Жаңа Қазақстандағы феодализм-2. Бабичев жауап берді
Ысқақовтың «Тоқжайлау» кооперативіне қатысы жоқ
Жақында сайтымызға «Жаңа Қазақстандағы феодализм. Алакөлде Бабичев иемденіп алған ауыл бар» атты мақала шыққан болатын. Онда Тоқжайлау ауылының тұрғыны Фархат Ысқақов бастаған азаматтар елді-мекеннің жағдайы оңалмай тұрғанын айтып, бұл жағдайға кооператив басшысы Бабичевті кінәлаған еді. Ал Бабичев болса ауылдастарының сөзімен келіспейді. Malim.kz редакциясына хабарласқан ол біздің бірқатар сұрағымызға жауап берді.
- Ауылдасыңыз Фархат Ысқақов өздеріне тиесілі жерлерін Сізге сеніп тапсырғанын айтты. Алайда, сенім ақталмады деп шағымын білдірді. Мал басы бұрынғыдан гөрі азайып кетті деп те мәлімдеді. Бұған не дейсіз?
- Мен бұл жерде 1989 жылдан бері еңбек етіп жатырмын. Арасында 2 жыл Ауыл шаруашылығы басқармасында қызмет атқардым. Сосын1994 жылдан бастап СПК-ға қайта оралдым. Біздің кооператив 1997 жылы Тоқжайлау ауылының базасында құрылды. Құрамында 313 құрылтайшысы бар.
Ал Ысқақовтың «Тоқжайлау» кооперативіне қатысы жоқ. Ол бұл жерде жұмыс істемейді. Келісімшарт бойынша оның шартты жер үлесі 5 жарым гектар. Басқа ештеңесі де жоқ. Түсінікті болу үшін нақты дәлелдер келтірейін. Бүгінде кооператив есебінде 27 мың қой, 850-ге жуық құлын, 1000 бас жылқы, 25 отар асыл тұқымды қой түрі өсіріледі. Осы бағытта бізде білікті ғалымдар жұмыс істеп жатыр. Қойдың жүнін 2 жыл бұрын Семейде жапондықтар сатып алып отырған. Бұл жүнді жинақтайтын облысымыздағы жалғыз кәсіпорын. Мұндай өндіріс ошағы Жамбыл облысында да бар. Пандемияға байланысты олар жүн сатып алуды тоқтатты. Биыл қайтадан сатып алуға ниетті. Сондай-ақ, «Алатау»тұқымына жататын 250 сауынды сиыр бар. Сонымен қатар, екі фермада 150-170 бас сиыр ұстап отырмыз. Бірақ, ауа райының қолайсыздығына байланысты тек 250 сиырды сауып отырмыз. Олар сүтті ірі қара. Сауылғаннан кейін бірден сүт зауытына жөнелтіліп отырады. Сол үшін сиыр сауатын ферма ұстау қажеттілігі туындағаны рас. 8 сауыншы, 6 бақташы, бұзауларды ұстайтын 2 адам еңбек етеді. Түліктерді сыртта да, қорада да ұстайтын мүмкіндікке жеттік. 4 жарым мың гектарға бидай тұқымдас дәнді дақыл егеміз. Егістік алқаптағы арпа тек қана мал азығы ретінде пайдаланылады. Бізден Жамбыл облысы 500 тонна мал азығын сатып алса, Луговой ауданынан өнімнің жақсы екені жөнінде жағымды пікір естідік. Талғар ауданында да дәл осындай егістік алқабы бар болатын. Олар да арпа егумен айналысты. Десе де ондағы шаруалар 200 тонна алды. Сарқан және Талдықорған аумағындағы шаруалар жалпы есеппен алғанда 1400 тонна арпаны тұқым ретінде пайдалануға алды. Өткен жылы қуаңшылық болғанын жақсы білесіздер. Былтыр бидайдың да шығымы көп бола қойған жоқ.
Ысқақовтың айтуынша, егін бітік шыққан жоқ. Әрбір адам тоғыз центнерден ғана алды. Әрине, бұл төменгі көтсеткіш болып отыр. Кейбір шаруаларға 200 центнерден ғана өнім бұйырды.
Біз қойларды таудың баурайында бағамыз. Арқанкергенді білетін шығарсыз. Сол аумақ біздің қыстауымыз. Онда жұмыс істейтін адамдарда қалааралық байланыс орнататын телефон және wi-fi қызметі қолжетімді. Бұл біздің ауылымыздан 200 шақырым қашықтықта орналасқан жер. Енді жағдай нашар деуге келе ме? Сондай-ақ, біздің компаниямыз қайырымдылықпен де айналысады. Талдықорған қаласында авиценна деген медицина орталығы жұмыс істеп тұр. Азаматтар үлкен жеңілдікпен СПК есебінен емделе алады. Орталықта жұмыс істейтін адамдар мұны растап бере алады. Біздің қарамағымызда еңбек ететін әйелдер нәрестелі болған жағдайда бір реттік төлем ретінде 100 мың теңгеден беріледі.
