Cарапшы:  Дзюдодағы жүйені  реттемей, жеңіске жетпейміз

Спорттық дәрігер, фармаколог, психолог  жоқ, кешенді топ қарастырылмаған

Олжас Қасым

  • 15.06.2023

16-18 маусым күндері Астанада дзюдодан әлемдік беделді жарыстардың бірі – «Qazaqstan barysy Grand Slam» турнирі өтеді. Жарыс  елордадағы  «Барыс Арена» спорт кешенінде ұйымдастырылмақ. Халықаралық турнирге барлығы 45 елден  400-ден астам спортшы қатысады деп жоспарланған. Қатысушылардың қатарында Олимпиада ойындары, әлем және Азия чемпионаттарының жеңімпаздары мен жүлдегерлері де бар. Осы әлемдік дода жөнінде спорт сарапшысы, аталған саланың кем-кетігін батыл сынап жүрген  Аслан Қаженовпен сұхбат жүргіздік. 

- «Qazaqstan barysy Grand Slam» турнирінде дзюдошылар 2024 жылы Парижде және 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін Жазғы Олимпиада ойындарына қатысу үшін ұпай жинайтыны белгілі. Бұл жарысқа елімізден қай спортшылар қатысады? 

- Ертең    Grand Slam турнирі басталады. Айтулы додаға Олимпиада чемпионы Елдос Сметов жарақатына байланысты қатыса алмайды. Ерлер құрамасынан 60 келіде Нұрқанат Серікбаев, Мағжан Шамшадин, Қанат Сейілхан, Дәурен Сюкенов, 66 келіде Ғұсман Қырғызбаев, Ермек Амангелді, Айболат Ыстыбай, Сұңғат Жұбатқан бақ сынамақ. Данияр Шамшаев, Жансай Смағұлов, Дархан Қойбағар, Асқар Нарқұловтар 73 келіде боз кілемге шығады. 81 келі бойынша да үміткерлеріміз бар. Олардың қатарынан Айбол Нысанәлі, Руслан Мусаев, Абылайхан Жұбаназар, Бекәділ Шаймерденовті көреміз. Сонымен қатар, 90, 100, +100 келіде Аян Байғазы, Нұрлыхан Шархан, Әділ Оразбаев, Ерасыл Қажыбаевтар ел намысын қорғаймыз деп отыр.  

Ал әйелдер тобынан танымал Әбиба Әбужақынова, Ғалия Тынбаева, Нұрайлым Сәрсенбектер додаға түседі. Бұл қатардағы спортшылар 48,52, 57, 63, 70, 78, +78 салмағында күш сынасып көрмек.  

- Елімізде дзюдо спорты  көңіл көншітпей тұрғаны белгілі. Осы турнирде жақсы жетістікке жете аламыз ба? Біздің спортшыларға не жетіспейді? Федерация маңынан да шу арылмай келеді... 

- Жылдың басты жарысы әлем чемпионатына қарайды.  Әлем чемпионатында медаль алған жоқпыз. Дзюдо федерациясындағылардың бір жақсысы ақпарат құралдарына  пікірін бүкпей, ашық айтады.  Оларды ақсатып тұрған бір мәселе – спорттық дәрігер, фармаколог, психолог  жоқ, кешенді топ қарастырылмаған. Тек қана спортшылардың  бас бапкері мен жеке бапкерлері дайындап  жүр. Бас бапкерді ауыстыру  туралы көп әңгіме болды.   Бірақ,  дзюдо федерациясының бас хатшысы Асхат Жіткеев оны ауыстырғаннан ештеңе өзгере қоймайды дейді.  Жоғарыда айтқан мәселелерді шешпей бәрі бос әурешілік екенін айтады.     

