Халық билігін күшейту – демократиялық жүйенің алға сүйреушісі

  • 02.12.2023

Баршаға аян, биылғы жылдың маусым айында түркінің түбірі Түркістан қаласында ұлттық құрылтай өтіп, елдің елең-алаңы електен өтті. Мемлекеттік маңызы жоғары жиынға ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бастаған ұлт ұстындары қатысып, біршама мәселелерді талқыға салды. Соның бірі де бірегейі – халық билігін күшейту. Халық қаласа хан түйесін сояды деген мемлекет басшысы қолында құзыреті бар жетекшілерге ескертпе жасады. Айтуынша, президент бастаған түрлі лауазым иелері халықтан жоғары емес, тиісінше олар бұқаралық жүйені үйлестіретін халық қызметкерлері. Менеджер. Міне, ел президенті ұсынған бұл ұстаным халық билігін күшейтіп, демократиялық жүйеге серпін береді. Оның іс жүзіндегі айғағы –2020 жылы президент жарлығымен бастау алған ауыл әкімдерін бұқараның таңдауы арқылы сайлау реформасы. Жаңа өзгеріс жаңа леп әкелді. Енді әкім болуды көксеген үміткер көке-жәкеге емес, тікелей халыққа жағуды мақсат тұтады. Жоғарыға жалтақтауды доғарып, жан-жағына үңіледі. Бастапқыда ауыл әкімдерін сайлаумен ғана шектелген бұл үдеріс бірте-бірте өз жемісін беріп, аясы ұлғайды. 2023 жылы ел азаматтары үш қала мен 42 аудан әкімдерін тікелей сайлауға құқылы болды. Бұл үрдіс өз кезегінде халықтың биікке деген сенімін күшейтіп, бұқараның қоғамдық мәселелерге үн қосу көрсеткіштерін еселейді. Сайлау – еліміздің ертеңін айқындап, бүгініне бағдар жасауға мол мүмкіндік беретін саяси науқан. Ол – мемлекеттік жүйенің тиімділігін арттырып, халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайын көтеру сынды елдің болашағы үшін жұмыс атқаратын негізгі жүйені жолға қоятын тиімді механизм. Бұқараның өз әкімін өзі таңдап, сын садағынан өткізе сайлай алуы – халықтың саяси сауаттануы, мемлекеттің демократиялық жүйені жетілдіре түсуі деген сөз. Бұл өте маңызды қадам. Өңірді дамытып, экономикасын көтеру үшін – халық үміткердің бағдарламасымен жіті танысып, тікелей байланыса алады. Құр сөзбен лепіріп, сайлау алдында берген уәдесінен тайсақтаған басшыны бұқара шағымдану арқылы орнынан босатуға да құқылы. Бұл халық билігінің айқын көрінісі. Бұл жүйенің тиімді тұстарының негізгісі – жемқорлық жолын бөгеу. Енді үміткер лауазымды орынға отыру үшін ешкімге пара ұсынбайды, ұсына да алмайды. Тікелей халықпен байланыс орнатып, жүйелі жұмыс жасайды. Халыққа тиімді болуды көксеп, жақын жүруге ұмтылады. Өйткені, оның құзыреттілік барысын басқа емес, өзі қызмет көрсететін бұқара анықтайды. Бұдан әкімдердің тұрғындар алдындағы жауапкершілігі артады, өйткені оларды жергілікті халық тікелей таңдайтын болады. Екіншіден, тұрғындар туған ауыл мен өңірінің өміріне белсене араласады. Ал сайланған әкімнің өзін көрсетуге тек бір ғана мерзімдік мүмкіндігі бар. Егер әкім өзіне артылған сенімді ақтамаса, келесі жолы оған халық дауыс бермейді. Демек, әкімнің сайлау алды уәдесін орындамай, халықтан алшақ өмір сүруге мүмкіндігі жоқ. Енді ол өз репутациясы үшін де белсенді жұмыс жасап, келесі сайлауға да үміткер болуға тырысып бағады. Бізде кейбір сайлаушылар бұл саяси науқанға ат үсті қарап, дауыс беруге бармай жатады. Ал кейбір мемлекеттерде сайлауға бармаған халық жауапқа тартылады екен. Елімізде әркімнің өз еркі өзінде. Бірақ, ауылдың, ауданның тағдыры бәрімізді де алаңдатуы тиіс. Сондықтан да, өңірінің болашағына алаңдаған әрбір азамат сайлаудан шет қалмауы керек. Өзінің және жақын адамдарының, туып-өскен өлкесінің болашағын ойлаған тұрғын, оны дамыта алатын нағыз лайықты әкімді сайлауға белсене араласқаны жөн. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанды» құру бастамасымен елімізде тың бастамалар қолға алынып, экономикалық, саяси реформалар жүзеге асуда. Әділетті Қазақстанды құрудағы игі істерге Түркістан жұртшылығы белсене атсалысуда. Еліміздегі саяси реформалардың аясында ауыл тұрғындары екі жылдан бері ауылдық округ әкімін таңдау мүмкіндігіне ие болды. Нәтижесінде Түркістан облысы бойынша 140 ауылдық округ әкімдері сайланды. Сонымен қатар биыл 4 аудан әкімінің сайлауы өтті. Бір айта кетерлігі, Түркістан облысы маңызды да жауапты саяси науқанға тыңғылықты дайындықпен келді. Мәселен, Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров қазан айында Түркістан облысына арнайы келіп, аудан әкімдерін сайлауға деген дайындықтың ортасында болды. Нұрлан Әбдіров әкімдер сайлауы өтетін төрт ауданға, атап өтер болсақ, Бәйдібек, Мақтаарал, Созақ және Шардара аудандарына арнайы барды. Сондай-ақ, ОСК хатшысы Мұхтар Ерман Қ.А.Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің студенттерімен кездесіп, ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси жүйедегі конституциялық реформалары туралы егжей-тегжейлі айтып берді. Сонымен қатар, кездесуде аралас сайлау жүйесіне көшу және азаматтардың бір мандатты сайлау округтері бойынша өкілді органдарға сайлану мүмкіндігі, саяси партиялардың Парламент Мәжілісіне өту шегін төмендету, Парламент Мәжілісіндегі Қазақстан халқы Ассамблеясының квотасын жою, өткен және алдағы сайлау науқандары, сайлау комиссиясының мүшелерін оқыту туралы кеңінен сөз болды. Одан бөлек, жиынға қатысқан 139 азаматтан онлайн сауалнама алынды. Нәтижесінде, респонденттердің 40,3 пайызы қашықтықтан электрондық дауыс беруді енгізуді қолдайтыны, ал 80 пайызына жуығының ел Президенттігіне кандидаттың мемлекеттік тілді міндетті түрде білуі және лингвистикалық емтихан тапсыруы туралы талапты қолдап, дауыс бергені белгілі болды. Сауалнамаға қатысушылардың көпшілігі, нақты айтар болсақ, 61,2 пайызы соттылығы бар азамат әртүрлі деңгейдегі сайланбалы лауазымдарға ұсыныла алмайды деп санайды. Дәл осындай кездесу Созақ ауданында жалғасты. Онда Нұрлан Әбдіров ауылдық және аудандық деңгейдегі әкімдерді сайлау, саяси реформалар, оның ішінде саяси партияларды тіркеу рәсімін оңайлату туралы әңгімеледі. Сонымен қатар, дауыс берудің баламалы нысандары және сайланбалы лауазымдарға кандидаттарға қойылатын талаптар туралы да түсініктеме берілді. Жергілікті тұрғын Сержан Бекманұлы Президенттікке кандидат мемлекеттік тілді білуге міндетті және бұл талаптың даусыз екенін айтты.

