Төлеби: Ауыл тұрғындары әкімге сенім артты

Malim Админ

  • 10.11.2023

10 желтоқсан күні Түркістан облысы, Төлеби ауданы, Зертас ауылдық округі әкімінің сайлауы өтті. Сайлау нәтижесі бойынша Жақсылық Үсіп басым дауыс жинап, ауылдық округ әкімі атанды.

Ауылдық округ тұрғындарына жаңа әкімді аудан әкімі аппаратының басшысы Жорабек Жолдасбеков таныстырып, аумақтың әлеуметтік-экономикалық дамуы бағытында еңбек ететініне сенімін білдірді. Аудандық сайлау комиссиясының төрағасының міндетін уақытша атқарушы Мұрат Жайлаубаев сайлау нәтижесінің қорытындысы негізінде әкім болып сайланған Жақсылық Үсіпке куәлік табыс етті. Ауылдың белсенді қариялары жаңа әкімнің қызметіне табыс тілеп, халыққа жақын болуына үлкен үміт артатынын жеткізді.

Жақсылық Үсіп 1980 жылы туылған, білімі жоғары. Мамандығы бойынша — заң қызметкері және заңгер. Еңбек жолын 2005 жылы «Ақжол 2004» ЖШС-де заңгер болып бастаған. 2007-2012 жылдары Төлеби аудандық ауруханасының заңгері, Төлеби ауданы әкімі аппаратының заң бөлімінің бас маманы болып еңбек еткен. 2012-2020 жылдары Төлеби ауданы әкімі аппараты заң бөлімінің бас инспекторы, Терроризмге қарсы комиссиясының қызметін ұйымдастыру жөніндегі аудан әкімінің кеңесшісі болып қызмет қызмет еткен.

2021 жылғы 25 мамырда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Респуб­ли­ка­сындағы сайлау туралы» Конституциялық заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды. Соған сәйкес ауыл әкімдерін елді ­мекен тұрғындары тікелей дауыс беру арқылы сайлау құқығын иеленді. Сондай-ақ бұл лауазымға тұрғындардың өзін өзі ұсынуына мүмкіндік жасалды. Бюллетеньдерде «бәріне қарсымын» деген тармақ қосылды.

Саяси реформалар ел мүддесі үшін жасалуда

Саттар Ерубаев музейінің меңгерушісі Айгүл БАҚЫТҚЫЗЫ: «Қазақстандағы республикалық референдум 2022 жылғы 5 маусымда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жарлығына сәйкес, Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу мәселесі бойынша өткені мәлім. Түркістан өңірінде саяси науқан жоғары деңгейде өтті. Біз сайлау, адам құқығын қорғау бағытындағы түсіндіру жұмыстарын тұрақты жүргізе беруіміз керек.

Референдум – халықтың таңдауы, демократиялықтың нышаны. 5 – маусым күнгі республикалық референдумға Түркістандық зиялы қауым өкілдері де бір кісідей атсалысып, қолдау білдірді. Сонымен қатар олар Ата заңымызға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар ел болашағының жарқын болуына ерекше ықпал ететініне сенімді.

Жалпы Республикалық референдумға дайындық пен оны өткізу тәртібі «Республикалық референдум туралы» 1995 жылғы 2 қарашадағы Конституциялық заңда көрсетілген. Онда жасырын дауыс беру арқылы жалпыға бірдей, тең және тікелей қатысу құқығына негізделеді. Осы заң талаптарын негізге ала отырып, референдумды өткізуге азаматтар ерікті түрде қатысты. Өзімізден бастап бәрімізде де кемел келешекке деген үлкен үміт бар.

Қара басы мен жақындарының ғана қамын ойлайтын, лауазымына лайық емес әкімді орнынан алып тастауға халықтың толық құқы бар екендігіне көздері жете бастады. Жоғарыда айтылып өткен тармақ, әсіресе, жергілікті деңгейдегі елді мекендерде халықтың таңдауын айқындауға берілген мүмкіндік екенін сезінді десек те болады.

Парламент және мәслихат депутаттарын сайлауда да мажоритарлық жүйе енгізілді.  Бұл дегеніңіз, халықтың үніне құлақ түріп, мұң-мұқтажын ескеру, көпшілікпен санасу деген сөз. Сонымен бірге, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен сайлау тізіміне, жастар мен әйелдерге арнайы квота енгізілуі де, жақсы істерге басталған оң қадамдардың бірі. Енді олардың қатарына мүмкіндігі шектеулі жандар қосылуы да елдіктің, егемендіктің, әділеттіліктің белгісі. Яғни, мүмкіндігі шектеулі жандар билік мінберінен өз дауысын естірте алады және дәл қазіргі кезеңде естіртіп те жүр.