Дзюдода күресіп жүрген спортшыларымыз таза таланттар. Мәселен, Дохада өз көзіммен көрдім, жерлестеріміздің жарыс соңында физикалық күші жетпей жатады. Оған арнайы маман керек. Оларды шетелден аттай қалап алдыруымыз қажет. Салмақты дұрыс қуу да маңызды. Шаршап қалмауы үшін салмақты реттеуге тиіспіз. Дзюдошыларымызға нәрлі дәрумендер жетіспейді. Мысалы, Моңғолия спортшысы бір сағыз шайнайды да ұйқыдан жаңа тұрғандай сергек, күшті болып шыға келеді. Бұл әрине допинг емес. Ал Жапония сол жерде-ақ қажет болса операция жасайтын деңгейде. Ал тағы бір елдер бар, спортшысын жеке бөлмеге кіргізіп алады да жепе жекке 2 минут қалғанда шығарады. Не істейтінін білмейміз. Бірақ ақырында жеңіп кетеді. Ал бізде ондай мүмкіндіктер жоқ. Ауылдың балалары болғандықтан, тек қана қара күшпен жүр. Ал біз спортшыларымыз жеңіліп қалса жер жебіріне жетеміз. Мәселе онда емес, «балық басынан шіриді» дейді, бәрін басынан бастап тексеру керек.  

- Жақында өзің спортшыларымыздың дайындығына дұрыс көңіл бөлінбей жатқанын айтып дабыл қақтың. Бұл фактор Grand Slam-ге де кесірін тигізетіні анық қой... 

- Спортшыларымыздың дайындығын бақылап, қадағалап отырмыз. Астанаға Қазақстан құрамасы келді, Қытай құрамасы да осында. Бірлескен жаттығу жиыны өтіп жатыр. Өткен аптада барып қайттым, залға.  Қонақтар су сұрап,  шөлдеп жүрді.  Өйткені, Жекпе-жек сарайында су жоқ болды.  Ал біз әлемдік гран-приді қабылдайын деп жатырмыз.  Су дегенің дүкенде толып тұр ғой. Спортшылардың көпшілігі допингтен де қорқақтайды. Пәлесі жұға ма деп. Кез келген жарыста, тіпті балалар турнирлерінде де су  үйіліп тұрады. Әлем үздіктері суды бөлмесіне барып құтыға құйып әкеп әрекеттеніп бақты.  Бұл дегенің дайындық кезінде спортшыларға көп ауыртпашылық түсіріп жатқаны анық. Бұл бір ғана мысал. Өткенде желдеткішке қатысты да шу болған еді. Дайындықтың бірінші күнінде кондиционер жұмыс істемей, спортшылар бір күн ұйықтай алмай шығыпты. Күндіз жарықты жақпаңдар деген әңгіме болған. «Кімнен рұқсат алдыңдар?» деген сияқты. Ал біздің ұлттық құрама бапкерлері қарапайым электр жарығына бас қатырмауы керек еді. Тіпті талқыланбауға тиіс. Дзюдо жарақат алу жағдайлары көп болатын спорт. Ал сен қалай жарық бермей отырасың? Қысқасы, спортшылардың жағдайы жоқ. Оларға деген қарым-қатынас дұрыс емес. 21-ғасыр болса да біз жарықты жағамыз ба, жақпаймыз ба? Су ішеміз бе, ішпейміз бе деп әлі жүрміз. Бірақ, сол Жекпе-жек сарайы  басшысының  жағдайы  жақсы, суы бар, желдеткіші бар,  жақсы  кабинетте отырады. Спорт саласына жауапты басшылар өздеріне жағдай жасап алған.

- Бұдан бөлек, жалпы елімізде бей берекет құрылып жатқан федерациялар да бар. Мемлекеттің ақшасын сорып жатқан қисапсыз федерацияның бәрі керек пе осы?   

- Бізде 176 спорттық федерация бар. Барлығы ресми тіркелген. Барлығы мемлекеттен қолдау көріп отыр. Оның өзі бірнеше түрге бөлінеді. Жеңіл атлетиканың ішінде қаншамасы бар. 19 миллион халқы бар Қазақстан үшін бұл тым үлкен көрсеткіш. Иә, тым үлкен. Сол аз халқымыздың өзі түгелдей спортпен шұғылданбайды ғой. Кішкентай бөлігі ғана. Бірақ, спорт түрі өте көп.

Неге? Өйткені, спорт саласында ақша жетеді. Кім көрінген қолын сұғып, қалағанын ала береді. Ала бергенде, алуға тырысады. Сондықтан, қайдағы жоқ федерацияларды ашып тастап, сол арқылы қалталарын қампитып жатыр. Жыл сайын жарыс өткізеді. Сыйлық таратады. Бәрін де мемлекет жарылқайды.

