ЖАҢАШЫЛДЫҚТЫҢ БАСТАМАСЫ
Бұдан бір жыл бұрын Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру» деп аталатын жолдауын жарияланды.
Бұл жолдауда Мемлекет басшысы жаңа облыстарды құру бастамасын көтерген болатын. Көп ұзамай Жарлыққа қол қойды. Аумақтық бөліністер жасалып, облыс орталықтары белгіленді. Ұлытау облысының орталығы – Жезқазған, Абай облысының орталығы – Семей қалалары болып бекітілді. Ал, Жетісу облысының орталығы – Талдықорған қаласы болған соң, Алматы облысының орталығы Қонаев қаласына көшірілді.
Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев былай деген болатын:
«Мемлекетіміздің өркендеуі аймақтардың қуатты болуына тікелей байланысты. Мен бұл мәселеге 2019 жылғы Жолдауымда кеңірек тоқталдым. "Қуатты өңірлер – қуатты ел" деген ұстаным әрдайым өзекті. Осы орайда, еліміздегі әкімшілік-аумақтық құрылымның оңтайлы болуы өте маңызды. Бұған дейін Шымкент республикалық маңызы бар қалаға айналды. Облыс орталығы Түркістан қаласына көшірілді. Сонымен бірге Оңтүстік Қазақстан облысы Түркістан облысы деп аталды. Бұл қай жағынан алсақ та дұрыс қадам болды. Оны халық өте жылы қабылдады. Мен "Тәуелсіздік бәрінен қымбат" атты мақаламда осы үрдіс жалғасатынын айтқан едім. Содан бері азаматтарымыздан көптеген ұсыныстар келіп түсті. Менің тапсырмам бойынша оның бәрі мұқият зерделенді. Халықтың қалауын ескеріп, мен бүгін бірқатар бастама көтергелі отырмын.
Ең алдымен, Семей аймағында Абай облысын құруды ұсынамын. Семей қаласы жаңа облыстың орталығы болады. Осы мәселені аймақ тұрғындары көптен бері айтып жүргенін білемін. Қазір ол жақта шешімін таппаған түйткілдер аз емес. Мысалы, аймақтың ішкі инфрақұрылымы әбден тозған. Кезінде Алаш арыстарының басын қосқан Семей қаласының жағдайы да мәз емес. Біз тарихи әділдікті орнатып, ұлыларымыз дүниеге келген киелі өлкені қайта жаңғыртуға тиіспіз.
Тағы бір мәселе. Бұрынғы Жезқазған облысының аумағында Ұлытау облысын құру қажет. Жезқазған қаласы қайтадан облыс орталығы болады. Бұл аймақта дербес облыс құру – экономикалық қана емес, рухани жағынан да маңызды шешім. Кең байтақ қазақ жерінің дәл жүрегінде орналасқан Ұлытаудың төл тарихымыздағы орны ерекше. Ел тағдыры шешілген ұлы жиындар осында өткен. Сарыарқаның төрінде орналасқан бұл аймақтың туристік әлеуеті өте зор. Оның өндірістік қуатын, логистикалық мүмкіндігін ұтымды пайдалану керек. Бір сөзбен айтқанда, біз Ұлытау аймағының дамуына жол ашамыз.
Үшінші мәселе. Алматы агломерациясына қатысты түйткілдер көп. Облыс тұрғындары негізінен қала төңірегіне шоғырланған. Ұзынағаштағы немесе Талғардағы мәселені сонау Талдықорғанда отырып шешу оңай емес. Облыс орталығына бару үшін халықтың алысқа сабылуына тура келеді. Осы және басқа да жайттарды ескере отырып, Алматы облысын екіге бөлуді ұсынамын.
Бұл өңірде Жетісу және Алматы облыстары құрылады. Алматы облысының орталығы Қапшағайда болуы керек. Ал, Жетісу облысының орталығы Талдықорғанда орналасады. Бұл қадамдар аймақтарды дамыту ісіне тың серпін береді деп санаймын.
Жалпы, жаңа облыстардың құрылуы – көпшіліктің көкейінде жүрген мәселе. Кезінде облыс мәртебесінен айырылған өңірлерде тұрғындар саны азайып, тұрмыс сапасы төмендеп кеткені жасырын емес. Осы олқылықтың орнын толтыратын кез келді. Әкімшілік-аумақтық өзгерістер мемлекеттік басқару үдерісін жеңілдетеді. Жұрттың облыс орталығына барыс-келісін оңайлатады. Ішкі көші-қон мәселесін реттеуге септігін тигізеді.
