Ерғали Бақаш. Тоқал там

Malim Админ

  • 02.08.2021

Тоқал тамға аңсары ауып, сағынып тұратынын өзі де түсінбейді. Бір сиқырдың жетегімен барады да, көрген соң лезде жан дүниесін арбаған тылсым күштен айырылып, ентігін баспастан алды-артына қарамай безе жөнеледі.

Бүгін де алып-ұшып келе жатқан беті. Жақындаған сайын құлазыған көңілі аспандап, зәулім сарайға жапсарлас салынған ескі қожыраға мейірлене қарайды. Босағадан аттағанда оң жақта үлкен ошақ болатын, төбесі пәс болғанымен, еңсені баспайтын, бәрінен бұрын, отырсаң шұңқырға құлағандай ортасы ойылып түсіп кететін темір төсектің жыры өзгеше-тұғын. Қызық жарық сөнгенде басталатынын қалай ұмытсын. Алғаш көшіп келгенде үйдің іші адам көргісіз еді. Білекті сыбанып, бір уыс ұнды суық суға езіп, етжеңді газеттерді қос қабаттап төбеге жапсырып тастаған. Бір қарағанда ретке келіп, әуелгі ұсқынсыз қалпын ұмыттырған-ды. Арада екі-үш күн өткенде желім орнына пайдаланған ұн тышқандардың асына айналып, шиқылдаған пәлелер ұйқы бермей мазаларын алған-ды. Ақыры жұлым-жұлымын шығарып, оқ тескендей үңірейтіп тастады.

Ол осының бәрін көңіл экранынан өткізіп, ұзақ тұрып қалғанын біреу байқап қойғандай жан-жағына қуыстана қарайды. Осы қазір ғана келіп, мауқын басқан көңілі алай-дүлей күйге түсіп, ұрлығы әшкере болған адамдай тез-тез басып алыстап кетті.

Тәнін сүйретіп кетіп бара жатқаны болмаса, жүрегі тоқал тамның ішінде қалды. Көрмесе зарығып, көрген соң көңіл айдыны лайланып шыға келетін түсініксіз мінезіне жіп таға алмай, өз-өзінен булығып, себепсіз әлденеге күйіп-піседі. Енді көрместей қапаланып алыстап кетсе де, қайта айналып соғарын іштей сезеді. Дамылдап, аялдағысы келеді. Бірақ белгісіз бір күш ырқына көнбей, келген ізімен кері қайтарады. Сәл аяқ суытып тоқтар болса, тұрған жері опырылып, құрдымға құлайтындай үрейленеді. Күңіреніп бара жатып бірте-бірте күдігінен айығады. Содан өз еркі өзінде, ақыл-есі дұрыс екі аяқты пенде екені жаңа есіне түскендей мырс етіп күледі де, сабасына түседі.

Арада апта өтпей бірқалыпты қоңыр тіршілік жалықтыра бастайды. Ұйқысы бұзылып, тынышы кетеді. Бәрін тастап тоқал тамға келеді. Сол қалпы. Түк өзгермеген. Қайта мүжіліп, күннен-күнге аласарып бара жатқандай. Кенет көзі жарқ етті. Қуанғаннан «тамаша!» деп айқайлап жібергенін өзі де сезбей қалды. Тоқал тамның алдындағы өрік гүлдей бастапты. Екі құлаш сым темірде кішкене баланың киімі жаюлы тұр. Демек, жас отбасы қоныстанған болды. Өткенде келгенінде тіршіліктің жұрнағы байқалмаған, тот басқан қара құлыпты көріп жүрегі езіліп еді. Міне, енді күмбірлеп қоя берді.

