Түркістан: Халықтың саяси сауаты мен белсенділігі көтеріліп келеді
Соңғы 3 жыл көлемінде елімізде аса маңызды саяси қадамдар жасалды. Халықтың мемлекеттік басқару ісіне араласу мүмкіндігі молайды. Оның бір тетігі – сайлау жүйесіндегі өзгерістер. Президент сайлауы, ауыл әкімдерін сайлау, Парламент және жергілікті мәслихат депутаттарын сайлау барысында өзгерістердің оң әсер беретініне көз жеткізгендей болдық. Түркістан облысында тұрақты түрде семинарлар мен түсіндіру жұмыстарын өткізіп жүрген азамат ретінде бұл мәселені сеніммен айта аламын. Өңірде ауыл әкімдерін сайлау, депутаттарды сайлау тартысты әрі қызықты өтуде. Халықтың саяси сауаты жақсаруда.
Мысалы, былтыр Президент сайлауы қарсаңында Түркістанда партиялық емес байқау орталығы 1800-ге жуық байқаушыны даярлады. «Партиялық емес байқау орталығы» РҚБ-ның Түркістан облысы филиалы сайлау үдерісіне қоғамдық байқау жүргізу мақсатында құрылды. Бұл – әділ, ашық сайлауға мүдделі Қазақстан азаматтарының тәуелсіз ерікті бірлестігі. Құрамына қоғамдық ұйымдардың өкілдері, жастар, сарапшылар, азаматтық белсенділер кіреді. Сайлауға мониторинг жүргізу бойынша қыркүйек айының 14 жұлдызынан бастап 40-тан астам іс-шара өткіздік. Өңірдегі 17 аудан, қаладағы байқаушылармен 25 оқыту семинар-тренингі, бірінші сайлауға қатысатын жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру бойынша 5 және өңіріміздің зиялы қауым өкілдері мен үкіметтік емес ұйымдарымен 6 кездесу өтті. Сондай-ақ, байқаушыларға арналған тренингтер, аймақтық сайлау комиссиялары жұмыстарымен танысу бағытында 6 шара өтті. Сайлау уақытында ақпараттарды тиімді басқару және қағазбастылықты азайту мақсатында арнайы байқаушы блокноттары барлық байқаушыларға үлестірілген.
«Партиялық емес байқау орталығы» РҚБ-ның Түркістан облыстық филиалы былтыр 20 қараша күні өңірдегі 893 сайлау учаскесінде байқау жұмысын ұйымдастырды. Өкілдікте 17 координатор және әр сайлау учаскесінде екі азаматтан жалпы 1786 байқаушы бар. Бұл ретте, 90 мобильді байқаушы, заңгер және әлеуметтік желілерде сараптама жүргізетін еріктілер арқылы жұмыстар атқарды.
Президентіміз Қасым-Жомарт биыл 19 қаңтарда Парламент Мәжілісі және мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауын тағайындау туралы мәлімдеме жасады.
«Мен Конституцияға сәйкес, Парламент палаталарының төрағаларымен, Премьер-Министрмен кеңесіп, Мәжілісті тарату және мәслихаттардың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы Жарлықтарға қол қойдым. Депутаттарға белсенді әрі жемісті жұмысы үшін алғыс айтамын. Мәжіліс пен мәслихат депутаттары еліміздегі ауқымды реформаларды іске асыруға барынша атсалысты. Олар сайлаушылармен жиі кездесу өткізді. Шалғайдағы елді мекендерге барды. Сондай-ақ жұртты толғандырған өзекті мәселелерді көтеріп, қоғамдық пікірталасқа ұйытқы болды. Жаңадан сайланатын депутаттар да жұмысты осы қарқынмен жалғастырып, еліміздің жан-жақты жаңғыруына ерекше үлес қосады деп сенемін. Мәжілістің кезектен тыс сайлауы 2023 жылғы 19 наурызда өтеді. Барлық деңгейдегі мәслихаттардың сайлауын Орталық сайлау комиссиясы белгілейді. Өздеріңізге мәлім, мен былтыр күздегі Жолдауымда Мәжіліс пен мәслихаттар сайлауы осы жылдың бірінші жартысында болатынын жарияладым. Яғни, бұл бастама айтылған сәттен сайлауға дейін жарты жылдан астам уақыт өтеді. Тәуелсіздік жылдарында сайлауға дайындалу үшін кандидаттар мен саяси партияларға осыншама көп уақыт берілген емес. Мәжілістің және мәслихаттардың кезектен тыс сайлауы – конституциялық реформаның жалғасы. Былтырғы референдумда халқымыз бұл реформаға қолдау білдірді. Соның нәтижесінде еліміз өкілді билікті жаңа, әділ әрі ашық бәсекеге жол ашатын қағида бойынша жасақтауға көшті. Енді Мәжіліс депутаттарының 70 пайызы партиялық тізім арқылы, ал қалған 30 пайызы бір мандатты округтерден сайланады. Облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардағы мәслихат депутаттары да аралас жүйе бойынша сайланады. Депутаттардың 50 пайызы бір мандаттық жүйе арқылы, 50 