- Онда неге ауыл азаматтары сізге шағым түсіреді?
- Ол адамдар емес, шағымданып жүрген негізі жалғыз-ақ адам. Жұмыссыз. Бізде 200 жұмысшы тіркелген. Бірақ, соның бәрі олардың меншігі емес қой. Жұмыс істемей сандалып, шағым түсіріп жүрген жалпы үш адамды білемін. Оның біреуі орманшы болып жұмыс істейді. Мен оларға хат жазып, өздеріңе тиесілі жерді қайтарып алыңдар дедім. «Жұмыс істеңдер, сол жерден өздерің қалағандай пайда көріңдер», деп айттым. Ал олар болса қайдағы-жоқты сөз етіп, менімен алысудан тайынбайды.
Істеліп жатқан шаруаларды неге көрмейді?! Басқа да шаруаларға жер үлестіріп бердік. Мені қаралап жатқандар ол жерлердің құнарлылығы аз деп айтып жүр. Шындығында олай емес. Басқа қызметкерлер жермен жұмыс істеп, ақадал еңбегімен нанын тауып келеді. Қажетті бидай тұқымын беріп, жерді жыртуға, өнім жинауға қолұшымды созып тұрамын. Қозғалтқыштарды жөндеп, қажет техникалармен қамтамасыз етеміз.
Жалпы, 2500 гектар жайылымдық жеріміз бар. Ал Ысқақов сияқтылар егістік алқабына қой баққысы келеді. Шынтуайтына келгенде мал жаятын жайылымдық жерлер басқа аумақта көп.
- Кооперативтің сіздің әйеліңізге қатысы бар ма? Техникалар да сол кісінің атына жазылған деген ақпарат естідік…
- Тракторлар менің әйелімнің атына жазылды депті. Бірақ бұл шындыққа жанаспайды. Құжатта бәрі көрсетілген. Заңсыз әрекет жоқ.
Менің әйелім он жылдан бері зейнетте. Ол шаруа қожалығының маңына да жоламайды. Иелігінде 40 мың гектар алқабы бар жалғыз-ақ кооперативіміз белгілі. Әйелімде шаруа қожалығын ашатындай құқық та жоқ.
Бізге тиесілі техникалардың дені ескірген деген де әңгіме таратыпты. Жоқ, ол дұрыс ақпарат емес. Техникаларымыздың көбі жаңа. МТЗ мен Беларусь көліктері.
- Сондай-ақ, хатта малдардың көпшілігі бруцеллезбен ауырады деп жазылған. Қауіпті дерт малдан адамға жұқты деген де мәлімет жетті...
- Басын ашып айтайын, ауылдағы малдар бруцеллезбен ауырады, ауру малдан адамға жұққан деген сөзбен келіспеймін. 2016 жылдан бері бруцеллезбен тіркеуде тұрған ешкім жоқ. Адамға да, малға да бұл дерт жұққан деген сөз жалған. Мұны дәлелдейтін құжатымыз да бар.
- Фархат Ысқақовтың айтуынша, Сіз ауылдың шетіндегі егістікке химиялық дәрілеу жүргізіпсіз. Соның салдарынан тұрғындар да, қоршаған орта да зиян шегіп жатыр екен...
- Бізде өнімді артатын арнайы жүк көліктері қарастырылған. Дәрілеуден өткен дәнді дақылды қолмен тиемейді. Бұдан бөлек, камаздарымыз да қолданыста. Механизаторларға шаң-тозаңнан қорғайтын респераторлар мен қажетті жабдықтарды үлестіріп береміз.
- Шағымданушы Ф.Ысқақов қолындағы малына қорек ретінде жемнің орнына топырақ араласқан пішен берді деп ренішін білдірді Сізге...
- Әрине, Фархаттың иелігіндегі жерде егін бітік шыққан жоқ. Комбайн егістік алқабынан дәнді дақылды жинаған кезде бидай көрсеткіші мардымсыз болып шықты. Комбайн бидайды тым төменнен жинағандықтан, астықтың бәрі топырақпен араласып кетті. Қатты қуаңшылық болды. Егін басы көтерілмей қойды. Содан қиындық туындады. Сабанды жиып алғанмен дәнді дақыл топырақпен аралас жиналды. Мұны мойындаймыз.
- Кооперативке қарайтын адамдардың әлеуметтік жағдайы қалай?
- Адамдардың зейнетақы жарнасы уақытылы аударылып тұрады. Медициналық сақтандыру да жасалады. Мұны да растай аламыз. Оның аударылмай қалған уақыты болған жоқ. Есеп айырысу да заң бойынша жүргізіледі. Мысалы, қарапайым жұмысшы Бараханов Жасқайраттің орташа айлығы 83 мың теңге. Тракторшы Труханов Василийдің орташа айлығы 120 мың теңге. Әркімге жұмыс барысына қарап тиісті мөлшерде жалақы төленеді. Айта кетейін, жалпы алғанда мұндағы орташа жалақы 210-220 млн теңге аралығында.