Біршама кідіріп, қиялмен ішіне кіріп шықты. Ешқандай өзгеріс жоқ. Бәрі сол қалпы. Айналаға көз салды. Бизнеспен айналысатын көршінің сарайы асқақ қалпында. Оныншы сынып оқитын көрікті қызы бойжеткен шығар. Ертелі-кеш кездесіп қалса ұялғанынан екі беті қызарып, қасынан жүгіріп өте шығатын. Алыстап барып қайырыла қарайтын сәті көкірегінде қатталып қалыпты. Өзін «Ұлы Отан соғысының ардагерімін» деп таныстыратын белгісіз батырдың бір оқиғаны әртүрлі баяндайтын әңгімелерін қалай ұмытсын. Бәрі есінде, ең қызығы, жатақханаға көшетін кезде әлдеқандай боп орыс таксисті ертіп келіп, жүгін басып кетіп еді. Ресми студент атануға көзі жеткен кезден Алматы іңкәр қаласына айнала бастады. Түрлі мәдени орталықтары мен кітапханаларын онсыз да түгендеп болған. Көк-Төбе, Медеу, Алма-Арасанды жалғыз өзі аралаған. Үлкен сапар енді басталады... Оқу мен жазуды қатар алып жүруді алдына мақсат етіп қойып отыр.

Терең ойдың шүңетінен жүргізушінің сұрағы елең еткізді.

– На каком курсе? – деді орта жастағы орыс шофер.

Не дерін білмей сасып қалды. Аз бөгеліп тұрды да:

– Адин курс, – деп таңдайы тақ ете қалды. Сөзінің дұрыс-бұрыстығында шаруасы жоқ, қалай болғанда да, орысша жауап бергеніне мәз. Бірдеңе білетін адамдай қопаңдап қалды.

– На какой факультет поступил? – деді жүргізуші сөзін аяқтар-аяқтамастан.

– Журфак, – деп тоқ еткізді. Бұл сұрақты «факультет» деген сөзінен түсінгенін әрі қателеспегенін біліп тұр. Осының бәрі күні кеше сияқты еді. Зымыраған уақыт-ай...

Оны бұл құтты ұямен бауыр бастырған Талап досы еді. Екеуі бірінің басына бірі аяғын қаратып жататын. Әлі есінде, Жоламан ағасының кең сарайына сыймай, қысылып жүрген. Алғаш келгенде-ақ жеңгесінің қабағы ашылмай, жыланша жиырылғанынан қорыққан. Басқа паналар жері болса, байласа да тұрмас еді. Көңілдерін бағып зыр жүгіреді. Иттің тамағы мен ұсақ-түйек жұмысты бұйрықсыз-ақ меншігіне алған. Тықыр еткен дыбыс шығармай, имене басып иіліп тұрса да, жақпады. Бәрінен бұрын пана тұтып келген көкесінің мінезіне жіп таға алмай әбден қиналды. Ауылға келгенде еркелетіп, мойнына мінгізіп алатын Жоламаннан мұндайды күтпегені анық-ты. Бірдеңе айтуға оқталып, айта алмай жүргендей. Кебежедей бәйбішесі жер-жебіріне жетіп тірі өлікке айналдырды. Әр нәрседен ілік іздеп қарғайтынды шығарды. Не істейді, көнеді де. Санаулы күндерден кейін кетеді. Әрине, бақ-талайы оңынан туып оқуға түссе...

Шығармашылық емтиханның уақытын білуге университетке келген. Бір аптаға кейін шегерілгенін естіп көңілсіз кетіп бара жатқан-ды, етегінен біреу шап беріп ұстай алды. Жалт қарағаны сол, өзі құралпы бозбала ыржия күліп:

– Әй, танымадың ба? Мен ғой, Талап, – деді. Аудандық жарысқа қазақ әдебиеті пәнінен қайбір жылы бірге барған көрші ауылдың баласы.

– Мә, өзің зіңгіттей жігіт болыпсың ғой, – деді аузына басқа сөз түспей.

– Сен де қалыспайсың, – деді Талап күліп.