пайызы партиялық тізім бойынша өтеді. Ал аудан және облыстық маңызы бар қалалардағы мәслихат сайлауында азаматтар бір мандатты округтерден шыққан кандидаттарға дауыс береді. Осылайша, Мәжіліс пен мәслихаттар жаңа үлгі бойынша жасақталады. Сонда сайлаушылардың мүддесі жалпыұлттық және аймақтық деңгейде толық қорғалады. Өкілді билікке түрлі көзқарастағы азаматтардың келуіне мүмкіндік туады. Азаматтық қоғамның одан әрі дамуына айтарлықтай жағдай жасалады. Конституциялық реформа аясында саяси партияларды тіркеу рәсімі жеңілдетілді. Атап айтқанда, партия мүшелерінің санына қатысты талап өзгерді. Оның төменгі шегі төрт есе төмендеп, 20 мыңнан 5 мыңға дейін азайды. Партиялардың әр аймақтағы өкілдерінің саны кемінде 600 адам болуға тиіс еді, ал қазір 200 адамға дейін төмендеді. Осы және басқа да жүйелі шаралардың нәтижесінде елімізде көп уақыттан бері алғаш рет бірнеше жаңа саяси партия тіркелді. Сонымен бірге сайлау бюллетеніне «бәріне қарсымын» деген бағанның енгізілуі өте маңызды шешім болды. Партиялардың Мәжіліске өтуіне қажетті дауыстың төменгі шегі 7-ден 5 пайызға дейін азайды. Бұл да – елімізді демократияландыру жолындағы айрықша мәні бар қадам. Сайлау үдерісіне қоғамның түрлі өкілдерін барынша тарту үшін заңнамаға басқа да тың өзгерістер енгізілді. Мысалы, депутаттық мандаттың 30 пайызын әйелдерге, жастарға және ерекше қажеттілігі бар азаматтарға бөлу заң жүзінде бекітілді. Мұның бәрі саяси бәсекені күшейтеді, саяси жүйенің ашықтығын қамтамасыз етеді. Сондай-ақ саясаткерлердің жаңа буынының қалыптасуына жол ашады.Сайлау науқанын ұйымдастыру және оны өткізу ісінде аумақтық сайлау комиссиялары маңызды рөл атқарады. Енді облыстық сайлау комиссиялары кәсіби түрде тұрақты жұмыс істейді. Бұл шешім сайлауға қатысты іс-шаралардың сапалы атқарылуын қамтамасыз етеді.
Алдағы сайлаудың заңға сәйкес өтуіне, әділ әрі ашық болуына қатаң бақылау жасалады. Бұған Орталық сайлау комиссиясы және Бас прокуратура жауапты. Сайлау науқанын отандық және халықаралық байқаушылар жіті қадағалайды. Осы тұста азаматтарымыздың байқаушы ретінде белсенділік танытуы маңызды. Заңға сай барлық кандидат пен партияның бұқаралық ақпарат құралдарына шығуына бірдей мүмкіндік беріледі. Осы сайлау науқаны еліміздегі саяси мәдениеттің жоғары екенін айқын көрсетіп, қоғамымызды ұйыстыра түседі деп сенемін. Біз дамудың жаңа дәуіріне қадам бастық. Қазақстанда қарқынды және жан-жақты жаңару үдерісі жүріп жатыр. Бұл сайлау қоғамдағы өзгерістердің көрінісі ретінде саяси жүйеміздің одан әрі жаңғыруына зор ықпалын тигізеді. Қазір әлемде дәл осындай ауқымды өзгерістерді қолға алған мемлекеттер көп емес. Мәжіліс пен мәслихаттар сайлауы мемлекеттік билік институттарын жаңғырту жұмыстарының қорытынды кезеңі болмақ. Осылайша, «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидаты толық іске асады. Біз бір ел, бір халық болып, Әділетті Қазақстанды құрып жатырмыз. Осы жолда түрлі сын-қатерді еңсеріп, көптеген маңызды міндетті бірге атқаруымыз керек», деді Мемлекет басшысы.
Қоғам белсендісі ретінде бұл реформаларды қолдаймын және тікелей атсалысып жүрмін. Біз, азаматтық қоғам өкілдері демократияны дамытуды, қоғамның мемлекетті басқарудағы мүмкіндіктерін кеңейтуді жақтаймыз. Еліміздегі сайлаулар – әрбір қазақстандық үшін маңызды оқиға. Ол елiмiздiң көшбасшысына қатысты халықтың таңдауын анықтайды. Бiздiң басты мақсатымыз – бүкіл сайлау процесінің заңдылығы мен әділдігін қамтамасыз ету, дауыс берудің ашықтығы мен жариялығының мүлтіксіз сақталуына атсалысу, -дейді «Партиялық емес байқау орталығы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Түркістан облысы филиалының басшысыБақытжан Әшірбаев,
Түркістан облысы Кентау қаласының тумасы, парламент мәжілісінің депутаты Қайрат Балабиев елімізде жүріп жатқан саяси және сайлау про цестеріне шолу жасапты. Орталықтағы өзгерістердің аймақтарға әсері, оның ішінде Түркістан облысындағы өзгерістерге қатысты ой толғамын оқырман назарына ұсынғанды жөн көрдік.