- Тоқжайлаулықтардың ауыз суынан тапшылық көріп отырғаны сан мәрте айтылып, жазылды. Кейбірі осы мәселеге Бабичев кінәлі деп отыр...
- Кооператив құрылған уақытта су тапшылығы сезіле бастады. Ол уақытта Басқарма басшылығында жұмыс істедім. Сол жылдары халықтың көбі ауылдан қалаға үдере көшті. Өзен арналары бітеліп қалды. Ешкім тазалаған жоқ. Арықтарға су келмей қойды. Осылайша, жұртшылық Бабичев басшылыққа келе салысымен халықты сусыз қалдырды деген қауесет тарады. Қарасаев Бағдат аудан әкімі болып тұрғанда оған демеушілер 3 шақырым аумақты қамтитын су құбырын өткізуге «Ақ бұлақ» бағдарламасы аясында 11 млн теңге бөлді. Су тартатын құбыр орнатылғанымен, су келмеді. Оған менің не кінәм бар?! Мен кооперативті басқарып отырған адаммын. Ел арасында Бабичев «Ақбұлақ» бағдарламасын тоқтатты деген әңгіме бар. Шындығында, менің оған еш қатысым жоқ.
- Арызданушылар мемлекеттен субсидияға, дотацияға қыруар ақша бөлінеді. Үлесімізге соның бір тиыны да тимейді деп өкпе-ренішін білдіріпті...
- Бұл Ысқақовқа берілетін субсидия емес, мал шаруашылығына арналған қажетті қаражат. Иә, біз субсидия аламыз. Оның 30 пайыз үлесі тыңайтқыш, 30 пайызы гербицид, асыл тұқымды қойларға да субсидия бөлінеді. 12 мың басқа 30 млн теңге беріледі. Қалғаны мал азығын қамтамасыз ету үшін бөлінеді. Артылған пайда есебінен бидай тұқымын сатып аламыз. Көлік жөндеу жұмысы мен керекті жабдық алуға жұмсаймыз.
- Кооператив басқармасында Сіздің сөзіңізді сөйлейтін 12 адам бар дейді арызданушылар. Олардың айтуынша, басқарма мүшелері тұрғындардың мұң-зарына құлақ аспайтын көрінеді...
- Мені қолдайтын ешқандай да 12 адам жоқ. Кооператив басшылығында 6-7 адам ғана бар. Қалғаны кооператив мүшелері. Құны 1 млрд 237 млн 500 мың теңге болатын мүлкіміз тіркелген. Енді мұны 313 құрылтайшыға бөліп көріңіз. Сонда әрқайсына 39 млн-нан шығады. Мұның бәрі де жарғыға сәйкес келеді. Жарғыға сәйкес, құрылтайшының еңбектегі өз талаптары мен міндеттері анықталған. Ал одан шығар болсаң заң аясында аса үлкен жауапкершілік арқалайсың. Сондықтан, ешқандай да 12 адам жайлы айтудың қажеті жоқ. Ондай адамдар ешқашан жұмыс істеген де емес.
- Бұған дейін «Заң» газетінің, 31 арнаның тілшілері, биыл сәуірде 24 хабар арнасының журналисі ауылға барыпты. Бірақ сіз туралы бір ауыз сөз жазбаған? Не үшін? Депутаттар да барып қайтыпты.
- Журналистер келген уақытта «қандай мәселеге байланысты келдіңіздер?», деп сұрадым. Олар жол мен су мәселесіне байланысты келгендерін жеткізді. Ауылдың хал ахуалы жөнінде білгілерің келсе фермаға барайық, тіпті ауылдағы кез келген қалаған жеріңізге апарайын дедім. Адамдардың шынында қалай өмір сүріп жатқанын көрсетейін деп айттым. Бұған дейін ауылға мәслихат депутаттары келіп кеткен болатын. Бірақ, олар ауылды таспаға түсіргенімен, менің өтінішіме құлақ асқан жоқ.
- Сізді шағым білдіруші сегіз азамат сотқа бермекші екен...
- Сотқа берем десе бере берсін. Олардың мені сотқа шақыратындай айғақтары орынсыз. Мен де оларды сотқа беремін. Мен заң жүзінде құжатпен дәлелдей аламын.
Редакциядан: Бұл ешқандай да жарнамалық материал емес. Мәлім редакциясына алдымен ауыл тұрғыны хабарласып, проблемасын айтты. Кейін бұл материалды оқып, кооператив басшысы жағдайды түсіндірсем деді. Екі тараптың айтқан уәждері редакция ұстанымын білдірмейді.
Фотосуреттер ашық дерек көздерінен алынды, құжаттарды А.Бабичев ұсынды