Жаңа Қазақстан құру үшін өзгерісті әр адам өзінен бастау керек

Бүгінде елімізде заман ағымына қарай қолданыстағы заңдарға өзгертулер мен толықтырулар енгізілуде. Бұдан бөлек, түрлі саяси реформалар қолға алынып жатыр. Мұның барлығы халықтың қалауымен, елдің атсалысуымен болуда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та жаңа жүйе ең алдымен әділеттілікке құралған, көпшіліктің көңілінен шығатындай болуы керек екенін алға тартады. Жалпы алғанда «Жаңа Қазақстан», «Әділетті мемлекет», «Заңның үстемдігі» деген үш қағида елдің болашағын қалыптастырады.
Бұл туралы Қасым-Жомарт Кемелұлы Қазақстан халқына арнаған «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында: «Заң үстемдігі орнықпаса және азаматтардың қауіпсіздігіне кепілдік берілмесе, әлеуметтік-экономикалық дамудың бірде-бір міндеті табысты жүзеге асырылмайды. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» – бұл, шын мәнісінде, «Әділетті мемлекет» құру тұжырымдамасы. Азаматтардың мәселелерін тыңдап, көріп қана қою жеткіліксіз. Ең бастысы – дұрыс және әділ шешім шығару қажет. Азаматтар мүддесіне қызмет ететін мемлекеттің жаңа стандарттарын әзірлеу үшін көп жұмыс атқаруымыз керек. Осы тұрғыда құқық қорғау және сот жүйелеріне негізгі рөл жүктеледі. Бұл салаға реформа аса қажет, – деген болатын.
Ал, жаңарған қоғам, жаңа Қазақстан жайлы: «Қазіргі міндет – халқымыздың жаңа болмысын қалыптастыру, тұтас ұлт сапасын арттыру. Адамды және қоғамды уақыт талабына сай жетілдіру қажеттігін өмірдің өзі көрсетіп отыр. Жаңарған ұлт қана жаңғырған елдің жетістігін жаһан жұртына таныта алады. Мен халқымыздың әлем үлгі тұтарлық жақсы қасиеттерінің көбірек болғанын қалаймын. Ұлтымыз жаңа сапаға көшуі үшін біздің күнделікті өмірлік ұстанымдарымыз да өзгеруі керек. Қазақ қоғамында жаңа қағидаттар және жаңа бағдарлар салтанат құруға тиіс.Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы: «Білімді болуға оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Күшті болуға бірлік керек. Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек» дейді. Бұл көзқарас бүгінгі күні өте маңызды. Біріншіден, жиырма бірінші ғасырдың ұрпағы терең білімді болғаны жөн. Екіншіден, жас буынды ерінбей еңбек етуге бейімдеу қажет. Үшіншіден, кез-келген істі кәсіби дағды арқылы жүзеге асырған дұрыс. Төртіншіден, темірдей тәртіп және жоғары жауапкершілік баршамыздың бойымызда болуы керек. Бесіншіден, әділдіктен айнымаған жөн. Әділдік – қоғам дамуының маңызды шарты. Әділеттілік – әсіресе, ел-жұрттың тағдырын шешу үшін аса қажет қасиет. Алтыншыдан, бізге керегі – адалдық, ұқыптылық, тиянақтылық. Бәріміз нағыз қазақты дәл осындай кейіпте көргіміз келеді. Біз сонда ғана бәсекеге қабілетті мемлекет, зияткер ұлт қалыптастыра аламыз. Қазақ зиялыларының жаңа кезеңдегі міндеті – ұлт болмысының жаңа қағидаттарын орнықтыру. Сондай-ақ, ұлт сапасын арттыруға атсалысу. Жаңғырған қоғам жат әдеттерден біртіндеп арылуы керек. Ысырапшылдық пен даңғазалық қоғамның да, адамның да абыройын төгеді. Жауапсыздық, немқұрайлылық бүкіл елді қасіретке ұшыратады. Ал, бос сөзділік пен бөспелік, мақтаншақтық қоғамның дамуын тежейді. Бұл туралы ұлы Абай «Өңкей жалған мақтанмен, шынның бетін бояйды» деп ашық айтқан. Бұл мәселе бүгінгі күні де өзекті болып отыр. Биік мұратқа жетелейтін еңбек деген ұлы ұғымды әр азаматтың санасына сіңіргеніміз жөн. Біздің елімізде «Жауапты мемлекет – жауапты қоғам – жауапты адам» жүйесі берік орнығуы керек», -- деген болатын.
Бүгінде Жолдауда айтылған осы бастамалар орындала бастағанын аңғару қиын емес. Әсіресе, оның жүзеге аса бастағанын кешегі өткен ауыл және аудандық маңызы бар қала әкімдерінің, мәжіліс депутаттарының сайлауынан айқын аңғаруға болады. Сондай-ақ, сыртқа заңсыз кеткен активтердің елге қайтарыла бастағаны да жаңа реформаның жемісі деуге болады. Жалпы биыл Қазақстанның саяси аренасында бірқатар өзгерістер орын алды десек қателеспейміз. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл реформаларының барлығы елдің игілігі мен әл-ауқатын көтеруге бағытталған. Жолдауда Үкіметке жүктелген міндеттердің барлығының түпкі мақсаты халық үніне құлақ асатын мемлекет қалыптастыру және халықтың мемлекетке деген сенімін арттыру.