Жаңадан құрылатын облыстардың Абай, Ұлытау, Жетісу деп аталуында ерекше мән бар. Біз ұланғайыр жеріміздің байырғы атауларын, ұлы тұлғаларымыздың есімін ұрпақ санасында жаңғырта береміз. Мәселен, Қапшағай қаласы халқымыздың біртуар перзенті – Дінмұхамед Қонаевтың есімімен тығыз байланысты. Егер жұртшылық Қапшағайға Қонаевтың есімін беру керек деп ұсыныс айтса, мен бұл пікірге қосыламын. Мен мұның бәрін азаматтардың ұсыныс, пікірлеріне сүйеніп айтып отырмын. Жергілікті тұрғындар жаппай қолдаса, осы бастамаларды таяу арада жүзеге асыруға болады деп санаймын.
Үкіметке әкімшілік-аумақтық құрылымға қатысты мәселелерді мұқият саралап, оны іске асыру жолдарын ұсынуды тапсырамын. Бұл – оңай шаруа емес. Оның бәрін жан-жақты ойластырып, байыппен жасауымыз керек. Бұл ұсыныстар облыс және республикалық маңызы бар қалалардың әкімдері аппаратындағы мемлекеттік қызметшілер санын оңтайландыру жөнінде шаралар қабылдауға да мүмкіндік береді. Оларды қысқарту өңір тұрғындарының санына қарай жүзеге асырылады. Қалай болғанда да, әкімнің орынбасарлары үшеуден аспауы керек. Ерекше жағдайда ғана төртіншісіне рұқсат беріледі. Президент Әкімшілігі бұл мәселені бақылауына алуға тиіс».
Осындай батыл қадамынан-ақ Президенттің сөзден нақты іске көшкендігін аңғаруға болады. Халық Мемлекет басшысына сенім арта бастады. Ең бастысы «Күшті Президент, ықпалды Парламент, есеп беретін Үкімет» қағидаты басшылыққа алынды. Конституцияға енгізілген өзгерістер қатарында Президенттің өкілеттік мерзімін қысқарту, адам құқықтарын сақтау туралы бастамалары болды.
-- Президенттің өкілеттігі неғұрлым көп болса, ол соғұрлым шексіз биліктің иесіне айналады. Мемлекет басшысы облыс, республикалық маңызы бар қала әкімдері шығарған актілерді жоюға немесе ондай құжаттардың қолданылуын тоқтата тұруға құқылы. Бұл норма "қолдан басқарудың" орынсыз тәжірибесінің орнығуына әкеп соқтырады және жергілікті атқарушы органдардың дербестігін әлсіретеді. Оның үстіне қазір Президенттің аудан, тіпті ауыл әкімдерін лауазымынан босатуға құқығы бар. Мұндай заң нормаларын жою керек.
Президентті тым көп өкілеттігінен айыру еліміздегі саяси жаңғыру үдерісінің тек ілгері басуын қамтамасыз етеді. Ұсынылып отырған бастамалар "ойын ережесін" түбегейлі өзгертіп, қоғамды одан әрі демократияландыру үшін берік негіз қалыптастырады. Біз Президенттің өкілеттігін біртіндеп қысқарта отырып, Парламенттің рөлін айтарлықтай арттыруымыз керек. Сол арқылы мемлекетіміздің институционалдық тұғырын нығайтамыз. Шын мәнінде, елімізде өкілді билік тармағы мықты болуы қажет.
Халықтың сенім мандатына ие болған депутаттарға жоғары жауапкершілік жүктеледі. Олар мемлекетімізді өркендету ісіне белсене атсалысуға тиіс. Ең алдымен, Сенатты жасақтау тәртібін және оның бірқатар функциясын қайта қараған жөн. Қазіргі таңда жоғарғы палата 49 депутаттан тұрады. Яғни, әр өңірден екі сенатор сайланады және 15 сенаторды Президент тағайындайды. Мұндай құрылым аймақтардың ерекшелігін ескеруге және заң шығару үдерісіне Мемлекет басшысының тікелей ықпал етуіне мүмкіндік беріп келді. Өз уақытында бұл барынша озық әрі тиімді тәжірибе болды. Бірақ біз алға қарай қадам басуымыз керек.
