білеміз, мәселе адами құндылықтарда. Мен Ресей азаматы ретінде қазір осы оқиға үшін ресейліктердің ұжымдық жауапкершілігі бар екенін білемін. Біздің еліміздің істеп жатқан ісінен қашып құтыла алмаймыз. Біз осы тозақты алып келген елдің азаматтарымыз. Бәлкім сөйлейтін кезде үндемей, қарсы шығатын кезде бұғып қалған шығармыз. Бірақ егер адам Украинаға көмек жинап жүрсе, демек ол бұл жағдайға қарсы деген сөз ғой. Бәрі соны түсінеді деп ойлаймын.
- Ақпанмен салыстырғанда көмек беру азайып кетпеді ме?
- Азайды. Бірақ бұл қалыпты жағдай. Себебі Қазақстан үлкен ел емес, оның үстіне халықтың жағдайында түсінеміз. Айына бір рет жалақы алады, бірақ соған қарамастан, тұрақты көмек беріп келе жатқандар бар. Зейнеткерлер зейнетақысының бір бөлігіне керек-жарақты сатып алып, әкеліп тастайды. Жастар өз туған күндерінде әлеуметтік желіге пост жазып, жақындарын сыйлықтың соммасын бізге аударуға, бізге көмектесуге үгіттеп жатады. Жақында бір қыздың әріптестері туған күнінің құрметіне ақша жинап, бізге бірнеше генератор әкеліп берді. Мәскеуден режиссер жігіт туған күніне жиналған 560 мың теңгені генератор алуға жіберді.
Қазір әртүрлі ұйымдармен байланыс орнатып жатырмыз. Олар бұрын қалай көмектесу керегін білмеген, қазір біздің есеп бергенімізді, бізге Украинадан келген жауаптарды көріп, сенім пайда болды. Қажетті заттар тізімін жариялаймыз, соған қарап, адамдар, ұйымдар көмек көрсетеді.
Әрине біз қалаған көлемде көмек келмейді, бірақ бұл түсінікті жағдай. Себебі соғыстың болып жатқанына 100 күн толды, адамдар көмектескеннің өзінен шаршап, жағдайға үйреніп кетеді. Бірақ қандай жағдай болмасын, күнделікті көмек келіп тұрады. Осының бәріне қарап Қазақстанның өте мейірімді ел екеніне көзім жетті.
- Қандай заттар алып келу керек?
- Бірінші кезекте тағамдар керек. Одан кейін гигиеналық заттар, дәрі-дәрмектер. Нұр-Сұлтанда Украина елшілігі жанында біздің Қазақстан бойынша штабтың төрайымы Златаслава отырады. Ол бізге керек заттар тізімін жібереді. Қазір көбіне тамақ және генератор керек. Себебі қираған аймақтарда бірінші жол мен жарық болмайды. Бір айдың ішінде біз осы штабтан 40-қа жуық генератор жібердік.
- Украинадан кері байланыс бар ма?
- Біз әр қорапқа «Будь ласка дай знати що допомога дійшла. С любовью Казахстан» деп жазып, онда өзіміздің инстаграм мен уатсапты көрсетеміз. Олар ылғи көмекті алғандары туралы ақпарат жіберіп отырады. Бізге Украинаның әртүрлі қалаларынан келген хаттар мен суреттерді сақтап жүрміз.
Негізі бізден кететін көмек Украинаның ішкі босқындары яғни оккупациялық аймақтан елдің батысынан көшкендер адамдарға барады. Одан басқа жерге де барады. Мысалы, Чернигов ауданы оккупацияда болғанда, біз сол жаққа көмек жібердік. Ауданда жолдың бәрі мина болған. Бірақ біздің көмек ол жерге жеткенде, аудан босатылды, біз ол жақтан еріктілерді тауып, көмекті алып кетуге шақырдық. Өз қолымызбен түнімен отырып жинаған көмектің Черниговке жеткенін білу үлкен қуаныш болды. Осында қыздармен отырып, егіліп жыладық.
- Қазақстанның басқа өңірлерінде штабтар бар ма?
- Бізде аймақтық штабтар болған. Бірақ қазір негізгі көмек жинау орындары Алматы мен Нұр-Сұлтанда. Аймақтық штабтар ашу логистика жағынан қиын. Бірақ өңірлерде де адамдар көмек береді. Мысалы, жақында тараздықтар өздері азық-түлік жинап, көлік жалдап, Алматыға әкеліп тастады. Бүгін Өскеменнен бір кісі жазды, дәрі-дәрмек алып қойған екен, пошта арқылы алатын болып келістік.
- Аукциондар, концерттік шаралар өткізіп, көмек жинап көрдіңіздер ме?
- Біз «Украина күндерін» өткіздік. 9-10 сәуірде борщ істеп, осында қонақтарды шақырып, сол шаралардың арқасында 4 миллион теңгеден артық қаражат жинадық. Енді 11-12 маусымда Бәрібаев, 36 мекен-жайында балалар мерекесін тойлаймыз. Ол жерде жинаған ақшаның бір бөлігін соғысқа байланысты Украинадан Қазақстанға көшіп келгендерді қолдауға жұмсаймыз. Бірақ басым бөлігі гуманитарлық көмек ретінде Украинаға кетеді.
- Қазақстаннан бұрын Украинаға Ресей арқылы ұшып баратынбыз. Қазір гуманитарлық көмек Ресейді айналып өтуі керек қой. Маршрут қандай?
- Біз Алматыда жинаған көмекті елордаға жібереміз. Онда Украина елшілігі жанында штаб бар. Олар біздің көмекті толықтырып одан әрі жібереді. Көмек Ресейде айналып өтеді, Нұр-Сұлтан – Қорық – Әзірбайжан – Түркия – Грузия – Болгария – Румыния – Украина.
- Соғысқа байланыс Қазақстанға көшіп келіп жатқан Украина азаматтарымен байланыс бар ма?
- Әрине, босқындарға да көмектесеміз. Босқын дегеннен гөрі уақытша көшіп келгендер деген дұрыс шығар. Көбіне бала-шағасымен бірге көшіп келген әйелдерден өтініш келіп түседі. Біз олардың шынымен Украинадан соғыс басталған кезде көшіп келгендерін тексереміз, құжаттарын, ұшып келген билеттерін қараймыз. Украинадан келген Лилия есімді қыз олардың өтініштерін қарап, олармен кездесіп, жағдайларын біледі. Бізде украиналық психолог болған, қазір ол еліне қайтып оралды. Бұрын ол көшіп келгендерге психологиялық қолдау көрсететін. Көшіп келгендердің көбі жұмысқа тұруға тырысып жүр. Біз оларға қаржылай көмек бере алмаймыз, сондықтан бірінші кезекте қажет заттарды береміз.