Осы орайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Біз бір ел, бір халық болып, Әділетті Қазақстанды құрып жатырмыз. Осы жолда түрлі сын-қатерді еңсеріп, көптеген маңызды міндетті бірге атқаруымыз керек», - деген сөзін ешқашан естен шығармағанымыз жөн.

«Мен бір жыл бұрын, осы ғимаратта халыққа жолдауымды жарияладым. Еліміз үшін аса маңызды сәтте саяси жаңғыру бағдарламасын ұсындым. Бастамаларымыз жұрттың шынайы қолдауына ие болды. Оған былтырғы референдумда айқын көз жеткіздік. Біз тәуекелге бел буып, бірден іске кірістік. Бір жылдың ішінде ауқымды жұмыс атқарылды. Конституциялық реформа арқылы бүкіл жүйені өзгертетін қадамдар жасалды. Президент жеті жылға бір рет қана сайланатын болды. Сондай-ақ Парламенттің құзыреті мен қызметі қайта қаралды. Депутаттардың рөлі едәуір күшейді. Конституциялық Сот құрылды. Бүкіл сот жүйесіне түбегейлі реформа жасау басталды. Адамның құқықтары мен бостандықтарын қорғауға қатысты жұмыс жаңаша сипат алды. Азаматтардың саяси өмірге емін-еркін араласуына жол ашылды. Реформаларымыз «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидасына негізделді. Бұл қағида – мемлекетіміздің басты тірегі. Референдумнан кейін Конституцияның жаңа талаптарына сай билік тармақтарын түгел жаңғыртуға кірістік. Халықтың да көптен күткені осы еді. Конституциялық өзгерістерге сәйкес Президент сайлауы, Сенат, Мәжіліс және мәслихаттар сайлауы өтті. Референдумды қосқанда бір жылға жуық уақыттың ішінде өте маңызды 5 саяси науқан өткізілді. Оның бәрі аса күрделі кезеңге тұспа-тұс келді. Қаншалықты күрделі болса да, біз еліміз үшін өте қажет жолды қысқа мерзім ішінде жүріп өттік. Қазақстанның жаңарып, жаңғыра бастағанына жұрттың көзі жетті. Кешегі сайлауда партиялармен қатар көптеген азаматымыз бір мандатты округтен өзін-өзі ұсынды. Осылайша, халқымыз маңызды өзгеріске өз үлесін қосуға дайын екенін дәлелдеді. Елімізде жаңа азаматтық, саяси мәдениет қалыптасып жатыр. Мен сайлауға белсене қатысқан барша азаматқа алғыс айтамын. Бұл науқан, шын мәнінде, бұрынғыдан ерекше, өзгеше болды. Сайлау науқаны шынайы бәсеке жағдайында, ашық өтті. Үгіт-насихат кезеңін және дауыс беру барысын ақпарат құралдары жан-жақты көрсетті. Партияларға, үміткерлерге бірдей мүмкіндік берілді. Мұны отандық және шетелдік байқаушылар да айтып отыр. Қандай да бір саяси ұйымға артықшылық берілген жоқ. Президент ешбір партияның мүшесі емес. Облыс әкімдері партия бөлімшелеріне жетекшілік етпейді. Жоғары лауазымды қызметкерлер партия тізімінде болған жоқ. Яғни, барлық партиялар сайлауға бірдей жағдайда қатысты. Сайлаушылар да, үміткерлер де айрықша белсенді болды. Саяси партиялар әр аймақта ел назарын өзіне аудару үшін тартысқа түсті. Бірнеше рет тікелей эфирде партиялар арасында қызу және тиімді пікірталас болды. Бұл – демократиялық қоғам үшін қалыпты үрдіс. Мұның бәрі Қазақстанда ашық азаматтық қоғамның нығайып келе жатқанын көрсетті. Сайлау науқаны кезінде көптеген орынды сын, байыпты ұсыныс айтылды. Біз айтылған салмақты ұсыныстарды міндетті түрде зерделейміз.

