Ыстықтан қалай сақтанамыз?
Биылғы жаз аптап ыстығымен рекорд жаңартуда. Шілде шіліңгірі шыжғырып, қуырып барады. Елдің біраз өңірі қуаңшылық пен жұттың алдында тұр. Америка, Ресей мен Еуропа елдері де шілденің күніне шыжып жатыр. Мысалы, Хорватияда күннің ысығаны күн қызуы қауіпі «қызыл» деңгейге жетті. Күннің ыстығынан қалай сақтану керек? Бүгінгі материалымызда осы сұраққа жауап іздеп көрдік.
Синоптиктердің болжамынша, шілденің ортасына дейін ыстықтың беті қайтпайды. Мамандар елдің оңтүстігі, орталық пен солтүстігінде ауа температурасы 36-37 градустан түспеуі мүмкін дейді.
Аптап ыстық адамға несімен қауіпті?
Кей адамдарға ыстық жағуы, ұнауы да мүмкін. Алайда ыстық ауа райы астма, диабет, жүрек пен психикалық созылмалы ауруы барларға үлкен қиындық, күш тудырады. Күн ыстығы 36-дан асқанда адам ағзасындағы жүрек-қан тамырларының жұмысы ауырлай түсіп, термореттеу үрдісі де өзгереді.
Қазіргі жағдайда мамандар ыстықтың коронавирустың таралуына да әсер ететінін айтып, дабыл қағуда. Адамдар салқын жер, желдеткіш іздейді, сәйкесінше бұл аймақтарға неғұрлым көп адам жиналса, вирус тарау қаупі де арта түседі. Күн өтіп, қайтыс болғандар саны да көбейіп жатыр: тек Канаданың өзінде 25-30 маусым аралығында күн өтуден жүз мыңға жуық өлім тіркелген. Ыстық әсерінен денсаулықтың сыр беруі жас талғамайтынын ескерсек, кез келгеніміз үшін ыстық кезіндегі сақтық шараларын біле жүрген абзал.
Ыстықтан қалай сақтанамыз?
ДДСҰ мамандары ыстық ауа райында мейлінше көлеңкеде болып, COVID-19-дан сақтану шараларын ескере отырып, күніне 2-3 сағат салқындатылған жерде өткізуге кеңес береді
«Үйдің салқын болуын қадағалаңыздар. Бұл үшін переделерді жауып, электрқұрылғыларын сөндірген абзал» - дейді мамандар.
Сондай-ақ, ғимарат пен көлік салонын минималды температураға дейін салқындатпау керек. Салқын жерден қайта ыстыққа шығу жүрек-қан тамырлары үшін қосымша ауыртпалық әкеледі. Егер жұмыс күн сәулесінің астында болуды талап ететін жағдай болса, әр 10-15 минут сайын көлеңкелі немесе желдеткіші бар аймаққа кетіп отыруға тырысыңыз.
Күннің ең ыстық уақыты – 11.00-17.00 аралығында ғимарат ішінде қалған жөн. Сағат 12 мен 16 аралығында күн қуаты артады, осы аралықта жабық киініп, күннен қорғайтын кремдер қолданып, барынша ультракүлгін сәулелерден қорғанған жөн. Декоративті косметика қолданысын да барынша азайтқан дұрыс.
Мамандар ыстықта ағзаның қызып кетуінен сақтану үшін табиғи маталардан тігілген киім кию керек екенін айтады. Сондай-ақ, аптап ыстықта жүйке жүйелеріне абай болып, күйзелістен қашқан жөн. Себебі жүйке қозуының кез келген түрі күн өту қаупін арттырады.
Тромб түзілу қаупі темекі шегетіндер үшін екі есе жоғары. Ыстықта алкоголь тұтыну да ағза үшін қауіпті, бұл жүрек ритмін бұзуы мүмкін.
Мамандар жаздыгүні ағза жұмысын жеңілдету үшін күніне 1,5-2 литр су ішу керек екенін ескертеді. Тамағыңызды ауыртып алмас үшін, жылы су ішкен абзал, оның үстіне шөліңіз де басылады.
Жоғарыда аталған кеңестерге құлақ түрсеңіз, ыстықтан сақтана аласыз.