Ол да журналистика мамандығын таңдапты. Әп-сәтте сыралғы достардай жараса кетті. Талап аңқылдаған, ашық бала. Қайда, кімнің үйінде тұрып жатқанын тәптіштеп сұрап, бұны әпкесінің үйіне қонаққа шақырды. «Танымайтын, білмейтін жерге қалай барамын, ұят қой» дегеніне көнбеді. Содан екеуі қаланы аралады. Адасып жүріп Мұқағалидың ескерткішін әрең тапты. Ұлы ақынның өлеңдерін кезек-кезек жатқа оқып, түннің бір уағында қайтты. Талап жездесі мен әпкесінің алдында еркін екен. Бұны «бала кезден бірге өскен досым, сырласым» деп таныстырды. Бір түнеп шыққан соң-ақ ауылдың үйлеріне ұқсайтын тоқал там туған үйін есіне түсіріп, көңілі босаған. Сырты тозып, сылақтары түскенмен, іші тұнған мейірім-шуақ екен. Сол шуақ Талап екеуіне бар ниет, ыстық ықылас танытқанын екі дүниеде де ұмыта алмайды. Мүбәда талапкерлерді қабылдау бөлімінде Талаппен кездесіп, ол қонаққа шақырмағанда, сөйлесе келе бұның қиналып жүргенін білмегенде, алдағы тағдыры қалай өрбитінін елестете алмас еді.

– Көрші ауылдың баласы екеуміз пәтер жалдадық, киім-кешегімді алып кеткелі келдім, – дегенде, мысқылдап күлген жеңгесі:

– Қоңыз теріп кетпей тұрғанда ауылыңа барып мал бақ, Алматыда оқу не теңің сенің? – деп зәрін шашты. Құтырған қатынның сөзі намысына тисе де, әдептен аттамады. Бұдан былай өз еркі өзінде, ешкімге кіріптар болмайтынына қуанды. Арсалаңдап алдынан шыққан Талап жүгін түсірісіп, бәйек болып жүр. Содан аралары ажыраған жоқ.

         Жас отбасы оқудан жолдары болмай, Алматыда танысыпты. Қазіргі тіршіліктері бүйір шығарып көңіл тоғайтпаса да, өздеріне ұнайтын көрінеді. «Тапқан-таянғанымыз пәтерақы мен ас-ауқаттан аспайды. Түбі ауылға көшеміз» деп отыр. Көңілдері кең, ниеттері ақ екен. Құлқын сәріден тұрып, жұмысқа кетті. Бұлар шаңқай түсте оянды. Жоламанның кең сарайында  кірпігі айқаспай жүр еді, тоқал тамда рақаттанып ұйықтады. Бойында кісілік жоқ, бірақ байлық пен биліктің құлағын ұстаған туыстан гөрі Талаптың жездесі мен әпкесіндей жақыным болғанда ғой деп ойлады. Көңілі алабұртып өткен күндердің үзік-үзік көрінісі көз алдына елестей берді...

Ауылдан аттанарда әкесі: «Жоламанды паналасаң өлмейсің, сен үшін бәрін жасайды. Тек өзіңді жақсы жағынан көрсете біл. Ондай мықты туыс мына ауылда ешкімде жоқ. Әйтеуір, біздің бетке шіркеу түсірмей, адам болу жағын ойла. Мал бағу бізбен кетсін. Сендер білім алыңдар, оқыңдар!» деген. Шынын айтқанда, әкесі өзі келіп көрмеген Алматыға бұны жібергісі жоқ еді. Жоламан ауылға келген сайын «қалаға жібер, қалада оқығаны жақсы, біздің үйге-ақ жатып оқысын» деп сайрайтын. Сол аталас бауырының сөзі қамшы болды ма, ұлының Алматыға кетуіне қарсы болмады. Сондағы  сенгені Жоламан еді. Алақандай қойын дәптеріне әкесі Жоламанның аты-жөнін, қызмет орнын, телефон нөмірін күнібұрын жазып берген-ді.

Алматыға аттанар күні түнімен кірпік ілмеді. Түсініксіз тылсым елестің сиқырына арбалып, көңілі өрекпіп шықты. Әне, таң рауандап атып келеді. Шешесі кебісін сырпылдатып от жағып жүр, мұны шығарып салудың қамы ғой. Он жетідегі бозбалаға алыс Алматыға аттану оңай шаруа емес көрінеді, анасының айтуынша...