-Президенттің саяси жаңғыру бағдарламасының аясында ауқымды істер атқарылды. Отандастарымыз, оның ішінде Түркістан облысының жұртшылығы өзгерістерге сенім артты. Жаңғыруға бағытталған Конституциялық реформалар үшін жалпы халықтық референдум өткізілді. Нәтижесінде Президент сайлауы, Сенат пен Мәжіліс сайлауы, әкімдер сайлауы өтті. Алда аудан әкімдерінің тікелей халық болып сайлауы тұр.
Азаматтардың саяси өмірге араласуына еркіндік берілді. Бірінші рет партиялармен бірге өзге де үміткерлер бір мандатты округ бойынша өзін-өзі депутаттыққа ұсынды. Саяси науқанға әйелдер де қатысып, әділетті қоғамда «әлеуметтік лифт» қалыптасқанын көрсетті. Қазақстан парламентаризмі жаңа механизмге көшті.
Депутаттардың сайлаушылар алдындағы жауапкершілігі арттырылып, ел мүддесі үшін белсенді қызмет етуге міндеттелді.
Бюджеттің әрбір тиынының тиімді жұмсалуын ойлайтын президент ұлттық жобалардың уақытылы жүзеге асырылуын әрі қазына қаржысының мақсатты игерілуін бақылауды өзге де маңызды істерді парламентке тапсырды. Бұл біз үшін зор мәртебе әрі үлкен жауапкершілік екенін білеміз. Парламенттің мемлекеттік басқару ісінде рөлі ерекше. Парламент заң шығарушы орган болғандықтан сапалы жұмыс талап етіледі.
Парламенттің бірлескен отырысында президент Қасым-Жомарт Тоқаев:
– Барлық әлеуметтік топтың мүддесін қорғау тұрғысынан алғанда Мәжіліс пен мәслихаттардың аралас моделін қалыптастыруға көшудің мәні зор. Бұл өзгеріс өкілді билік тармақтарының барлық деңгейіне айтарлықтай ықпал етеді. Соңғы жылдары жүргізілген саяси өзгерістер, сайлау заңнамасын мақсатты түрде либералдандыру Қазақстанда партия құру ісіне тың серпін берді. Ұзақ уақыттан бері елімізде алғаш рет жаңа партиялар ресми түрде тіркелді. Аталған деректі аралық қорытынды ретінде атап өтуге болады. Бұл – алға қарай жасалған маңызды қадам. Саяси жүйені орнықты дамыту ісінде партиялар маңызды рөл атқарады. Осы орайда елімізге жауапкершілігі жоғары партиялар қажет. Олар халықтың мүддесін тиімді қорғай білуге тиіс, – деген болатын.
Конституциялық реформалаудың нәтижесінде Президент 7 жылда бір рет сайланатын болып, Парламенттің пәрмені мен депутаттардың қызметі бекітіліп, Конституциялық сот құрылды. Облыс әкімдері партия филиалдарына жетекшілік етпейтін болды. Жоғары лауазымды қызметкерлер партия тізіміне ілінбеді. Әділдікті ту еткен Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың әділетті мемлекет, біртұтас ұлт, берекелі қоғам құру жолында әділ әрі адал азаматтардың ел болашағы үшін көбейгенін дұрыс санайды. Депутаттар бұл ретте арасы алшақтап кеткен билік пен қоғамның қарым-қатынасын нығайтуы тиіс. Алғаш рет аудан, қала әкімдері сайланды. Алдағы уақытта барлық аудан әкімдері сайлауға түсетін болады. Бұл да елге қызмет ететін азаматтардың белсенділігін арттырып, әділдік орнауына жол беретін саясат. Президент биліктің барлық институттарының жаңарып, саяси үдерісті демократияландыруды көздейді. «Күшті Президент - ықпалды Парламент - есеп беретін Үкімет» мемлекеттің басты тірегіне айналды. Бағалай білгенге көптеген өзгерістер бар. Біз әділетті Қазақстанды жаңа заң, жаңа қоғаммен құрамыз. Алғашқы қадамның саяси реформалардан басталуының басты себебі – еліміздің ішкі-сыртқы саяси тұрақтылығын сақтау. Ол жоқ жерде ел болып қалу мүмкін емес.
