Жаңа Қазақстандағы бүгінгі Созақтың тынысы
Референдумды демократиямыздың маңызды бір тетігі деп білемін. Референдум арқылы халық үні ескеріліп, мемлекет болашағына байланысты маңызды мәселелердің оң шешімдері қабылданып, ел мемлекеттің саяси дамуына үлес қосады. Өйткені, референдумда халық құқықтық шығармашылық санатындағы шешім қабылдайды. Әлемнің көптеген елдерінде референдум кеңінен қолданылса, ал кейбір мемлекеттерде жекелеген жағдайларда ғана өткізіледі.
Президентімізі Қасым-Жомарт Тоқаев «Біз Екінші Республиканы бірге құрамыз, Жаңа Қазақстанды бірге өркендетеміз! Әр азаматқа бірдей мүмкіндік беретін әділ әрі дамыған мемлекет боламыз!» деп, Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІ сессиясында Конституцияға өзгерістер енгізу жөнінде референдум өткізуді ұсынған болатын.
Елімізде 27 жылдық үзілістен кейін өткен референдум нәтижесі бойынша республиканың барлық облысынан 10 мыңнан астам дауыс беру учаскелері ашылып, шетелдегі қазақстандықтар үшін 52, мемлекетте 65 учаске жұмыс істеді. Референдумды 10 ұйым мен 25 елден 272 бақылаушы, сондай - ақ 215 шетелдік журналист бақылады.
Айтулы науқанға өңірімізде 900 - ден аса референдум учаскесі ашылып, онда 1 миллионнан аса адам дауыс беріп, халық шараны мерекеге айналдырып, ерекше көңіл - күймен қатысқан болатын.
Референдум, мен үшін де ерекше болды. Өйткені бұл күн, халықпен етене байланысып, қарапайым халықтың пікірін ескерген күн болды.
Жаңа конституциялық реформада Президенттің өкілеттіктерін кезең-кезеңмен қысқарту, облыстар, республикалық маңызы бар қалалар және астана әкімдерінің кандидаттарын келісу, әкім қызметіне кандидаттарды облыстық мәслихаттар депутаттарының қарауына ұсыну, аралас пропорционалды-мажоритарлық сайлау жүйесін енгізу, суперпрезиденттік басқару формасынан түпкілікті көшу сияқты қаралған мәселелерді толық қолдап, оның нәтижелі жұмыс істейтініне сенімдімін.
Бабаларымыздың қасық қанымен қорғаған жерлеріміздің шетелге сатылмауы, әкімдер сайлауындағы өгерістер, Қазақстанның кез-келген азаматы партияға мүше болмай-ақ өзін парламент, мәслихат депутаттығына ұсына алуы, Конституциялық кеңестің Конституциялық сот деп ауыстырылып, кез-келген адамның өз құқықтары жөнінде сотқа жүгінуі сияқты өзгерістер қарапайым халық пен билікті бір-біріне жақындастырары анық.
«Саяси партиялар туралы» заң жобаларында алғаш рет партиялық сайлау тізіміне әйелдер мен жастарға 30%-дық міндетті квота қаралып отыр. Бұл, жастардың заманға сай жаңа креативті ойларымен бөлісіп, заманға сай ұсыныстарын қосып жатса, біз цифрлық дәуірде алдыңғы қатардағы елдермен иық тіресіп тұратын жетістіктерге жетеміз деп ойлаймын. Әр ауыл өз әкімдерін тікелей сайлау ең алдымен халық үшін маңызды. Ауылдық деңгейдегі әкімдердің сайлауын жанама сайлау жүйесінен тікелей сайлау жүйесіне өзгертілуінің басты себебі жергілікті халықтың басқару жүйесіндегі белсенділігін арттыру және еліміздің демократиялық процестерді одан әрі дамыту болып табылады.
Біріншіден, әкімдердің тұрғындар алдындағы жауапкершілігі артып, халықтың таңдауымен сайланғанын сезінген азамат халық сенімін ақтау үшін қызмет етеді. Екіншіден, тұрғындар өздерінің туған ауылдарының тыныс-тіршілігіне белсенді қатыса алады.
Сан ғасырлық тарихы бар, күллі қазақ мәдениетінің мәйегіне айналған қасиетті мекен – Созақ өңірі, қазіргі таңда республика бойынша алдыңғы қатарда тұрған, өндірісі дамыған индустриялды аймақтардың бірі деп айтсам артық болмас еді. Ал өзім, киелі Созақ жерінен шыққан руханият көшбасшылары мен олардың шығармашылығын насихаттап, өлкемізді танытуда тынбай қызмет көресететін өкілі екеніме қуанамын. 400 000-нан аса кітап қоры мен 24 000-нан аса оқырманы бар кітапхана саласы ауданның қоғамдық өмірдегі қозғалысына үзіліссіз ат салысып келеді.
Айтар болсам, «Оқитын Созақ» жобасы аясында өлке әдебиеті мен қаламгерлерін насихаттау мақсатындағы жұмыстар: қазақтың заңғар күйшісі, композитор Төлеген Момбеков, ақын жазушы, әдебиет сыншысы Тәкен Әлімқұлов, Қр Мәдениет қайраткері, жазушы, журналист Өтеш Қырғызбаев, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ҚР Мәдениет қайраткері Тәшенов Төреғали, Созақ ауданының құрметті азаматы Жарылқасын Боранбай, ақын қыздар Жұпар Жүзбаева мен Раушан Оспанова, ақын, жазушы Ескермес Жақсымбетов т.б. сынды тұлғаларға арналған мерейтойлық әдеби кештер мен шаралар шеруі өткізілді.