Алматыға ессіз ғашық еді. Бірақ қала туралы мағлұматы жоққа тән. Тек түсінде жападан-жалғыз көшелерін аралап, әлдебір үлкен мінберлерден қолын сермеп өлең оқып жатып оянып кететін. Сондықтан да болар, бұл шаһардың ұңғыл-шұңғылын бір кісідей білетін сияқты көрінеді.

Қалаға жүретін таксиге отыра сала жүргізушіден:

– Қанша күнде жетеміз? – деп сұрағаны есінде.

– Ой, маңқа, амандық болса бес сағатта жетіп барамыз, – деді күліп. Жүргізуші әкесінің жақын досы әрі құрдасы еді. Сонда ғана барып «Алматыңыз әкемнің күрең қасқасымен таңертең шықсаң, кешке жететін жер екен ғой»  деп ойлады ішінен.

– Шырағым, қаланың мәдениеті басқа. Бірақ бәрі өзіңе байланысты. Кіндік қаның тамған ана топырағыңды ұмытпа! Қиындықсыз бақыт болмайды, шыдамды, ұстамды бол. Ертең екі жағыңа пышақ жанығандай қайтып келіп жүрме. Артыңдағы ел-жұртыңа, бауырларыңа қамқор болудың қамын ойла. Ішкен-жегенің адал болсын, – деген шешесінің сөзін жаттап алған.

Көлік қозғалғанда жүрегі аузына тығылып дегбірі қаша бастады. Ауылына жалтақ-жалтақ қарап, алыстап кете барды. Қырқа-дөң, биік-белестерді артқа тастап ұзақ жүрді. Көз талар жазық дала емес, шалқыған теңіздің үстінде кетіп бара жатқандай ғаламат әсерге бөленді. Қырдың баласы болса да, кер даланың кереметін әлі толық түйсініп, түсіне алмағанын сезді. Көне зираттар, күнмен таласа жарқыраған күмбездерді көргенде басқа әлемге өтіп кеткендей күй кешті.

Қанша жүргені есінде жоқ, қалғып-шұлғып отырып Алматыға да жетті. Шамдары жарқыраған үлкен көшемен жүйткіп келеді. Биік ғимараттарға таңдана қарап басын шайқайды. Еңселі ескерткіштерді де көрді. Әсіресе батысқа қараған алапат мүсін сұсты көрінді. Қарауға батылың бармайды. Тас бейне болса да, тірі кейіп сияқты. Әлде тасқа айналған алып рух пенделердің ұсақ тірлігіне налып тұр ма екен?

Шофер жолаушылардың қайда баратынын анықтап сұрап алды да, бұған қарап:

– Сен иттің баласын дөкей туысыңа табыстамасам әкең ренжиді ғой. Отыра бер, жеткіземін, – деді. Қайда барғаны анық есінде жоқ. Ұйықтап кетіпті.

– Әй, күшік, – деген дауыстан шошып оянды. – Әкеңнің аузының суы құрып мақтаған інісінің нөмірін бер, – деді кішкене қара телефонын қалтасынан шығарып.

Киіз дәптердің бірінші бетін ашып, қолына ұстата қойды. Бұның жүрегі атқақтап үміт пен күдіктің арасында отыр. Телефон жалғанды.

Жүргізуші Алға ауылынан келгенін айтып, «ағаңыздың баласын өтініші бойынша қолыңызға тапсырсам деп едім, қай жерге барайын, әлде келесіздер ме, біз Сайын мен Райымбек көшелерінің қиылысында тұрмыз» деді. Жоламан жыл сайын соғым алатын ағасын ұмытып қалса керек. Даусы көңілсіздеу шығып мұрнының астынан міңгірледі.

– Сіз қателесіп тұрған болуыңыз керек, мен ол адамды танымаймын, ондай туысым жоқ, – деп телефонды тастай салды. Қайталап қоңыраулатып бұның өзін тілдестірмек болып еді, көтермеді. Тағатсыздана тағы хабарласты. Сөндірулі... 