Осы орайда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылы сайлауда халыққа кең ауқымды «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін» деп аталатын сайлау алды бағдарламасын ұсынған болатын. Бүгінде осы бағдарламада айтылған Қылмыстық және Қылмыстық-процестік кодекстерге талдау жүргізу және жетілдіру барысы қарқынды жүргізілуде. Десе де, барлығын бірден реформалау мүмкін емес, өзгерістер уақытты талап етеді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлау алды бағдарламасы мен жүйелі реформалары, біртұтас ұлт, берекелі қоғам, әділетті мемлекет құруға негіздеген. Мұның бәрі де кезең-кезеңімен, кезек-кезегімен іске асып келеді. Оның бір дәлелі – сот және құқықтық жүйенің оңтайландырылып жатқаны.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Қылмыстық, Қылмыстық-процестік және Қылмыстық-атқару кодекстеріне өзгертулер мен толықтырулар енгізіліп жатыр. Ондағы мақсат – азаматтардың құқықтарын қорғау, қауіпсіздігін қамтамасыз ету, бизнестің жүргізілуіне бюрократиялық кедергісіз жол ашу. Сондай-ақ лауазым иелерінің өз өкілеттіктерін теріс пайдалануға жол бермеу, қылмыс жасағаны үшін санкцияларды қайта қарау, сот төрелігін реттеу сияқты өзге де өте маңызды мәселелерді шешу. Осыған байланысты құрылған жұмыс тобы былтырғы жылдан бері жоғарыда аталған кодекстерге талдау жүргізіп, жұмыс істемейтін нормаларды, коллизияларды талдауға кірісті.
Қылмыстық және Қылмыстық-процестік кодекстерді жетілдіру әділетсіздіктерді жоюға сеп болып, қылмыстық іс пен әкімшілік құқықбұзушылықтардың, қылмыстық қудалау мен сотқа дейінгі тергеп-тексерудің ара жігін ажырату, сотқа дейін тергеп-тексеру түрлерін қысқартуда әділеттілік қалыптастырады. Бұл бойынша алдағы 3 жылда терең ғылыми-практикалық талдау жүргізіледі. Мысалы, бір тауық ұрлаған да, бір үйді тонаған да қылмыс болғанымен, тауық ұрлаған 7 жылға, үй тонаған 3 жылға сотталуы әділетсіздік. Қылмыс дәрежесіне қарай жаза тағайындауға қатысты халықтың талабы орындалмақ. Президент әлеуметтің талап-тілегі, мұң-мұқтажынан хабардар, сол себепті ескі жүйені жаңартып, әділетті мемлекет құрмақшы. Сыбайлас жемқорлық бабымен сотталғандарға шартты жаза кесіліп, жазасын еркіндікте өтеуге мүмкіндік берілмейді. Енді қарызды өндіріп алу үшін өз өкілеттігін асыра пайдаланып заңсыздықтарға барған коллекторлар қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Себебі олардың қысымына шыдамай өз-өзіне қол салу жиілеп кетті. Кісіні қорқыту, қоқан-лоқы көрсету, өлімге итермелеу – қылмыс. Құқық бұзған коллекторларға да 5 жылға дейін қызметінен айыра отырып, 5 000 АЕК айыппұл салу, не 1 200 сағатқа қоғамдық жұмыстарға тарту немесе 5 жылға бас бостандығынан айыру көзделген. Жұртшылықтың құқықтық сауатсыздығын пайдаланатын алаяқтар да бар. Президент пәрменімен «AMANAT» партиясы дәрменсіз адамдарды қаржылық және құқықтық сауаттандыру ісімен айналысып келеді. Қазір алаяқтар мен пайдакүнемдерге алданып қалып жатқандар көп. Әсіресе, жер алу, үй сату, құжаттарды рәсімдеу, біреудің мүлкін иемдену сияқты заңсыздықтар болып жатыр. Әлбетте, құжат рәсімдеу, мүлікті бағалау бағалаушылар мен нотариустардың қатынасуынсыз іске аспайды. Сондай-ақ жеке сот орындаушыларына деген арыз-шағым толастар емес. Жетімдердің алимент ақысын егеленіп алғандарға не дерсіз? Алдағы уақытта өз өкілеттіктерін теріс пайдаланып, азаматтардың немесе ұйымдардың құқықтарын бұзған нотариустар, жеке сот орындаушыларының мүлкі тәркіленіп, белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан 5 жылға дейінгі мерзімге айыра отырып, 4 000 АЕК көлемінде айыппұл салынып, не сол мөлшерде 1 000 сағатқа қоғамдық жұмысқа тартылады немесе 4 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Мемлекет басшысы еліміздің басты құндылығы – адам деп бағалап, қоғамның орнықты дамуын ұлт саулығымен байланыстырады. Әлемді алаңдатқан су мәселесіне Президент те бейжай қарамай, суды үнемдеуге және бүлдірмеуге үндейді. Өкінішке қарай, ағын су тұрмақ, жерасты суларын ластайтындар да азаймай тұр. Жалпы табиғи байлыққа тыныштық бермейтін жер қойнауын заңсыз әрі аяусыз пайдаланатындар көбейіп барады. Білгенге бұл экологиялық құқықбұзушылыққа жатады. Өйткені су ластанса, соның салдарынан сарқылса, табиғатқа да, адамзатқа зиян. Заңда экологиялық қылмыс жасағандарға жауапкершілік артады. Адамзатқа қауіп төндіргені үшін Қазақстан Республикасының азаматтығынан немесе 10 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Ал денсаулыққа келтірген зиянның дәрежесіне қарай 3 жылдан 8 жылға дейін жазаланады. Бұл тұрғындар қауіпсіздігі мен денсаулығын сақтауға арналған шаралар. Сол сияқты мұнай мен мұнай өнімдерін тасымалдау, сатып алу, сақтау, өткізу, сапасы анықталмаған мұнайды өңдеу, клиникалық зерттеулер жүргізу, жаңа әдістер мен құралдарды қолдану тәртібін бұзу, жалған дәрілік заттармен немесе медициналық бұйымдармен жұмыс істеу, экологиялық талаптарды бұзу, ауаны ластау, жерді бүлдіру, жер қойнауын пайдалану қағидаларын бұзу бойынша да бірқатар бапқа өзгертулер енгізіледі.