Бәсеке жоғары болғандықтан, сайлау нәтижесін алдын-ала болжау мүмкін емес болды. Оның қорытындысы еліміздің нағыз көппартиялы мемлекетке айналу жолында маңызды қадам жасағанын көрсетті. Мемлекет басшысы ретінде айтарым, Мәжіліске көзқарасы әртүрлі саяси ұстанымдағы күштер келді деп есептеймін. Алғаш рет ұзақ жыл бойы оппозицияда болған партия Парламентке өтті. Біз осының бәріне ауқымды саяси реформаның арқасында қол жеткіздік. Партияларды тіркеу мәселесін реттейтін заңнаманың өзгеруі де бұған септігін тигізді. Енді партиялар еліміздің болашағына зор ықпал ететін саяси үдерістің басы-қасында жүретін болады. Мәжіліске бір мандатты округтен де депутаттар сайланды. Яғни, Парламентке түрлі әлеуметтік топтан шыққан өкілдердің келуіне жол ашылды. Сондай-ақ ұзақ жылдан бері алғаш рет өзін-өзі ұсынған үміткерлер депутат атанды. Бірқатар азамат партия атынан шыққан үміткерлерді тартысты бәсекеде жеңіп шықты. Осылайша, елімізде демократия дәстүрі жаңа деңгейге көтеріліп, нығая түсті. Саяси күштердің бәріне бірдей мүмкіндік берілетініне азаматтардың сенімі артты. Еліміздің жастары әрдайым менің айрықша назарымда екені баршаға мәлім. Мен билікке ойы озық, білімді жастар келуі керек деп үнемі айтамын. Өскелең ұрпақты ел ісіне баулу – өте маңызды мәселе. Олар қоғамға жаңа құндылықтар әкелуге тиіс. Сайлау кезінде жас кандидаттар бірігіп, өз тобын құрғаны белгілі. Осы одақтың белсенді мүшелері Парламентке және мәслихаттарға өтті. Осылайша, өкілді билік тармағына саясаткерлердің жаңа буыны келіп жатыр. Жастар мұны елімізді дамытуға берілген бірегей мүмкіндік деп бағалауы қажет», деді Мемлекет басшысы.

Өткен тарихы болашаққа жол көрсетіп, келешекке қызмет етеді десек, аталған бағытта жұмыс істеп келе жатқан және мемлекет басшысының алға қойған міндеттері мен талаптарын жүзеге асыруға тікелей атсалысатын мекемелердің бірі – музей саласы. Сөзді алыстан сермей бермей, өзімізге қатысты айтар болсақ, музейдегі өтетін мәдени іс-шаралар және көрмелер мен танымдық экскурсиялар – еліміздің жарқын келешегі үшін атқарылып жатқан істер деп санаймыз. Әрбір азамат өзіне тиесілі ісін жауапкершілікпен атқарар болса, шешімін таппайтын күрмеу болмайтыны ақиқат.

Айтқанда, мемлекет басшысының алға қойған мақсат-міндеттері, халықтың үнін тыңдап, одан оң нәтиже шығаруы – көңілге қуаныш ұялатып, келешекке деген сенімді нығайта түседі. Сөзіміз дәлелдірек болуы үшін, осы арада, бір ғана мысал айтайықшы. Жылдың бас жағында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елге Үндеу жолдады. Қазақстан халқының бәріне ұғынықты болсын деген ниетпен, Үндеу орыс тілінде айтылғанын түсіндік. Соған қарамастан, жалпы жұртшылық: «Президент Үндеуді неге қазақша жолдамайды» - дегендей пікірлерін білдіріп жатты. Осы сөздерге дер кезінде естіп, елеп-ескеріп, орыс тілінде жолданған Үндеудің артынша, қазақ тілінде сұхбат берді. Бұл мемлекет басшысына деген сенімді нығайтатын бір ғана мысал. «Бәрі де салыстыру арқылы анықталады» деген тұрғыдан түйіндер болсақ, мұндай мысалды көптеп келтіре беруге болады. Тарихтан да, кешеден, бүгіннен де жеткілікті.

Мәселе, тек айтылған талаптар мен міндеттердің дер кезінде орындалуында болып отыр. Бұл басшысын бастап қосшысына дейінгі бүкіл Қазақстан азаматы үшін үлкен міндет пен парыз»,- деп пікір білдірді.

Ал Шардара аудандық тарихи-өлкетану музейінің меңгерушісі, ҚР журналистер одағының мүшесі Н.Смаилов тәуелсіз мемлекетіміздегі саяси жүйе соңғы уақыттарда оң өзгерістерге жетелеуде деп ағынан жарылды.

-Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тікелей мұрындық болуымен қолға алынған саяси реформа бұл күндері өзінің лайықты түрдегі нәтижесін бере бастағаны анық байқалуда. Түркістан облысында да біршама өзгеріс болып, сайлау процестері жаңғыртыла түсті.

Кез-келген мемлекеттің оң бағыттағы даму үрдісі әлеуметтік-экономикалық жетістіктерден және мәдени-рухани серпілістерден құралатыны айқын. Ал сол елдің салиқалы саясаты мен халықаралық деңгейдегі абыройы мен беделінің түпкі бастауы экономика. Яғни ел аумағында тұратын халықтың әл-ауқатының артуы, тұрмыс жағдайларының жақсаруы сол елдің көркейіп дамуына серпін беретіні тағы анық. Өйткені мемлекеттің негізін құрайтын түпкілікті және негізгі бастауы - халық. Дала демократиясына негіз болған қазақ халқының сан ғасырлардан келе жатқан шешендігі мен турашылдығы ұлтымыздың бет-бейнесін айқындаған. Сондықтан да соңғы жылдардағы елімізде болған саяси оқиғалардың барлығы, яғни түгелдей дерлігі халық үшін және әрбір қазақстандық үшін жасалуда. 2022 жылы 5-маусымда өткен бүкілхалықтық референдум мемлекеттің дамуына серпін берер атаулы саяси оқиға ретінде тарихта қалды. Өйткені бұл референдумда дауыс берген әрбір қазақстандық мемлекеттегі маңызды реформаға өз қолдауын көрсетті. Тәуелсіз Қазақстан Республикасының негізгі заңы Конституция тұңғыш рет 1993 жылы 28-қаңтарда жарық көргені белгілі. Ал, 1995 жылғы 30-тамыздағы референдум арқылы елдегі басты саяси құжат екінші рет ресми түрде қолданысқа енгізілді. Алайда Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев елдегі саяси бағыттағы өзгерістерге тұсау болатын бұрынғы Конституцияны өзгерту қажеттігін анық байқады. Сондықтан да 2022 жылғы 5-маусымда өткен референдум елдің дамуын түбегейлі түрде жаңа арнаға бағыттады. Референдумнан кейін қолданысқа енген жаңа Конституция жаңа Қазақстанға жетеледі. Атқарушы билік пен заң шығарушы органның арасындағы негізгі құзірет қайта айқындалды. Яғни Қазақстанға бұл референдумның берері мол болды. Сонымен қатар халық та бұл конституциялық реформаны түсіністікпен қабылдап, оған шынайы қолдау көрсетті деген ойдамын. Өйткені аталып отырған  референдумнан кейін елдің саяси-экономикалық және мәдени-рухани бағыттағы дамуы даңғыл жолға түсе бастады деген пікірлерді бұл күндері көпшілік қауым да қайталауда. Ал, биылғы жылғы 19-наурызда өткен Қазақстан Республикасы Парламенті мен мәслихаттары сайлауы барлық деңгейдегі заң шығарушы органдарды мүлдем жаңа белеске көтергендей болды. Өйткені бұл сайлауда елімізде ресми тіркелген саяси партиялардың барлығы бірдей бақ сынай отырып, Парламент мәжілісіндегі мандаттарға ие болды. Партиялық тізімнен бөлек аралас жүйе де, яғни мажоритарлық әдіспен де сайлауға түсіп, депутаттық мандатқа қол жеткізген саяси тұлғалар да бұл күндері сайлаушылар мүддесін қорғап және ел дамуына сүбелі үлестерін қосуда. Сонымен бірге соңғы уақыттарда қолға алынған ауыл әкімдерін халықтың сайлау үдерісі де шынайы демократияның жарқын көрінісі дер едім. Өйткені ауыл әкімдігіне сайлауға түскен үміткерді сол ауылда тұратын халықтың өзі сайлауы, келешектегі елді мекендердің дамуына, өркендеуіне жол ашары сөзсіз. Жергілікті тұрғындар өз проблемаларын ең алдымен өздері білетіні түсінікті жәйт. Ал әкімдердің сайлауы арқылы сол тұрғындар көптеген әлеуметтік т.б. мәселелердің оң шешілуіне ықпал ете алады. Жалпылама алғанда тәуелсіз еліміздің қазіргі таңда жүргізіп отырған саралы саясатына әрбір қазақстандық пен барлық деңгейдегі мекемелер де бейжай қарамауы тиіс деген ойдамын. Түркістан облыстық Мәдениет және туризм басқармасына қарасты Түркістан облыстық тарихи-өлкетану музейінің филиалы Шардара аудандық тарихи-өлкетану музейі де мәдениет саласындағы мемлекеттік саясатты жүргізу бағытында тындырымды тірліктер атқарды. Музей биылғы жылғы жоспарланған жұмыстарды өз деңгейінде атқарды десек болады. Тарихи-мәдени құндылықтар, көне жәдігерлерді жинақтау, оларды ғылыми тұрғыда зерттеу арқылы қалың көпшілікке таныту, насихаттау шаралары ойдағыдай атқарылуда. Музейде өткен әрбір іс-шара және қойылған көрмелер мен оқылған лекциялар тарихи мәні бар маңызды шаралар қатарына енеді. Биылғы жылы музейдің тұрақты экспозициясын қайта жасақтап, жаңғырту мақсатында бірқатар маңызды, міндетті жұмыстар атқарылды. Музей экспозициясына ғылыми тұжырымдама әзірленіп тиісті басшылық тарапынан бекітілді және реэкспозицияның техникалық сипаттамасы да толық дайын болды. Музей ұжымы тағы басқа жұмыстарды жүйелеп, жыл қортындысын шығаруға әзірлік үстінде,-деді ол.