– Мақтаған дөкейі осы ма әкеңнің? Бұларды білем ғой... Саспа. Қазір табамыз, үйінің мекенжайы бар ма? – деді ойына әлде бірдеңе түскендей жүзіне күлкі үйіріліп.

– Бар, қолыңыздағы дәптерді беріңіз, тауып берейін, – дедім даусыма діріл араласып.

Қаланың сыртына беттеп, тақтайдай тегіс жолға түсті. Қаз-қатар салынған көркем үйлерде ешқандай тіршілік белгісі байқалмайды. Тым-тырыс, өлі тыныштық.

Үлкен қызыл қақпаның алдына келіп тоқтағанда барып межелі жерге келгенін шамалап есін жиды.

– Ана қоңырауды бас, – деді жүргізуші сұқ саусағымен түймедей қара нүктені көрсетіп. Имене барып басты. Еңгезердей  жігіт шықты. Қайдан, кімге келгенін анықтап сұрап айнала бергені сол еді, ар жағынан қарны жер сызған Жоламанның төбесі көрінді. Өңі сұрланып түтіге қалды. Жүргізушіні оқты көзімен ата қарап, сәлеміне селқос қана қолын созды. Мықшыңдап сөмкесін түсіріп жатқан бұған бажырая қарап, танымай қалғанын айтып жатыр. Онысы қып-қызыл өтірік екені көрініп-ақ тұр. Есігінің алдына келген соң қуып жіберуге амалы болмағандықтан айтқаны. Жоламан ауылға келіп жүргенде ашық-жарқын, ақкөңіл сияқты еді. Біртүрлі дөрекі көрінді. Емешегі үзіліп баяғыдай бетінен сүйіп амандасқан да жоқ. Тым болмаса күліп қарсы алса, жабырқау көңіліне аз да болса дем берер еді. Әкесі жер-көкке сыйдырмай «қалаға бара сала хабарлассаң болды, өзі келіп алып кетеді» деп мақтаған туысының түрі мынау. Есіктен кіргеннен-ақ көзі шатынап, жақтырмаған қара қатын жыланша жиырылды. Сәлден соң тыныштықты бұзған Жоламан:

– Оқуға түскелі келдім де, басыңда бірдеңе бар ма, өзі? – деп кекете сөйледі. Сол-ақ екен, қалың ерін қара қатын: 

– Ауылда не оқу бар дейсің? Әріп танып, өз аттарын жаза алса болды емес пе? Ары қарай мал бақпай ма? – деп шала жанған оттай бықсыды-ай кеп.

– Жә, бүгін жатып тынық, қалғанын ертең көрерміз, – деп Жоламан орнынан тұрып тысқа шықты. Оның «қалғанын ертең көрерміз» деген сөзі көкірегіне сенім ұялатып, үміт оты лап ете түскендей болды.

Арнайы осы шаңыраққа деп беріп жіберген үйдің дәмін жеңгесі өзін жұмсап, тайыншадай итке төктірді. Бар айтқаны: «Ауыл адамдарында қайбір тазалық бар дейсің? Жемейміз, балалар ұшынады», – деді. Шешем «құр барғаның ұят» деп сонша әбігер болып еді, обал-ай.

Жол соғып шаршап келсе де, ұйықтай алмады. Атшаптырым үлкен үйде тынысы тарылғандай қысылып шықты. Таң сыз бергеніне біршама уақыт болғанымен, қыбыр еткен пенде жоқ.

Күн шақырайып төбеге келгенде шашы қобырап жеңгесі оянды. Екі көзі бұлаудай боп ісіп кетіпті. Таңғы асқа отырды.

     – Ал, бала, қай мамандыққа тапсырмақсың? – деді Жоламан сынай қарап. Таңдайы тасқа тигендей тақылдап жауап беріп отыр. Бұл кісі өзі адамды бірде жанына жақындатса, енді бірде ішіне жібермейтін көрінеді.