Санамалап көрсек, сол 176 федерацияның 46-сы жазғы олимпиадалық, 13-і қысқы олимпиадалық бағыт. Оған ақша бөлуге болады. Одан кейін олимпиадалық еместің де түр-түрі бар. Техникалық жағынан қиын, қымбат спорттар бар.  Оның ішінде шамамен 20-сы қолдау жасауға тұрарлық. Бұл – менің жеке пікірім. Қателесуім де мүмкін.

Ең масқарасы мынада. Бұл тізімдер жарияланбайды. Мен әйтеуір бір жерден көріп қалдым. Мысалы, пилондағы спорт деген бар екен. Атын әдемі қылып қойған. Ал, заты – кәдімгі стриптиз. Темірге орталып билеуді үйретеді. Қай-қай жағынан да менталитетімізге жат. Спорт деуге аузым бармайды. Балаңды «дамысын, осы спорттан жақсы нәтиже көрсетсін» деп бере алмайсың. Осыған мемлекеттен қолдау жасалады.

Басқа халықтардың ұлттық спортына да қолдау жасалып отыр.Индонезияның пенчак силаты, қытайдың ушу-сандасы, өзбектің курашы, татардың белбеу күресі... Олар бізге керек пе? Неге біздің халықтың аузын жырып тұрып ақша бөлуіміз керек?  Олардың тарихын, олардың дәстүрін, олардың философиясын, олардың ұстанымын неге біздің балалар үйренуі керек? Неге бойларына сіңіру керек? Естуімше, Қытайдың ушу-сандасын үйретудің арғы жағында болашақта олар бізді жаулап алады. Дайын болу керек деген секілді пиғыл жатыр. 

Одан кейін спорттық балық аулау деген федерация бар.  Тағы да аты күшті. Ал, негізі спорт емес, сауық қой. Балық аулып отырасың. Соны ресми акредиттеп, мемлекет қолдау жасайды. Осылай-осылай кете береді. 2-3 адамы ғана бар федерациялар тіркеліп тұр. Осындайдың әлі қаншасы қазір тіркелуде және әлі қаншасы тіркеледі?! Ешкім білмейді. 

Белгілісі – олар бәрін заңмен бекітіп, елдің мойнына отырып алған. Оны өзгертуге жол бермейді. Артында үлкен адамдар, үлкен мүдделер тұр. Заң соларға ыңғайланып жасалған. Заңды өзгертпесе болмайды. Бірақ федерацияны тіркеу дейтін тетіктердің қаншалықты өзгеретіні белгісіз. Мәселен, Францияда 7, Жапонияда 10 деген секілді аз ғана бағыт бар. Басқа елдерде мұндай батпанқұйрыққа жол жоқ. Жан-жақтан жалмаңдап келіп, халықтың аузын ұрып жатыр. Өкініштісі ешқандай федерация ашық түрде есеп бермейді. Қаржы қайда кетіп жатқаны белгісіз. Егер осыны жақын арада нықтап қолға алып, тосқауыл қоймасақ, қаржыландыруды тыймасақ, тайраңдауын тоқтатпасақ, құрдымға кеткеніміз. Ұлт ретінде жойылуымыз басқадан емес, дәл осы тырнақшаның ішіндегі спорттардан болады...

Жалғасы бар 

Байланысты жаналықтар

Дзюдодан Қазақстан чемпионаты сенсациямен басталды

15.11.2024

Енді легионерлерге бюджеттен ақша берілмейді

13.11.2024

Шавкат Рахмоновтың UFC-дегі келесі қарсыласы белгілі болды

13.11.2024

Әділет Барменқұлов ҚФФ президенті қызметінен кетті

08.11.2024

Тарихи сәт! Нұрқожа Қайпанов күрестен әлем чемпионы атанды

31.10.2024

Екі қазақстандық боксшы әлем чемпионатының финалына шықты

31.10.2024
MalimBlocks
Дзюдодан Қазақстан чемпионаты сенсациямен басталды

Енді легионерлерге бюджеттен ақша берілмейді

Шавкат Рахмоновтың UFC-дегі келесі қарсыласы белгілі болды

Шавкат орта салмақтағы UFC чемпионы Белал Мухаммадпен жұдырықтасуы керек болатын

Әділет Барменқұлов ҚФФ президенті қызметінен кетті

Тарихи сәт! Нұрқожа Қайпанов күрестен әлем чемпионы атанды

Екі қазақстандық боксшы әлем чемпионатының финалына шықты