Соңғы уақытта еліміздегі әкімшілік-аумақтық өзгерістерді де айтпай кетуге болмас. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына биылғы Жолдауында Алаш арыстарының басын қосқан Семей қаласын қайта жаңғырту туралы бастама көтерген еді: «Ең алдымен, Семей аймағында Абай облысын құруды ұсынамын. Семей қаласы жаңа облыстың орталығы болады. Осы мәселені аймақ тұрғындары көптен бері айтып жүргенін білемін. Қазір ол жақта шешімін таппаған түйткілдер аз емес. Мысалы, аймақтың ішкі инфрақұрылымы әбден тозған. Кезінде Алаш арыстарының басын қосқан Семей қаласының жағдайы да мәз емес. Біз тарихи әділдікті орнатып, ұлыларымыз дүниеге келген киелі өлкені қайта жаңғыртуға тиіспіз».
Сондай-ақ, кең байтақ қазақ жерінің дәл жүрегінде орналасқан Ұлытаудың өндірістік қуатын, логистикалық мүмкіндігін ұтымды пайдалану үшін Жезқазған облысының аумағында Ұлытау облысын құру керегін айтқан болатын. «Бұрынғы Жезқазған облысының аумағында Ұлытау облысын құру қажет. Жезқазған қаласы қайтадан облыс орталығы болады. Бұл аймақта дербес облыс құру – экономикалық қана емес, рухани жағынан да маңызды шешім. Кең байтақ қазақ жерінің дәл жүрегінде орналасқан Ұлытаудың төл тарихымыздағы орны ерекше. Ел тағдыры шешілген ұлы жиындар осында өткен. Сарыарқаның төрінде орналасқан бұл аймақтың туристік әлеуеті өте зор. Оның өндірістік қуатын, логистикалық мүмкіндігін ұтымды пайдалану керек. Бір сөзбен айтқанда, біз Ұлытау аймағының дамуына жол ашамыз», - деген еді Президент.
Бүгінде Абай, Ұлытау және Жетісу облыстары құрылып, аумақтық шекаралары нақтыланды. Бұл да Мемлекет басшысының негізгі реформаларының бірі болатын. Еліміздің экономикалық көрсеткіштерінің жоғары болуы және халықтың әл-ауқатының жақсара түсуі үшін барлық аймақта бірдей дамуы болуы керек. Міне, сондықтан да Мемлекет басшысы үш жаңа облыс құруды ұсынды. Және мұндай ұсынысты халық жылы қабылдады. Қолдау білдірді.
Нақтырақ айта кетейік, халықтың тұрмыс сапасын жақсарту мақсатында үш жаңа облыс, атап айтқанда, Семей өңірінде – Абай облысы, Жезқазған өңірінде – Ұлытау облысы, Алматы облысы өңірінде – Жетісу облысы құрылды. Бұрынғы Алматы облысында халық санының көбеюіне байланысты өңір екіге бөлінді. Осылайша, Алматы облысының орталығы – Қонаев (бұрынғы Қапшағай қаласына Қонаевтың есімі берілді), Жетісу облысының орталығы – Талдырқорған болды.
Білім, ғылым саласында да көптеген өзгерістер орын алуда. Соның бірі ретінде «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасының құрылғанын айта кетуге болады. Мемлекет басшысының Жарлығымен 2022 жыл Балалар жылы болып бекітілген еді. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған кезекті Жолдауында Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50 пайызын балалардың арнаулы жинақтаушы есепшотына аударуды ұсынды. Бала 18 жасқа толғанға дейін баланың есепшотына аударылатын болады. Жинақталған қаржы балалар кәмелет жасқа толғаннан кейін олардың баспана немесе білім алуына жұмсалмақ. Бұл қаражат өскелең ұрпақ үлкен өмірге қадам басқан тұста қаржылай қиындықтың алдын алуға мүмкіндік береді. Мемлекет басшысы жобаны 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап жүзеге асыра бастауды тапсырды.
Міне, жоғарыда тілге тиек еткеніміздей, Мемлекет басшысының реформасы елімізге едәуір өзгерістер енгізіп отыр. Жаңа Қазақстан құру үшін өзгерісті әр адам өзінен бастау керек. Елімізде қолға алынып жатқан жаңалықтардың ертерек жүзеге асуына атсалысуы керек.
Аяулым Маратқызы,
ерікті жас, Түркістан облысы
Байланысты жаналықтар
MalimBlocks
Сұлтанәлі Балғабаев: Дүниежүзі қазақтары қауымдастығын мен тіркетіп едім
Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасы орынбасарлығынан үміткер бір шенеунік өзі бола алмаған соң, айтылған дүниелерді қағазға түсіртіп, құжат жасатпаған. Содан іздеп жүріп, сол жиынды жазып алған радионың бір қызметкерінен дыбысжазбаны алып, сол бойынша өзім хатшы ретінде протокол жасап, тиісті адамдардың қолын қойдырдым. Кейін ұйымның жарғысын жазып шықтым. Солайша, ұйымды Әділет министрлігіне тіркеттік.