Журналаист Клара Қарсыбаева Референдум еліміздің тарихындағы маңызды белес болды деген пікірде.

- ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған Ата заңға өзгерістер енгізу бойынша ұсынысты Түркістан халқы оң қабылдады деп ойлаймын. Дауыс беруге жергілікті азаматтардың белсенділігі жоғары болды. Сайлау учаскесіне келіп өз таңдауын жасап ат салысты. Мен де өз құқығымды пайдалана отырып жергілікті учаскеме барып, дауысымды бердім. Сайлау алды үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу барысында тілші ретінде ақпараттық қолдау көрсеттім.

Референдум қорытындысы біздің мемлекетіміздің тарихында мүлде болмаған жаңа дәуір басталғанын көрсетті. Әділеттілік, ашықтық және жауапкершілік пен шыншылдық жолында жақсы өзгерістер орын ала бастады. Референдумнан кейін Мемлекет басшысы маңызды Үндеу жасады.

«Мемлекетіміз  дамудың жаңа кезеңіне қадам басты. Ата заңымызға ұсынылған өзгерістерді  азаматтардың басым көпшілігі қолдады. Референдум жоғары деңгейде өтті. Мұны халықаралық және отандық байқаушылар да айтып жатыр. Конституциялық реформалар қоғамда қызу талқыланды. Дауыс беру барысы демократия талаптарына сай өтті. Ешқандай мәжбүрлік болған жоқ. Референдум нәтижесі саяси жаңғырудың анық символына айналды. Азаматтарымыз зор жауапкершілік танытты және отансүйгіштік қасиетін паш етті. Біз Жаңа, Әділетті Қазақстанды құру жолындағы бірлігіміз бекем екенін көрсеттік. Конституциялық түзетулер мемлекеттігіміздің тұғырнамасын түбегейлі өзгертеді. Бүкіл қоғамның дамуына тың серпін береді. Референдумға белсене қатысып, қолдау білдірген барша халқымызға зор ризашылығымды білдіремін. Сондай-ақ, конституциялық өзгерістердің мән-маңызын түсіндіруге атсалысқан азаматтарға, түрлі қоғамдық ұйымдарға алғыс айтамын. Референдум еліміздің тарихындағы маңызды белес болды. Ұлтымыздың шынайы өзгерістерге деген дайындығы мен ұйымшылдығын көрсетті. Дауыс беруге азаматтарымыздың белсенді қатысуы қоғамымыздың кемелдігі мен жауапкершілігін білдіреді. Сайлау учаскесіне келіп, елімізді жаңғырту бастамасын қолдағандардың бәріне алғыс айтамын. Сіздер нағыз патриотизмнің үлгісін көрсетіп, Қазақстанның дәйекті дамуына зор үлес қостыңыздар. Еліміз үшін осы бетбұрысты сәтте заңды құқықтарын пайдаланып, өздерінің ұстанымдарын айтқан бүкіл азаматқа ризашылығымды білдіремін. Ата заңға өзгерістер енгізу реформаларымыздың соңғы сатысын емес, енді басталғанын білдіреді. Біз елімізді жан-жақты жаңғыртуды жалғастырамыз. Жаңартылған Конституция негізінде биліктің барлық институты қызметінің мейлінше тиімді моделін қалыптастырамыз. Олардың арасындағы үйлесім мен тепе-теңдік механизмін нығайтамыз. Дәйекті саяси жаңғыру ұлттық экономиканы дамытуға, ұлттық кәсіпкерлікті нығайтуға ықпал етеді» деген Мемлекет басшысы алдағы міндеттерге де тоқталды.