– Журналист болу оңай емес, от пен оқтың ортасында жүретін мамандық қой. Аудандық газеттен хабар-ошарыңды оқығанмын.  Болашақта үлкен ақын не жазушы болсаң, мына ағаңа кереқарыс роман не поэма арнарсың, – деді қулана жымиып. Оның сөзін жыға түсінбесе де күлді. Бет сипап, сыртқа шығып бара жатқанда бәйбішесінің: «Қайдағы бір құрттаған баланы төріме шығарар жайым жоқ. Тез көзін жоғалтпасаң, осы үйден өзің қоса құрисың», – деп жынын шашқанын естіп қалды. «Сабыр-сабыр, бір жолын табамын», – деді Жоламан шыр-пыры шығып.

Сырт көзге паң, сұсты көрінетін Жоламан бір мекемені ұршықша иірген бастық болғанымен, үйінде еркек емес, ез екен. Бір апта өтер-өтпесте сәулетті шаңырақта мейір жоғын сезініп мезі болды. Өз жолын тауып тезірек кеткісі келді. Бірақ қайда?

Іші қан жылап есік алдында тұр еді. Қызыл қақпа айқара ашылып, сүліктей қара «Мерседес» көлденеңдей тоқтады. Жоламан ықшам қара сөмкесін  қолтығына қысып, бұған «отыр» деді түнеріп. Көз ілеспес жылдамдықпен жайғаса кетті. «Бұл пәледен қайтсем құтылам» деп, ине жұтқан иттей боп қиналып келеді. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің алдына келгенде «осы арадан қалдырып кетіңіз» деді. Арманы журналистика факультетінің студенті атану-тұғын. Жоламан бұның  тосын қылығына жіп таға алмай тосырқады. Бірақ сазарған бетіне аздап қан ойнап шыға келді.

Жұмыстары біткен соң, адаспай үйге бара алатынын айтып түсіп қалды. Келіп-кетіп жатқан талапкерлердің қарасы қалың. Университет іші көк жайлаудан аумайтын кең алқап екен. Жатақханаларын, стадиондарын аралап көрді. Бәрі тамаша. Тек оқуға түссе, қалғаны өз қолында...

***

Ол жылы Талап екеуінің бағы жанбады. Сабаларына түсіріп қанаттандырған Талаптың жездесі болды. Кім біледі? Сол абзал жан болмағанда тағдыр таспалары қалай өрілері белгісіз еді. «Неменеге жасисыңдар, жігітсіңдер ғой. Оқымаған біз де өлген жоқпыз. Жақсы дайындалып, келесі жылы қайта тапсырыңдар» деген кеңесіне әжептеуір қанаттанып қалды. Ал бір жыл не істеу керек? Екеуі де қалада қалғысы келеді. Ауылға кетсе, қайта айналып келулері неғайбыл. Содан құрылысқа жұмысқа орналасты.

Қиындық, күпті көңілмен бір жыл тез өте шықты. Қара жұмысты жапырып істеп қажып жүрсе де, дайындықты әлсіретпеді. Есесіне екеуінің де бағы жанып, Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетінің студенті атанды. Сол күнгі қуаныштарын тоқал үйде атап өткені күні кеше еді. Содан бері, міне, он жыл өте шығыпты. Бірақ Талаптың әкесінің мезгілсіз қайтыс болуына байланысты түсіп тұрған оқуын оқи алмады. Аурушаң шешесі әкеден қалған жалғыз тұяқтың түтін түтетіп, үй болғанын қалапты. Мұндайда «оқысын» дейтін ағайын табылушы ма еді, бәрі бірауыздан анасының тілегін құптапты.

Талап ауылына кеткен соң, сопайып жалғыз қалды. Жатақханадан безіп, алыс бір жаққа кетіп қалғысы келеді. Бірақ қайда барады... Көңілге медеу, жүрекке сүйеніш болар үміт іздеп тоқал тамға қарай тартып отырады. Қалқайған ұсқынсыз үйді көрген соң, одан ары түңіліп, шыбын жаны жай таппай аласұрады. Талаптың жездесі мен әпкесі өткен айда ауылдарына көшіп кеткен. Сыйластығы жарасқан отбасы барда тоқал тамнан мейірім төгіліп тұрушы еді, олар кеткелі иесіз қалғандай.