Кеденде кедергілер де, келеңсіздіктер де жетерлік. Кедендік рәсімдерді «бір терезе» қағидатына көшіру, кедендік бақылауды интеграциялау тапсырылған. Президент кедендік тексерушілердің көптігі салаға кері әсер еткенін, салық саясатының тиімді болуы кеден жұмысының ашықтығына байланысты екенін атап өткен еді. Салық пен кедендік рәсімдеу жүйесін реттеу де сайлау алды бағдарламаның бір тармағы болатын. Осыған орай Қылмыстық кодекстің баптарында жауапкершілікті арттыру қарастырылған. Яғни, кодексте сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемденіп алу немесе талан-таражға салу, алаяқтық, экономикалық контрабанда, кедендік алым-салымдарды төлеуден, бюджет пен басқа да міндетті төлемдерден жалтару бойынша бірнеше еселенген айыппұл көлемін көбейту көзделіп отыр. Мұндай еселенген айыппұлды төлету тек мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдарға қатысты қолданылып, қалған адамдарға қолданылмайды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Қазіргі ең басты міндет – еліміздің мықты өнеркәсіптік негізін қалыптастыру және экономикамыз өзімізді толық қамтамасыз ете алатын жағдайға жету. Сондықтан өңдеу саласын жедел дамытуға баса мән беруіміз қажет. Осындай аса маңызды шақта зор экономикалық серпіліс жасауға еліміздің толық мүмкіндігі бар. Ол үшін біз біртіндеп жаңа экономикалық үлгіге өтуіміз керек. Бұл жұмысты батыл жүргізуіміз қажет. Басты мақсат – қағаз жүзіндегі биік жетістіктерге қол жеткізу емес, шын мәнінде халықтың тұрмыс сапасын жақсарту болуға тиіс», – деп бизнестің еш кедергісіз дамуы үшін заң жүзінде жеңілдіктер жасауды тапсырды.
Әлемнің алпауыт мемлекеттерінде бірінші кезекте бизнеске қолайлы жағдай жасайды. Экономиканың қозғаушы күші – бизнес. Қазір Бизнесті жүргізу мәселелері туралы заң жобасы Мәжіліс қарауында жатыр. Бұл заң жобасына түркістандық кәсіпкерлер аса қызығушылық танытып отырған сайлаушылармен жүздескенімде байқап жүрмін.
Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған заң жобасы еліміз үшін маңызды әрі тиімді екені ақиқат. Бұл заңды мыңдаған бизнес өкілі тағатсыздана күтіп жүр. Бизнесті жүргізуде мейлінше бюрократиялық міндеттемелерді азайту, мемлекеттік органдар мен бизнес арасындағы қарым-қатынасты реттеу, адами фактордың араласуын азайтып, бизнесті ашықтыққа көшіру сияқты өзге де мәселелер қарастырылған. Заң жобасын оңтайландыру барысында 86 заңнамалылық актілер, оның ішінде 11 кодекс қамтылды. Бұл 28 мемлекеттік орган, оның ішінде көптеген комитетке қатысты жұмыстар. Мәжілістің 6 комитетінен 11 депутаттан құралған жұмысшы топ заңның дұрысталуына күш салып келеді. Заң жобасы бүге-шігесіне шейін жұмысшы топтың талқылауынан өтіп, 1 500-дей түзету мен өзгеріс енгізілді. Нәтижесінде, пленарлық отырыста заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды. Әлі алда екінші оқылым бар. Түсініспеушілік туындаған жағдайда әр саланың мамандарымен кеңесіп, арнайы жиналыстар өткізілуде. Заң жобасының бизнес жүргізуге ыңғайлы болуына барлық салалық мемлекеттік органның арнайы қызметкерлері, кәсіподақтар, ассоциациялар, «Атамекен» палатасынан құралған мамандар да атсалысып жатыр.
