Абылайхан Жұбаназар Астанадағы турнирде жартылай финалға шықты
Енді ол Оңтүстік Корея спортшы Ли Джунхванмен кездеседі

Астанада өтіп жатқан Qazaqstan Barysy Grand Slam турнирінің екінші жарыс күні, 10 мамырда Абылайхан Жұбаназар (81 келі) жартылай финалға шықты.
Енді ол Оңтүстік Корея спортшысы, Олимпиада ойындарының қола жүлдегері, үш дүркін Grand Slam чемпионы Ли Джунхванмен кездеседі.
Абылайхан Жұбаназар 2000 жылдың 15 ақпанында Қызылорда облысы Қазалы қаласында дүниеге келген. Спорт жолындағы алғашқы қадамын 2013 жылы қазақ күресінен бастаған. Қазір дзюдо күресінен халықаралық дәрежедегі спорт шебері атағын алған.
Абылайхан 2022 жылғы Азия ойындарында қолаға қол созса, былтыр өткен «Grand Slam» турнирлерінде күміс және қола медаль иегері атанды. Сондай-ақ, биыл «Қазақстан барысы турнирінде үздік үштіктен көрінді. 2022 жылы. Қорқыт Ата университетинде дене шынықтыру мамандығы бойынша бітіріп шықты.
Сондай-ақ ел құрамасынан Есет Қуанов (73 келі) қола жүлдеге таласады.
Елордадағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында өтетін бұл додаға 48 елден 400-ден астам спортшы қатысады деп жоспарланған.
Аталған жарыс нәтижесінде IJF ережелеріне сәйкес жарыстың жеңімпаздары мен жүлдегерлері арасында әлемдік және олимпиадалық рейтингілерде ұпайлар бөлінеді. Атап айтқанда, І орын үшін — 1 мың, күміс жүлдегерге — 700, ал қола медаль алғанға 500 ұпай есептеледі.
Фото: Қазақстан дзюдо федерациясы