Мұнан кейін өңіріміздегі орталық сайлау комиссиясы төрағасы Мұхтар Ерман жуырда өткен сайлауда сайланған Созақ ауданы Жартытөбе ауылдық округінің әкімімен және тұрғындарымен кездесті. Бұл әкім Түркістан облысындағы ең жас ауыл әкімдерінің бірі. Жергілікті тұрғындар оның қызметі туралы оң пікір білдірді. Мәселен, зейнеткер Мұрат Алтынбекұлы әкімдерді сайлау жергілікті кадрларды іріктеудің тиімді тұсы деп санайды. Ал, ауыл тұрғыны Садық Әбдаршұлы бұл әкімнің қызметін бақылау тетігі болып табылады деп толықтырды.

Бәйдібек ауданында Нұрлан Әбдіров Жамбыл ауылының тұрғындарымен және олар сайлаған әкіммен, сондай-ақ Шаян ауылының жастарымен кездесуде сайлау жүйесіндегі маңызды конституциялық реформалар, аудан әкімінің алдағы сайлауы, ауыл әкімдерін сайлаудың жинақталған тәжірибесі және олардың қызметін бағалау туралы егжей-тегжейлі айтып берді. Жамбыл ауылының тұрғыны Әмір Айдарұлы ауыл әкімін сайлау тәжірибесімен бөлісті, оның пікірінше, кандидаттар арасынан әкімді таңдаудың негізгі критерийі олардың сайлауалды бағдарламалары болды, сондай-ақ аудан әкімінің сайлауында да халық кандидаттардың бағдарламалары негізінде дауыс беретін болады.

Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының басшысы Нұрлан Әбдіров Мақтаарал және Шардара аудандарын аралау барысында Орталық сайлау комиссиясының басшысы дәстүрлі түрде жастармен және тұрғындармен, сондай-ақ Мырзакент кентінің әкімімен кездесті. Кездесулер барысында ол ауылдық және аудандық деңгейдегі әкімдер сайлауын өткізу ерекшеліктеріне, халықтың сұранысы негізінде конституциялық өзгерістерге, аралас сайлау жүйесіне, ағымдағы сайлау науқандарына, шетелде электрондық дауыс беруге және сайлау жүйесінің басқа да мәселелеріне тоқталды.

Қорыта айтсақ, Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының басшысы Нұрлан Әбдіров Түркістан және Жамбыл облыстарының бірқатар сайлау учаскелерінің жұмысымен танысты. Сайлау учаскелеріне барған кезде ол мүгедектігі бар азаматтардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ету қажеттілігін және бақылаушылардың жұмыс істеуі үшін жағдайды қамтамасыз ету қажеттілігін атап өтті.

Сонымен қатар, Нұрлан Әбдіровтың төрағалығымен Түркістан облысының барлық төрт ауданында және Жамбыл облысының екі ауданында әкім сайлауын пилоттық режимде өткізу мәселелері бойынша кеңестер ұйымдастырылды. Атқарылып жатқан жұмыстар мен сайлауға дайындық туралы аумақтық сайлау комиссияларының, жергілікті атқарушы және құқық қорғау органдарының басшылары баяндады. Қазақстан Орталық сайлау комиссиясының төрағасы кеңестерге қатысқан лауазымды тұлғалардың назарын сайлау заңнамасына қатаң сәйкестікте сайлауды өткізу және қоғамдық секілді өзге де қауіпсіздікті қамтамасыз ету қажеттігіне аударды. Түркістан облысында учаскелік сайлау комиссиялары мүшелерінің кәсіби даярлық деңгейіне бағалау жүргізілді. Оқыту семинарлары аясында дәстүрлі түрде «Дауыс беру күні» іскерлік ойыны өткізілді, онда сайлау процесіне қатысушылардың құқықтары мен міндеттері туралы кейстік тапсырмалар ойналды, дауыс беру күні туындайтын стандартты емес жағдайлар модельденді және оларды шешу тәсілдеріне қатысты түсініктеме берілген. Осылайша, тыңғылықты дайындықпен басталған сайлау үрдістері қабылданып жатқан реформалар арқылы мемлекеттік басқарудағы шешім қабылдау процессіне азаматтардың қатысу мүмкіндігі артқанын көрсетті.

Ақмарал Құдайберген

Ыбырай Алтынсарин атындағы Түркістан облыстық балалар кітапханасының директоры

Байланысты жаналықтар

Ұлттық ақпараттық кеңістігіміз потенциалды сепаратистерден тиісінше қорғалмаған

25.07.2024

Аятжан Ахметжан: Министр Бейсембаев сынаған адамын ата жауы санайды

22.07.2024

Нұрбай Кеңесбекұлы: Ұлттық ұлан патриот жастарды шыңдайтын құрылым

30.06.2024

Төрехан Майбас: Бізді осы күнге алып келген - қазақшылығымыз!

28.06.2024

Тіл корпустарын әзірлеу және жетілдіру ісі – аса маңызды тарихи-мәдени іс-шара

27.06.2024

Аңсаған Мұстафа: Ұлттық нақыштағы киім ұлттық сананың оянуына себеп

25.06.2024
MalimBlocks
Ұлттық ақпараттық кеңістігіміз потенциалды сепаратистерден тиісінше қорғалмаған

Қазір ақпараттық, ментальды, гибрид, когнитивті соғыс тәрізді көптеген  ұғым пайда болды.

Аятжан Ахметжан: Министр Бейсембаев сынаған адамын ата жауы санайды

Министрлік ол  шешімнің күшін  жойып, мектепке құжат қабылдайтын уақытты 1-қыркүйекке дейін созды

Нұрбай Кеңесбекұлы: Ұлттық ұлан патриот жастарды шыңдайтын құрылым

«Жас бүркіт» деп аталатын 7 спорттық әскери-патриоттық клубы жұмыс істейді

Төрехан Майбас: Бізді осы күнге алып келген - қазақшылығымыз!

Тәңіріміз сыйлаған құтымыздың Иесі болуымыз керек!

Тіл корпустарын әзірлеу және жетілдіру ісі – аса маңызды тарихи-мәдени іс-шара

Қазақ тілінің корпус қорын арттыру, ішкі функцияларын жетілдіру ғылыми тұрғыдан да, тіл болашағы тұрғысынан да өте маңызды әрі өзекті.

Аңсаған Мұстафа: Ұлттық нақыштағы киім ұлттық сананың оянуына себеп

Ұлттық нақышты киім-кешекке принт түрінде түсіріп, ұлттық сананы жаңғырту жолдарын іздеген дарынды суретші, ұлт жанашыры Аңсаған Мұстафамен әңгімелесудің сәті түсті.