Ел мен мүдде бір болғандықтан, мемлекеттің дамуына қазақстандықтардың жаппай атсалысуы азаматтық борыш деп есептеймін. Президент айтқандай, адалдық пен әділдікке көшсек, жаңа Қазақстан сөзсіз құрылады. Ол елге көзсіз қызмет етіп, еңбегін аямайтын азаматтар көптеп керек. Қасым-Жомарт Кемелұлының әрбір бастамасы мен тапсырмалары бас пайдасы үшін емес, ел мен жердің қамы үшін екенін түсінсек игі. «Сабақты ине сәтімен» дегендей, орында бардың оңалатын күніне де жетеміз. Ең бастысы, айналадағы геосаяси жағдайлардан сабақ алып, тыныштық пен ауызбіршілік сақтау міндет болып тұр. Өзгерістер мүлде жоқ емес, бар екенін мойындау қажет.
Мүмкіндігі шектеулі жандарға да квоталар бөлінді. Түркістан облысының жұртшылығы бұл жаңашылдықты қуанышпен қарсы алды. Өйткені, басқа аймақтармен салыстырғанда жастардың ең көп үлесі Түркістан облысында. Сондай-ақ, аймақтағы қыз-келіншектер мен әйел азаматтарын қоғамдық, саяси өмірге белсене араластыру ісінде Түркістан облысына жүктелетін жауапкершілік те жоғары. Осы ретте партиялық тізіммен әйелдер мен жастар үшін 30 пайыздық квота енгізілгені елдегі, аймақтағы саяси жаңарудың белгісі болды.
Парламентке және жергілікті өкілетті органдарға әйелдер мен жастарды тартудың тиімді жолы ретінде олардың еліміздегі қоғамдық-саяси үдерістерге белсенді қатысуына септігін тигізді. Сайланбалы орындарда әйелдер мен жастардың үлесі артты.
Әлемдік тәжірибе бойынша әйелдердің сайланбалы органдарда өкілдік етуін арттыру құралдарының бірі – әйелдер үшін арнайы квоталар енгізу. Партиялық арнайы квоталар Еуропа елдерінде кеңінен қолданылады және тиісті нормалар Германияда, Норвегияда, Францияда және Бельгияда сайлау туралы заң деңгейінде бекітілген. Қазіргі таңда қалыптасқан әлемдік тәжірибені және Қазақстан әйелдер істері жөніндегі қабылданған құжаттар төңірегінде ұсынылып отырған заңнамалық нормалар әйелдерді елдің қоғамдық-саяси процестеріне ары қарай белсенді тартуға мүмкіндік береді.
Бұл ретте, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, біз парламентке және жергілікті өкілді органдарға жастардың келуіне ықпал етуге тиіспіз. Осы бөлікте ұсынылып отырған заңнамалық шаралар, қоғамдық-әлеуметтік проблемаларды шешуге бағытталған конструктивтік ойлары бар белсенді жастарды тартуға мүмкіндік береді.
Қазақстан демократиялық үдерістің даңғылына түсті. Мұны күнделікті тұрмыстан аңғару қиын емес. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қалыптасқан «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы соның айғағы. Қазақта «Халық қаласа хан түйесін сояды» деген бар. Халықтың, қоғамның талабына сай түрленіп жатқан саяси жүйенің бүгінгі көрінісі сол демократияның даңғылына баспалдақ, -дейді ол.
Кейінгі уақытта Президент тапсырмасына байланысты сайлау жүйесіне көптеген жаңашылдық енді. Кез келген саяси жаңғырудың басты мақсаты – азаматтардың мемлекетті басқару ісіндегі рөлін арттыру. Түркістан облысының тұрғыны Жетісай ауданы, «Жетісай аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі» КММ басшысы Асима ЖҮНІСОВА: Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев дәстүрлі Жолдауларында еліміздің сайлау жүйесін жетілдіруді тапсырған болатын. Осы саяси реформа аясында бірер жыл бұрын ауыл әкімдерін тікелей сайлау механизмі іске қосылды. Азғантай уақыт аралығында көптеген елді мекенінде баламалы негізде сайланған жаңа әкімдер жауапты қызметіне кірісті. Алдағы уақытта бұл демократиялық үрдіс жалғасын таппақ. Ендігі қадам – аудан әкімдерін сайлау болмақ.
Пилоттық жоба ретінде Түркістан облысымызда төрт ауданның әкімі сайлауы өтті. Осы аудандардың жұртшылығы саяси науқанда белсенділік танытты. Өйткені, бұл саяси үрдістер халық талабына сай жүзеге асты. Бастысы жаңашылдық мемлекетіміздің дамуына оң септігін тигізді.
Мемлекет басшысы референдумнан кейінгі Үндеуінде маңызды мәселелер көтерген болатын.