«Енді біздің алдымызда ашық әрі әділетті экономика құрып, заңнамаға реформа жүргізу міндеті тұр. Қолдан жасалған монополияларды түбегейлі жойып, сыбайлас жемқорлыққа тосқауыл қою маңызды. Біз кәсіпкерлердің бастамаларына қолдау көрсетіп, жекеменшікті сақтап, бәсекелестікті күшейтуіміз керек. Алдымызда экономиканы шынайы әртараптандыру бойынша ауқымды жұмыстар тұр. Жоғары өнімді ауыл шаруашылығы мен қуатты көлік-логистика жүйесін дамыту, барлық салада цифрлық экожүйе қалыптастыру үшін шаралар қабылдау қажет. Еліміздің орнықты дамуының негізгі қозғаушы күші еңбек, білім және азаматтық белсенділік болуға тиіс. Тек сонда ғана өзін-өзі қамтамасыз ететін орта тап пен тиімді экономика қалыптастыра аламыз. Бұндай экономика кірісті әділетті бөлуге, сапалы жұмыс орнын ашуға, тұрмыс сапасын тұрақты арттыруға және барлық азаматтардың толыққанды жетілуіне мүмкіндік береді», деді Президент.

Референдумнан кейін сайлау жүйесінде де өзгерістер болды. Қоғам белсенділері, журналистерге жол ашылды. Иә, өзін-өзі ұсынған көптеген әріптестеріміз Парламент мінберінде халықтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтауға мүмкіндік алды. Атап айтқанда, әріптестеріміз Дәулет Мұқаев, Нартай Сәрсенғалиев, Мақсат Толықбай сынды журналистер мандат алып, депутаттық сауал жолдап, халық жағдайын жақсартуға барынша күш салып жүр.

Ауыл әкімдерін тікелей сайлау халықтың билікке деген сенімін арттырды. Ауыл азаматтары өз ауылының болашағына бей-жай қарамай басшы болатын әкімін таңдау сәтіне белсенді қатысып жүр. Десе де ауыл әкімінің сайлауына кандидат ретінде тіркелушілердің белсенділігі әлі де төмен. Бәсекелестер аз. Уақыт өте бұл жүйеге деген сенімділігі жоғарылай береді деп ойлаймын.

"Санұр" қоғамдық телеарнасы Жетісай және Мақтаарал ауданының халқына күнделікті хабар таратып отырған аудандағы жалғыз телеарна. Біздің арнаның тілшілері қоғамдағы өзгерістерді, әлемде және елімізде болып жатқан жаңалықтарды еш бүкпесіз, айна - қатесіз жеткізуге барынша атсалысып жүр. Саяси реформалар жанданған сайын біздің де жұмыс жандана түсетіні анық, -дейді журналист.

Түркістан облыстық тарихи-өлкетану музейінің Экскурсиялық-бұқаралық жұмыс бөлімінің меңгерушісі Жандарбек Мейірлан: «Егемендікке қол жеткізген Қазақстан бүгін де әлем таныған елге айналды. Тәуелсіздік тарихында түрлі саяси оқиғалар болды. Соның бірі –маңызды мемлекеттік мәселені шешу үшін өткізілетін бүкілхалықтық дауыс беру. Яғни, референдум. Сол арқылы әрбір атқарар істерімізді, әрекетімізді, кемеліне келтіріп, жүйелі жүргізе аламыз. «Республикалық референдум туралы» конституциялық заң қабылданды, бірақ ол әлі күнге дейін қолданысқа енген жоқ. Содан бері Конституцияға төрт рет түзету енгізілді. Бүкілхалықтық дауыс беру арқылы Конституцияны өзгерту халықтың ерік білдіруінің жарқын көрінісі болады деп санаймын» деген болатын Қасым-Жомарт Тоқаев.