«...Созақ деген осы жер» жобасы аясында Созақ ауданының құрылғанына 95 жыл толуына орай Абайтанушы, ғалым, «Хәкім-Абай» ғылыми-зерттеу орталығының директоры, Созақ ауданының Құрметті азаматы, филология ғылымдарының кандидаты Жабал Шойынбетов пен ауданның Құрметті азаматы, жазушы-сатирик Сабырбек Олжабаймен кездесу кештері ұйымдастырылды.
Түркістан облысы мәдениет басқармасының қолдауымен және облыстық Фараб кітапханасының ұйымдастыруымен өткізіліп жүрген байқаулар мен шараларда кітапхана мен кітапханашылар, «Кітап саяхаты-2023» облыстық рухани керуен акциясында озық үлгідегі кітап көрмесін жасап, өңірдің қасиетті мекендерінің көркем көрнекіліктерін көрсетіп, «Әлемді кітап арқылы танимын» атты облыстық байқауында бас жүлдені иеленіп, «Рухани қазына – 2023» республикалық фестивальде ең мықты деген кітапханалар қатарынан орын алды.
Осындай тағылымы мол, игілікті істер төңірегінде жүрген Созақ кітапханасының бүгінгі қоғамда өзіндік қомақты орны бар екендігін білдіреді.
Айта кетейік, референдумнан кейінгі Үндеуінде Президентіміз саяси реформалар жалғаса беретінін айтты.
«Біз адам құқығы мен бостандығын қорғау жүйесін кешенді түрде күшейтуге негізделген бағдарымызды жалғастыра береміз. Құқықтық реформа аясында Конституциялық сот қайта құрылады. Оның қаулыларына жедел әрекет ету тетігін енгізу қажет. Сонда азаматтарымыз осы аса маңызды институт қызметінің пайдасын сезіне алады. Жаңа, Әділетті Қазақстанда полицейлердің озбырлығына, біліксіз прокурорлар мен біржақты судьяларға жол берілмейді. Қоғам құқық қорғау және сот жүйесінің шын мәнінде өзгергенін қалайды. Мен елімізді дамытудың осы және басқа да мәселелері бойынша нақты шешімдерді қыркүйек айында өтетін Парламенттің кезекті сессиясының ашылуында айтамын. Қастерлі Тәуелсіздігімізді, ел бірлігін және қоғамдық келісімді нығайту – біздің негізгі міндетіміз. Бұл реформалар құр атақ-абырой үшін қолға алынған жоқ. Мұның бәрін Жаңа, Әділетті Қазақстан құру үшін жасап жатырмыз. Халқымызда «Кеңесіп пішкен тон келте болмайды» деген сөз бар. Бабаларымыз маңызды мәселені алқалы жиында шешкен. Мен осы дәстүрді жаңғыртып, Ұлттық құрылтай құру туралы бастама көтердім. Оған қоғамның түрлі топ өкілдері, беделді әрі белсенді азаматтар шақырылады. Құрылтайдың алғашқы отырысы ұлт ұясы – Ұлытауда өткізіледі. Осылайша, азаматтардың мемлекет ісіне атсалысу мүмкіндігі арта түседі. Шын мәнінде, еліміздің тағдыры – әрқайсымыздың қолымызда. Біз қоғамдық және жеке құндылықтар жүйесін түбірімен жаңғырта білуіміз керек. Сонда ғана барлық салада түбегейлі өзгеріс жасай аламыз. Жаңа Қазақстанның ең басты байлығы – халық. Ал, ең негізгі мақсаты – азаматтардың бақытты өмір сүруін қамтамасыз ету. Әрбір азаматымыз саяси өзгерістер мен экономикалық өсімнің жемісін көруі қажет. Құрғақ уәде мен бос сөз ешқайда апармайды. Мен үшін нақты іс пен шынайы өзгеріс бәрінен маңызды. Бұл мақсатқа қол жеткізу үшін бар күш-жігерімді саламын. Референдум қорытындысы біздің мемлекеттігіміздің тарихында мүлде жаңа дәуір басталғанын көрсетеді. Халқымыз өз таңдауын білдіру арқылы түбегейлі бетбұрыс жасауға ұмтылысын көрсетті. Жасампаз ел болуға деген ықылас-ынтасын байқатты. Елімізді дамыту үшін әлі де көп жұмыс атқаруымыз керек. Бүкіл ел болып жұмылсақ, көздеген мақсатымызға міндетті түрде жетеміз. Мен бұған кәміл сенемін. Бүгін тәуелсіз Қазақстанның даму тарихында жаңа дәуірге жол ашылды. Осы жолда бірлігіміз әрдайым бекем болсын!», деді Мемлекет басшысы.
Осы міндеттерді орындауда әркім өз саласы бойынша үлес қосады деген сенімдемін. Ең бастысы – елде бірлік, тұрақтылық, татулық қажет.
Б.Момынова,
Созақ аудандық орталық
кітапханасының библиографы
Байланысты жаналықтар
MalimBlocks
Сұлтанәлі Балғабаев: Дүниежүзі қазақтары қауымдастығын мен тіркетіп едім
Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасы орынбасарлығынан үміткер бір шенеунік өзі бола алмаған соң, айтылған дүниелерді қағазға түсіртіп, құжат жасатпаған. Содан іздеп жүріп, сол жиынды жазып алған радионың бір қызметкерінен дыбысжазбаны алып, сол бойынша өзім хатшы ретінде протокол жасап, тиісті адамдардың қолын қойдырдым. Кейін ұйымның жарғысын жазып шықтым. Солайша, ұйымды Әділет министрлігіне тіркеттік.