«Референдум еліміздің тарихындағы маңызды кезең болды, ол ұлттың бірлігін және нақты өзгерістерге дайындығын көрсетті. Дауыс берушілердің жоғары болуы – қоғамымыздың кемелдігі мен жауапкершілігінің айғағы болды. Сайлау учаскесіне келіп, елімізде басталған реформаларды қолдағандардың барлығына алғыс айтамын. Нағыз патриоттық таныта отырып, сіз Қазақстанның прогрессивті дамуына зор үлес қостыңыз. Ел үшін осы бір тағдыршешті сәтте заңды құқығын пайдаланып, өз ұстанымын білдірген барша азаматтарға алғысым шексіз. Негізгі заңға енгізілген өзгерістер соңғы кезең емес, реформаларымыздың басы ғана. Біз елді жан-жақты жаңғыртуды жалғастырамыз. Жаңартылған Конституция негізінде біз барлық билік институттарының жұмыс істеуінің тиімді үлгісін қалыптастырамыз, олардың арасындағы тежемелік пен тепе-теңдік тетіктерін күшейтеміз. Дәйекті саяси реформалар ұлттық экономиканың дамуына, ұлттық кәсіпкерліктің нығаюына ықпал етеді. Енді бізге экономикада ашық және әділ ойын ережелерін қалыптастыру, заңнаманы реформалау керек. Барлық жасанды монополияларды жою және сыбайлас жемқорлыққа сенімді тосқауыл қою маңызды», деді президент.
Мықты мемлекет болудың кепілі – сапалы әрі мықты заңдар. Қоғамның әрбір мүшесінің құқығы қорғалған құжаттар. Еліміздегі соңғы жылдары жүзеге асқан саяси реформалар осы жұмыстардың тұрақты жүріп жатқанын көрсетеді, -деп пікір білдірді.
Ал Созақ аудандық орталық кітапханасының кітапхананы дамыту бөлімінің басшысы Б.Бекмұратова Қазақстанда 27 жылдан кейін өткен референдум тарихымызда шын мәнінде халық пен билік арасындағы қарым-қатынастың жаңа жүйесін құруға көмектесетіндей бірегей оқиға болды дейді.
- Түркістан өңірінде де бұл саяси науқан жоғары деңгейде ұйымдастырылды.
Қазақстан халқы референдумға «иә» деп айта отырып, қоғам мен билік арасындағы сындарлы диалогты қамтамасыз ете отырып, мемлекеттік жүйені жетілдірді. Елдің саяси модернизациясының нәтижесі «суперпрезиденттік» басқару нысанынан ықпалды Парламенті және есеп беретін үкіметі бар президенттік республикаға көшу болады. Бұл модель еліміздегі демократиялық үдерістерді нығайтуға және биліктің барлық тармақтарының тиімділігін арттыруға арналған.
Жаңа Республиканың негізгі қағидасы – барлық істе әділеттілік. Бұл елдің дамуына қатыстык ең ауқымды мәселелер бойынша азаматтардың пікірін ескеруге де қатысты.
Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында: «Маңызды шешімдер азаматтардың қатысуымен ашық қабылданатын болады, өйткені мемлекет баршаның үніне құлақ асады», деп атап көрсетті.
Маусымдағы референдумда Созақ ауданы бойынша 39 референдум учаскесі жұмыс істеді. Аудан азаматтарының басым бөлігі Конституцияға енгізілген өзгерістерді қолдап, сол арқылы мемлекеттің жаңа моделіне көшуді қолдайтындықтарын білдірді. Дауыс берушілердің саны жоғары болуы қоғамымыздың кемелдігі мен жауапкершілігінің дәлелі болды.
Референдум биліктің және қоғамның елдің одан әрі даму болашағын жоспарлаудағы ортақ түсінісу құралы болды. Өткен референдумның қорытындысы қазақстандықтардың басым бөлігі Президенттің саяси жаңғырту бағытындағы бағдарламасын қолдайтынын көрсетті. Сайлау учаскелеріндегі сайлаушылардың қатысуы және азаматтардың дауыс беруі Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси реформаларына сенімнің жоғары деңгейін көрсетті. Мемлекет басшысы референдум қорытындыларына арналған Үндеуінде Тәуелсіздікті, жалпыұлттық бірлік пен қоғамдық келісімді нығайту басты міндетіміз екенін атап өтті. «Әрбір азамат саяси өзгерістер мен экономикалық өсудің жемісін көруі керек. Құрғақ уәде мен бос сөз ешқайда апармайды. Мен үшін ең бастысы – нақты әрекет пен нақты өзгеріс. Осы мақсатқа жету үшін бар күшімді саламын», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Менің бағалауым бойынша, референдум Конституцияға өзгерістер енгізу және елдің әлеуметтік әл-ауқатын арттыру және нарықтық реформаларды ілгерілету жөніндегі күш-жігері тұрғысынан серпіліс берді. Референдум – оң өзгерістер үшін саяси ерік-жігердің маңызды белгісі. Айта кету керек, елдегі конституциялық реформалар демократия, бостандық және заң үстемдігі принциптерін нығайтуға бағытталған. Түзетулер елді жан-жақты жаңғыртуға бағытталған.