Былтыр өткен референдумға Түркістан өңірінің тұрғындары белсенді қатысты дер едім. Оның ішінде өзім және отбасым да бар. Шындығын айтқанда жергілікті халықтың уақыт өте келе саяси көзқарасы кеңейіп, өз құқықтарын тануы, реферундум, сайлау деген секілді бағыттарда белсенді болуы қуантады. Оған дәлел былтыр өткен референдумда Түркістан өңірінде сайлаушылардың ең жоғарғы көрсеткішке қол жеткізуі. Референдум қазақстандықтардың мемлекеттің саяси архитектурасын қайта қалыпастыруды, билік тармақтары арасында тежемелік пен тепе-теңдіктің үйлестірілген жүйесін құруды, мемлекет дамуының жаңа бағытын, Жаңа, Әділетті Қазақстанды қолдайтынын көрсетті.

«Мемлекетіміз  дамудың жаңа кезеңіне қадам басты. Ата заңымызға ұсынылған өзгерістерді  азаматтардың басым көпшілігі қолдады. Референдум жоғары деңгейде өтті. Мұны халықаралық және отандық байқаушылар да айтып жатыр. Конституциялық реформалар қоғамда қызу талқыланды. Дауыс беру барысы демократия талаптарына сай өтті. Ешқандай мәжбүрлік болған жоқ. Референдум нәтижесі саяси жаңғырудың анық символына айналды. Азаматтарымыз зор жауапкершілік танытты және отансүйгіштік қасиетін паш етті. Біз Жаңа, Әділетті Қазақстанды құру жолындағы бірлігіміз бекем екенін көрсеттік. Конституциялық түзетулер мемлекеттігіміздің тұғырнамасын түбегейлі өзгертеді. Бүкіл қоғамның дамуына тың серпін береді» деген Мемлекет басшысы референдумға белсене қатысып, бастамаларына қолдау білдірген халқына өз алғысын жеткізген болатын.

Суперпрезиденттік басқару үлгісінен президенттік республикаға түбегейлі көшу, бірқатар билік өкілеттігін қайта бөлу, елді басқару ісіне халықтың қатысу мүмкіндігін кеңейту, азаматтардың құқықтарын қорғау тәсілдерін жетілдіру оң өзгерістерге алып келетіндігіне сенімім мол. Сондықтан Мемлекет басшысының референдумда Конституцияға жаңартулар мен түзетулер енгізгендегі шешімі елдің дамуына серпін беріп, осы орайда болашағына бей-жай қарамайтын әрбір азамат қолдау керек деп ойлаймын.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен конституцияда біршама түзетулер енгізілді. Мажоритарлық жүйе енгізілді. Жастар мен әйелдерге арнайы квота енгізілді. Бізде 90 жылдардың аяғына дейін мажоритарлық жүйе қалыптасқан болатын. Жалпы сайлаудың бұл тәсілі көптеген елдерде бар. Бұл жүйенің басты тиімдігі партиядан тыс адамдар да  депутаттық мандатқа үміткер бола алады. Осы орайда бұрынғы талаптарға да түбегейлі өзгерістер енгізілетіні сөзсіз. Түптеп келгенде, бұл қадамдар халықтың әл-ауқатын арттыруға және еліміздің болашағын баянды етуге ықпал етеді.

Ауыл әкімдерін сайлау – маңызды демократиялық қадам деп ойлаймын. Неге десеңіздер ауылдық округ әкімдерін тікелей сайлау – азаматтардың өздерінің конституциялық құқықтарын толыққанды іске асырудағы белсенділігін нығайтып, халықтың билікке деген сенімін және әкімнің халық алдында есеп беруін күшейтеді. Сондай-ақ, ауыл әкімінің халықтың қажеттіліктері мен проблемаларына жедел ден қоюын арттырады. Сонымен қатар, ауданның мәслихаттарына әкімге сенімсіздік білдіру туралы мәселені қарау бойынша, оның ішінде жергілікті қоғамдастық жиналысының бастамасы бойынша өкілеттіктер беріледі. Демек, ауыл әкімі тек сайланып қана қоймай, оны сайлаған қауымдастық алдында бақылауда болады.