Президенттің Сенаттағы квотасын бақылаудың құралы емес, Парламентте өкілдері аз әлеуметтік топтардың үні мен ой-пікірін ескеру тетігі ретінде қарастырған жөн. Осы орайда мен Президенттің Сенаттағы квотасын 15-тен 10 депутатқа дейін азайту туралы шешім қабылдадым. Оның бесеуін Қазақстан халқы Ассамблеясы қазіргідей сайламайды, тек ұсынатын болады.
Парламенттің төменгі палатасында еліміздегі түрлі саяси көзқарастар көрініс табуға тиіс. Ешкімге жасанды артықшылық берілмеуі керек. Осылайша, біз Қазақстан халқы Ассамблеясының Мәжілістегі квотасын жоямыз. Менің ойымша, бұл – саяси жағынан да, заңдық тұрғыдан да дұрыс қадам. Бұл квота Сенатқа ауысады және 9-дан 5 депутатқа дейін кемиді. Соның нәтижесінде Мәжілістегі депутаттардың жалпы саны азаяды. "Аз болса да, саз болғаны" жақсы. Мұндай өзгеріс түрлі этностық топтарға мандат беріп, олардың үні жоғарғы палатада естілуіне мүмкіндік жасайды. Жалпы, Сенаттың жоғарғы палата ретінде жұмыс істеуін дұрыс әрі орынды деп санаймын.
Әлемде құрылымы унитарлы және Қазақстанға қарағанда халқы аз мемлекеттер жеткілікті. Соған қарамастан, бұл елдер қос палаталы парламент жасақтаған. Мысалды алыстан іздеудің қажеті жоқ, Еуропада да осындай тәжірибе бар. Ал, біздің Сенат әр өңіріміздің мүддесін қорғайтын палатаға айналуға тиіс. Соған сәйкес оның өкілеттігін реформалау қажет. Конституцияға сәйкес, Сенаттың Мәжіліс мақұлдаған заң жобаларын қабылдауға немесе қабылдамауға құқығы бар. Яғни, Мәжіліс іс жүзінде жоғарғы палатаның қарсылығын еңсере алмайды. Неғұрлым тепе-тең парламенттік жүйе қалыптастыру үшін бұл тәжірибені қайта қараған жөн. Осы орайда, Сенатқа Мәжіліс қабылдаған заңдарды тек мақұлдау немесе мақұлдамау құқығын беретін норма енгізген дұрыс деп санаймын. Соған сәйкес, заң қабылдау құқығы Мәжіліске ғана тиесілі болады.
Ал, Сенаттың өкілеттігін Конституциялық кеңес пен Жоғары сот кеңесінің төрағасы лауазымына ұсынылатын кандидаттарға келісім беру құқығымен толықтырған жөн. Бұл өзгеріс саяси жүйедегі тепе-теңдік және тежемелік механизмдерін елеулі түрде нығайта түседі, заң шығару үдерісін едәуір жеңілдетеді. Сонымен қатар, төменгі палатаның құзыретін кеңейту қажет.
Елімізде көптеген ауқымды жобалар, бағдарламалар бар. Бірақ, түрлі себептерге байланысты оларды жүзеге асыру барысы көңіл көншітпейді. Сондықтан Парламент республикалық бюджеттің сапалы орындалуына бақылауды күшейтуі қажет. Осы орайда Есеп комитетінің орнына Жоғары аудиторлық палата құруды ұсынамын. Оның төрағасы Мәжіліс депутаттары алдында жылына екі рет есеп беруге тиіс. Осылайша, Мәжілістің мәртебесі арта түседі, -- деді Президент.
Жыл ішінде жүзеге асқан ауқымды реформалар жаңашылдықтың бастамасы. Дәйекті де жүйелі жұмыс жүргізу арқылы ғана діттеген межені бағындыра аламыз. Бастысы, бір орында тұрмай, қоғам болып, ел болып өзгеруіміз керек.
Шәріпбек ЖАМАЛБЕКОВ,
қоғам белсендісі.
Байланысты жаналықтар
MalimBlocks
Сұлтанәлі Балғабаев: Дүниежүзі қазақтары қауымдастығын мен тіркетіп едім
Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасы орынбасарлығынан үміткер бір шенеунік өзі бола алмаған соң, айтылған дүниелерді қағазға түсіртіп, құжат жасатпаған. Содан іздеп жүріп, сол жиынды жазып алған радионың бір қызметкерінен дыбысжазбаны алып, сол бойынша өзім хатшы ретінде протокол жасап, тиісті адамдардың қолын қойдырдым. Кейін ұйымның жарғысын жазып шықтым. Солайша, ұйымды Әділет министрлігіне тіркеттік.