Әкімдерді тікелей сайлау еліміз үшін ерекше деген пікірдемін. Бұл жалпы мемлекеттік және қоғамдық басқаруды дамытудағы жақсы тенденция. Негізгі мақсат – азаматтарды мемлекеттік басқаруға, басқару шешімдерін қабылдау алдында талқылауларға тарту. Халыққа өз пікірін білдіріп, сол немесе басқа мәселені шешуге мүмкіндік беру. Тұрғындар тапсырмалардың басымдылығын анықтауға көмектесе алады. Ауылдың өзекті мәселелерін жергілікті деңгейде шешу қажет. Әкімдерді тікелей сайлау тек сенімді нығайтып, халық пен мемлекет арасындағы алшақтықты азайтады деп ойлаймын.
Жалпы, көпшілікке руханият дәнін сеуіп, кітаптың қадір-қасиетін дәріптеуші кітапханашылардың қоғамда өз орны бар. Көптің назарын ерекше аударған рухани орда Созақ кітапханасына 80 жыл толып отыр. Кітапхананың іргетасы 1943 жылы қаланған. Жүйеде 23 кітапхана: 1 орталық, 1 балалар және 21 ауылдық кітапхана бар. 53 қызметкер еңбек етеді. Көп жылдан бері қызмет жасап келе жатқан кәсіби мамандар да бар. Қазіргі таңда кітапхананың 435 мыңға жуық кітап қоры бар, оның ішінде қазақ тілінде – 303277, олардың 8500-і – құнды кітаптар. Бұл қордың ішінді 1950 жылы жарыққа шыққан дүниелер де қаз-қалпында сақталған. Құнды кітаптар деп аз таралыммен шыққан жоғары сұраныстағы әр түрлі анықтамалар, танымдық әдебиеттер, белгілі классиктердің кітаптарын айтамыз. Оған ерекше әсем көркем безендірілген форматы жағынан айрықша басылымдар, тарихи әдеби шығармаларды әлем әдебиетінің озық үлгілерін қосамыз.
Созақ аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі ауылдық кітапханалар арасында «Кітапханаға кітап сыйла!» атты қайырымдылық акциясын, мерейтой иелеріне кештер, әдеби сайыстар, дөңгелек үстелдер өткізіп келеді. Созақ кітапханасының жетістіктері атап айтар болсақ, Облыстық мәдениет және туризм басқармасы мен облыстық «Фараб» әмбебап-ғылыми кітапханасының бастамасымен, Сарыағаш аудандық орталық кітапханасының бірлесе ұйымдастырған, ең көп оқитын оқырман балалар арасында «Әлемді кітап арқылы танимын» атты облыстық байқаудың қорытынды кезеңінде Сахи Кәусар бас жүлдені жеңіп алды. Шымкент қаласының мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының, Шымкент қалалық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтарға арналған арнайы кітапханасының ұйымдастырумен дарынды зағип және нашар көретін суретшілерді, музыканттарды, жазушыларды және басқа да шығармашыл тұлғаларды қолдауға және ынталандыруға арналған "ШамShyraq" өңірлік өнер фестивалінде Масымбаева Гүлнара Әміре Қашаубаевтың 135 жылдығына арналған "Шабыт шеберлері" номинациясының жеңімпазы атанды. І дәрежелі дипломмен, ақшалай сыйлықпен марапатталды. Зағиптарға арналған қазақша нүктелі-бедерлі шрифтінің авторы, тифлопедагог, композитор Ақан Қасымовтың 95 жылдығына орай "Тактильді әлем" – сенсорлық сезімдерінің көмегімен сезілетін тактильді өнер туындаларын жасау кезеңіне қатысқан Барлыбаев Аппаз ІІІ жүлделі дипломмен марапатталды.
Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Мәдениет және өнер саласы ұйымдары мен қызметкерлерінің кезекті "Рухани қазына - 2023" фестивалінің "Үздік аудандық маңызы бар кітапхана қызметкері" номинациясы бойынша қатысқан Түркістан облысы, Созақ аудандық орталық кітапхананың оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінің кітапханашысы Жұмабаева Балнұр Мұқажанқызы алғыс хатпен марапатталды. Жаңашылдыққа жаны құмартып тұрған кітапхана оқырмандарын көргенде жаның жылиды. Ал, кітап – қоғамның мәдени күштерін дамытудың қуатты құралы, -деді ол
Байланысты жаналықтар
MalimBlocks
Сұлтанәлі Балғабаев: Дүниежүзі қазақтары қауымдастығын мен тіркетіп едім
Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасы орынбасарлығынан үміткер бір шенеунік өзі бола алмаған соң, айтылған дүниелерді қағазға түсіртіп, құжат жасатпаған. Содан іздеп жүріп, сол жиынды жазып алған радионың бір қызметкерінен дыбысжазбаны алып, сол бойынша өзім хатшы ретінде протокол жасап, тиісті адамдардың қолын қойдырдым. Кейін ұйымның жарғысын жазып шықтым. Солайша, ұйымды Әділет министрлігіне тіркеттік.