Кеше Талаптан хат алды. «Тоқал тамды сағындым, түсіме кіріп жүр, сен бақыттысың, көріп тұратын шығарсың», – деп жазыпты. Оған не жазарын білмей, дағдарып жүрген жайы бар. Мүмкін, суретін салып жіберермін деп ойлады. «Бірақ оның қажеті қанша?» деді өз ойынан өзі айнып. Онсыз да жүрегі қырықпышақ болып, астан-кестен күйге түскен сәттерін көз алдына елестетті. Дегенмен санасындағы бір сәуле тым тереңнен жарқырап оянып келеді. Содан ентіге  басып жолда келе жатқанын бір-ақ аңдады. Түк таңғалған жоқ. Осылай боларын алдын ала сезгендей адымдап басады. Жақындап қалғанын ойша шамалап, шып-шып терлеген маңдайын сол қолымен кезекті рет сылып, шоқпардай мұрнын сауып-сауып жіберді. Бойы жеңілдеп сергіп қалды. Жетті. Аз-кем аялдап, көңіл қошы мен жүрек үніне құлақ түрді. Бәрі дұрыс сияқты. Сол-ақ екен, төңірек сүттей ағарып жарқырай көрінді. Дертінен айыққан адамдай барақат ахуал, шат-шадыман сергек қалпында. Кеудесі күмбірлеп бойы жеңілдеді. Қорғаншақтап үрейленетін түсініксіз әдеттен арылып, бөгелместен тура жүре берді. Тоқал там зәулім сарайдай биіктеп кетіпті. Мейірлене қарсы алғанын сезді. Бұл да кірпік қақпай мейірленіп ұзақ қарады.

Байланысты жаналықтар

Спаррингтік кездесуге шақырту алған боксшы қыздардың тізімі жарияланды

29.03.2024

«Оқжетпес» футбол клубы өз қызметкерлеріне 400 млн теңгеден астам қарыз

29.03.2024

Бишімбаев ісі: Сот отырысын кез келген адам онлайн-трансляция арқылы көре алады

27.03.2024

Грузия алғаш рет Еуропа чемпионатына жолдама жеңіп алды (ВИДЕО)

27.03.2024

Париж-2024: Ұлттық құрама қоржынында 31 жолдама бар

26.03.2024

Семсерлесуден Қазақстан құрамасы Париж олимпиадасына жолдама жеңіп алды

25.03.2024
MalimBlocks
Спаррингтік кездесуге шақырту алған боксшы қыздардың тізімі жарияланды

Сәуірдің 8-і мен 10-ы аралығында Астанада өтетін спаррингтік кездесулерге шақырту алған боксшылардың құрамы бекітілді. Бұл туралы Қазақстан бокс федерациясының баспасөз қызметі хабарлады, деп мәлімдейді Malim.kz.

«Оқжетпес» футбол клубы өз қызметкерлеріне 400 млн теңгеден астам қарыз

Көкшетау прокуратурасының мәліметінше, «Оқжетпес» футбол клубы 160 қызметкерінің жалақысын төлемеген, деп хабарлайды Malim.kz.

Бишімбаев ісі: Сот отырысын кез келген адам онлайн-трансляция арқылы көре алады

Грузия алғаш рет Еуропа чемпионатына жолдама жеңіп алды (ВИДЕО)

Париж-2024: Ұлттық құрама қоржынында 31 жолдама бар

Қазақстан қоржынында Париж Олимпиадасының 11 спорт түрінен 31 лицензия бар.

Семсерлесуден Қазақстан құрамасы Париж олимпиадасына жолдама жеңіп алды

Қазақ спортшылары олимпиадаға жолдаманы Тблисиде өткен әлем кубогінде жеңіп алды.