Мен қазіргі таңда Түркістан облыстық тарихи-өлкетану музейінде Экскурсиялық-бұқаралық жұмыс бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарып келемін. Музей – құндылықтар ордасы. Ғасырлар қойнауынан сыр шертетін Түркістан облыстық тарихи-өлкетану музейі Республикамыздағы көне музейлердің бірі. 100 жылдан астам тарихы бар рухани білім ордасы өлкеміздің өткен тарихы мен рухани құндылықтарын зерттеп, құнды мәліметтерді жинақтап, өскелең ұрпақ алдында насихаттауда, тарихи-ғылыми маңызы бар ескерткіштерді, өнер туындыларын, мәдени құндылықтарды т.б. мұраларды сақтап, жинақтап, ғылыми-танымдық зерттеу қызметін атқаратын мекеме екені баршаға аян. Қазіргі таңда Түркістан облыстық тарихи-өлкетану музейі заттық және рухани құндылықтарды танытып, ғылыми тұрғыда зерттеп, оның нәтижелерін насихаттап, осы негізде тәлім-тәрбие беруде, мәдени-көпшілік іс-шаралар мен көрмелер ұйымдастыруда бірқатар жұмыстар атқарып келеді. Еліміздің тарихи-мәдени құндылықтарын тек Республикада ған емес, шет елдерде насихаттауда жұмыстар жүргізілуде. Ағымдағы жылдың қыркүйек айында Тәжікстан астаны Душанбеде, қараша айында Әзірбайжан астанасы Бакуде музейіміздің қызметкерлері жиырма қанатты киіз үй тіккендігін мақтанышпен айтқым келеді. Біз рухани байлығымызбен мақтанамыз.  Қазіргі таңда дамыған елдерді жаңа технолгиямен емес тарихи, мәдени, рухани байлығымызбен, өзімізге ғана тән ұлттық кодымызбен киелі, діни наным сенім зиярат ететін орындарымызбен ғана таң қалдыра аламыз. Киелі топырағымызбен табиғатымыз  және ата-бабамыздан мирас болып келе жатқан  өзгермес рухани құндылықтарымызбен мәдениетіміз, құнды дүниелерге өте бай.Тек соны біртұтас халық болып жаңғырта білсек, әлемдік өркениетте  өзіндік орынымызды алып, дамыған елдердің алдыңғы қатарында тұрарымыз хақ, -дейді.


 

Байланысты жаналықтар

Белгілі сыншы отандық БАҚ-ты сынға алды

18.12.2024

Серікбай Қосан: Ғалымдардың көбі ерте қайтыс болып кетті...

03.12.2024

Қазақтар ғана бір-бірінің үстінен арыз жазды деу қате пікір

13.11.2024

Қанағат Жүкешев: Қазақ тілін шенеуніктер емес, ғылым дамытуы тиіс

11.11.2024

Тіл корпустарын әзірлеу және жетілдіру ісі – аса маңызды тарихи-мәдени іс-шара

06.09.2024

Эколог Лаура Мәлікова: АЭС-ті экологиялық энергия көзі деп бағалауға болмайды

31.07.2024
MalimBlocks
Белгілі сыншы отандық БАҚ-ты сынға алды

Серікбай Қосан: Ғалымдардың көбі ерте қайтыс болып кетті...

Марқұм ұстазымыз Үшкілтай апай, Қабиболла ағай, менің достарым Тоқтар Әлібек, Қарашаш Алпысбаева, Бақыт Әбжет – бұлардың бәрі қолжазбаның зияны тиген адамдар.

Қазақтар ғана бір-бірінің үстінен арыз жазды деу қате пікір

1922 жылға дейін Әлихан тек қазақ және орыс тілін білген. Ол кезде оның жасы 50-ден асқан еді. Логикаға салсақ, осыдан кейін 9 тіл біліп кетуі де екіталай ғой.

Қанағат Жүкешев: Қазақ тілін шенеуніктер емес, ғылым дамытуы тиіс

Қазақша сөйлеуді алдымен мемлекеттік қызметкер меңгеруі тиіс деп түсіндіру – бұқаралық сананы теріс бағыттау

Тіл корпустарын әзірлеу және жетілдіру ісі – аса маңызды тарихи-мәдени іс-шара

Қазақ тілінің корпус қорын арттыру, ішкі функцияларын жетілдіру ғылыми тұрғыдан да, тіл болашағы тұрғысынан да өте маңызды әрі өзекті.

Эколог Лаура Мәлікова: АЭС-ті экологиялық энергия көзі деп бағалауға болмайды

Атом электр стансасы салынар болса, Қазақстанда тағы бір «Қошқар ата» полигоны пайда болуы мүмкін.